Kyzylorda-news.kz. Баспана туралы естігенде есімізге журналист Қали Сәрсенбайдың баспаналы болған сәті еріксіз еске түседі. Оны Ержан Байтілес әдемі суреттеген.
«Қали Сәрсенбай төрт баласымен Алматының төрт бұрышынан пәтер жалдаған «көшпенділердің» қатарынан қалмады. «Алматыда мен алдын көрмеген орыс кемпір қалмады ғой. Отызға жуық пәтер ауыстырыппын», – деп отыратын Қалағаңның өзі. Тәуелсіздік келгеннен Қали Сәрсенбай «Егемен Қазақстан» газетінен пәтер алады. Қаншама жыл зарығып жеткен қуанышы ғой, сол сәттегі оның сезімін бір сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. «Ақсайдағы» төрт бөлмелі үйге кіріп, балалары бір бұрышта тып-тыныш көздері бақырайып отыр дейді. Балаларының үрпиіп отырған түрін көрген әке олардың жанына жақындап неге үнсіз отырғанын сұрамай ма?! Сөйтсе, үлкен қызы Мөлдір: «Қожайын ұрсады ғой», – деп жауап беріпті…
Ойын баласының қожайыннан сескеніп, именіп, ойындағысын айта алмай, әрі-беріден соң бала болып алаңсыз ойнамайтынын естігенде Қалағаңның көзіне жас келіп, төрт баласын құшағына қыса беріпті», – дейді. Осыдан келе баспананың өзектілігіне көз жеткізуге болады. Пәтерден-пәтер жағалап қанша жылдан бері қиналған адам ғана пәтер кілтін иеленудің қандай бақыт екенін сезеді. Оның үстіне көп қабатты үйлер көптеп салынуда. Сол жағалауда да жаңа үйлер бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Биыл ғана баспана кілтін алған Наурызбайдан пәтер алудың тиімді тұстарын сұрадық. Наурызбай Мирамханұлы – «Ана мен бала» орталығы облыстық перзентханада невропатолог дәрігер. Жары Жансая Мұхтарқызы Тереңөзек кентіндегі №210 орта мектепте информатика және математика пәнінің мұғалімі.
– Қоныс құтты болсын! Бүгінде баспанаға мұқтаж отбасы көп қой…
– Иә, пәтерден-пәтерге көшіп жүргендерді аз кездестірмейсіз. Бүгінде екінің бірі баспанаға мұқтаж десек артық емес. Себебі, баспана алғысы келетіндер қатары көп. Оны өзім баспана кезегіне тұрған кезде аңғардым. Десе де баспаналы боламын дегендерге қарастырылатын жеңілдіктер жетерлік. Мәселен, «Нұрлы жер», «Шаңырақ», «Бақытты отбасы», «Орда», «Баспана хит» жақында шыққан «Ұмай» бағдарламасы да тұрғын үй кезегінде тұрғандарға септігін тигізбек. Өзіме келер болсақ, оқуымды 2018 жылы Қарағанды қаласында аяқтаған соң, отбасы жағдайыма байланысты, туған жеріме оралдым. Сұраныс бойынша ОПО «Ана мен бала» орталығына невропатолог дәрігер болып жұмысқа тұрдым. Сол уақыттан бері үй алғанға дейін ауданнан қалаға қатынап жұмыс істедім. Шыны керек, 50 шақырым жолмен қатынау қиынға соқты. Қаншама рет облыстық денсаулық сақтау басқармасынан көмек сұрадым. Бірақ олар ешқандай көмек көрсете алмады. Сол себептен ТҰЖБ-дан есепшот ашып, өзім қаржы салып, жинай бастадым. 2020 жылы ТҰЖБ сол жағалаудан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бюджет қызметкері ретінде конкурс жариялады. Бірақ менде 20 пайыз алғашқы жарна жеткіліксіз болды. Туған туысқандарым көмек көрсетіп, 1600000 теңге алғашқы жарнасын бердік. Осылайша конкурстан жеңіп шықтым. Сол арқылы 2 бөлмелі пәтерге ие болдым. Міне, сол жағалаудан бой көтерген, жаңа баспанада тұрып жатқан жайымыз бар. Үйіміздің іші кең, әрі әдемі.
– Баспана кезегінде тұрғаныңызға қанша уақыт болды?
– Баспана кезегіне ертерек тұрып қойғанның артығы жоқ екен. Мен Қызылордаға келген кезде баспанадан қиналдым ғой, сондықтан да баспана алуға ұмтылдым. Бірден кезекке тұруды, есеп ашуды қолға алдым. Кезекке тұрғаныма 2 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде баспанаға қол жеткізгенімізге қуаныштымын.
– Қай бағдарлама арқылы үй алдыңыз, сіз үшін ол бағдарлама несімен тиімді болды?
– Тұрғын үй саласында бұған дейін болған барлық механизмдер “Нұрлы жер” бағдарламасына енгізілді. Отбасы банк ипотекадан бөлек, жеке тұрғын үйді салу жүйесі де бар. Бағдарламаның негізгі мақсаты – осы саланы нарыққа барынша бейімдеу. Мемлекет оған көп араласпауға тиіс. Себебі халықтың өз жинақтары бар, табысы да жоқ емес. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін арнайы баспаналар салынады.
Мәселен, I топтағы мүгедектер мен жетім балалар арендалық үйді ала алады. Бірақ оны жеке өз атыңа аударуға рұқсат жоқ. Тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы жеке баспананы алуға болады. Оған табысы мен жинақтары бар азаматтар қатысады. Мемлекеттік қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер сияқты бюджет саласының мамандары, әскери азаматтар және тағы басқа тұрақты жалақысы бар адамдар дәл сол кредиттік баспананы алса да болады. Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктерді субсидиялау арқылы жекеменшік компаниялардан пәтер сатып алуға мүмкіндік бар екен. Ал өзім «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үйлі болдым. Тиімділігі, әр санат бойынша конкурстар бөлек өткізілді. Соның арқасында конкурстан өттім. Оның алдында жалпылама конкурстарға қатысып, өте алмайтынмын.
– Үйдің дизайны маңызды. Интерьер кеңесіне жүгіндіңіз бе?
– Кімге болсын үйдің дизайны маңызды. Өзі жаңадан салынған баспана болған соң да ерекше ықылас болды. Көркемдеп, әсемдеп қоюға талпынасың. Үйге шамалы өзгеріс енгізілсе қызығасың. Жалпы интерьерден келіншегімнің хабары көп. Ғаламтордан қарап өзінің қалаған жерін өзгертіп жатады. Үйді өзі реттеп, өзі өзгертеді. Ал мен оның талғамына сендім.
– Бағдарлама арқылы үй алғанда нені ескерген жөн. Жас отбасыға қандай кеңес берер едіңіз?
– Бір айта кетерлігі, мемлекеттің көмегін пайдаланып, баспана алуға ұмтылу керек. Кім болса да пәтер жағалап жүргеннен, баспаналы болуға ұмтылған жөн. Қазір нақты ақшаға, сол мезетте үй алу оңай емес. Сондықтан да кезекке тұрып, тіркеліп қойғанның артығы жоқ екен. Жылды ойнатып отырсаңыз да тигізер тиімділігі көп. Сондай-ақ конкурста алғашқылардың бірі болып тұрса, қабаттарды таңдау еркіндігі болады. Егер ол маңызды болса, ұпайыңыз жоғары болғаны жақсы.
– Үйдің кілтін қолыңызға ұстап, алғаш табалдырық аттаған сәтке оралайықшы. Қандай сезімде болдыңыз?
– Тереңөзектен орталыққа қатынау оңайға соқпады. Сондықтан да баспананың болғанын асыға күттік. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова салтанатты түрде табыстады. Қолыма көптен күткен баспананың кілті тигенде ерекше сезімде болғанымды жасыра алмаймын. Ал үйге кіргендегі сезім мүлдем бөлек. «Бұл енді менің үйім» деп терең тыныстадым. Анам екеуміз бірге бардық, ол кісінің қуанышы өз алдына. Ұлының баспаналы болғанына қай ана қуанбайды дейсіз. Міне, енді бүгінде жаңа үйде жаңа өмір бастап жатқан жайымыз бар. Алла қаласа арман, мақсатымыз көп. Болашақта отбасымызбен, бала-шағамызбен қызықты күндерді осында өткізгіміз келеді.
– Сол жағалаудағы тұрғын үйді бәрі мақтайды. Бірақ тұрып жатқан адам ғана қандай екенін біледі. Айтыңызшы, баспана ойыңыздан шықты ма?
– Бақсаңыз, бүгінде сол жағалауда бәрі бар. Дүкен дерсіз, оқу орны мен мектепті де қарастырған. Жастар орталығы да сонда орналасқан. Ойын алаңдары да жаңадан салынған. Болашақта балаларымызды алып емін-еркін қыдыра аламыз. Әлі де біршама үйлер мен басқа құрылымдық мекемелер салынып жатыр. Барлық үйлер бір жобамен салынған. Әзірге үй айналасында толық аяқталмаған жұмыстар бар. Бірақ басты мұқтаждықтар реттелген. Қалғаны уақыт еншісінде. Баламыз өсіп жетілемін дегенше барлығы сәтті аяқталып, пайдалануға беріледі деп сенемін.
– Жақында шаңырақ көтеріпсіз, құттықтаймын! Бақытты қалай түсінесіз?
– Иә, рақмет. Биыл шаңырақ көтерген жайымыз бар. Келіншегім өте жақсы, қазақтың қарапайым қызы. Алла нәсіп етсе, кішкентайымыз дүниеге келмек. Алдымен ата-анаңның, отбасыңның амандығынан артық қандай бақыт болсын! Шын бақытты сезіне білу де бақытқа жатады. Кейде болғанның үстіне бола берсін деп қанағатсыздыққа бой алдырып жатамыз. Жалпы мен үшін байлық емес, отбасым маңызды. Солардың жағдайын жасап, көңілін табу – менің басты арманым. Солар күлімдеп, күлімсіреп жүрсе сол маған бақыт. Алланың берері таусылмасын.
– Ұстанымыңыз қандай?
– «Әкелгенің қуаныш болса, есікті қақпай кіре бер» деген сөзді ерекше бағалаймын. Күлкі бар жерде құт пен берекеде болады. Сондықтан күлімдеп, жайнап жүрген адамдарды ұнатамын. Бір нәрсеге көңілі толмай, қабағы түсіп кеткен сәттерді ұнатпаймын. «Күліп жүр, бұл сүннет» деген сөз өмірлік ұстанымым.
– Сұхбатыңызға рақмет!