Kyzylorda-news.kz  «Ежелден ел тілегі, ер тілегі, адал ұл ер боп туса, ел тірегі», – дейді даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Елге қызмет ету, Отанды қорғау – ұлы іс. Туған өлкенің түйір тасы мен бір уыс топырағын да, көздің қарашығындай қастерлеу – бәріміздің Отан алдындағы қасиетті парызымыз. Десе де, бұл ретте, айбынды ер-азаматтардың атқарар рөлі орасан. Ер мінезімен елге қорған болар Отан қорғаушылардың мерекесі қарсаңында Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Нұрлан Көлбаевпен сұхбаттасқан едік.

Нұрлан Құрманғалиұлы, қорғаныс істері жөніндегі бөлім десе, көпшіліктің ойында тек «әскерге алып кететін орын» деген түсінік қалыптасқан. Жалпы, бөлімнің міндеті туралы тарқата айтсаңыз...

– Негізі, қорғаныс бөлімі Қазақстан Республикасының жергілікті әскери басқару органдары қатарында бейбіт және соғыс уақытында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс атқарады. Сол арқылы адам және көлік ресурстарын жұмылдыруды жүргізу жоспарын, азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да, әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке, запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыруды және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдауды, ауданның әскери-экономикалық әлеуетінің есебін жүргізуді қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда біздің бөлімде жұмылдыру, жасақтау және материалдық-қамтамасыз ету бөлімшелері өздеріне қойылған міндеттерді жүзеге асырады.

– Әскерге шақырылушылар қандайталаптарға сай келуі керек? Қандай жағдайда шақыртудан кейінге қалдырылады?

– Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-ІV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының талаптарына сәйкес, әскерге шақырылушы азаматтардың денсаулығы жарамды, соттылығының болмауы және Отан қорғауға деген ниетінің болуы қажет.

Ал, мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны кезінде кейінге қалдырылуы және әскерге шақырылудан босатылуы Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-ІV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 35 бабына сәйкес отбасы жағдайына (отбасында мүгедек, ата-анасы болмаған жағдайда, ата-анасының зейнеткерлік жасқа толуына, некеде тұруы және тағы басқа), білім алу жағдайы (күндізгі бөлім және жоғары білімін жалғастыру) үшін және басқа да себептері (ауыл мұғалімдері мен дәрігерлері) бойынша әскер қатарына жіберу кейінге қалдырылады.

– Денсаулығы жарамды деп қалдыңыз. Қазіргі жеткіншектердің денсаулығы қалай?

– Қазір денсаулығы сыр берген жастар көп. Медициналық комиссияның сараптамасынан өткенде көзі нашар көретін, асқазаны ауыратындар жиі кездеседі. Одан бөлек ерте жастан құрылыста жұмыс істеймін деп бел-омыртқасы қисайып, грыжамен ауыратындары да бар. Осы ретте жас жігіттерге айтпағым, мектептен кейін әскерге немесе әскери оқу орындарына барыңыздар. Қазір әскери қызметтегі жандарға жеңілдік көп.

– Мысалы қандай жеңілдіктер?

– Әскерге аттанған жанның кредиті болса, 13 ай каникул беріледі. Ай сайын айлық төленеді. Әскер қатарында өзін дұрыс көрсете білсе, Қазақстан Республикасы аймағындағы жетпіске жуық арнайы оқу орнына ешқандай емтихансыз грант негізінде оқуға түсуіне сертификат беріледі. Үш жыл келісімшарт арқылы жұмыс істеуіне болады. Осы салада еңбек ететін жандарға отбасындағы адам санына байланысты пәтерақы төленеді. Тегін қызметтік формамен қамтамасыз етіледі.

– Мектеп бітіруші түлектерге құлаққағыс ретінде әскери оқу орындарын атай кетсеңіз...

– Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты 11-сыныптап бастап, ал, Ш.Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжі 9 және 11-сынып бітірушілерді оқуға қабылдайды. Толық ақпаратты біздің бөлімнен алуға болады.

– Өкінішке орай, жастар арасында «Әскерге барып, бір жылымды босқа жоғалтқым келмейді. Соғыс болса, барамыз ғой» деген кереғар пікірдің бары рас. Қалай ойлайсыз жеткіншектер әскерге баруға неге құлықсыз?

– Отан – отбасынан басталады. Әр шаңырақта ата-ана балаларының бойына патриоттық сезімді жас күнінен сіңіре білу керек деп ойлаймын. Әсіресе, ер балаларға әскерге барудың маңыздылығы туралы жиі айтылуы тиіс. Бұдан кейін, мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің де әсері мол.

– Әскерге барудан жалтарып жүргендерге жаза бар ма?

– Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387 бабына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 647, 648, 649 және 650 баптарына сәйкес мерзімді әскери қызметке барудан жалтарып жүрген азаматтарға айыппұл негізінде жауапкершілікке тарту құқық қорғау органдарымен бірлесіп шешіледі.

– Бөлімде жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге байланысты нендей шаралар ұйымдастырылуда?

– Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті болып табылады» деп жазылған. Осыған сәйкес, Қазалы ауданындағы жастармен әскери-патриоттық жұмыстар жергілікті атқару органдарымен бірлесе жүйелі ұйымдастырылуда. Қазалы ауданы көлеміндегі білім беру мектептерінде жастарға үгіт насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтар ашылды. Оқу орындарында оқитын жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бағытында және алдағы уақытта әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге дағдыландыру үшін Қазалы ауданындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ауған соғысының ардагерлерімен және әскери қызметін атқарып келген жастармен кездесулер жиі өткізіліп тұрады.

Сондай-ақ, мектеп жасындағы жастарды әскери оқу орындарына түсуі үшін мақсатты жұмыстар атқарылуда. Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің институты мен радиоэлектроника және байланыс әскери институты, Ақтөбе қаласындағы әскери әуе күштерінің институтына құжаттар қабылдау жыл сайын жүргізіледі.

– Қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қазалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде күнделікті міндеттерінен бөлек, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да, әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жоғары басшылықтан келген наряд негізінде басталды. Осыған сәйкес, Қазалы ауданында шақыру қатарына жататын азаматтарды көктемгі және күзгі мерзімді әскери қызметке жіберу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жергілікті басқару органдарымен бірлесіп, жоспар жасалды. Соған сәйкес, Қазалы ауданы әкімінің қаулысы шығарылып, аудандық шақыру және шақырылушы азаматтардың мерзімді әскери қызметке жарамдылығын анықтау мақсатында медициналық комиссиялары құрылды.

Осы уақытқа дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметі және Қарулы Күштердің әскери бөлімдері толығымен жасақталып, қойылған тапсырма орындалу үстінде. Алдағы уақытта Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан әскери бөлімдері әскерге шақырылушы азаматтармен жасақталады.

Осы сұхбатты пайдалана отырып, қарулы күштер жауынгерлері мен ардагерлерін Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке күні Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлгісін көрсеткен барлық жерлестерге, Ауғанстанның отты жолдарынан өткен ержүрек жауынгерлерге тағзым етеміз. Сіздерге шын жүректен бақыт пен татулық, әрбір отбасына ізгілік пен игілік тілеймін. Олардың денсаулығы мықты болып, ел үшін табысты қызмет ете берсін. Ержүрек және жігерлі адамдардың бұл мерекесі әрдайым қуаныш пен бақыт әкелсін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан,

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

Тағы да оқыңыз: