Kyzylorda-news.kz Биыл облыс бойынша «Руханият жылы» жарияланған болатын. Жыл басынан бері атаулы жылға байланысты Сырдария ауданында жоспарға сәйкес түрлі мәдени іс-шаралар өтуде. Сонымен қатарғы ауылдық округтердегі мәдениет үйлері мен клубтарының жұмысы да назардан тыс қалмады. Осы орайда оқырмандарға Нағи Ілиясов ауылдық округіндегі мәдениет ошағының атқарған жұмысы туралы арнайы сұхбатты ұсынамыз. Нағи Ілиясов ауылдық округі мәдениет үйінің директоры Нұрбол Тұранов ауыл өнерпаздарының тыңғылықты жұмысы мен жеткен жетістіктері туралы әңгімелейді.
– Нұрбол Мұхтарұлы, ауылдағы мәденеит пен руханияттың мекені саналатын өнер ордасының іргесі қашан қаланған, алғашқы сұрағымызды дәстүрлі түрде мәдениет үйінің тарихынан бастасақ…
– Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйі 1974 жылы тиіптік жобада салынып, 1976 жылы пайдалануға берілген. Мәдениет үйінің ғимараты қос қабаттан тұрады. Елу жылдан бері өзгерістер мен жаңашылдықтар орын алғаны белгілі. Мәдениет ошағы ауыл халқы мен сырттан келетін қонақтарға қалытқысыз қызмет көрсетіп келеді.
– Мәдениет үйінде қызмет ететіндер мен үйірмелердің жұмысы қалай жүріп жатқанын айтсаңыз?
– Қазіргі таңда ұжымда 10 үйірме жұмыс істейді. Сондай-ақ 10 қызметкер бар. Хор, домбыра, би, көркемсөз, драма, ән үйірмелерінің жұмысы жолға қойылған. Жалпы мен бұл мәдениет үйіне 2020 жылдан бастап басшылық жасап келемін. Директорлық қызметім карантин уақытымен тұспа-тұс келді. Нақтырақ айтқанда, көпшілікпен жанданған жұмысты 2022 жылдан бастадық деуге негіз бар. Жалпы бұған дейін ауылдық мәдениет үйінде 6 үйірме болған. Қазіргі таңда еліміздің болашақ өнерпаздарын даярлау жолында ауыл балаларына 10 үйірме қызмет көрсетіп келеді.
– Мәдениет пен өнер адамдары үшін маңызды жыл аяқталуға жақын. Жыл бойына өткізіліп жатқан іс-шаралар мен жетістіктеріңізге тоқталсаңыз?
– «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы жобасы аясында жыл басынан бері ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтар болсақ, ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған үйірмелер мен «Сұлу-ай» шығармашылық орталығының өнерпаздары бірлесе отырып, кең көлемде ауқымды концерттік бағдарлама өткізді. Мерекелік іс-шаралар мен жоспарлы байқауларды айтпағанда, өкізіліп жатқан ауқымды іс-шаралар да жеткілікті. Жақында өткен өнер фестивалі ауылымыздың өнерпаздарын, мәдениет саласының беталысын айшықтап көрсетіп берді. Аталған фестивальге ауылымыздың бетке ұстар азаматтарынан бастап, аудан көлеміндегі ардагерлеріміз түгелдей қатысып, жақсы кештің куәсі болды. Облыстық күйшілер байқауының жоғары деңгейде өткізілуі де ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Еңбек аллеясында кешкі уақытта ауыл халқының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында поэзия кеші, концерттер өткізіледі. Ауылдық клуб үйі «Рухани қазына» республикалық байқауының облыстық кезеңінде топ жарып, республикалық кезеңде облыс намысын қорғауға дайындық үстінде. Ауқымды жобаларда озық шығып, аудан, облыс намысын үлкен сахнада қорғау біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік.
– Сіз ауылдық мәдениет үйіне төрт жылдан бері басшылық етесіз. Осы жылдар ішінде ауыл мәдениетін қаншалықты жаңалық енгізе алдыңыз? Жаңа жобалар болды ма?
– Нағи Ілиясов ауылдық округіндегі мәдениет үйін сонау жылдан бері ұзақ уақыт Күләш Құдабаева апайымыз басқарған. Ол кісі мәдениет үйінің ыстығы мен суығына төзіп, негізін қалаған кісі деп айта аламыз. Жалпы өзімнің жұмысыма тоқталар болсам, соңғы жылдары ауыл өнерпаздары республикалық деңгейдегі үлкен байқауларда топ жарып, ауданның ғана емес, облыстың намысын қорғап жүрген жайы бар. Жоғарыда атап өткендей, үйірмелер санын көбейтіп, жұмысын жандандырып, ауыл балаларын руханият саласына кеңінен тартудамыз. Жаңа жобалар бастау алып, игілігін халық көріп келеді. Біздің «Ақ әжелер» ансамблі туралы да айтпай кетуге болмайды. Биыл құрылғанына 15 жыл толып отырған ансамбль республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып жүр. Қазіргі таңда әжелермен бірге шырқап, бірнеше өлең жаздырдық. Мәдениет үйінің техникалық базасы да жаңартылып келеді. Қашан да көмегін аямайтын ел ағаларының демеушілігімен алда бірнеше жоспарлы жұмыстар атқарылады деп күтілуде. Жалпы өнер адамының бағасын беруші – халық. Еңбегіміз, қызметіміз халыққа арналады. Бағасын да көпшілік береді.
– Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің белді өнерпаздары «Ақ әжелер» ансамбілі. Әжелердің салған әнін тыңдап жүрміз. Керемет. Өнерлі әжелердің де бағындырған белестері қаншалықты биік болды?
– Иә, «Ақ әжелер» ансамблінің құрылғанына биыл 15 жыл толып отыр. Осы орайда ауқымды іс-шаралар жоспары да бар. Ансамбль 2008 жылы ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған. Халықтық атағы бар ұжым құрамында түрлі сала маман ардагерлерінен құралған күміс көмей әншілеріміз өнер көрсетеді. Жақында республикалық телевизиялық байқауда, республикалық байқауда топ жарып, жүлдемен оралған ұжымның жетістігі туралы аудандық газетте арнайы мақала жарияланған болатын. 15 жылдық мерейтой қарсаңында Абзал, Дархан Ералиевтердің қолдауымен, Ақтөре Ибрагимұлы бауырымыздың үлкен еңбек сіңіруімен «Әжелер ән салады, жұртшылық тамсанады» атты кітап жарыққа шықты. Күміс көмей, жезтаңдай әжелер аудандық көлемдегі іс-шараларда да белсенді.
– Нағи Ілиясов ауылы – республикаға белгілі, гүлденген, үлгілі ауыл. Ауылда Мемлекет басшысы да мейман болды. Мұнан басқа Үкімет басшысы мен Үкімет мүшелері, депутаттар құрметті қонақтардың көпшілігі осы ауылға ат басын бұрады. Осы ретте жауапты жұмысты үйлестіру қиындық туғызбай ма?
– Өткен жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылымызға келіп, оң бағасын беріп кетті. Одан бөлек Министр, лауазымды азаматтар, ел ағалары ауылымызға ат басын тіресе, міндетті түрде мәдениет үйіне арнайы келеді. Жақында ауылымызда телехикая да түсірілген болатын. Бұның бәрі өз кезегінде қызық. Десек те үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ең бастысы, халыққа, өнерге адал, жауапкершілік жүгін сезініп жұмыс істеу керек.
– Алдағы жоспарларыңыздың ауқымы қандай, бөліссеңіз…
– Жоспар көп. Ауыл мәдениетін жан-жақты жандандыру – басты мақсат. Ауыл негізінен өнердің ордасы ғой. Небір талант та, өнерпаз да, басқа саланың майталмандары да ауылдан нәр алып шыққан. Осы орайда осындай таланттарды тауып, оларды шыңдап, болашақта елімізге танымал тұлғаларды шығаруды арман-мақсат етеміз. Үйірмелер жұмысын жандандыруды, жаңа үйірмелер ашуды жоспарлаудамыз. Мысалы, шешендік өнерді, ұмыт болып бара жатқан айтыс өнерін насихаттайтын, үйрететін үйірмелер болса деген мақсатымыз бар. Қазіргі таңда, қарап отырсаңыз, шешендік өнерді дамыту кенже қалып бара жатқандай. Осы мәселелерді оңтайлы шешу үшін өз үлесімізді қоссақ дейміз. Сондай-ақ үлкен мақсатымның бірі – ауылда әуез мектебінің филиалын ашу. Игі бастама біздің ауылда да қолға алынса, кәсіби мамандармен бірге балалардың шығармашылығын шыңдасақ, солай болашақта ауылымыздан танымал тұлғаларды шығарсақ деген үлкен жоспарымыз бар.
– Нұрбол Мұхтарұлы, еліміздің мәдениеті мен өнерін, соның ішінде ауыл мәдениетін жандандырудағы әрбір бастамаңызға сәттілік тілейміз! Өнерпаздарымыздың өнері өрге жүзсін!
– Әркез ақпараттық қолдау көрсетіп отыратын газет ұжымына алғысымды білдіремін. Биыл аудандық газеттің өз жұмысын бастағанына 85 жыл толып отыр екен. Шығармашылық табыс, жұмыстарыңызға жеміс тілеймін!
Әңгімелескен
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ