Kyzylorda-news.kz «Ел ағасыз, тон жағасыз» болмайтыны әлімсақтан белгілі. Құт қонған Қазалы топырағында туып, Алаштың аймаңдай айбозына айналған азаматтар жетерлік. Қазақылықтың қаймағын бұзбай, ел іргесінің берік, шаңырағының биік болуына сүбелі үлесін қосып жүрген қоғам қайраткерлері әлі де арамызда баршылық. Солардың қатарында белгілі кәсіпкер, Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, «РЗА» АҚ Президенті Самұрат Имандосовтың шоқтығы биік, көші ілгері десек қателесе қоймаймыз.

Жуырда осынау ардақты азаматпен ел мен жердің айтулы мәселелері, Арал теңізі мен Сырдарияның қазіргі ахуалы, өңірдегі күріш шаруашылығы, кәсіпкерлік барысы жөнінде сұқбат құрған болатынбыз.

– Самұрат Жұманұлы, бүгінде қилы-қилы тарихы бар қазақ елі өркениетке қарай өршелене ұмытылған елдің санатында. Тарих көз алдымызда жасалынып жатыр. Қазіргі Қазақстан келбетін қалай бағамдар едіңіз?

– Қазіргі таңда дүниежүзілік қауымдастыққа мүше елдер мен шекаралас мемлекеттерде болып жатқан соғыс жағдайында Қазақстан да абыржулы кезеңді басынан кешіп жатыр деуге негіз бар. Ресей мен Украина арасында қақтығыс та, ел экономикасына, тағдырына, келешегіне әл-ауқатына салқынын тигізбей қоймайды. Сондықтан, мемлекетіміз нақты бағытқа қарай қадам басып, еліміздің тұрмыстық әл-ауқатын көтеруді негізге алып жатыр. Кешегі «Қаңтар» оқиғасынан соң, елімізде қоғамдық саяси ахуалды қалыптастыру негізгі мақсат болып тұр.

Сан салада түрлі экономикалық, рухани-мәдени, әлеуметтік тұрғыда түрлі реформалар жасалынуда. Әрине, бәріне уақыт керек.

Президент сайлауында да өкілеттілік мерзімінің 7 жылдан аспауы, кандидаттың 1 реттен артық президент болмайтындығы, сондай-ақ, атқарушы биліктегілердің партия құрамында болмайтындығы оңтайлы шешім деп білемін. Парламентте бұрын-соңды қалыптасқан жүйелердің де, жалпыға ортақ болып өзгеруі де, сондай-ақ, партияларды тіркеуге қатысты енгізілген жеңілдіктер де, биліктің халықпен үндес болуын көздейді. Яғни, мемлекет, атқарушы органдар халық игілігі үшін қызмет етіп, халық алдында жауапты деген қағиданы алға қояды.

– Қазіргі таңда аудан басшыларын да, сайлау арқылы тағайындау процесі қолға алынуда. Осы мәселеге көзқарасыңыз қалай?

– Дұрыс деп санаймын. Демократиялық қоғам құруды көздесек, бұл оң шешім деуге болады. Ауылдық округ әкімдерін сайлауды тәжірибеден өткізіп келеміз. Бұл келешекте де, осылай жалғасын табады. Тек, мұндай мәселеде мына нәрсеге баса назар аудару қажет. Халықтың психологиялық дайындығына, саяси менталитетінің қалыптасуына оң ықпал жасауымыз керек.

Ендігі аудан әкімдерін сайлауды өткізуді жаппай қолға алмастан бұрын, облыстардың жекелеген, яғни, 2-3 аудандарын эксперименттен өткізіп, кезектестіріп, сайлау жүйесімен қалыптастырған жөн деп ойлаймын. Бірақ, әкімдердің барлығы халық ортасынан шыққан болуы тиіс, халық өзі қалап, сайласа нұр үстіне нұр. Басшы халық сеніміне ие болатын, жауапты тұлға.

– Жалпы, біздің тағдырымыз Сырдария өзенімен байланысты екендігі даусыз. Дариядағы су тапшылығы біздің өмірімізге, тіршілігімізге тікелей әсер ететіні рас...

– Қызылорда облысының тағдыры Сырдария өзеніне байлаулы. Сырдария өзені мемлекетаралық өзен болып есептеледі. Сондықтан дүниежүзілік қауымдастықта мемлекет аралық өтетін судың көлемі анықталып, соған әр мемлекеттің алатын үлесі айқындалуы керек. Бірақ Қазақстан мемлекетінің өзге елдермен мемлекетаралық су бөліскен келісімі жоқ. Қазір соның зардабын тартып отырмыз. Аз болсын, көп болсын Сырдария өзенінен алатын су көлемі халықаралық келісіммен бекімейінше, ол осы қалпында қала береді. Аталған мәселелерді шешпейінше, бұл біздің өңір үшін ғана емес, мемлекетіміз үшін өзекті мәселе болып қала бермек. Алдымызда тағы да су тапшылығы орын алуы да ғажап емес.

Біздің өңір күріш көп егетін аймақ болған соң, суды үнемдейтін, экономикамыз содан төмендемейтін, сондай-ақ, суды көп қажет етпейтін дақылдарды өсіруге ден қоюымыз қажет. Суды үнемдеу үшін күріш егуді азайтпай-ақ, суды үнемдеп пайдаланудың әдіс-тәсілдерін қолданысқа енгізген дұрыс. Мысалға айтар болсақ, жаңбырлатып суару, тамшылатып суару арқылы бөтен дақылдардан алатын өнімдердің өнімділігін көбейтуге жұмыстануымыз керек.

– Ауданға жаңбырлатып суару әдісін өзіңіз алып келдіңіз десек, артық айтқандық емес. Енді осы әдістің қаншалықты тиімділігі бар. Оң нәтиже беріп жатыр деп айта аласыз ба?

– Тамшылатып суару әдісінің тиімділігі жоғары десек болады. Менің иелігімдегі жер шарушалыққа қолайсыз әрі құнарсыз жер. Бұрын-соңды бұл жерге ештеңе егілмеген. Қазіргі таңда сол жерлерді органикалық, минералды тыңайтқыштармен өңдеп жатырмыз. Сортаңға айналған егістік жерлерді кешенді баптау жұмыстарын жүйелі жүргізсе, органикалық құрамын қалпына келтіруге болады. Топырақты сауықтырып, егістік алаңындағы топырақты сақтауда жүгері дақылын еккен тиімді. Ол топырақ құнарының артуына сеп болады.

Осы орайда жаңбырлатып суару әдісін жүйелі қолдансақ, бүгінге дейін алып жүрген өнімнен 2-2,5 есе артық өнім алуға мүмкіндік бар. Менің бұл әдісті қолданысқа енгізгеніме 4 жылдай уақыт болды. Жаңбырлатып суару әдісі бірден көп мол өнім береді деп айту қиын. Бұдан бүгін не ертең нәтиже көремін деу де қателік. Себебі, топырақтың құнарын қалпына келтіру жұмысы ұзақ процесс. Бүгінде бұл әдістен алынған өнім аз болса да, келешекте бұл жерден алынатын өнімнің жоғары болатынына сенімім мол. Бұл жұмыстардың барлығы тиісінше, шығынды да талап етеді. Әйтсе де, алдағы 4-5 жылдықтың көлемінде бұл егістік алқабынан мол өнім алып, өндіріс орны ашылып, азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік аламыз деп ойлаймын. Жаңбырлатып, суару әдісі үздіксіз әрі ұзақ процесс болса да, соңында өзінің оң нәтижесін береді деуге толық негіз бар.

– Өзіңіз айтып өткен топырақтың эрозиясының бұзылуына Байқоңыр ғарыш айлағы мен Арал теңізінің шамадан тыс тартылуы басты себеп деуге болады. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Арал теңізінің құрғап қалған табанына 2 миллиард ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізу қолға алынған еді. Осы арқылы топырақтың құнарлылығын қалпына келтіріп, құм мен тұзды тоқтату мүмкін бе?

– Арал теңізінің тағдыры тек, біз үшін емес, үлкен жаһандық трагедияға айналып отыр. Арал теңізінің қайта толарына, бұрынғы кемеріне келеріне сенім аз. Тек, теңіздің солтүстік бағытындағы сақтап қалған территориямызды сол деңгейде ұстап тұруымыз қажет. Қазір осындай зардапқа душар болып отырғанымыз Кеңес үкіметі кезінде кеткен кемшіліктердің әсерінен. Дегенмен, сол қателіктермен күресіп, соның қалпына келтіруге жұмыстануымыз керек.

Израиль мемлекетінде жер қойнауынан пайдалы қазбалар жоқ, жеріне егін шықпайды. Бірақ қазір сол мемлекет ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттауда әлемде 2-3 орынды иемденуде. Сондай мемлекеттердің қатарында Жапония, Сингапур секілді әлемнің алдыңғы қатарлы елдері де бар. Біз де жер, жер асты суымыз да жетерлік. Соны дұрысынан пайдаланып, тіршілікке бейімделуіміз қажет.

– Ел арасында «қазақ жалқау» деген қасаң пікір қалыптасқан. Расымен солай ма?

– Иә, бұл пікірмен қосылмасқа болмас. Біз расымен жалқаумыз. Біз дайын дүниеге үйренгенбіз. Кеңшілікке үйренгеніміз соншалық, жұмыс жасамай, масылдыққа бейімделіп кеттік. Оған кешегі Кеңес үкіметінің саясаты себеп болды. Біздің даму жүйеміз феодализмен социализмге көшті. Социализмнен дамушы социализмге, коммунизм кезеңінде әркім қабілетіне қарай, әркім өз қажеттілігіне қарай жұмыстанды да, масылдыққа бейімделіп алдық. Бірақ ол қоғам соңына дейін болмады. Біз көп уақытымызды Кеңес үкіметінің жүйесімен жүреміз деп жоғалтып алдық. Әр мемлекеттің даму эволюциясы әртүрлі этаптардан тұратындығын ескерсек, өзбек халқы капитализмен социализмге өтсе, ал Қазақстан феодализмен социализмге көшті. Біз қоғамдық кезеңді өзге елдер секілді кезең-кезеңімен өткермеген соң, әлі де болса, нарыққа бейімделе алмай келеміз. Оған уақыт керек. Келешек ұрпақты бейімдеп, жан-жақты оқытып, көріп-білуіне мүмкіндік жасауымыз қажет. Біз әлі де болса, Кеңес үкіметі қалыптастырған жүйеден шыға алмай жүрміз. Біреу үшін өмір сүріп жүрген сияқтымыз.

Масылдыққа бейімделгеніміз соншалық арамызда «Тоқаев менің аш отырғанымды көрмейді» дейтіндер де жоқ емес. Негізінде, біздің мемлекетте жұмыс жасаймын деген адамға жұмыс көзі де, мүмкіндік те көп. Дегенмен, жастардың дені мәселелерін өздері шешуге құлықсыз. Тіпті, тегін оқудың өзін оқып жарытпайды не жұмыс жоқ деп сылтауратады. Мысалы, менің тәжірибемде «РЗА» акционерлік қоғамы мекемесіне керек емес мамандық жоқ. Маған шопыр, экскаватор, бульдозерші, сауыншы, крановщик, агроном, гидротехник, құрылысшы, сауыншы, бақташы, ветеринар сынды мамандық иелері керек. Жұмыспен қамту орталығына жыл сайын ұсыным береміз. Бірақ жұмыс жасауға ниетті азаматтар өте аз. Еңбек биржасы жұмыс іздеп келушілерге «РЗА» АҚ -дағы бос жұмыс орны туралы айтыла қалса, көбісі бас тартады. Неге десеңіз біз де, жұмысқа талап қатты. Сондай-ақ, жұмыс іздеушілердің дені бюджеттік мекемеде жұмыс жасауды құп көреді. Мұның өзі масылдық. Масылдық ұғымы бір күнде жоғалатын дүние емес. Бұған да, уақыт керек. Сондай-ақ, адамның өзінің өмір сүру дағдысын, психологиясын оң көзқарасқа қалыптастыру керек. Біз де кадрлық саясат даярлауда оқу жүйесі дұрыс қалыптаспаған. Президентіміздің өзі білім саласын жолға қою керектігін баса айтып жатыр. Бұрынғылар «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген. Бала туғаннан бастап оның тәрбиесі де дұрыс болуы керек. Баланы ата-анаға масыл етпей, қоғамға бейімдеп өсіру қажет. «Қанша балам болса, соның барлығына диплом алып беруім керек» деген қалыптасқан стереотипті жоймай, кадрлық саясат туралы сөз қозғау орынсыз. Дұрыс кадр даярлау үшін алдымен, оның сол мамандыққа деген қабілеті бар ма, жоқ па соған назар аудару шарт.

ЖОО-дағы білімнің сапасына мән беріп, білім саласы жетілдірілсе деймін. Оған қойылатын талапты күшейту қажет секілді. Мемлекеттің қаржысын бостан босқа шашпай, сұранысқа қажетті мамандарды даярлауға жұмыстану керекпіз.

– Сіз өңірдегі көп саланы қамтыған кәсіптің иесісіз. Осының барлығына қалай үлгересіз?

– Негізінде менің мамандығым құрылысшы. Ал кәсіпке өмір ағынымен келіп қалдым десем болады. Бір кездері құрылыспен айналысып, ауданда бас көтеріп, республикалық тендерлерді жеңіп, үлкен құрылысқа ие болып, мекемеміздің жағдайы жақсарды. Дағдарыс кезеңінде де ауылдық елді мекендерде иесіз қалған жерлерді игеруге бел байладым. Сөйтіп, шаруа қожалықтарын ашып, халықты жұмыспен қамтыдық. Бизнесті бастаған соң, оны әртараптандыруды қолға алып, түрлі жұмыс көзін аштық. Қазір барлық шаруашылықты қосқанда 1000-ға жуық адам жұмыспен қамтылған.

– Кәсіпкер болғысы келетін жастарға айтарыңыз...

– Кәсіпкер болғысы келетін жастарға айтарым бастысы ештеңеден қорықпаңыздар. Бір істі бастасаң, оны аяғына дейін жеткізуге тырысқан жөн. Тынбай еңбек етсең ғана оның нәтижесін көресің. Тек ойға алған ісіңді соңына дейін тиянақтап жасау қажет.

– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!

Сұқбаттасқан

Есет ТАБЫНБАЕВ

Тағы да оқыңыз: