Kyzylorda-news.kz. Күннен-күнге гүл дүкендері мен флористер көбейген сайын тың идеялар бәсекеге түсіп, соған сай сұраныс та артуда. Тіпті, тірі гүлдердің орнын ұзақ сақталатын, түрлі қажетті дүниелерден жасалған гүл шоқтары алмастырып жібергені жасырын емес. София Қожкенова – тапсырысқа қарай әртүрлі гүл шоғын жасайтын заманауи флорист. Оның туындыларында сабын да, қаптамадағы шоколадтар да, кептірілген жемістер де бар. 20 000 оқырманы бар Софияның кәсіптегі тарихына бірге үңілейік.
София Оралбайқызы – Қызылорда қаласының тұрғыны, үш баланың анасы. Жоғары оқу орнында бухгалтер мамандығы бойынша білім алған ол 2018 жылдан бастап аталған кәсіпті қолға алған.
«Негізі бұл кәсіпті бала күтімімен отырғанда бастадым. Екі ұлымнан кейін 2018 жылы ерекше ұлды босандым. Диагнозы – даун синдромы. Бәріміз оны «күн-бала» деп атаймыз. Есімі – Самат. Самат дүниеге келген соң біраз уақыт депрессияда жүрдім. Қойылған диагнозды қабылдай алмай, сол жағдайда не істерімізді білмей қиналдық. Бар ойым мен уайымым ұлымның денсаулығы болды. Сол кезде мені қалың уайымнан алып шыққан осы кәсібім әрі хоббиім. Ең алғаш рет құрбымның баласының туған күніне сыйлық апаратын кезде осындай дүниені өзім жасаған едім. Ол кезде екі ұлым мектепте, үшінші балам науқас. Өзім жұмыссызбын. Жолдасым ғана қаражат табатын. Бірақ өзім бұрыннан гүл жасағанды жақсы көретінмін. Сол күні гофра қағаздан сыртқы қабын жасап, арасына шоколад, кәмпит, түрлі тәттілерді қосып, гүл шоғын жасадым. Құрбымның баласы қатты қуанғаны есімде. Менің қызметім – адамдарды қуанту», – дейді батыл азаматша.
Флористің айтуынша, өз қолынан шығатын туындылардың бағасы қолжетімді. Ол дайын өнімдердің бағасына өз еңбегінің құнын қосып, жалпы бағасын шығарады. Көңілден қымбат дүние жоқ деп білетін София келген тұтынушының қалтасына қарайтынын жасырмады. Мысалы, 7000 теңгелік гүл шоғын келушінің жағдайына қарай 5000 теңгеге келтіріп, жасап берген кездер де бар екен. Ал әр гүл шоғының бағасы құрамындағы заттарға, көлемі мен сапасына байланысты әртүрлі боп келеді.
«Әрине, ассортимент кең емес. Дегенмен әрі қарай осыны дамытып, кеңейткім келеді. Қазіргі таңда бірнеше курсты қатар оқудамын. Мәселен, жақында жеке кәсіпкерлік курсын бітірдім. Флорист ретінде де арнайы, кәсіби білімім жоқ. Бәрі қызығушылықтан басталды. Бірақ салыстырып қарасам, жасаған дүниелерім кәсіби флористердікінен кем емес. Алдағы уақытта кәсіби білімімді жетілдіріп, осы саланы дамытқым келеді», – дейді ол.
Айтып өткеніміздей, кейіпкеріміздің гүл шоқтары сабын мен кептірілген жемістерден жасалады. Бұл іске араласқанына жарты жылдан асқан. Флористиканың ішінде дәл осы жемістер арқылы жасалатын түрін оқығысы келсе, де оған мүмкіндігі болмаған. София инстаграм желісінен көріп, өзі жасап көрген көрінеді. Түрлі сайттан қарап, теориялық білім алған. Осылайша кептірілген жемістер арқылы жасалатын гүл шоқтарын жасауға кіріскен. Нарыққа мән берсек, мұндай гүл шоқтары сұранысқа ие. Денсаулыққа да пайдалы. Кейіпкеріміз гүл шоғын кем дегенде бір сағатта, ал күрделі түрін үш сағаттың ішінде жасап шығарады.
Ал сабыннан гүл шоғын жасау идеясы туралы ол: «Осылай түрлі туындыларды жасап жүргенде тұтынушыларым арасына гүл қосыңызшы деп сұрайтын. Бірақ тірі гүлді түйірлеп қосып отыру қолайсыз. Көптеп алсам, солып қалады. Сол үшін гүл формасындағы табиғи сабындарды неге қоспасқа деген ой туындады. Қараған адамға тірі гүлден еш айырмасы жоқ. Сыртқы бейнесі де әдемі, әрі ұзақ сақталады. Хош иісті, түрлі-түсті гүлдер ерекше әдемі көрінеді. Сонымен сабынды гүл шоқтарына да сұраныс арта бастады», – дейді ол.
Арнайы парақша ашып, мәтін жазуды, сурет таңдауды, инстаграмды дұрыс жүргізуді ешқандай курсқа қатыспай-ақ, үздіксіз іздену арқылы ютуб желісінен, басқа да сайттардан үйренген София Оралбайқызының бүгінгі жетістігі – берекелі кәсібі мен ертеңгі күнге деген сенімі. Оның алға қойған жоспары көп. Ең бастысы – күн-баласын аяққа тұрғызу. Сонымен бірге кәсіпкер Қызылорда қаласынан студия ашып, шәкірт тәрбиелегісі келеді. Арнайы курс ұйымдастырып, шеберлік сыныптарын өткізуді жоспарлап жүр.