Kyzylorda-news.kz. Дәстүрлі өнердің діңгегі дәуірлер өткен сайын қатайып, жаңа леппен жаңа лекке жалғасады. Сол көштің туын жықпай, байрағын биік ұстап келе жатқан Берік Саймағанбетов ағамыз. Ол Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Қаракеткен ауылында дүниеге келіп, қазақы тәрбиемен атасының қолында өскен жан. Баба жолын сақтап, әлі күнге «Саймағанбеттің баласымыз» дейтін өнер иесінің әкесі кезінде белгілі ақын-жыраулар Тұрмағамбет, Омарлармен бірге қатар жүрген кісі болған екен. Жалпы, жыршылық Берік Рахманұлының түпкі қанында бар. Олай дейтініміз, Әлиакпар Жұматаевтың «Кетенің кемеңгерлері» толғауында айтылған кісілердің ішіндегі Бағдагүл апа, Сүйкімбай, Сүйіндік, Ақдос, Жұматай, Сырбай –Берік жыраудың аталары болып келеді.

Өзінің айтуынша, қай уақытта мейлі, қай кезде болмасын, жоғары оқу орнын оқысын, оқымасын қанда бар өнер ешқайда жоғалмайды. Ол өнер, әйтеуір, күндердің күнінде жарыққа шығады. Өйткені ол – текті өнер, өрелі өнер. Сондықтан да Берік Саймағанбетов келе жатқан өнер жолы әкесінің бағыттауымен, сол өлең-жырға әуестендіріп, талай аңыз-әңгімені құлақтандырудан басталған.

- «Өзге емес, өзімді айтам. Өз жайымда...» дейді емес пе... Аға, әңгіменің әлқисасын өзіңіз жайлы айтудан бастасаңыз.

Менің жыраулық өнерімің шыңдалуына, оған қызығушылығымның артуына бірден бір себепкер, алғашқы ұстазым – Жадырасын Тасбергенов болатын. Өлеңді тамақпен айту дәстүрін жетер жеріне жеткізіп, шырқау шегіне шығарған тәлімгерімнің қоржынында «Ұры қарға», «Көрғұлы» дастаны, Аяған Қожаның көптеген шығармалары бар еді. Оның ішінде Шөмекей шежіресінің бір дастаны да бар. Сол дастандарды жоғары деңгейде орындайтын жыршы атанған Жадырасын ұстаздан көп нәрсе үйрендім. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген осы болса керек-ті. Өнер жолы өз иіріміне түсіріп, уақыт ағысымен оның мәнін түсінген соң сол тұнық өнердің өз өкіліне айналдым. Сондай-ақ белгілі Сыр сүлейі Бидас Рүстембековтің тәлім-тәрбиесін, өнегесін көріп, бойға жинай білдім.

Өткенге көз тастайтын болсам, бұрын Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институты, ал қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Алмас Алматов ашқан «Халық әні» кафедрасының ең бірінші және жалғыз студенті болғанмын. Кейін жалпы музыка мамандығына қосып жіберіп, сол жақтан тәлім алдым. Одан кейін Орталық Азия университетінен қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітіргенмін.

- «Толық қалыптасқан адам» деген кім? Жалпы, қазіргі руханияттың сарбаздары яғни жас жыраулардың болмыс-бітімі қандай болу керек?

- Жыршылардың сыртқы келбетіне ғана мән бермеуіміз керек. Біз жыршыларды қайраткер қылып тәрбиелегеніміз жөн. Бүгінде бірыңғай орындаушылар тәрбиеленіп жатыр. Ол енді ешкімнің көңіліне келмесін. Расы солай. Тіпті бұл барлық өңірде бар мәселе. Дәстүрлі өнердің негізгі харизмасы басқа болатын.

Жастар, шәкірттер «өнерді алам, орындаушылықты алам» десе кез келген ұстазға бара береді. Оған ешкімнің ешқандай дауы жоқ. Бірақ, бойындағы арғы қасиеттерді ашамын, тұлғалық болмысын қалыптастырамын десе тарихшы, әдебиетші тіпті барлық ғылым өкілдерінің алдынан өтуі керек. Сол жолға, білімге байлану қажет. Орындаушылық жыршының бір ғана қыры. Ал толық білім шәкіртті биікке шығарады. Міне осы кезде өзін «толық қалыптасқан адам» деп айта берсе болады. Мысалы, білімді адам білімді алам дегенше өзін ғана ойлайды, сол білімді зердесіне жинап алғаннан кейін ол өзін ойлай алмайтын жағдайға жетеді. Оның санасында ел деген дүние тұрады. «Ақшаны жеп кетті, қашып кетті» деген адамдардың барлығы қалыптаспаған жандар. Оларда қашудан басқа кәсіп жоқ. Әзілдеп айтсақ, «алып қашу» дестүрі. Өз саласының бүкіл ілім, білімін жинаған адамда қашу деген ой болмайды. Өйткені, бойына білім жинаған адам жаман әдетінен арыла береді, арыла береді.

- Ұрпақ санасы өзгеріп, қоғам ес кіру мен ескірудің арасында қалды. Дәл осы өлара тұста қай саланы дамытып, қаржыны қай арнаға бағыттаған дұрыс?

- Мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуы үшін мықты сана керек. Ал, мықты сана руханият бар жерде, рух биігінде қалыптасады. Ал, бір рет сол сананы қалыптастырып алса ұлт ешқашан бөлшектенбейді. Біз Кеңес үкіметіне дейін сол санамен өмір сүрдік. Орыс патшасының құрамында жүрсек те ойымыз таза болды. Кеңес үкіметі келді де бөлшектеп-бөлшектеп, ту-талапайымызды шығарды. Бірақ, кешегі күндерге дейін, яғни 80-90 жылдарда сол сананың инертімен келдік. Мен секілді әкелері қартайып қайтыс болғандар олар руханият бұлағының сағасынан су ішті. Сондықтан ең бірінші кезекте рухқа, руханиятқа қаржы құю қажет. Жол қалыптастырып, соған бүкіл ел жұмыс істесе нұр үстіне нұр болмақ. Құрылыс салынбаса салынбасын, егін егілмесе егілмес, жол салынбаса салынбас, бірақ, білім жүйесі, мәдениет, денсаулық саласы тұрақты жұмыс істегені абзал. Бұл халықтың үш тірегі. Айта кетейін, сананың өзгеруі бүкіл саланың өзгеруіне әкеледі.

- «Жыраулар шығармасын мектеп бағдарламасына қосу керек. Жыраулық өнерді үйрететін ұстаздар қажет» деген сынды сауалдар көтеріліп жүр. Бұл тұрғыда сіздің көзқарасыңыз қандай?

Білімнің өзіндік үлкен жүйесі бар. Бұл үлкен сауал. Жалпы, жырдан сабақ беретін адам бар ма? Шығармашылық деген өте бір нәзік нәрсе. Қанша жерден жырды жаттап жүргенмен жүректен шыққан әрбір шығарма ол өзінің орны бар шығарма. Жалпы Сырдың бойындағы кез келген терме-толғауларды алып қарасақ, олардың әрқайсының ұрпаққа берері бар. Сыр бойындағы жыр сүлейлерінің шығармалары қай дәуірде де, қандай кезеңде де, әуелден ақырына дейінгі уақыт аралығындағы тәлім мен тәрбиенің негізгі өзегі. 

Сыр бойындағы сүлейлердің шығармаларын оқулыққа енгізген жөн. Себебі тәлім-тәрбие деген нәрсе балаға сіңуі керек. Біз есейіп кеткен адамдарға ештеңе жасай алмаймыз. Жасы жиырмаға жеткен балалардың өзіне ол тәрбиені сіңдіруіміз қиындау болады. Сондықтан мектеп жасынан, егер осы тәрбиеге, жалпы қазақы ұлттық болмысқа қарай итермелесек, міндетті түрде нәтиже болады. Болмыс деген салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім. Міне, бұлар жиналып, болмысты құрайды. Ал енді ұлттың болмысы осы нәрселерге ұлттық көзқарасты талап етеді. Сондықтан да осы ұлттық мүдде, ұлттық құндылық, ұлттық өнер, ұлттық көзқарас қашанда барлығынан биік тұрады. Оны қалыптастыру үшін мемлекеттік ұлттық идеология керек. Енді-енді біз осы нәрсеге қарай мойын бұрып келе жатқанымыз жасырын емес. Батыстың даңғаза әуеніне ергенімізбен, түбінде, айналып келгенде бәрібір қазақ болып қаламыз.

- «Сырдарияның өзі Сыр еліне жеткеннен соң Жырдария болып ағады» дейді ағалар. Осы өнердің қаймағы қалғыған өңірде өзіңіздің мерейтойыңызды, жарты ғасырлық ғұмырнамаңыздың есеп беру кешін өткіздіңіз. Жалпы, қандай сезімде болдыңыз? Кеш қалай өтті?

- Елу ердің жасы. Есеп беретін жас. Жарты ғасырлық белес. Әкеміздің сөзі бар «Елуде қайтар қажырың, Қайтар күшің кемде кем» дейді. Қазіргі шайтан-көңіл пенделердің көзқарасымен елу деген жас секілді. Ал, бірақ елу деген нағыз толысқан, парасатты кезең. 

Театрда атап өткіміз келді әуелде. Кейін отбасымызбен ойласып, ақыры халыққа беретін асымыз бар, тойханаға жасап, театрдағы қойылымдарды жол жерге әкелейік деп шештік. Мерейтойға ел ағалары, дос-бауыр, жанашыр жандар келді. Өзім де бәріне мезетінде қызымет қылдым десем өтірік айтпағаным. Сонау, 17 жасымнан бастап, домбыраны, өнерді серік қылып шығармашылыққа қадам басқан екенмін. Сонда 33 жыл уақыт аралығында өнерге, қаншама ағаға, рухтас бауырға қызмет ете жүріп, шынайы тілеуқор жандар таптым. Қазір екі қыз, бір ұл өсіріп, оларды да ер жеткізіп, қызым магистаратура, ұлым университет бітіріп, қуаныштарымыз қабат келді. Неге осының бәрін халқыма сүйіншілемеске деген ой келді.

- Керемет. Аға, осылай қос қуанышыңыз қабат, екі дүниеңіз абат болып жүре беріңіз. Айта кетейік, кештің бас тосын сыйы «Тау тұлға Тұрмағамбет» кітабы болса керек. Осы жөнінде де тоқтала кетсеңіз…

- «Тау тұлға Тұрмағамбат» деген кітабым карантинде жазылды. Әрбір істің өз қайыры болады ғой. Жалпы Тұрмағамбет оқуларын жасаймыз. Оның түйдек-түйдек алпауыт ойлары бар. «Оны балғын балалар түсіне ме? Түсінсе, қандай дәрежеде түсінеді» деп зерттеуге кірісіп кеттім. Мектептегі бірге сабақ береген замандас дос, ұстаздардан хабарласып сұрағанымда оқушылар көнерген сөздердің көбін түсінбейтінін айтты. Содан мен ойға кеттім. Бұл бұлай болмайды. Содан Тұрмағамбеттің әрбір өлеңінің түсіндірме талдауын жасадым. Соны бір кітап етіп шығардым. Жазылғанның бәрі кітапқа түсті дей алмаймын, бірақ әдемі бір жинақ болып басылып шықты. 

Бізде жетіспейтін нәрсе – бұл талдау мәселесі. Мысалы, кешегі Сыр бойындағы сүлейлердің, шайырлардың жазып кеткен әрбір сөзінде астар бар.

Бір ғана сөздің астарында бір дәуір жасырылып жатуы мүмкін. Сондықтан да біз осы нәрсеге мән беруіміз қажет. Біздің бүкіл тарихымыз, діңгегіміз осы жырда жатыр. Маған осы біздің өлкеміздің талай ақын-жырауларының өмірбаянына қызығушылық болды. Өзіміз ғана біліп қоймай, келешек ұрпаққа да сол нәрсені білдіру мақсатында екі шығарманы «Тынық тұма» деген атаумен кітапқа топтастырып шығарған болатынмын. Осы кезге дейін әлеуметтік желі арқылы өзімнің ойымдағы Сыр бойындағы өткен батырлардың, билердің әңгімелерін жариялаймын. «Өткенінді білмей, болашаққа болжам жасай алмайсың» дейді ғой. Сондықтан да маған осы дүние ұнайды, себебі әр адам туған жерінде өткен батырларды, тұлғаларды қаншалықты деңгейде құрметтесе, соншалықты дәрежеде ол адам ұлтын да, Отанын да жақсы көреді,
Кітаптың тұсауын Бақберген Сәрсенұлы деген меценат, менің ағам кесті. Мен ол кісінің қолында оқыдым. Қамқоршы жан. Білімге қадам басқан болсам осы кісінің ықпалы зор ғой деп ағама тұсау кесу ретінің бірін бердім. Екінші Әбіш Кекілбаев Айтман деп атап кеткен Светқали ақын кесті.

Ағамыз Ұлытаудағы қазақ құрылтайынан келіп, тойдың белортасында жүрді. Мана айтқан рухтас ағаларымыздың көшін бастап жүрген ағамызға кітаптың тұсауын кескізіп, құрметін алдық. 

- Осы тұста айта кетейік, қазір дін мен ділдің біртұтастығы бар деп айта алмаймыз. Айтман ақынның бағыты мен бағдарын, көзқарасын жақсы білеміз. Сыр елі Светқалиын қалай қарсы алды, қалай қабылдады?

- Светқали Нұржан ағамызды Сырдың менмен деген мықты тұлғаларының барлығы жоғары құрметпен, ыстық ықыласпен қабылдады. Сәкеңнің сөйлеген сөзі де кесектей, түйдек-түйдек ойлары талайды тәнті етті. Оның сөзін тыңдап бәрі сілтідей тынып, көңілдері ауды. Тойға келген адамның көбі ақынмен суретке түсіп, жақсы көретіндерін жеткізді. Осылайша Айтман ақын тойымызға келіп, мерейімізді өсіріп тастады.

Ол тойға келгенде әуелі руханиятқа келгенім болсын деп келді. Сондықтан Сәкеңнің келгені мен үшін үлкен қуаныш болды. Біздің сонау ата-дініміздің түпқазығынан ұстап келе жатқан осы Светқали секілді ағаларымыз ғой. Ұлтымыздың кешегі қаңтардағы қысқабалақтардың қолына өтіп кетпей тұрғанының өзі осындай ағаларымыздың аман жүргендігінде. Жалпы, діни бөліністі көп айтпаймыз, дегенмен мұны айтып, халыққа жариялайтын уақыт келді. Қысқабалақтар өздерін ақтап алғысы келтін көптеген нәрсе айтады. Бірақ, қазақ тарихында осы кезге дейін діни қақтығыс, діни түсінбеушілік деген болмаған. Біз небір құқайдың бәрін осы қысқабалақтылардан көрдік. Мұны мемлекет араласып, тоқтату керек. Әйтпесе ұлтың руханияты өзінің биігіне, дәрежесіне келе алмайды. Себебі олар сырттай сыпайы көрінгенмен, барынша іштен шалуға құмар. Дін бөлек әлем, ал өнер өзінше басқа құдірет. Екі ортаны бірден жалғап, құдайды алдамау керек. Тақуалық деген ол адамға өзімен өзі келетін дүние. Оны қолдан жасай алмайтынын адамдар түсінсе игі.

- Сіздің мәдениет саласына сіңірген еңбегіңіз зор. Тіпті, бір жылда үш мәдениет үйінің бой көтеруіне атсалысқаныңызды естідік. Осы жөнінде тілге тиек ете кетсеңіз…

- 2008-2009 жылдары Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейі «Ақмешіт» филиалының меңгерушісі, одан кейін Қармақшы аудандық мәдениет үйлерімен клубтары МҚКК директоры болдым. Қандай қызметте жүрсем де, тың идеяларымен жұмысты аяқтағанды жақсы көрдім. Иә, осы қызметте жүргенімде Қармақшы ауданындағы үш елді мекенге мемлекет қолдауымен соңғы үлгідегі, мәдениет үйлерін салып берген болатынбыз.

Мәселен, музейде жұмыс істеп жүрген кезде бір қабырғаны түгелімен Сыр өңірінен шыққан жырауларға, шайырларға, жыршыларға арнадым. Мәдениет деген идеологияның ең басында тұратын ұғым. Қазіргі кезде осы қай салада болсын атқарушы органдарда, облыстағы әкімдік болсын барлығында да экономика жөніндегі орынбасар бірінші орынбасар болып есептеледі. Негізгі дамимыз деген, біз дамушы елміз деген мемлекетте олай болмауы керек. Бірінші идеология мәдениет саласына бағытталуы керек. Идеология саласы дұрысталатын болса, бүкіл сала өзімен-өзі реттеледі. Себебі кез келген адамның бойына иман ұялайды. Негізгі тәрбиенің көзі – жыр. Ал енді айтылып жүрген термедегі нақыл өсиеттердің барлығы да бұл Құранның хадистерінен алынған. Сондықтан жыр бұл көкірек сарайыңды ашатын, санаңның ауқымын кеңейтетін, сондай әсерге ие киелі нәрсе.

Қазір жырдың тыңдарманы жоқ деп айтады. Жоқ, олай емес. Жырдың тыңдарманы қай уақытта да болады. Өйткені, бірінші тілімізді құрметтеуіміз керек. Ана тілін жетік меңгерген әрбір адам жырға қанбайтыны айдан анық. Сондықтан тіл мәртебесін дұрыстасақ, болашақта жырдың төрден орын алатынына күмәнім жоқ. Жырға көңіл бөлсек, біздің дәуір бір ырғаққа түседі.

- Қазір белгілі бір танымал тұлғаның шәкіртімін деп айту сәнге айналып кеткендей. Әйтеуір ерме жастар көп. Бірақ, кімге шәкірт боларын білмей дал. Ал, сіздің шәкірт тәрбиелеудегі көзқарасыңыз қандай?

- Мен өзім жолына түсіп шәкірт тәрбиелеген адам емеспін. Себебі, сұралатын дүниелерге онша көп бара бермеймін. Мұрын жыраудың жалғыз ғана шәкірті болған. Тасбереген деген жырау өтті. Ол кісі де жалғыз шәкірт тәрбиеледі. «Қалың ағайынның ішінде отырып, жалғыз шәкірт тәрбиеледім. Одан басқа көзіме шәкірт түспеді» деген екен. Шәкірт ол балаң сияқты. Оған сен бүкіл болмысыңды құюың керексің. Сонда барып, сен оның толық ұстазы боласың. Біз қазір екінің бірінде «Атаңнан ұстаз ұлық» деген әңгімені алдыға тартатын болдық, ол сөздің қасиеті мен қадірінен қорқу керек. Атаңнан ұлық болатын ұстаздың қолында тұруың керек. Шәкіртінің өмір бойығы бүкіл мехнатын тартып, сол жолдағы барлық ауыртпалықты көріп барып, баланы өмірін тура бақытқа салып жіберу керек. 

Ұлтына жаны ашитын әр адам ұлттық өнерге қамқорлық жасауы керек. Бабаның қанымен келген бұл өнер, біздің қазақтың соңғы тұяғы жоғалып кеткенге дейін тұрады. Себебі ол – жаратушының берген сыйы. Оған көздің қарашығындай қараған дұрыс. Түп-нұсқасын бұзып алмағанымыз абзал. Себебі, мақам мәңгіліктің мәйегі дейтініміз де сол. Ал, оны заманның даңғаза иіріміне салу қате болады.

Мәселен, Қызылорда облысының орталығы – Қызылорда қаласында жыраулар үйі жоқ. Кейіпкеріміз егер жыраулар үйі болса, ол жерде тек балалар тәрбиесі емес, жырдың, жырауларымыздың өткен деректерін жинап, осының бәрін біріктіріп ғылыми бірізділікке түсіріп, сақтаса, ол рухты жаңғыртуға қосқан ең абзал үлесі болар еді деген ойда.

Шәкірт – ізбасар деген сөз. Бір адам бір ғана шәкірт тәрбиелеуі мүмкін. Таза өзінің көшірмесін қалдыру үшін бір-ақ шәкірт тәрбиелеуі керек. Өзінің бүкіл білген болмысымен сол балаға беретін болса, ол өте жақсы. Қазіргі кезде «анау да менің шәкіртім, мынау да менің шәкіртім» дейтіндер шықты. Мен ондайдан аулақпын. Менің үнтаспамнан естіп, шәкіртіміз деп айтуды үйренген. Бірақ бұл айтудың бер жағында басқа да дүниелер: сөз бар, ой бар, тұжырым бар. Мінеки, мұның бәрін олар алып жатқан жоқ. Сондықтан да менің тәрбиелеп жүрген шәкіртім, өзімнің балам Динар Рахман. Жақсы жыр айтады. Ақындығы бар, айтысқа қатысады. Жалпы өнерпаз болып өсіп келе жатыр.

- Сүбелі сұқбатыңызға рақмет! 

Тағы да оқыңыз: