Kyzylorda-news.kz. Әне-міне дегенше, көктемнің алғашқы аптасы өтіп, нәзік жандардың мерекесі де келіп жетті. Жер-жаһанды жылуға бөлейтін бұл шақта әйел затының да ерекше әсерде болатыны белгілі. Бұл күні әр әйел өзінің нәзік болмыс иесі екенін сезініп, қуанышқа бөленеді. Ал қалған уақытта, қай заманда болмасын ерлермен бірге иық тіресе ел үшін, отбасы қамы үшін қызмет етіп келеді. Міне, «Әйел бір қолмен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген осыдан қалса керек.

Бүгінде Сыр өңірінде аймақтың дамуына сүбелі үлес қосып, сол мезетте отбасына да мейірім шуағын төгіп жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Мереке қарсаңында Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің тілшілері Қызылорда облысындағы түрлі салада қызмет етіп жүрген нәзік жандар арасында сауалнама жүргізген болатын.

1. «Әйел бақыты» дегенді қалай түсінесіз?

2. Сіздің осы саланы таңдауыңызға не себеп болды? Қызмет ете жүріп, қандай мәселенің шешілуіне ықпал еттіңіз?

3. Өміріңізде алған естен кетпейтін сыйлығыңыз?

Қызылорда облыстық ана мен бала орталығының бас дәрігері Гүлнар Жұмашева:

1. Сүйікті жар, ана, отбасының ұйытқысы болу – нағыз әйел бақыты. Әйелдің бақыты көп нәрсемен өлшенбейді. Біздердің бақытты болуымызға көп күш жұмсаудың қажеті жоқ. Балаларыміз аман болып, отбасымыздың берекесі артып отырса, міне бақыт осыдан бастау алады. Сүйікті бола отырып, сүйкімділігімізді арттырып, жан-жағымызға мейірімімізді таратсақ, әлем де бізбен бірге бақытты болады.

2. Дәрігер болуды 4 сыныптан бастап армандадым. Бар жан-тәніммен осы салада жұмыс істеуді қаладым. Бәлкім мен өзімнің қолымнан келетініне сенген болармын. Алғашқыда Актобе қаласындағы балалар ауруханасында тазалықшы болып жұмыс істедім. Онан кейін ауылда жұмыс істеп, кейін институтқа түстім. Өзім қалаған мамандық бойынша білім алып, қазіргі таңда абыройлы қызмет атқарып келемін. Бүгінде осы салада жүргеніме 32 жыл болыпты.

Жұмыс жасай отырып Қызылорда қалалық перзентхана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына атсалысып, ана мен бала орталығында түрлі қазіргі заман талабына сай аппараттармен жабдықталуына, сондай-ақ аймақта күрделі оталардың жасалуына ықпал еттім. Сонымен қатар ана мен бала өлімінің азаюына жұмыс жасалды. Бұл тек менің ғана емес ұжымның да абыройлы қызметі деп білемін.

3. Естен кетпес сыйлық дегенде, ең алдымен еске түсетін қызықты оқиға ойыма оралады. Бірде ауданнан облыс орталығына бір үлкен әже келінін ертіп келді. Немеремнің кіндік шешесі бол деп маған ұсыныс жасады. Мен үлкеннің ұсынысын қабыл алып, әйелді босандырып, жас ананы шығарып салдық. Күндердің күнінде мен кіндігін кескен бала ержетіп, маған арнайы келіп, өлең оқып, гүл шоқтарын ұсынды. Бұл бір естен кетпейтін сый, әрі қызықты оқиға болды. Бұл менің еңбегімнің бағаланғаны деп білемін.

Қызылорда облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шоңғалова:

1. «Әйел бақыты» деген ұғымды əркім əрқалай түсінеді. Кейбіреулер үшін бұл отбасы болса, ал екінші біреулер үшін бұл карьера. Менің ойымша, əйел бақыты әйелдерге сүйікті, табысты, қалаған, әдемі, сөзбен айтқанда бақытты сезінуге мүмкіндік беретін іс-əрекеттер. Мысалы, махаббат пен үйлесімділікте өмір сүру, ішкі жанның тыныштығы, басқаларға қуаныш сыйлау, өз идеяңды жүзеге асыру, барыңды бағалау, барға қанағат ету, тағы сол сияқты.

Әйел бақыты жолындағы тағы бір қадам – ішкі және сыртқы жан дүниесінің бір-біріне үйлесімде болуы. Əйел сол кезде бақытты сезіне алады. Əрине, оның ішкі əлемі сұлу болса, сыртқы əлеміне шуағын шашып, мейірімін бере алады. Əйел бақытты болса, барша әлем бақытты.

Өмірде кез-келген адам қиындықтарға кезігеді, бірақ олар сізге кедергі болмауы керек. Мақсатыңа жету үшін өзіңдегі күшті табу керек, сол кезде сіз бақытты әйел болудың жолын түсінесіз. Ақын Мұқағали Мақатаев өлең жолдарында «Әйел деген әдемі ғой, әдемі, Әдемілік бізге көптік етпейді…», дегендей, əрбір əйел адам əдемі, бақытты болуға лайықты!

2. Қызылорда облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасында баспасөз-хатшысы қызметін атқарамын деген ой болмады. Бірақ, өкінбеймін.

Осы қызметте жүріп, алғашқы рет жарыстарға барғанда қызыға бастадым. Яғни, сен өзің ұйымдастырушысың, өзің ақпараттандырасың, басшылықпен жұмыс жасай аласың. Жарыстар кезіндегі атмосфера, спортшылардың барын салып, жеңіске деген ынтасы, жігері жанкүйерлердің қолдауы, барлығы маған қатты əсер етті. Содан кейін Сыр спортшыларының жетістері жайында спорт тақырыбын жазамын деп шештім, осы сала туралы жақсы пікір қалыптасты. Қазіргі таңда мен үшін керемет мектеп болды десем артық айтқандық емес.

Спорт маған көп нəрсені үйретті, шыңдады, саралады, тəжірибе жинадым. Əрине, баспасөз-хатшысы қызметінде жүріп, өзімнің жұмысыма байланысты көптеген мəселелердің шешілуіне ықпал еттім.

3. Кез-келген адам өз жақынын қуанту үшін сыйлық сыйлайды. Әсіресе туған күн, əртүрлі мерекелер кезіндегі сыйлық адамның естен кетпейтін естелігіндей болып қалады. Бірақ мен үшін өмірде естен кетпейтін сыйлық – ол анамның қуанышы, отбасымның амандығы, елімнің тыныштығы.

Сауалнама жүргізген Динара МАХАНОВА

Тағы да оқыңыз: