Kyzylorda-news.kz  Қазақ мәдениетінде теңдесі жоқ жыраулық өнердің бір тармағы – Сыр сүлейлерінің мектебі. Осы жыраулар мектебінің төл шәкірті, ақын, жыршы, термеші, ұстаз – Рахметулла Жолтаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.  

– Сізге ақындық қасиет кімнен, қайдан дарыды? Әңгімемізді осы сұрақтан бастасақ.

– Ақындық өнер – адамзат баласының бойына таңдап қонар қасиетті өнер. Жалпы шығармашылық адамы көп жаннан өзіндік болмысымен ерекшеленіп тұрады, оның ішінде өрелі өлең өнерін меңгерген ақындар қауымы әу бастан ұлы қасиетке ие десем қателесе қоймаймын.

Өзімнің бойыма қонған осындай қасиетті ақындық өнер – бабадан жалғасқан жарқын жол. Олай деуімнің негізгі себебі – бабам Жолтайдың әкесі – Қайранбай ұсталық өнермен қатар, ақындық қабілетке де ие болған жан. Бірақ неге екені белгісіз ұрпақтарына ақын болудан гөрі, ұсталықты ғана ұстануды насихаттап кеткен. Сол бағыттан айнымаса керек, менің Жолтай бабам өмірден өткенше темірден түйін түйген танымал ұста атанған. Бұл жайындағы мол деректі ертеректе жарық көрген  «Шебердің қолы ортақ» атты қазақ халқының белгілі зергерлеріне арналған жинақтан көруге болады.  Дегенмен, сол түп бабамыздан тарайтын Берсүгір бабамыздың (Жолтайдың туған ағасы) ағайынды екі ұлының үлкені – Молжігіт аймағына танымал ақын болса, Палжігіт темір ұстасы бола жүріп, өзінің өлең жырларымен көптің құрметіне бөленген. Нартай ақынның үзеңгілес шәкірті атанып, қазақ халқының түрлі батырлық жыр-дастандарын таңды-таңға жалғастырып жырлаған өнер иесі. Осындай дара дарын иелерінен тарайтын Арзулла Молжігітұлы Нартай өнерінің насихаттаушысы, дәстүрлі ән өнерін терең меңгерген өнер иесі, айтыс ақыны екендігін ел біледі. Ал өз атам – Жолтайұлы Сұлтан қарапайым жан болғанымен ауызекі сөзге шебер еді. Бала болсақ та табан астында өлең шығарғанда таң-тамаша болатынбыз. Өз заманында ешқандай музыкалық аспапта ойнамаса да, кәдімгі оқтауды қолына алып келіндердің бетін ашқан екен. Бұл да бір сол атадан жалғасқан ақындық өнердің белгісі шығар деп білемін.

Енді өзімнің ақын атануыма, ақындық өнерге келуіме тоқталар болсам, 1985 жылы ауданымызда белгілі өнертанушы, қазақ халқының жыраулық өнеріне өмірін арнаған, оның ішінде Сыр бойындағы жыраулық дәстүрдің кітаби негізін салушы – Мардан Байділдаевтың бастамасымен және ауданымыздың белгілі азаматы, білім саласын жиырма жылдан аса басқарған, аудан жұртшылығына танымал тұлға – Жағыппар Зермұхамедов, ұстаз – Әлімхан Оспанов ағайларымның ұйымдастыруымен Қазақстан бойынша тұңғыш рет Республикалық пионер ақындардың айтысы Шиеліде өтті. Осы айтысқа № 206 «Жиделіарық» сегізжылдық мектебінің бесінші сыныбында оқитын мені ұстаздарым – Нуриддин Аюпов, Ерғара Жолдасов, Жұпар Бошайбековалар күні-түні тынбай бар күштерін салып дайындады. Әсіресе Нуриддин ағайым қасынан бір елі қалдырмайтын. Менің өнер әлеміне алғаш табан тіреуім осы айтыстан басталып, теледидарға түсіп, айтыстың бас жүлдесін иемденіп сол кезеңде екінің бірі бара алмайтын бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне жолдама алдым. Сөйтіп ауылдың қара домалақ баласы бір айдың ішінде республикаға танымал ақын атанып шыға келді.

  Осы арада тағы бір ерекше тоқталар кісілерім олар менің ата-анам еді. Қандай ата-ана болмасын баласы үшін ештеңеден аянбайтындығы белгілі ғой. Сондай үлгілі үрдістен танбай, үйдің үлкені атанған менің өнер бағытына кеңінен қадам басуыма ерекше қамқорлық танытып, жоқтан бар жасап, барлық мейірімдерін төге жүріп, әуелі адам болуыма сонан кейін ақын болуыма қосқан үлестері ешқандай да бағамен өлшенбейтін жақсылық деп білемін.

– Ақындық өнеріңізден бөлек жұрт сізді тыңдаған құлақтың құрышын қандырар жыршы-термеші деп те таниды. Жалпы жыраулық өнерге қалай келдіңіз?

– Ауылда тұрсақ та әр жылдары ауданда, облыста өтетін ақындар айтысына қатысуымды тоқтатпай, Аллаға шүкір абыройлы атандым. Ол кезде ауылымыздың мектебі сегізжылдық болған соң, сегіз жылдықты аяқтаған ауыл жастары көршілес жатқан Еңбекші, Коммунизм (қазіргі Нартай ауылы), ауылдары мен аудан орталығындағы онжылдық мектептер немесе арнаулы училищелерде, кейбірі жақын туыстарының арқасында қалалық жерлерде өз білімдерін жалғастыратын. Мен болсам ауылдың сегізжылдығын аяқтағасын, №156 Н.Бекежанов атындағы орта мектепке келіп, орта білім алуымды сөз басында айтып өткен көкем – Арзулланың шаңырағында жатып жалғастырдым. Осы кезеңнен бастап, көкемнің орындауындағы Сыр бойындағы ақын-жыраулардың шығармаларын, Нартай атамыздың мақам-сазындағы әндер мен жырларын құмарта тыңдап, жыршы-термешілік өнер мен дәстүрлі ән салу өнеріне машықтандым. Арзулла көкемде осы қалпымды жазбай танып, аталған өнерді үйренуге барынша көңіл бөліп, Нартай әуенімен ән салуға күш-жігерін жұмсады. Еселі еңбек еш кетпей, көкемнен үйренген жыршы-термешілік, дәстүрлі ән салу және Нартай әндерін меңгеруіме кеңінен жол ашты.

Ел ішінде «Жолы болған екен» деген қарапайым сөз болғанымен ерекше мәнге ие сөз бар. Сол сөз маған бағытталған сияқты. Олай деуімнің себебі, Нартай ауылындағы орта мектепті аяқтар жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың (қазір Қорқыт Ата атындағы Мемлекеттік университет) музыка факультеті жанынан белгілі жырау – А.Алматов «Халық әні» кафедрасын ашты. Аталған оқу орны музыкалық білім берумен қатар, Сыр бойындағы жыраулық өнерге бейімі бар жастарды дәстүрлі ән өнеріне баулитын Сыр өңіріндегі алғашқы өнер ордасы еді. «Жолы болған» деген осы екен. Сәті келіп, осы өнер ордасына алғашында дайындық бөліміне қабылданып, кейіннен студенті атанып, «Жырау домбырашы» және музыка пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Ауылда көкемнен алған тәліммен бұл оқу орнындағы кәсіби білім беру бағыты ұштасып,  әу бастағы ақындық өнерім жыршы-термешілік, дәстүрлі ән орындаушылық үлгісімен толығып, ақын, жыршы-термеші деген атты иелендім.

– Өнер адамы бола тұра білім саласында еңбек етесіз. Бұл шешіміңіздің қандай да бір себебі бар ма?

– Мен өз әкемнен гөрі атамнан көбірек тәрбие алдым. Жетінші сыныпты аяқтағанша (сол жылы атам бақилық болған еді) атамның қасында болып, көбіне ауыл ақсақалдарының қасынан табылдым. Мүмкін содан да болар, көбіне сол кездегі ақсақалдар тәрбиесін аңсайтындығым. Сол бала кезімде атамның үнемі маған айтатыны – «Балам, мұғалім бол, мұғалім бол». Осы сөз әсер етті ме жоғары оқу орнын аяқтап келгеннен бастап, ұстаздық салада қызмет етіп келемін. Оқуды бітіріп келгендегі негізгі арманым мәдениет саласында қызмет атқару болатын. Бірақ, еңбек жолымның арнасы ұстаздық саладан бастау алып, қазіргі таңда 2022 жылдан бері Оқушылар үйінде қосымша білім беру педагогымын.

– Қалай ойлайсыз, қазіргі жас буынның әдебиетке қызығушылығы көңіл көншіте ме? Мектептен тыс қосымша үйірмеге қатысуға оқушылар қаншалықты ынталы?

– Оқушылар үйінің негізгі мақсаты – балалардың бос уақыттарының мағыналы өтуіне жол ашып, үйірме жұмыстары арқылы қосымша білім беріп, мектептерінде алған білімін онан әрі тереңдетумен бірге ұлттық құндылықтарға негізделген және заманауи қалыптағы үйірмелер арқылы бала санасының биіктеуіне барынша ықпал ету болып табылады. Рас, қазіргі таңда балалардың үйірмелерге көптеп келуі, қосымша білім беру саласының оқу-тәрбие жұмыстарына ынта-ықыластарының артуы, балаларға арналған түрлі шараларда шәкірттеріміздің кітап сөздерін өз сөздерімен біріктіре айтуы көңілге қуаныш ұялатады. Десек те, балалардың көркем әдебиет оқуға деген қызығушылықтарының әлі де  болса дами түсуі қажет деп ойлаймын. Неге десеңіз «Адамды адам еткен-кітап, азамат еткен – кітапхана» деп, Ә.Кекілбаев айтқандай, адами болмыстағы сана-сезімнің дамуына көркем әдебиеттің қосар үлесі мол. Бұл үрдіс, яғни балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру жұмыстары отбасынан бастау алуы керек деп есептеймін.

– Қазір асабасыз той болмайтыны секілді бұрын қазақтың тойы жырауларсыз өтпеген. Бір кездері елімізде жыраулық дәстүр сабақтастығына қатты нұқсан келген уақыт болды.  Қазір тәуелсіздігімізді алғалы біраз жыл өтті. Сол кездердегі олқылықтың орнын толтыратын сәт келгендей ме?

– Асабалық өнерге келетін болсам, бұл өнер түрін ақындық, жыршы-термешілік өнермен ілесе келген өнер түрі деп білемін. Өйткені, елдің тойлары мен қызық қуаныштарын басқаруда музыкалық қабілетің болмаса, бұл өнер түрінің басымдылығына ие бола алмайтының ақиқат. Рас, сөз шебері болу да дара қасиет. Дегенмен, музыкалық өнерің болса, асабалық қабілетіңнің биіктігі байқалады.

Қазіргі өтіп жүрген тойларға дәстүрлі ән өнерін қосып, қазақтық қазақы өнерін көпшіліктің көңіліне құю асабалардың негізгі міндеті болу керек деп ойлаймын. Өйткені, қазақ ұлт болып ұйысқан шақтан бастап, ақындары мен жырауларын барынша құрметтеп, олардың бойындағы ізгілікке толы інжу-маржан болып табылатын жырлары мен әсем әндерін тыңдаудан жалықпаған. Рас кешегі кеңес дәуірінде ұлтымыз ұлық тұтқан жыр өнерінің бәсі төмендеп кеткені соншалық, елдің данасына айналған жыраулардың жалғасы болып табылатын ақындар мен жыршылар мерекелік шараларда концерттік номер қоюдан аспайтындығын көргенде еркісіз қынжылатын едік.

– Сіздіңше жыраулық пен жырдың қазіргі ұрпақ үшін мәні мен маңызы қандай?

  – Еліміз Тәуелсіз ел болып танылғаннан бастап, ұлттық өнерге де мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, дәстүрлі өнерді меңгерген жастар қатары көбейіп, тойлардағы халықтың ой-зейіндерінің ақындық өнер мен жыршы-термешілікке қарай бұрылуы көңілге аз да болас қуаныш ұялатады.

Сондай-ақ былтырғы оқу жылынан бастап мектептердегі барлық тәрбиелік жұмыстар ұлттық құндылықты жас ұрпақтың зердесіне жеткізу мақсатындағы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүйесі аясында мектептер мен қосымша білім беру салаларындағы домбыра үйірмелеріне балалардың көптеп келуі, дәстүрлі ән өнерін меңгеруге бағыт алған мектеп оқушыларының қатарының көбеюі жақсылыққа қарай бағыт алған ізгі істер деп білемін.

  Әрбір білім шаңырақтары мен мәдениет үйлерінде өнерге бейімделіп келе жатқан жас өрендерге мейлінше жыр өнерінен, жыраулық дәстүрден дәрістер беріліп отырса, ұлттық құндылықтар негізінің қалпы бұзылмай, балаларымыздың өнегелі өмір жолына қарай бағыт бұрары анық.

– Өнер жолында, шығармашылығыңызда әттеген-ай дейтін тұсыңыз бар ма? Өмірді қайта бастасаңыз осыны былай жасар едім дегендей.

– «Өмір тегіс жол емес» дегендей, ұстаздық қызметпен қатар өнерді алып жүру қазіргі тынымсыз тірлік үдерісіндегі қоғамда қиынның қиыны. Бірақ, бойыңдағы қанмен келген қасиетті өнер қандайда бір көлденең тұрар дүниелер кезіксе де, жоғалмайды. «Өнер жолында, шығармашылығыңызда әттеген-ай дейтін кездеріңіз болды ма?» дегендей, сұрақтардың туындайтыны рас.

«Өкінішсіз өмір бола ма?» демекші, айрықша өкінер тұсым жоқ десем де болады. Өмір қайта келмейді ғой. Егер өмірді қайтадан бастар болсам, жастық желікпен жүріп жыраулық өнерді меңгеру мен дәстүрлі ән өнерінің орындаушылығын терең дамытып, жастығымда жіберген қателіктерімді дұрыстап қана қоймай көнеден күмбір қағып бүгінге жеткен дәстүрлі өнерді дамытуға барынша күш салар едім.

– Қызыңыз Аружан сіздің жолыңызды жалғағысы келетін секілді?

– «Өнерге бір бағытпен қарамау керек. Өнер түрлі бағыттар арқылы дамып, өзіндік атауға ие болады» деген Арзулла көкемнің тәмсілі бар еді. Сол кісі айтқандай, қазір балаларым да өнерді өздеріне қатты серік етпесе де, өз бойларына шақтап жүрген жайлары бар. Әсіресе, қызым Аружан қазіргі таңда медициналық академияның 6 курсында оқып жүргенімен өлең жазумен бала кезден айналысады. Ішімнен ойлап қоямын, келешекте менің ақындық жолымды осы қызым жалғастырады-ау деп. Онан кейінгі ұлдарым бірі домбырада күйді шебер орындаса, бірі дәстүрлі ән бойынша дәріс алып, өнердің өрісімен келе жатқандарын көңілге медет тұтамын.

         Сұхбаттасқан Гүлхан ЯХИЯ

Тағы да оқыңыз: