Kyzylorda-news.kz. Сыр елінің өнерлі азаматы Әл-Фараби Бекарысұлы талай хит әндер мен өлеңдердің авторы. Осы орайда өнер иесімен шығармашылық кеші туралы әңгіме-дүкен құрған болатынбыз.

Әл-Фараби Бекарысұлы Смайл Шиелі Ауданының тумасы. Ы.Жақаев атты ауылдан шыққан қарапайым жігіт. Бойына сегіз қырлы өнер дарыған. Әншілік, асабалық, ақындық, сазгерлік ел мақтайтын өнердің бәрін бойына сіңірген. Қазақтың белгілі әншілерінің әндеріне сөз жазып, көбі хит болған. «Найзағай көңіл», «Қыз бала гүл», «Сыр елім», «Үйлендім мен», «Аға-дос», т.б. танымал әндердің сөзін жазған және «Аппағым менің», «Түсімде ренжітесің» деген хит әннің авторы. Адамның үлкен қасиеті – оның интеллекті, адалдығы, қарапайымдылығы. Әл-Фараби ағаның қарапайымдылығы оның бойындағы өнермен үйлесіп, басқа кісілерден ерекшелендіріп тұратыны тағы бар. 

- Неге Сырдарияны емес, «Жайықты жаным сүйеді»? Осы шығармашылық кеш пен батыстағы батыр халыққа кеш беру идеясы қалай келгені жөнінде айтып берсеңіз? Ол жақтағы өнер адамдары сізге ерекше құрмет көрсетті деп естідік…

- Сөз басында бірден айтайын, әуелі Алла, Айдар Батырханов мырзаға Нұрлан Рахымжанов ағам екеуміздің атымыздан алғыс айтып бастаймын. Көпшілігіңізге аян, Ақжайық жұрты арнайы шақырып бір апта қолдан келген өнерді паш етіп, еңсесі түскен елге серпін сыйладық. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық Филармонияның басшысы Асхат Кажгалиев бауырымыздың қабылдауында болдық. Алдағы іс-шараларымызға сәттілік тілеумен қатар Жұбан Молдағалиев ақынның үлкен жыр кітабын сыйға тартты. Одан соң Хадиша Бөкеева атындағы облыстық драма театрда жеке концертімді бердім. Сол кеште Нурлан Рахымжанов ағам Орал халқының атынан ақ баян сыйлады. Және азулы айтыскер ақын Бауыржан Халиолла ағам Сырым Датұлы атындағы төсбелгі тақты. Мен үшін бір батырдың төсбелгісі мың әкімнің марапатынан артық. Концертті ақжүрек ақын, ардақты азамат Абдул Рахметов Абдул шынайы да шырайлы түрде жүргізіп берді.

Концерттен соң таудай тұрпатымен алып-ұшып менің аяғымды жерге тигізбей күтіп алған өнер жанашыры Қанат Шаутенов ағам ақ дастарқан жайды.

Елге белгілі Дариға Ғазезқызы, Гүлбаршын Қасиетова, Талап Таймасұлы, Нұржан Тасболатов аға, Серік Серик Жарылғапов аға, Асхат Тарасұлы, Қуаныш, Раушан Кисметовтар, Күләш Қуанышқалиева, Ербол Ақбасов, Арман Бигалиев сынды басшы болса да болмыстарын бүлдірмеген биік парасатты жандармен салиқалы сұхбат жасадық.

Фейсбуктағы досым Асантемір Қаршығаұлы ақынның арнайы келіп өлеңдерін оқып бергеніне тіпті риза болдым.

- Шығармашылық кештен бөлек нендей шараларда бой көрсеттіңіз?

Орал өңірінің Дәурен бастаған жас ақын, сазгерлерімен еркін форматта кездесу өтті. Жайсаң жігіттер мен «Сүмбіле» деп аталатын топтағы ақын қарындастарымыздың өнерлеріне риза болдық.

Ол жерден шыққан соң Махамбет Өтемісұлы атындағы жоғары оқу орынының студенттерімен кездестік. Нұрлан Рахымжанов та, Абдул Рахметов те осы үлкен шаңырақтың түлектері екен. Осы орайда Жанат Сәңкібайқызы сынды ұстаздарға көп рақмет айтып өткім келеді. Театрдағы концертке қатыса алмаған «әулие көкем» Сағынтай Бисенғалиев арнайы келіп осы екі кездесуде де жанымыздан табылып, керемет жырдан шашу шашып, кінәмшіл көңілдерге кір түсірмейтін кінәсіз әзілдерімен кештің көрігін қыздырды. Арасында «Ақжайық» телеарнасына «Жаның жадырасын» бағдарламасына да түсіп үлгердік.

- Байқауымызша бір емес бірнеше жерге концерт берген көрінесіз? Батыс халқы сізді қалай қонақ қылды? Сол елде қалып қою ойда болған жоқ па?

- Иә, келер күндері Казталовкадағы керемет жандармен қимай қоштасып Жалпақталға бет бұрдық.

«Дәстүрлі өнер орталығы» нағыз дәстүрмен қарсы алды. Кимешек киген аналарымыз нан мен ағарғаннан дәм ұсынып қарсы алды. Директоры Баян Кабиева апай шатыры шағын болғанмен үлкен өнер қонған құт-мекенді аралатып жеткен жетістік пен алдағы асқақ армандар жайлы тереңнен түсіндіріп өтті. Осы Дәстүрлі өнер орталығының оқушылары қаракөз қарындастарымыз әдемі әндер шырқап ғажайып көңіл-күйге бөледі. Осы жерде екі сағаттай сұхбат концерт бердім. Ауыл адамдары клубта күтіп отырғандықтан Баян апай мен бірлігі жарасқан ұжымға, және шәкірттерге алдағы Түркияда өтетін үлкен өнер жарысында жеңіс тілеп кете бардық.

Жалпақталдағы концерт те тамаша өтті. Жүргізуші Нұрлыбек бауырымыз жақсы алып шықты. Осы концертті аяқтай сала Көктерек ауылына қарай атқа қамшы бастық. Өзінің туған ауылына келе жатқан Нұрлан Рахымжанов ағам да толқыныста болды-ау. «Әркімнің туған жері Мысыр шаһары.»

Кештетіп кіріп келсек әжелер ансамбльі мен баянист Елжан ағам «Көктерегім» әнімен және нанымен дәмімен сырттан қарсы алды. Бірдей киінген әдемі аналардың бергі шетінде бір кісі көзге жылы көрінді. Ардақты Зинаида Ажкеева апам екен! Концертте де, банкетте де, Нұрекеңнің бауырының үйінде де Фарабиді көріп отырсам болды деп бірге жүрді. Аналық махаббатқа жетер сезім жоқ қой шіркін...
Сонымен концертті Қайрат ағамыз басқарды. Өзім жақсы көретін «Назар аудардағы» Саматтың әкесі екен. Өте мықты маман, абыройлы әке екені байқалды. Концерттен соң ауыл халқы атынан Баян апамыз басшылық ететін әжелер ансамблі клуб ішіне өздері қолдан пісірген тағамдармен ақ дастарқан жайып ақ тілек пен ақ баталарын берді.

Одан соң Нұрлан ағамның бауыры Қайырболат ағамыздың шаңырағына барып таңға дейін әңгіме мен ән жарасқан отырыс болды. Мейірбек Елжан, Жұматай деген жігіттер біз ауылға кіріп, шыққанға дейін жанымыздан табылып кең көңілдігін көрсетті.

Және осы жиынға Оралдағы той саласында жүрген іні бауырлар келіп ажарымызға ажар, базарымызға базар қосты.
14-і күні әзер деп вокзалға келдік. Нұрлан ағам мен Қанат ағам бар. Жолшыбай дүкенге соғып балаларға базарлық алып берді. Вокзалда алтын басын иіп, алтын уақытын қиып Серик Жарылгапов ағамыз күтіп тұр екен. Тағы да сол вокзал. Тағы да сол қимастық. Тағы бірер күн қалайын десем, телефоныма үстін-үстін келіп жатқан бала-шағамның суреттері…

Аңқылдаған Ақжайық жұртына деген қимастық пен сыйластықты жол бойы ән қылып шырқап келдім.
Ақтөбеден Шапағат, Аралдан Мархабат, Қазалыдан Асылхан Дарибаев, Қызылордадан Бекзат ағам бастаған бауырларым, Шиеліден Нұрбол бастаған бауырларым мен Еларыс балам күтіп алып мәртебемді асырып, мерейімді көтерді.
Жалпы Орал сапары осылай болды. Концерттен тыс тағы да айтар тамаша сәттер бар. Оларды кейіндеу айтармын.

- Керемет естелік. Әсерлі кеш. Елге абыроймен оралған екенсіз. Шығармашылығыңыз шыңдала берсін. Аға, Оралдан оралдық. Енді өзіңіз жайлы тілге тиек ете отырсаңыз? 

Сіздің тағдырлы жан екеніңізді білеміз. Бала күніңіз қиындығы мен қуанышы қатар жүріпті. Осы жайында да өзіңіз әңгімелеп береңіз…

- Менің жасым 34-те. Жұртқа үлкен көрінгеніммен, ішкі дүнием толық шаттанып, бастан өткізе алмаған балалық шағымда қалып қойған секілді. Менің қайран анам қатарынан сегіз жыл ауруханаға жатты. Шиелі аудандық ауруханасынан бастаған еді, бірте-бірте үлкен қалалардағы емханаларға ұзай берді. Айлап, жылдап келмейтін. Келгісі келеді ғой, жанын жегідей жеген сырқаты дес бермейді. Шыбын жаны шырқырап жатса да, ауылдағы жолына қарап жаутаңдап жүрген бес балапанына өз қолымен шұлық, жемпірлер тоқып беретін. Бір жылдары тым ұзаққа кетті шешем. Қатты сағындық. Сол кездері қытайлықтар шығарған «буцы» деген аяқ киімдер кеңінен таралды. Табанында бүрлері болушы еді. Әр баланың арманы десек те болады. Буцыйы бар балалар бір-бірінің аяқ киім табанындағы бүрлерін санап «Менікі қатты жүгіреді,» «Менікінің тормозы жақсы ұстайды» деп мақтанатын. Кейбір достарым әкесіне «Маған қашан буцы әпересің?» деп қиғылық салып жылайтын. Ал біз Көкемізден (әкеміз) «Апамызды (анамыз) қашан әкелесіз?» деп сұрайтынбыз.

Күздің қара суығында Көкем Балықшы ауруханасында жатқан шешеме кетті. Біз әрине «апамды алып келіңізші» деп шулап жатырмыз. Доғдырлар жіберсе әкелемін деді. Көкем «Қарындарың ашып қалмасын, ауылдағы Мақсұм ағадан қарызға нан алып жей беріңдер, мен айтты деңдер» деп кетіп қалды. Бір күннен соң, қарнымыз ұлып аша бастады. Нан сұрап баруға намыстандық. Жертөледе (погреб) картоп бар. Бірақ оны түртуге болмайды. Өйткені Көкем картопты сатып Апама дәрі апарып береді. Онсыз да картоп тұқымын көктемде қымбат бағаға алып егіп, жаз бойы бәріміз қолмен отап маңдай терді төгіп, күздің күні алыпсатарларға арзан бағаға беретінбіз. Сәбіздің тіпті құны жоқ еді. Сондықтан бес-алты қап қана егіледі. Қарынымыз ашқан бесеуміз сәбіз жеуге кірістік. Қып-қызыл болып шытырлап тұрған сәбіздер тәтті-ақ. Бірақ нанға қайдан жетсін? Әр күніміз әзер өтіп жатты. Төрт қап сәбіз жеп қойдық. Көкем де осы жолы кешікті. Апамды алып келе жатқасын кешігіп жатқан болар деп жақсыға жорыдық. «Апам келгенде өйтіп қарсы аламыз бүйтіп қарсы аламыз» деп дайындалып жүрміз. Көкем кешқұрым келді. Біз бір-бірімізбен қыстырылыса жарысып есіктің алдына шықтық. Көкемізді қаумалап алып, «Апам қайда, апам қайда?» деп үйге кіруіне мұрша бермей тұрмыз. «Апаларыңды әкеле алмадым» деп Көкем қолайсыздана жымиды. «Әәә, Көкеее, өтірік айтпаңызшы көзіңіз күліп тұр ғой» деп сенгіміз келмейді. «Бізге тосынсый деп апамды үйдің артына тығып қойған шығарсыз» деп үйдің артына қарай жүгіре беріп... «Менің Көкем өтірік айтпайтын еді ғой» деп әкемнің көзіне жалт қарадым. Сол сәтте Көкемнің күлімсіреп тұрған көзі жасаурап бізден жанарын тайдырып ішке кіріп кетті. Апам келмегенін түсіндік. Состиып-состиып тұрып қалған бізді Көкеміз үйге шақырды. Апам жылы сөзін жаудырып әрқайысымызға арнап хат жазып жіберіпті. Және сыйлық беріп жіберіпті. 

Сол сыйлықтар әлі есімде. Төрт қызға гүлдің суретін өрнектеген жемпір, маған буырқанған теңіздің үстінде кетіп бара жатқан желкенді кемені бейнелеген жемпір тоқыпты. Бәріміздікі өзімізге шап-шақ. Бізді көрмегеніне көп болса да, қалай дәл қылып тоқыған деп осы күні таң қаламын. Мәз болдық. Бірақ шешеміздің келген қуанышындай қайдан болсын. Сәлден кейін-ақ қайта томсырайып қалдық. Каналдарын отверткамен ауыстыратын черно-белый теледидарымыз болатын. Мульфильм беретін уақыт болды. Кішкентай мамонттың анасын іздейтін мультфильмді көрсетті. Мультфильм басталғаннан-ақ әпкелерім пырсылдап мұрындарын жиі тарта бастады. Мен сызданып сыр бермей-ақ отырмын. Кішкентай мамонттың теңіз үстінде жаңбыр мен найзағайлы, қарлы борандағы шешесін іздеп бара жатқан көрінісі мен шырқаған әні жүрегімді жұлқылап бара жатты. Тілі бөтен болса да, жақсы түсіндім. Көзім бұлдырап экрандағы теңіз үстіндегі бала мамонттың көрінісі Анамның маған тоқып берген жемпіріндегі кеменің бейнесіне ұқсай бастады. Орынымнан ұшып тұрдым да, түкпір бөлмеге барып жемпірді кеудеме қысқан күйі етпетімнен түсіп, жастыққа тұншығып, «ө-ө-ө» деп ұзақ жыладым. Ешкім келіп жұбатпады. Жұбататын жан-бауырларымның да хәлдері осындай еді... 
Апамды қатты сағынғанда осы мульфильмді көріп, тағы да жастыққа тұншығамын... Қазір менің екі апам мен екі қарындасым бар. Құдай берген құлыншақтарым да қасымда. Ал, ата-анам келместің кемесіне мінгеніне ұзақ уақыттар болыпты.

- Расымен кез келген жүректе ата-анадан қалған осындай ыстық естеліктер болады. Бірақ, қазір шүкір көп балалы әкесіз. Жан-жарыңыз да жаныңызда. Кез келген мықты еркектің артында мықты әйел тұрады дейді. Жеңешеммен өткен қызықты естеліктеріңізбен бөліссеңіз? Жалпы қызғаншақсыз ба?

- Жұртқа жақсы көріну үшін әңгімелерімді әр нәрсемен (жалғандықпен) әрлегім келмейді.
Қалай бар солай айтқаным ләзім.

Менің кең жүректі, мәрт мінезді, сабырлы, қытымыр қызғаншақтықтан ада болмысымды бейнелейтін тағы бір оқиғаны әңгімелеп бермекпін.
Иә, мен қызғаншақ емеспін. Жалпы қызғаныш дегенге қарсымын. Басқаның мені қызғанғанын қаламаймын. Әсіресе, жұбайымның.
Бірақ ол мені қызғана береді. Ол кісінікі дұрыс емес.

Мені тікелей эфирден де, былайғы өмірде де қаншама адам көреді. Онда тұрған не бар?

Мен оның орынында болсам, мүлде қызғанбас едім.
Өткен жылдары жақын туыс қарындасымның жастар тойына бардық. Мен бар, келіншегім бар, үлкен қызым Сәмпөс бар. Мен білдей құдамын. Төрде отырмын қасқайып. Қарындасымның әке-шешесі де ескертіп қойған. «Фараби, сен білдей құдасың. Тойдың аяғына дейін отыр, қатыс» деп. Содан той басталып, үш тілектен соң асаба сергіту сәті болсын деп, бала мен қыздың жеңгелері шықсын деді. Қыз жақтан яғни, біз жақтан жеңге менің келіншегім. Ойында ештеңе жоқ, оливье салатты ұрып отыр. «Әй, қыздың жеңгесісің ғой, шықсайш» деп би алаңына өзім жібердім. Өйткені мен түсінігім мол, кең пейілді азаматпын.

Ұлдың жеңгесі де шықты. Асаба екі жеңгені билетіп жарыстырды. Менің келіншегімнің биі сүйкімді көрінді. Мені қан қақсатып алған үстіндегі он екі мыңның көйлегі де қандай жарасымды!

Бірақ өмір әділетсіз ғой. Ел де екі жеңгенің биін тең бағалады. Асаба екінші айналым деп, екі жеңгеге екі жігіт шақырды. Келіншегім мені келер деп қарап тұр маған. Қой-ей. Мен білдей құдамын. Мен шықпағасын күйеу бала жақтан бір жігіт емес, желөкпе шығып, менің қатыныммен биледі. Біздің қатын дөңгеленіп билеп жүр. Ойееедооой. Дым да жараспайды. Көзім қарауытып біздің қатынның биі де сүйкімсіз көріне бастады. Киімі де қонымсыз секілді. Қаншама халық қарап отыр. Қоя қойса болады ғой. Ішімді мышық тырналап, сарыағаш ішем деп «шатастырып» арағаштан тартып жібердім де, Сәмпөс қызыма «Кеттік!» деп, қолынан ұстап, мейрамханадан шығып, машинаны қыздырмастан үйге тарттым. Білдей құда жәйіне қалды. Қызым жылап келе жатыр. «Әкешім, анашымды неге тастап кеттік?» деп. «Өйткені ол...ол...бөтен жігітпен биледі!» деп жәймен ғана бүкіл Шиелі еститіндей барқ ете қалдым. «Әкешім, ол тек сыйлық алу үшін ғана билеп жатыр ғой...» деп қызым мөлтілдейді.

- Сәмпөс,- дедім, қызыма. Әкесінің ауызы сыйлықтың. Сыйлыққа тіккен дәл сондай вәрени салатын ыдыстың мыңын әперем мен шешеңе. Тыныш отыр болды! - дедім. 

Артынша биші қатын қоңырау шалды. Он-ақ рет. Алмадым. Арман жиенім хабарласты. Алдым. «Нағашы, жеңешемді мен үйге апара жатырмын» деді. Ақылды сөз айтайын деп, «айдалаға апарып таста» дедім. Далбалақтап келіп тұр қатыным. Әй! Неғып тойды тастап кетесің? Неғып Арман жиенді әуре қыласың?-дедім.
-Өләә, таксимен қайтсам тағы бәле қыларсың деп, Арманға айттым,-дейді.
- Анау билеп жүрген жігітіңмен құрымадың ба одан да?! 
-Түу, қойыңызшы, отағасы, Сіз биге шық, жеңгесі емессің бе дегесін шықтым ғой, -деп иығымнан құшақтап қояды.
- Ей, кет анаяққа! Жатпаймын сенің қасыңа! Бастысы балаларым аман болсын. Осылар үшін өмір сүремін, -деп, кішкентай Ақпосан бөпемді құшақтап, тоңқиып теріс қарап ұйықтап қалдым.
Кейін туған күнімен құттықтайын деп тұрдым да, сол кездегі биі есіме түсіп кетіп, тағы да тырысып қалдым. Мен қызғаншақ емеспін. Қызғаныш дегенді жек көрем…

- Арман қуып Алматыға кетпедіңіз. Ауылда қалдыңыз. Сізді туған топырақта алып қалған қандай күш?

- 2009-шы жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін бітірдім.
Алып-ұшқан арманым Алматыға жетеледі. Өнер академиясына түсу мүмкіндігі туды. Колледж дипломын алғасын ауылға қара шаңырағыма соқтым. Екі әпкем тұрмыста, екі қарындасым оқуда. Көптен бері адам тұрмаған қара шаңырағым қаңырап тұр екен. Өзі көне үй сылағы түсіп, жабайы шөптер қаулап өсіп, майда балалар терезелерін де сындырып кетіпті.
Есік алдында отырып біраз ойландым. Осы аулада өткен балалық шағым... Қайран әкемнің жасыл «Урал» мотоциклын тырылдатып егіннен келе жатқан бейнесі... Аяулы анамның таба нан жауып отырған жып-жылы көрінісі... бәрі-бәрі көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатыр.
«Мына қара шаңырақты бос тастап қайда кетем? Әке-шешемнің түтінін түтетуім керек емес пе? Төрт қызға төркін болуым керек емес пе?» деген ойлар мазалап әрі-сәрі күй кештім. Есік алдында біраз отырғасын ешқайда бармайтынымды түсіндім. Жүрегімде әлдилеп жүрген аппақ арманымды да қия алмай, ата-ана әруағы алдындағы парызымнан да бас тарта алмай түкпір бөлмеге кіріп мұң-шер жұтып жаттым. Ақырыда нақты шешімге бекідім. Болды. Ауылда қаламын. Үйленемін. Сөйтіп, Әбділдә Тәжібаев (Телкөл) ауылының қызы Марияға яғни Маринокка сөз салдым. Жайымды жасырмай айтып, үйімді көрсеттім. «Менімен бірге осы үйде тұрасың ба?» дедім. «Бастысы ден сау болсын, үй де күй де бола берер» деді. Болды онда деп қуанып қалғаныммен көңілімнің көкжиегін күмән бұлты басып тұрды. Өйткені бұл қыз бір үйдің бір түйір перзенті. Ащыны татпаған, жоқты көрмеген. Оның үстіне кезінде өзім қатты ғашық болған бір сұлу қыз менің жетім екенімді естігесін менімен жүруден бас тартқан еді. «Неменеңе жетісіп сухой блатной болып жүрсің, мен сені бір состоятельный кісілердің баласы екен деп жүрсем» деген сарында ренішін айтып жөніне кеткен еді.

Ол кезде мен қарыным аш жүрсе де тәуір киінетін едім. Қап-қара костюм-шалбар, қара көйлек, аппақ атлас галстук, сыртымнан былғары қара суртюк киіп алып, шашты артқа қайырып тастап марқұм шешем айтқандай «маңдайым жарқырап» жүретінмін. Қайдан білсін...
Сонымен Маринокпен сөз байласқаннан соң шамалы күннен кейін «әке-шешем сенімен танысам деп жатыр» деді.
Өзімнің әу бастан алаңғасарлығым бар еді. Әке-шешем танысам деді дегенге екеуімен ғана танысатын шығармын деп, сықиып киініп алып далақтап бір өзім жетіп барыппын.
Үйіне кіріп қалсам бүкіл әулеті күтіп отыр. «Қап» деп қалдым. Ең болмаса бір ағайынымды ертпегенім-ай деп ыңғайсыздандым. Себебі салмақты әңгіме боларын ішім сезіп тұр. Бір қой сойып қойған екен, өзім де қомағай қарағым ет дегенде бет бар ма деп бұйырған астан соғып алдым. Ас ішіліп біткенше пәлен-түген әңгіме өрбіген жоқ. Тек жалпылама таныстыру болды. Қайынатам өте салмақты біртоға сөзге мүлде жоқ адам екен. Жеті ағайынды. Барлығы дерлік қақ-соқпен ісі жоқ момын әулет көрінді. Тек бір қайынапам ғана есімі Гүлсара, қайынатамның үлкен қарындасы, еті тірі, ой-пікірін бетің бар жүзің бар демей ашып айта алатын адуындылау екен. (Әу баста жақтырмай қалып едім, кейіннен қатты құрметтейтін болдым. Өйткені біздің қосылуымызға бұл әпкемнің де көп септігі тиген екен.)
Сол қайынапам:
- Ал, жігіт, жөніңді айта отыр-деді.
- Жөнімді айтқанда, бәрін біліп отырған шығарсыздар. Қыздарыңызбен үйленсем бе деген ниетім бар. Берсеңіздер рақмет, бермесеңіздер тәуекел қыз көп қой,-деп қойып қалыппын. Онсыз да абыр-сабырсыз отырған кісілер сілтідей тынды.
Еееей, жалған дүние-ай, адамның не сөйлерін білмегені де соры екен ғой. Аңғырттықпен айтып қалып тілімді тістедім. Енді тілім түсіп қалса да айтылған сөз атылған оқ.

-Иә? Сонда қыз көп болса, біздің қыздың басын қатырып неменеге келіп отырсың?!-деп Гүлсара ханым шаңқ ете қалды.
Қара терім бұрқ етті. Уәж айтайын десем үйлесімді сөз ойыма түспей бүкшидім де қалдым.
Сәлден соң қалыңдығымның анасы:
-Айналайын балам-деді.
Біраздан бері айналайын деген сөзді естімеген басым, жүрегім солқ етіп жалт қарадым.
-Расында біз сені сұрастырып біліп отырмыз.-деп сөзін жалғады.
Тағдыр тауқыметін ерте тартыпсың. Ата-анаң жақсы кісілер болған екен. Сен әлі жассың ғой. Бәрі дұрысталады. Мариногымыз бетіне қарап отырған бір түйір қызымыз. Барымыз да нарымыз да осы. Бірақ, жағдайыңа қара. Бір түйір қызымыздың тойына бармадық деп біз ренжімейміз. Шын ниеттерің болса Құдай жар болсын. Бақытжан ағасының үйінен шығады. Алып қашып кете бер де, некеңді қиып, беташар ырымын жасап өмірлеріңді сүре беріңдер. Мына әкесі сөзге жоқ адам, рұқсат Алладан деп отыр. Бақытты болыңдар, өсіп-өніңдер. Мен бұл қыздан басқа тумаймын деген жоқпын, Құдай бермеді, -деген кезде мен тамағыма тіреліп кеп қалған өксікке шыдамай сыртқа атып шықтым.
Талай таяқ жеп жатқан кездерімде бір тамшы жас шықпайтын сенімді көздерімнен жас деген сорғалап тоқтар емес.
Дүр сілкініп өзіме келіп алып ішке қайта кірдім.

- Айып етпеңіздер, мен ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Әбден ашынып жүрген жанмын. Негізі менің айтайын дегенім, ешкімі жоқ бір жалаңаяққа жалғыз қызымызды бердік. Жағдайы жоқ, андай-мұндайы жоқ деген әңгіме болмаса екен деп айтқым келіп еді -деп ашылып әңгіме айттым. Бұйығып барып бой бермей кететін жаман әдетім бар-тын.

- Өмірлік армандарыңыз шығар осы қызды дүркіретіп тойын жасап ұзату. Тойын жасай беріңіздер. Мен қолдан аламын. Менің де бір қауым елім бар. Ағайын-туысым, әке-шешемнің достары бар. Олар да менің тойымды күтіп отыр. Көптен той болмаған отанымда той болғанын өзім де қатты қалаймын, -дедім.

- Балам, ендеше бір-екі ірі басты ағайыныңнан жібер. Жақыннан таныса берейік. Той күндерін белгілейік. Қалың малға пәлен әкелем түген әкелем деп әуреге салынба. Ештеңе керек емес, үй болып кетсеңдер болды деп,-енем сөзін аяқтады.
Сол сәттен бастап мен екінші шешемді тапқанымды түсіндім.
Той да өтті дүркіреп. Біз балалы-шағалы болдық. Әуел баста енемді кім деп атарымды білмей ыңғайсызданып жүрдім. Өз шешемді апа деп өскем. Келіншегім бірақ анасын мама дейді.

Қайын жұртқа барғанда «Фара балам етті жақсы көреді» деп ылғи ет асушы еді. Амандасқаннан соң дастархан басында үн-түнсіз қалуға қолайсызданып аңдып отырамын. Енем маған қарап қалса дереу «өздеріңізде не жаңалық?» деп сөйлесіп кетем.

Бір күні тағы да қайынжұртта отырғанымызда келіншегім маған звондап қалған біреулерден қызғанып қитығып қалды. Енем қызына ұрысып берді. «Жүгермек қыз, жайыңа отыр, Фара балам көпшіліктің адамы. Көппен жұмыс істеу оңай емес, анау-мынау деп басын қатыра берме» деді.
Мен сол сәттен бастап енеме «рақмет, мама» дедім де шын көңілмен мама деп атап кеттім.

Ол кісінің жақсылығы жайлы айтып тауыса да, жеткізе де алмайтын сияқтымын. Жас үйленген бізге көп қолдау берген, менің балалық пен шалалығыма түсінікпен қарап, мейірім жылуын төккен ақ мамамыздан, балаларымыздың ақ әжесінен айырылып қалдық…

Жанын жегідей жеген аурумен іштей ғана алысып сыртқа сыр бермей, салиқалы, сабырлы, тап-таза, аппақ күйінше көз алдымызда кете барды.
Төсек тартып жатып қалғанда жағдайын сұрап бардым да, Қызылордаға звондап больницаға апармақ болып врачпен келістім. Мамамыз барудан бас тартты. «Мен өзімнің ішімде не болып жатқанын жақсы білемін, еш жерге апармаңдар, пышаққа түспей бүтін күйімше кетейін" деп, қызына пәлен метр ақ мата ал, сүйегіме кіргендер киетін мәсі ал тағысын тағылар деп тапсырма беріп, сол өзінің ақтық сапарына арналған заттарын алдыртып түгендетті. Келіншегім екеуміз базарға бардық. Мен машинада отырдым. Жұбайым алып келген заттарға қарауға дәтім шыдамады. Әке-шешемнен бала кезімде қапияда айырылған едім. Жаныңа жақын адамның көзі мөлдіреп көз алдыңда кеткені деген өте ауыр екен. Бақилық болар кезде тілі күрметіліп «көп нәрсе айтқым келіп еді, айта алмай жатырмын» деп бақыт тілеп маңдайдан сүйіп қоштасып қайта оралмас сапарға кете барды.
Әжеге барайық деп жүрген балаларыма «әжелерің ауырмайтын жаққа кетті» деп суық хабарды әзер жеткіздім.
Қош болыңыз, қайран менің екінші анам!
Небәрі 56-жасыңызда фәни дүниеден көшіп кете бердіңіз-ау...
Әттең, қимаймын.

Бірақ мен білемін ғой. Өмірдің жалған екенін білемін. Ешкім мәңгі жасамайтынын білемін. Қолдан келер қайран жоғын да білемін.
Ақ мамамның енді қайта келмейтінін де білемін. Бала кезімде жүрегіме у болып құйылған жетімдіктің ащы дәмін қайта татып қала бергенімді де білемін…

- Өнеріңіз бен өміріңізді ұштастыра айтқан осы бір әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет. Жақын жандарыңыз, отбасыңыз, дос-жарандарыңыз аман болсын. Шығармашылықтың шыңында, абыройдың асқарында жүре беріңіз, аға!

Тағы да оқыңыз: