Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары биз¬нес саласында батыл қадам жасағандар көп. Қазақстандық на¬рық¬тағы төңкеріс ретінде ерекше демалыс орындарын, саяхаттауға арналған турларды атап өтуге болады. Келген тұтынушының жанына бір сәт тыныштық орнатып, құмыра жасау және сурет өнерімен айналысу арқылы әдемі әсер сыйлайтын орынның бірі – «Dalacraft» орталығы.
«Мен бизнеске хобби ретінде қараймын, сондықтан болар, кейде жұмыс уақыты қашан аяқталып, жеке өмі¬ріме арналған уақыт қашан басталғанын білмей қаламын» дейді Ричард Брэнсон. Сүйікті ісі мен кәсібін ұштастыра біліп, қызылордалықтардың уақытты ерекше өткізуіне жағдай жасап жүрген кәсіпкер Оңалбек Ергештің жасы 20-да. Студент бола тұра кәсіпті қатар алып жүрген жаспен жақында әңгімелескен едік.
– Оңалбек, бұл кәсіпті бастауға идея қайдан келді?
– Құмыра жасау өнеріне қызығатын достарымызбен бірге осындай орталықтың біріне барған едік. Аудиториясы толықтай өзге ұлт өкілдері екен. Осындай жанға жайлы дема¬лыс сыйлайтын әрі қолөнердің бір түрі ретінде танымал құмыра жасау орталығын қазақы аудиторияға арнап неге ашпасқа деген ой келді. Сол кезде осы өнерді жаңғыртуды мақсат еттік. Ұзақ уақыт өтпей үш жігіт бірігіп, кәсіп бастадық. Бірігуіміздің себебі – тек бір қалада ғана емес, жалпы отандық нарықта брендке айналған орталық ашуды қолға алуда. Қазір Алматы, Тараз, Қызылорда қаласында бар. Кәсіп бастау үшін арнайы несие, грант алмадық. Өз қаржымызбен бастау алған іс кеңеюде. Тұрақты тұтынушының көбейіп, сұраныс артуына байланысты әр қаладан орталықтар ашудамыз.
– Саз балшықпен жұмыс жасаудың тиімділігі неде?
– Ең бастысы құмыра жасау қолдың моторикасын дамытады. Орталыққа саусақтары әлсіз немесе аутизммен ауыратын балалар келіп, уақыт өткізе алады. Жалпы сурет салу, құмыра жасау барысында адамның қолмен жұмыс жасау қабілетінің артатыны дәлелденген. Медицинада мұны емдік шара ретінде қолданады. Құмыраның құрылымы нәзік болғандықтан, онымен жұмыс жасағанда адамның бар назары тек соған шоғырланып, миы ойдан, күйбең тіршіліктен демалады. Сонымен бірге саздың құрамында басқа қоспалар жоқ, таза. Оған қандай қоспа қосса да, өзінен бөліп шығарып тастайды. Демек құмыра жасайтын саз табиғи, таза топырақтан тұрады.
– «Dalacraft» арт-терапия орталығы десек артық емес. Өнермен емделушілердің ең кішкентайы неше жаста? Үлкені ше?
– Біздің орталық жанға жайлылық сыйлайды. Адамдар түрлі жағымды эмоцияны бастан кешіреді. Сонымен бірге мұнда үнемі қазақша күйлер қосылып тұрады. Мұның бәрі арт-терапия. Осы уақытқа дейін келген қонақтардың ішіндегі ең кішкентайы 2 жасар қыз болды. Жалпы саз, құмыра жасау өнері жас талғамайды. Икемі бар болса, кішкентайларға да келуге болады. Ал ең үлкені – 75 жастағы азамат.
– Сіздерде сурет салуға да мүмкіндік бар. Қолына қылқалам ұстап көрмегендер үшін бағыт беретін арнайы маман бар ма?
– Иә, орталықта сурет өнері де қарастырылған. Өмірінде қолына қылқалам ұстап көрмеген, суреттен хабары жоқ немесе аздап қиналатын адамдарға біздің арнайы маманымыз үйретіп, өзі қалаған туындыны толықтай аяқтап шығуына көмектеседі. Құмыра жасауда да солай. Келген қонақтардың 99 проценті құмыра жасай алмайды. Бірақ жұмыс барысында маман қонақтың өзі қалаған формадағы дүниені жасауына мүмкіндік сыйлайды.
– Орталықта уақыт өткізудің ерекшелігі неде?
– Бізде арнайы фотограф бар. Келген әр тұтынушының құмыраны жасау не сурет салу барысындағы эмоциясын, туындыны бастаған, аяқтаған сәтін сапалы сурет, видеоға түсіру арқылы керемет естеліктерді бірге жасаймыз. Бұл қызмет келушілерге сыйлық ретінде тегін жүзеге асады.
Одан бөлек атаулы күндерге арнайы романтикалық кеш ұйымдастыруға болады. Туған күнді осында атап өтуге, ғашықтардың ерекше романтикалық уақыт өткізуіне мүмкіндік бар. Көз үйренген тамақтану орнынан жалыққандар үшін бұл – таптырмас идея.
– Тағы қандай ерекше жоспарларыңыз бар?
– Болашаққа жоспар – «Дала» брендін қалыптастыру. Бұйырса, осы жылы тағы үш орталықты ашу жоспарда бар. Ал одан кейін жылына 10 орталық ашамыз деген ойдамыз. Бастапқыда үш жігіт болып кәсіп бастасақ, қазір он жігіттен команда құрап, әр қаладан кеңейтуге атсалысудамыз.
– Сұқбатыңызға рақмет! Кәсібіңізге береке берсін!