Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда әр ауданда «Жастар ресурстық орталығы» бар. Олар аудандағы, ауыл-аймақтағы жастармен тығыз байланысты. Жастарды кәсіпке баулу, жұмысқа орналастыру, ағылшын тілі курстарын тегін оқыту секілді жұмыстарды атқаруда. Соның ішінде жалағаштық жастар сөзді іспен дәлелдеуде. Мәселен, олар ұсынған түрлі жоба ерекшелігімен көзге түсіп, мемлекет қолдауына ие болды. Жуырда ауданның тыныс-тіршілігі, жай-жапсары туралы орталық басшысы Нұржан Амандықпен тілдесудің сәті түскен еді.

– Әңгімемізді ауданда атқарылып жатқан жұмыстардан бастасақ…

– Жастардың бел ортасында жүргендіктен олардың жұмысы маған етене таныс. Бұған дейін қаншама жоба жүзеге асып, біршама жұмыс атқарылды. Алдағы уақытқа межелеген жұмыстар да бар. Мәселен, Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жалын» жастар сыйлығын беру алдағы жоспар еншісінде. Сондай-ақ «Шабыт» қоғамдық қоры және аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруымен аудан орталығында халық көп шоғырланған орындарда арнайы сала мамандарының қатысуымен кеңес беру шаралары, NEET санатындағы жастарды қоғамдық ортаға тарту мақсатында ауылдық округтерде аймақтық спорттық сайыстар өткізіледі. Сондай-ақ жастар және жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу үшін түнгі рейд жұмысы, нашақорлықтың зардаптары туралы жоғары сынып оқушылары арасында видеоролик байқауы, жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында сұхбаттар жүргізіліп келеді. «QAZAQSTAN JASTARY» қоғамдық қоры мен орталықтың ұйымдастыруымен жастар арасында әскери спорттық сайыстар, аудандық жайдарман ойындары, психологиялық семинарлар, ерікті жастар қозғалысын дамыту, жастар арасында мерекелік шараларды атап өту жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы 98 шара өткізіліп, оған 4700-ға жуық жас қатысқан. Аудан жастарының шығармашылығын дамыту мақсатында «Жастар кеші», аудандық жайдарман лигасы, ауылдың құндылықтарын насихаттау үшін «Еңбек» лагері, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ашық ақпарат көздерінен кинолар және спорттық сайыстардың тікелей көрсетілімі дәстүрлі түрде жүргізіліп келеді.

– NEET санатындағы жастар саны қанша?

– Негізі NEET жастардың үлесін анықтау қиын іс. Өйткені азаматтар өздерінің жұмыссыз екендігін айтып тиісті мекемелерге тіркелуге құлықты емес. Жастар қала мен аудан, ауылдарға келіп-кетіп жатады. Ресми түрде табысы мен қызметін айтып, тиісті мекемелерге хабар бере қоятындар да некен-саяқ. Ал жұмыссыз ретінде ресми тіркелмеген адамды статистика саласының мамандары «екі қолға бір күрек таппай жүр» деп есептемейді. Жыл басында облыс көлемінде үй-үйлерді аралап, сауалнама жүргізді. Оған біз де атсалысып, аудандағы жастар санын сараладық. Сауалнамаға 15-28 жас аралығында 4915 жас қатысып, соның ішінде 412 жас NEET санатындағы жастар екені анықталды. NEET санатындағы жастармен жүргізілген жұмыс нәтижесі бойынша: 21 жас – студент, 67 жас ақылы қоғамдық жұмыста, 27 жас – мүмкіндігі шектеулі жастар, 69 жас – тұрақты жұмыс орнында, 75 жас – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 19 жас – жеке кәсіпкер, 38 жас – жастар тәжірибесі, 44 жас – бала күтімінде, 17 жас – көшіп кеткендер, 23 жас – үй шаруасы, 10 жас – жұмыссыз. Осы санаттағы жастарды жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікке тарту үшін тиісті жұмыстар жасалып келеді. Жыл соңына дейін NEET санатындағы жастардың толық мемлекеттік бағдарламаларға қатысуына жұмыстар жүргізілетін болады.

– Жас кәсіпкерлерге тоқталайықшы. Жастарды кәсіпке баулу қалай жүзеге асуда?

– Өзіңіз білесіз, жастардың басым бөлігінде кәсіп ашамын деген ынта бар. Қаншасы кәсібін аз қаржымен бастап, қолға алып келеді. Біреуі тігін тігіп, тәтті тоқаштар сатумен айналысса, енді бірі пластик терезе шығару, көлік жуу орнын ашу жұмыстарын жүргізіп келеді. Жыл сайын мемлекеттен берілетін қайтарымсыз қаржыны жеңіп алып, кәсібін дөңгелетіп жатқандар бар. Биыл ол қаржының көлемі көбейді. Алғашқы ағындағы жеңімпаздар қаржысын алып, кәсібін бастауда. Қалғандары да қаржының түсуіне байланысты кәсіп санын көбейтетіні белгілі. 

2022 жылдың соңында ауданда 527 кәсіпкер тіркелсе, оның 221-і жас кәсіпкерлер. Сондай-ақ жыл басынан ауданнан мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 109 кәсіпкер 2356,3 млн теңгеге қаржылан¬дырылса. Оның ішінен, 9 жас кәсіпкер 37,1 млн теңгеге қаржыландырылған. Ұлттық жоба шеңберіндегі 1 225 200 теңге (400АЕК) қайтарымсыз грант бойынша 63 кәсіпкер қолдау алған, оның 60,3 пайызы жас кәсіпкерлерге тиесілі.

– Жастарда тың идея көп. Өзіңіз келгелі қандай жобаны қолға алдыңыз?

– Әрине, кез келген идеяны жүзеге асыруға болады. Десе де барлығы қаражатқа келіп тірелетіні анық. Әйтпесе, біраз шаруаны атқарып тастайтын уақыт өтті. Біршамасына тоқталар болсақ, республикалық шағын гранттар байқауына қатысып, Шәменов ауылында коворкинг орталығын аштық. Онда спортпен шұғылдануға да айтарлықтай жағдай жасалған. Сондай-ақ жалағаштық жастар «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грантты жеңіп алды. Мұнда қалай шағын грантқа қатысуға болатыны, қалай ұтып алатыны, ақшаны игеру, есептерін дұрыс өткізу секілді сабақтар оқытылады. Сондай-ақ кешкі мезгілде жастардың уақытын тиімді өткізуге арнайы жоба жасап, ұтып алдық. Жастар үшін гитара, домбыра секілді музыкалық аспаптар тегін берілуде.

– Қандай кітап оқып жүрсіз? Болашақтағы жоспарыңыз қандай?

– Кітап оқығанды жақсы көремін. Адамның жанына тыныштық сыйлайтын, көп мазаламайтын, ойдан арылтатын нәрсе – кітап. Рухани демалыс сыйлайды. Күнделікті бір сағатымды кітап оқуға арнаймын. Бұл біраздан бері келе жатырған қағида. Белгілі бір межеде бір кітапты оқып бітіруім керек. Кез келген кітапты парақтай салу маған жат. Көбіне тарихи, әдеби кітаптар оқимын. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Бақытбек Смағұловтың «Тағдыр тозағы», Міржақып Дулатов «Бақытсыз Жамал», Бердібек Соқбақпаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» оқыдым. Сонымен бірге Момбек Әбдәкімұлының «Сүлеймен қарақшы» кітабын екі қайтара оқып шықтым. Өзімнің қатарластарыма да осы кітапты оқу керегін айтып жүрмін.

Алдағы жоспарға келетін болсақ, аудандағы жастар орталығының штат санын көбейту керек. Бұл осы жылдың еншісінде. Жастармен тығыз жұмыс істеуде маман жетіспей жатады. Қаншама шаралар өтеді, семинарлар бар, сауалнама жүргізу секілді бастамалар бар. Сонымен бірге ауданмен ғана шектелмей, шалғай ауылдарды да қамтуымыз қажет. Олармен қазіргі таңда да тығыз байланыс орнатылған.

– Сұқбатыңызға рақмет!

 

Тағы да оқыңыз: