Kyzylorda-news.kz. Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық драма театрының әртісі Санат Жүзбай театр әлеміндегі кемшін тұстармен табысты жолдарға кеңінен тоқталды. Жас та болса талай шыңды бағындырып, талантымен тәнті еткен актердің еңбегін ел біледі. Әрбір қойылымы шынайы, шыныдан мөлдір, судан сұлу шығатын талантты жанмен тілдесу бұйырды.
— Санат, ең бірінші әңгімені өзің туралы айтып берсеңіз…
— Өзім жайлы айтатын болсам, Қызылорданың тумасымын, тұрғылықты азаматымыз. Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінде білім алдым. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде өте белсені болдым. Мектеп президенті, сынып топ басшысы болып, әр іс-шарада белсенділік танытатынмын. Жайдарманда ойнап, республикалық кезеңдерге жолдама алып жүрдік. Кейін 9-сыныпты тәмамдап, Т.Жүргенов атындағы өнер колледжіне тапсырамын дегенде ата-анам өнер саласына баруыма қарсылығын білдірді. Сондықтан, анам мұнай саласының қызметкері болғандықтан, агротехникалық колледжіне мұнай саласына оқуға түстім. Дегенмен, 4 жыл білім алып, колледж кезеңіндегі уақытымды бостан-босқа өткізбедім. Онда да өнерден алыс болмадым, жайдарман, квнде ойнап, бірнеше құрамаларда өнер көрсеттім. Осылайша, өнер тұла бойымнан өшпеген соң, анаммен ақылдасып, 2013 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстім. Ұстазым Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері, парасат орденінің иегері, профессор Рахилям Машурова болды. Драма театр және кино әртісі мамандығы бойынша 4 жыл білім алып, 2017 жылы өзіміздің қара шаңырақ Нартай Бекежанов театрының көркем жетекшісі Хұсейн Әмір Темір ағайымыздың шақыртуы бойынша қызмет етіп келе жатырмын. Басты ойым, туған жерге қызмет жасау.
Қысқаша осы автобиографиялық өмірім. Мектеп кезінде енді қызықтар көп ғой. Колледждің өзінің қызығы бар, академияның өзінің қызығы бар. Балалық шақтың барлығы қызық. Қазіргі таңда отбасылымын, театрда қызметтеміз, одан бөлек АДС деген топ бар. Облыстың аудандарында біраз концерт, көптеген іс-шараларда бой көрсетіп жүрміз. Қасымда Асқар Оразалиев деген тетардың актері бар. Оған қоса, Қайсар футбол клубының дикторымын.
— Қазақтың бір азаматы ретінде еліңіз үшін жаныңызды не ауыртады?
- Мен көп шетелдерде гастрольмен, саяхатпен 15 шақты елде болдым. Сол кезде түсінгенім, қазақ жастарына білім керек. Ағылшын тілін үйрену қажет. Жалпы, қазақ жастарына әлемдік деңгейде дүниетанымымызды өзгертуіміз керек. Қазақ қазақ боп қалады. Біздің салт-дәстүріміз, біздің барлық жан-дүниеміз ол жүрегімізде. Бірақ, қазіргі таңда дүниетаным әлемдік деңгейде бөлек. Сондықтан да реті келсе, ел көріп, жер көріп үлгерген жөн.
Түсінемін күйбең тірлік өз алдына, бір статистика көріп қалдым, Алматы, Астана қаласын көрмеген қазақтар бар екен. Сондықтан да әрбір қазақ бақытты өмір сүрсе екен деймін. Әлбетте, ол үшін білім, ізденіс, еңбек керек. Қазіргі таңда адам баласының бір-біріне деген шынайылығы жетіспейді, адалдығы жетіспейді. Бүгінде бәрі әлеуметтік желіге байланған, қит етсе, бірдеңе болса ұялы телефонмен түсіруге дайын тұрады. Шынайы жанашырлық, шынайы жүрек адамға деген қарым-қатынас кейбір кезде жетіспей жатады. Заман талабы өзіне ғой, дегенмен пенделердің адами тұрғыдан келгенде шынайылығы, көзқарасы барлығы жақсы жағынан болса екен. Иә, түсінемін Еуропа бөлек, менталитеті, мәдениеті бөлек. Бірақ, біз де әлемдік деңгейде қазақ деген ұлтымызды таныта беруіміз керек.
— Өнер саласындағы қандай жайттар сізді толғандырады?
— Әрине, мен үшін өнер саласында жақыны –театр. Бүкіл жан-дүнием де, жүрегім де театр деп соғады. Сол себепті қазақ театры мені толғандырады. Әлбетте, бүгінде қазақ театры жақсы деңгейде дамып келе жатыр. Өзіндік бағыты бар, жүйесі бар. Дегенмен қарын ашатын дүниелер де кездеседі. Біреулер менімен келіспей, сөзімді құптамайтын шығар, айтайын дегенім, бізде қазақ театрында 10 режиссер бар. Сол Республикада жүрген 10 режиссер. Ал, енді мен өткенде сыншылар жүлдесіне бардым. Сол кезде сыншылар «Қазақстанда 100-ден астам режиссер бар» дейді. Ал, сонда барлығы қайда кетті? Жоқ. Неге десеңіз, бізде режиссура саласы ізденбейді. Қарамайды, көрмейді, жан-жақпен санаспайды. Тек өзінің облысында, өзінің театрында қайнап-қайнап жата береді. Оны мен өз көзіммен көріп жүрмін де, қарап жүрмін де. Режиссер достарым, әріптестерім бар. Бәлкім осы сұқбатымды оқып ренжитін болар. Бірақ, шынымен де қазақ режиссурасы ақсаңдап тұр. Бізде сонау Әзірбайжан Мәмбетов, Асқар Тоқпанов, Жұман Шанин секілді қазақ режиссурасын қалыптастырып кеткен ұлы тұлғалар бар. Солардың ізін жалғастыратын санаулы адам. Оның бірегейі Фархад Молдағалиев, Данияр Базарқұлов, Дина Жұмабай, Жұлдызбек Жұманбай тағы да басқа секілді айналдырған 10 режиссер. Ал, енді біз көбінесе сол орындарды жабу үшін сырттан режиссерлер шақырамыз. Амал жоқ, бір деңгейде тұрып қалады. Ол режиссер өспейді. Өсу үшін әр кезде процесс, ізденіс, жан-жақтылық болу керек. Жан-жақпен санаса білу керек.
— Бүгінде елімізде жарыққа шыққан сізге ұнамды фильм бар ма?
— Шынымды айтсам қазақ кино саласында соңғы кездері интернеттік сериалдар көбейіп кетті ғой. Ютуб әлеуметтік желісінде көптеген қазақ сериалдары жарық көрді. Оның бірегейі өздеріңіз білетін режиссер Әлішер Утевтің «Сержан братан» мен «5:32 сериалы». Екеуі де өте қатты ұнады. Сондықтан да қазір қазақ киносы даму үстінде. Өйткені, бізде жан-жақтылық байқалады. Негізі қазақ киносында бірталай жанрлар жоқ. Сол себепті жоқ жанрларды шығарса дейміз. Әлішер Утев өзіндік орны бар режиисер. Өйткені, жоқ жанрларды, дүниелерді жасап жатыр. Қазақ киносының режиссурасы да жан-жақты ізденісте. Мен сол үшін де қуанамын. Әр түрлі жанрдағы әр түрлі талғамға байланысты түрлі сериал, фильмдер түсіріліп жатыр. Оған шүкір. Әлі де жұмыс бар. Әлі де процесс бар. Әлі де даму, әлі де өсу, әлі де ізденіс қажет.
Әйтсе де, көбісі кассаға жұмыс жасайды. Комедияны да көп түсіреді. Қазақ кинотеатрларына барсаң комедияның айналасында қалып қойдық десек те болды. Жан-жақтылық аз. Дамымай жатқанның себебі көп. Менің түсінгенім, оқуға түсетін студенттер көбісі «режиссураны таңдап келдім» деп келмейді. Көбісі актер болмаса, өнер саласындаға мамандарға келеді де, түптің түбінде режиссураға түсіп кетеді. Сөйтіп адасып келген бала әрі қарай режиссура деген саланы түсініп алып кетсе алып кетеді, болмаса тоқырап қалады. Режиссура деген ол үлкен мектеп, әртістен де жоғары тұратын маман. Бұл өте қиын сала, оңай емес. Екінің бірінің қолынан келмейді. Ал, бұл салаға бел шеше кірісе қалсаңыз, қазақ киносында кенжелеп қалған жанрларды тірілтуге күш салсаңыздар екен.
— Неге біздегі режиссерлық мектеп дамымай қалды?
Режиссура саласында Жанат Хаджиев, Болат Атабаев, Маман Байсеркенұлы деген мамандар, педагогтар, ұлы ұстаздар болған. Қазір оның көбісі дүниеден озды. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында режиссурадан қазір тек санаулы кісілер ғана қалды. Әубәкір Рахимов, Елік Нұрсұлтан. Ол М.Әуезов театрының режиссері, қазір курс алып, студенттермен жұмыс істеп жатыр. Мен жоғарыда атап өткен өз ісінің майталманы атанған жандардың білімі мен қазақ театрындағы қолтаңбалары тым бөлек. Қазіргі таңдағы мықты деген режиссерлер өздері ізденіп, жетіліп, дамып жүр. Режиссурада ақсаңдау бар, соның өзінде әрі қарай алып кету маманның өзіне байланысты. Мысалы, Фархад Молдағалиев қазақ театрындағы топ режиссерлердің бірі болып тұр. Көптеген елдерге барып, білімің шыңдап, өзін-өзі дамытқан азамат.
— Қасиетті өнердің қарашаңырағы – Нартай Бекежанов театры жайлы не айтасыз?
— Облысымыздың қара шаңырағы Нартай Бекежанов театры туралы ауыз толтырып айтуға болады. Бұл театрда қаншама ұлы тұлғалар жұмыс істеп кетті. Көбісі дүниеден озды. Хұсейін Әмір Темір осы уақытқа дейін көркемдік жетекшіміз болған еді. Қазір кеңесші ретінде, режиссер ретінде жанымызда жүр. Сосын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Камила Абжанова, Залипа Төлепова мен Бақытбек Темірбеков сияқты ұлағатты ұстаздарымыз бар. Солардың арқасында біз өсеміз, өнеміз. Соларға қарап бой түзейміз.
Енді театрымыз жайлы. Қазіргі таңда жақсы деңгейде келе жатыр. Театрымыз 1955 жылы Талдықорған қаласында еңбекші қазақ колхоздық совхозында бой көтерген болатын. 1960 жылы Қызылорда қаласына көшірілген. Қателеспесем 1967 жылы Нартай Бекежановтың есімі берілді. 1960 жылы Қызылорда қаласында «Ақан сері – Ақ тоты» спектаклімен шымылдығын ашқан болатын. Содан бері театрымызда қаншама режиссерлер, әртістер қызмет етті. Қазіргі таңда жастарымыз да көбейді. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан, Т.Жүргенов колледжінен, Ж.Елебеков атындағы колледжінен мықты жастар, нағыз мамандар келуде. Тағы да айта берсек көп. Бұл үлкен қуанышты жайт. Себебі, театрымыздың өсіп-өркендеуіне септігін тигізетін осы жастар. Ал, аға буын өкілдерінің театр үшін орны бөлек.
Театрымызда қазір жан-жақтылық бар, процесс өте керемет. Неге десеңіз, бізде осы 2022 жылы театрымыздың тарихында болмаған 11 премьера бердік. Бұл үлкен жетістік. Театрдағы әртістердің еңбегі, ізденісі осы премьералардан анық көрінді. Көптеген жаңалықтар болды. Жастарға арналған арнайы лаборотория ашылды. Ол жерде өзіндік жұмысымен театрымыздың әртісі Қанат Арқабаев өз алдына бір спектакль қойды. Өзім бір спектакль қойдым. Бөлім меңгерушісі Ұлболсын Қылышбаева ол кісі де бір спектакль қойды. Т.Жүргеновте режиссурада оқып жатқан 2 студент жігіт келір, біреуі моноспектакль, бірі «отыз ұлың болғанша» деген мұңды комедия ұсынды. Театрымыздың тарихында көптеген жаңалықтар болған. Бірақ шегелеп айтатын жаңалықтар 2015 жылы қазақ тілінде ең алғаш рет Англиядағы спектакль қойғанымыз. Сондай-ақ қазақ театрынан ең алғашқы Шотландия еліне барған біздің Нартай театры. Қырымбек Көшербаев облыс әкімі болып тұрған кезде бізге қолдаулар көрсетті. Өзбекстан еліне, Әзірбайжан еліне екі рет гастрольдік сапармен барып, сондай керемет жетістікер болды. Алдағы уақытта да жоспарлар жетерлік.
— Әр ұяның сыры өзіне аян. Театрда дарынсыз, адасып жүрген актерлер бар деп ойлайсыз ба?
- Дарынсыз деп айта алмаймын, адасып жүрген деп те айта алмаймын. Бұл сахна киелі ғой. Сахнаның өзінің бір қасиеті бар. Анау-мынау адамды көтере алмайды. Мұнда таңнан кешке дейін тер төгіп, маңдай терімен жұмыс жасайтын шыдамды әртістер ғана. Сондықтан да, бәрі өте талантты, еңбекқор. Театрда қағида бар. Коллективтік жұмыс. Театр ол бір адамнан құрылмайды. Сондықтан, әрбір әртістердің үлкені, орта буын, жастар болсын өзіндік ерекшелігі мен қалыптасқан орны бар.
— Мәдениет саласына қандай басшылар келген дұрыс?
- Мәдениет саласы, өнер саласын бүге-шүгесіне дейін білетін, өнердің иісі мұрнына барған басшыларға әрқашан ризамын. Себебі, өнердің не екенін түсініп барып, басшы болған дұрыс сияқты. Сосын шынайы жанашыр болса екен дейсің. Жалпы бізде театрымыздың, облыстағы мәдениет саласы барлығы дерлік жақсы жағынан жұмыс істеп келе жатыр деп ойлаймын. Театрымыздың орны тым бөлек. Оның үстіне басшымыз Мұхтар Ниязов өте жақсы ізденіп, театрымыз өссін, өнсін деп, жақсы деңгейге көтерілсін деген мақсатпен келді. Ол бірден көрінді. Сондықтан басшының бойында адалдық, жанашырлық сынды қасиеттер болса деген ниет.
— Өнер саласында інілердің жолын аға буын жауып, не кесіп кетіп жатқан кездер кездесе ме?
— Өнер саласында інілердің жолын аға буын жауып, жаман ниетпен, жолын кескектейтін жағдайлар болмапты. Өзімнің театрымда. Әрбір рөлім, әрбір жасаған образым үлкен, орта буын, жастардан, яғни кез келген әріптестерден әрқашан да қолдау тауып келеді. Өзгенің жолын бөгеу, аяқтан шалу, өспесе, өнбесе екен деген дүние болған емес. Себебі, жанашырлық бізде әр кезде бар. Театрдағы аға буын өкілдері әрқашан қолдап, қолпаштап, ерекелетеді. Еркелеп алатынымыз бар.
— «20 жасында үйленбеген жігіттер қазақтың халық жауы» дейді Бауыржан Момышұлы. Бұл пікірге көзқарасыңыз…
Бауыржан атамыз да бекерден-бекер айтпайды ғой. Оның да өзіндік астары бар деп ойлаймын. Мен кешеуілдеп 28 жасымда үйлендім. Оқу болды, жұмыстың кезінде ізденістер көп болды, шығармашылық жұмыспен қол босамады. Кейбір кезде жеке өмірге қарамай кететін кездер болады. Қазір шүкір әйелім, 2 балам бар. Әрқашан қолдау көрсетеді, өнерімді бағалайды. Кейде дайындықты кештетіп қаламыз, сондай сәттерде түсініп, түсіністікпен қарайды. Жиырма жасында үйленбеген деген қағидаға кейбірі келіседі, кейбірі келіспейді. Ал, енді менің көзқарасым әркімнің өзінің бұйырған тағдыры ғой. Мен солай деп түсінемін. Лайым оқып, ізденіп, аяққа тұрғаннан кейін барып, өзіне жауап бере алатындай сенімділік болған шақта ғана үйленуге шешім қабылдаған дұрыс.
— Театр, өнер туралы ұнайтын кітаптар мен тәмсіл сөздеріңіз, ұстанымдарыңыз бар ма…
— Фариза Оңғарсынованың керемет бір сөзі бар, сол өте қатты ұнайды өзіме. «Жұрт неге маған жауықты деп, Бостан-босқа кішірме. Талантты болу қауіпті, Талантсыздардың ішінде». Ұғынсаң мән-мағынасы зор, астары бар сөз. Неге десеңіз? Киноларға кәсіби актерлер түсіп жатқан жоқ, соған кішкене ішің күйеді. Тағы бір сөз бар. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев академиялық театрында «Кеш» деген спектакль қойылды, сонда бір сөз жадымда жатталып қалыпты. «Жердегінің барлығы жылу мен жарықтан тұрады. Егер адамның жанында сәуле мен жылу болса онда күннің кішкене бөлшегі жерде жүр деген сөз». Көрдіңіз бе? Сонда қазіргі адамдардың бір-біріне деген жылулық, шынайылық, адалдық деген нәрсені білдіреді.
Ал енді кітап жөнінде айтатын болсам, соңғы оқыған кітабым Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» деген дүниесі. Шығарманы оқып, жақсы бір әсер алған жайым бар. Бізде әрбір спектакль сайын ізденіс болады ғой. Сол кезде мағлұматтар жинау үшін кітаптар оқуға тура келеді. Сондықтан сондай жағдайда кітаптарды көп оқимыз.
— Қазір театрда көбіне аударма қойылымдар қойып жатыр. Қазақ драматургтерінің қойылымдарынан көріністер қоржынға қосыла ма?
— Қазіргі таңда, өнер, театр саласында жүрген кісілердің кейбірі «драматургия бар» дейді, кейбірі «жоқ» дейді. Енді толыққанды бар деп айтқанның өзінде де бізде көп материалдар, шығармалар әлсіз болып жатады. Сыншылар жүлдесінде де бізде драматургия бар деп айтылған. «Әйтсе де, олар өз облыстарында ғана қайнай береді. Толыққанды басын жинау керек» дейді. Мәселен, бізде қазір шүкір жәймендеп дамып келе жатыр. Алматыда режиссерлер, драматургтер, әртістер бас қосып, сонда талдап, жаңа шығармалардың барлығымен сол жерде танысып, көрісіп кәдімгідей үлкен бір жұмыс болады. Сондықтан да, драматургия да ақырындап дамып келе жатыр деп айтуға болады. Ал енді оның алдында көптеген драматургтер, жалпы шығарма жазған көптеген кісілер бар ғой. Олардың еңбегін жоққа шығармаймын. Бірақ, қазіргі таңдағы заманауи драматургтер солардың деңгейі өсіп келе жатыр деп айта аламын.
— Мәдениет өкілдерінің әлеуметтік нашар қорғалғаны көпшілікке мәлім. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
Иә, оны растаймын. Шыныменде мәдениет өкілдерінің әлеуметтік жағдайы нашар қорғалған. Енді әлемдік деңгейде қазақтың қазақ екенін, Қазақстан Республикасының мемлекет екенін көрсететін ол мәдениет пен спорт. Бірақ, спорт енді өз алдына, бірақ мәдениетке көп жерде мән бермей кетеміз. Әлде де жетіспей жатқан дүниелер бар. Ол әртістердің жағдайы кейбір кезде келеді, кейбір кезде келмейді. Мәселен, үй мәселесі сияқты, күйбелең тірліктің әңгімелері өте көп. Мемлекет, үкімет тарапынан үй жайы, жалақы жөнінен қолдау көрсетіліп, көмек берілсе жақсы болар еді. Әлбетте, қолдау көрсетіліп жатқанын жоққа шығармаймыз. Үкімет те барынша мәдениетке де, спортқа да көңіл бөледі. Осы ретте, театр, эстрада саласы, жалпы өнер саласының барлығына бірдей қараған жөн. Тек Алматы мен Астана ғана емес, барлық облыстар қамтылса, жағдай жасалса деген ниет, тілек бар. Көмек берілсе әртістер мың есе жұмыс істейді деп айта аламын.
— Өзіңізді қай кейіпкерге көп ұқсатасыз?
— Мен әрбір кейіпкерімді, рөлді бөліп жарып айта алмаймын. Неге десеңіз, рөлім, кейіпкерім, образым, барлығы жан дүниеме жақын. Әрбір кейіпкерің, әрбір образың ол өзіңнің балаң секілді. Сондықтан әрқайсысын мәпелеп, мұқият қараймын. Әр кезде де оны дамытып тұрмасам, мен оны өшіруге құқым жоқ. Рөлімнің барлығы жүрегімнен, тұла бойымнан шыққан жан-дүнием. Барлығы да бірдей.
— Әртіс болуды армандайтын, жас оқырмандарға кеңесіңіз…
— Әртіс болу деген оңай нәрсе емес. Әртіс болу деген кез келген адамның тұла бойынан шыға салатын дүние емес. Бұл талант пен еңбек екеуінің қосындысынан туындайтын дүние. Әртіс болуды оңай деп ойламаңыздар. Ең бастысы, әртіс болуда бірінші ниет, одан кейін ізденіс, еңбек осы қасиеттер болса өзіңіздің өнер саласында, мәдениет саласында өзіндік орны бар маман болады дегенге мен кәміл сенемін. Сондықтан да оңай нәрсе жоқ. Барлығының өзінің қиыншылығы бар.
— Әсерлі әңгімеңізге рақмет!