Kyzylorda-news.kz  Сүйікті ісін серік еткен 24 жасар Нұрқиса Назар қызылордалықтын ине мен қаламының ұшынан туындаған өнері түрлі сайыстар мен байқауларда көрсетілуде. Осы орайда саяхаттаудан шабыт алып, шабытын туындыға айналдыратын Нұрқиса Бағдатұлымен сұхбаттасқан едік.

– Сән әлеміндегі жолыңыз қашан және қалай басталды?

– «Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» дейді. Менің атам сандық жасап, бесік құрастыратын ағаш ұстасы болған. Өзім бала кезімнен сурет салғанды ұнататынмын. Үлкендердің айтуынша, 3 жасымда ағамның бояулар жинағын алып, қыл қаламмен сурет салуды бастаппын. Есейе келе сәнді киімдер мен түрлі образдар бейнелей бастадым. Бұл – Fashion іllustration деп аталады. Салынған иллюстрацияларды қағаз бетінде қалдырмай, тігіп, іске асыру мақсатыма айналды. Осылайша 13-14 жасымда ата-анамнан тігін машинасын сыйлауын сұрадым.

– Тігін машинасымен орындалған алғашқы толыққанды туындыңыз туралы айтсаңыз…

– Алғашқы толыққанды туындым – анамның көйлегі. Анама сыйлыққа берілген матаны әр қырынан қарап, ойланып, трапеция формада көйлек, жеңіне інжу тастар іспеттес түйме тігіп сыйлаған едім.

– Тігінші ретінде қандай қиындықтарға кездесесіз?

– Жалпы тігіншілерге Қызылорда қаласында фурнитура және тағы басқа қажетті заттардың болмауы қиындық тудырады. Қазір бастап айтсам терминология болып кетеді. Бір сөзбен айтқанда, арнайы тігін құрал жабдықтарының болмауы. Бүгінде бұл мәселені интернет арқылы оңтайландырамыз, яғни онлайн тапсырыс беру арқылы алдыртып отырмыз.

– Тігін ісі бойынша кәсіппен айналысып, табыс табасыз ба әлде тек хобби ретінде ме?

– Тігін тігу бұл менің сүйікті ісім, хоббиді табыс көзіне айналдыру әрбір адам үшін керемет болар еді. Бүгінде «Persona» сауда үйінде стилист маманы қызметінде жұмыс істеймін. Жұмыстан тыс уақытта өзімнің сүйікті ісіммен айналысамын. Қалай айналсамда сән әлемінен алшақтамадым.

– Кейсіңізбен бөліссеңіз…

– «Кәмшат» киім ательесінен тағылымдамадан өтіп, киізден «Торғын киіз» коллекциясын басып шығардық. Бұл коллекция – «Сән мен сахна» байқауында жеңіске жеткен топтамалардың бірі. Қолөнер орталығында Aspara Fashion Week сән апталығына арналған стилист маман ретінде топтамамен жұмыс жасадым. «Raffina» ательесімен бірге Қазақ Аруы байқауының өңірлік Сыр Аруы байқауында қатысушыларға арнайы образдар дайындадық. Тәжірибе жинақтау және тағылымдама барысында атқарылған жұмыстар да бар.

– Көбінде дизайнер, тігіншілерге шығармашылық еркіндік пен талант керек дейді. Кәсіби оқу қажет пе?

– Әрине, алдымен адамның өзінде талпыныс, еңбекке құштарлық, мамандығына махаббат болу қажет. Мен дизайнер мамандығы бойынша білім алдым. Бұл салаға келуім үшін ата-анаммен біраз
уақыт талқыладым. Алғашқыда түсініспеушіліктер орын алды. Алайда жұмыстарымды көргеннен кейін қолдау көрсетіп, менің таңдауымды құрметтей бастады. Қазір қоғамда «Ер адамдар тігінге жақын болмайды, ине ұстамайды» деген қате ұғым қалыптасқан. Негізінде үлкен брендтердің негізін қалаушылар ер адамдар, мысалы: Диор, Баленсиага, Луи Витон, Сен-Лоран. Кәсіби оқуға келетін болсақ, әрине базалық білім қажет. Бұл – жазу үшін әріп жаттағанмен тең. Сол секілді киім тігу үшін өзінің арнайы базасын білсе, әрі қарай қиял мен талант өзі қанаттандырады.

– Қоғамдағы стереотипке де кезек келді. Нейтралды көзқарастан ауытқып, қатып қалған қағидаға қадалған ортада достарыңыз, туыстарыңыздың тарапынан қандай әрекеттер болды? Сіздің ойыңызша біздің қоғамда неге ер адам мен инені тең көрмеу қалыптасқан?

– Бұл деген ұзақ әңгіме, қысқа ғана тоқталатын болсам пост-советтік елдерде мамандықтар шаблонды түрде гендерге бөлінген. Соның тарапынан қалған дүние ғой, қазіргі уақытта бұл біртіндеп жойылуда. Мен қуаныштымын. Ал достарым өте жақсы қабылдады, киім немесе стиль бойынша кеңес керек сәтте менімен ақылдасып, тапсырыс береді.

– Тапсырыс беруші аудиторияңыз қандай?

– Тапсырыс берушілердің басым бөлігі – жастар. Сән саласындағы стилистер, әріптестерім, достарым және сырттан ұсыныс бойынша арнайы тапсырыс беретіндер де бар.

Тағы да оқыңыз: