Kyzylorda-news.kz. Ойынның естісі де, есері де бар. Бой емес, ой жарыстыратын ғасырда смартфонына сыйынған адамдардың басын бір жерге қосып, күнделікті тіршіліктен тыс әлемдік жаңалықтарды, жауабы бар сауалдарды талқыға салу – қызылордалықтардың сүйікті ісіне айналған. «Ломка» деп аталатын ойын айына бір рет ұйымдастырылады. Бұл ойын қызылордалықтарды несімен қызықтырады? Ұйымдастырушылардың мақсаты не? Осы сұрақтар төңірегінде ойынның авторы, ұйымдастырушы Нұржан Батыршаевпен әңгіме өрбіткен едік.

– Нұржан, бұл идея қайдан келді?

– Өзім Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін жергілікті және мемлекеттік басқару мамандығы бойынша аяқтадым. Алайда мамандық бойынша жұмыс істеу көңілімнен шықпай, 2014 жылы телевизия саласына келдім. Инженер болып бастаған едім, қазіргі таңда режиссер ретінде қызмет етемін. Ал «Ломка» интеллектуалды ойынын ұйымдастыру – менің хоббиім.

Ойынды ұйымдастырып жүргенімізге 4 жылдан асты. 2019 жылдан бастап тұрақты жүргізіп келеміз. Идея қайдан, қашан келді? Досымның Латвияға барып, саяхаттап келген кезі еді. «Сонда жүргенде ерекше бір интеллектуалдық ойынға қатыстым. Сұмдық қызық ойын» деген әсеріне елітіп, қандай ойын екенін, шарттарын, жалпы мақсатын сұрап, түсініп алдым. Өзім де интеллектуалды, көңілді ойындарға қызығатын едім. «Неге біздің қалада да жасап көрмеске» деп ойладым да, жарты ережесін сол жақтан алып, қалған ережесін өзім қостым. Осылайша ойынға қажеттінің бәрін қамтып, қызылордалықтардың менталитетіне, өмір салтына сай ұйымдастырып көрдік. Барлық бизнесте, қолға алған істе қиын болатыны – бастау. Ойынға кіруге арналған билеттерді қағазға шығарып, қаладағы ірі мекемелердің басшыларына кіріп, ойынмен, оның мақсатымен таныстырып жүрдім. Инстаграмм, әлеуметтік желідегі маркетингтің Қазақстанға енді кіріп жатқан кезі. Сонымен не керек, бастапқыда жүзбе жүз жолығып, тікелей жарнама жасап жүрдік. «Коллективпен, достарыңызбен бір команда құрап, қатысуға болады» деп жарияладық. Ол кезде қалада мұндай бағыттағы шаралар атымен жоқ. Кейбір басшылар үркіп, «сенің бір парақ қағазыңа қалай сенеміз, ақшасын алып, алдап кетсең ше» деген сияқты уәжін айтатын. Бүгінгі күні қаладағы 9 банк, мұнай компаниялары, жеке сот орындаушылары, кәсіпкерлер, қаланың интеллектуал қауымы да қалмай қатысуда.

– Ойынға кімдер қатыса алады?

– Ойын айына бір рет ұйымдастырылады. Әр айдың 10-нына дейін жоспарлы түрде өткізілуде. Жеңіске жеткен командаларға сыйлық беріледі. Бұрын заттай беретінбіз. Соңғы ойындарда жеңімпаздарға ақшалай жүлде беріп жүрміз. Бір командада ең кем дегенде 4 адам, көп дегенде 8 адамға дейін қатыса алады. Команданың құрамына қойылатын талап жоқ. Коллективпен, достармен, көршілермен, отбасымен, тіпті, танымайтын адамдармен де топтасып келуге болады. Әрине, жасқа қойылатын жалғыз талап: 18 жастан асқандардың ғана қатысуына мүмкіндік бар. 60 жастағы қатысушыларымыз да болған. Негізінен қатысушыларымыздың көбі 30-45 жастағы тұрғындар.

Біз бастағаннан кейін қала бойынша осы бағытта тағы 3-4 ойын ұйымдастырыла бастады. Бұл – қуанарлық жағдай. Жеке өзіме бәсекелес ретінде мотивация болса, қызылордалықтар үшін рухани, интеллектуалдық жағынан дамудың көрсеткіші, жаңа бағыттағы идеялардың іске асуы. Үш жарым жыл болса да өз деңгейімізді сақтап келеміз. Біздің мақсат – қызылордалықтартың уақытын дұрыс өткізуіне жағдай жасау. Мысалы, қалада қолы босаған адам қайда барады? Бильярдқа, киноға, театрға баруы мүмкін. Ал «Ломкаға» келгендер әрі көңіл көтеріп, әрі миын қозғап, ойланып қайтады. Жақсы ойнаса, сыйлығын алады. Яғни біздің ойында жеңілгендер де ұтылмайды.

– Сұрақтар қайдан алынады?

– Ойын VII турдан тұрады. І турдан IV турға дейін 7 сұрақтан қойылады. Ал бесінші турда капитандар жарысады. Одан кейінгі кезең «Блиц» деп аталады. VII тур – «Ва-банк». Аталған кезеңдердің әрқайсысы бойынша командалардың балы есептеліп отырады. Сұрақтар да түрлі деңгейде, түрлі бағытта. Тіпті, мектеп бағдарламасының да сұрақтары бар. Облысымыздағы, әлемдегі соңғы жаңалықтар, ең соңғы өнер туындылары, сериалдарға да қатысты сұрақтар болады. Оған мен жауаптымын, барлығын өзім құрастырамын. Сол себепті ешқандай жаңалықты, киноны, кітапты жібермеймін десем болады.

Ойынды досым Дастан Жақсыбаев екеуміз ұйымдастырамыз. Ол ойынның техникалық жағына жауап береді. Аппаратура, дыбыс, тағы басқа заттардың дайын болуын қадағалайды. Журналист, филолог Шаттық Байжігіт – ойынның жүргізушісі. Одан бөлек ойынға қатысарда әрбір қатысушының ұялы телефонын, интернетті қолданбағанын бақылайтын қыздар да бар.

– Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: