Kyzylorda-news.kz.  Тәуелсіздік алған жылдар аралығында Сыр саңлақтары көптеген байрақты бәсекеде топ жарып келеді. Оның ішінде, Сырдария ауданының спортшылары да табанды маңдай терімен орасан жетістікке қол жеткізуде. Спорт майталмандарының ұстаханасына айналған №11 Сырдария ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған бала­лар-жасөспірімдер мектебі ұжымы бүгінде серпіліске толы қызметімен ел-халыққа белгілі. Өз кезегінде бірнеше спорт түрі бойынша шәкірт тәрбиелеп келе жатқан мектептің директоры Бауыржан Есмағанбетовпен сала бойынша атқарылған ауқымды қызмет бағыты жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Бауыржан Олжабайұлы, ­нау­­­рыз айынан бастап іргелі ұжым­ға жетекшілік жасап ке­лесіз. Жаңа қызметіңізбен құт­тық­­таймыз! Өз кезегінде өзіңіз басқаратын мектептің тарихы және жан-жақты жұмысымен танылған басшыларға тоқталып өтсеңіз.

– Аудан спортшыларын дайындауға кәсіби тұрғыдан жасақталған іргелі ұжым 55 жыл бұрын Сырдария аудандық білім бөлімі жанындағы балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебі болып ашылған болатын. Содан бері бірнеше рет құрылымдық жағынан да, атауы бойынша да өзгеріске ұшыраған мектептің жұмысы бір сәтке тоқтаған емес. Нақты мақ­саты айқын, кәсібилігі жо­ғары жеке­леген бап­кер алдында мықты, жі­­герлі, адуыны басым спортшы дайын­дау мін­деті тұрғаны мәлім. 2013 жылдың 7 шілдесінен бастап Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №11 Сырдария ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ретінде өзгерді.

Алғаш мектеп директоры болып аудан спортының өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан волейболшы Кеңес Иноя­тов тағайындалған. Ал әр жылдары тоғызқұмалақтан облыстың 5 дүркін чемпионы Бақытжан Абдулпаттаев, көгалдағы хоккейден облыстық аға жаттықтырушы, республикалық біріншіліктің жеңімпаздарын шы­ғарған Төлеген Бекенов, футболдан облыс және ҚР жастар құрама командасының мүшесі болған Пазылхан Абдулпаттаев басқарған. Сонымен қатар еркін күрестен спорт шеберіне үміткер, облыс біріншілігінің жеңімпазы Жұмабек Дәрмен, спорт саласының дамуы жолында айрықша еңбегімен танылған Марат Ерташов, қазақ күресінің спорт шеберіне үміткер атағына ие маман, екі мәрте депутат болып сайланған Шәкір Қиықбайұлы, тәжірибесі мол іскер ұйымдастырушы Серік Камалов мектепті басқаруда ілкімді ісімен даралана білген азаматтар ретінде бағаланады. Ал саңлақтар шеберханасына айналған мектепке соңғы 6 жыл бойы өзінің еңселі еңбегімен танылған Бағ­дат Есенов бас­шы­лық жа­сады.

– Қа­зіргі таң­да спорт мек­тебінде қанша үйірме мен спортшы бар? Сонымен қатар ұжым­­дағы әкімшілік және бап­керлік құрамды таныстыра өтсеңіз.

– Спорт мектепте қазіргі таңда, 15 спорт түрі бойынша бірнеше бөлімше жұмыс істейді. Оның 10-ы олим­пиа­далық спорт түрі болса, 5-еуі олимпиа­да­лық емес спорт түрімен қамтылып келеді.

Ұжымда 85 қызметкер бар. Оның ішінде, 31 жаттықтырушы-оқытушы, 10 әкімшілік маманы, 4 медбике, 40 жұмысшы қызмет атқарады. Мектептің бапкерлік құрамы білікті мамандармен ұдайы қамтылып келеді. Олардың қатарына, спорттық мансабын жалғастыра отырып, жаттықтырушылық бағытқа ден қойған тоғызқұмалақтан Бексұлтан Бостандықовты, қазақ күресінен Шохан Уалихановты, Спандияр Алмахановты, көгалдағы хоккейден Нариман Тәжікбайды, Әйгерім Маханованы, волейболдан Гүлсім Кеңесбекованы, каратэ-додан Салтанат Мырзабекованы айтуға болады. Олар байрақты бәсекеде ауданымыздың абыройын қорғап келсе, бүгінгі күні шәкірт тәрбиелеумен айналысуда. Аталған жаттықтырушыларымыз ересектер арасындағы жарыстарда облыс, аудан құрамасы сапында өнер көрсетеді. Сонымен қатар жаттықтырушы-оқыту­шылардың біліктілігіне тоқталсам, тоғызқұмалақтан ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Білімжан Елеу­сінов, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бар көгалдағы хоккейден Жалғас Хусайнов, ҚР спорт шебері атағына қол жеткізген таеквондодан Марат Алдабергенов жастарға бар білгенін үйретуде. Қазіргі таңда, барлық спорт түрі бойынша мектепте 1072 оқушы жаттығады.

Сонымен қатар бөлім­­шелердің елді мекен­дердегі филиалдары жөнінде айта кеткенді жөн санаймын. Мә­селен, Ақжар­мада қазақ кү­ресі бөлімшесі, Нағи Ілия­совта панкратион, грэп­плинг, үстел теннисі, қазақ күресінің бөлім­шесі, Іңкәрдарияда бокс бөлім­шесі, Сәкен Сейфуллинде волейбол ұлдар бөлім­шесі, Асқар Тоқмағамбетовте дзюдо, ауыр атлетика бөлімшесі бар. Аталған филиалдарда бапкерлер тұрғылықты жерлердің жасөспірімдерін жоғары жетістікке жету жолында бұқаралық спортпен шұғылдандырып келеді.

– Өткен жылы аудан спортшылары қанша­лық­ты жоғары деңгейдегі байрақты бәсекеде топ жарғаны жөнінде айтып бересіз бе?

– 2023 жылы жас ерек­шелігі бо­йынша спортшыларымыз жекелеген спорт түрлері бойынша ҚР чемпионатында 39 медаль иеленді. Оның ішінде, 8 алтын, 13 күміс, 18 қола медаль бар. Сонымен қатар, 5 спортшы ҚР спорт шебері, 79 оқушы спорт шеберіне үміткер нормативін орындады. Грэпплингтен жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында нағилық спортшыларымыз Ернат Алайдаров, Айсұлтан Батырбековтер күміс, Нұрислам Найманов қола медаль иеленіп өңіріміздің абыройын асқақтатып келеді.

Үстіміздегі жылдың 5 айының қоры­тындысы бойынша мектеп оқушылары ел біріншілігінде 23 медаль иеленді. Анығын айтқанда, олар 7 алтын, 5 күміс, 11 қола медаль еншілеген.

Сонымен қатар көгалдағы хоккей мен волейболдан спортшыларымыз түрлі деңгейдегі республикалық жарыстарда жеңімпаз атанып келеді. Алдағы уақытта түркі әлемі көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына тоғызқұмалақтан жаттықтырушы-оқытушы Бексұлтан Бостандықов қатысады. Ал жас ерекшеліктері бойынша ел чемпионаттарына қаты­сатын тоғызқұмалақ, панкратион, грэпплингшілерімізді жоғары нәтиже көрсетеді деп сенім артып отырмыз. Қазіргі таңда спортшыларымыз арнайы және жалпы дене дайындығы бойынша оқу-жаттығу жиындарында жарысқа тыңғылықты машықтануда.

– Спорт мектебіне қарасты елді мекендердегі бірнеше фи­лиалдың жұмысы қалай жүр­гізілуде?

– Іргелі ұжымның құрамына кіретін Ақжарма және Нағи Ілиясов ауылындағы спорт кешенінде, Іңкәрдария, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағамбетов елді мекеніндегі білім ошағындағы жалпы білім беру ұйымдары мен спорт мектебі арасында жасалған меморандумға сәйкес, Тереңөзек кентінде орналасқан «Мансұр» спорт клубы базасында жекелеген спорт түрінен балалар жаттығады. Жалпы, спорт мектебіне қарасты Ақжарма елді-мекенінде спорт кешені, Нағи Ілиясов ауылында спорт кешені мен стадион, Тереңөзек кентінде екі спорт кешені жұмыс жасайды. Ауылдардағы спорт ғимараттарын материалдық базасын назарда ұстауға ұдайы көңіл бөлінеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Балтабай ОРДАБЕКОВ

Тағы да оқыңыз: