Kyzylorda-news.kz. Жастар саясаты – бүтін бір мемлекет пен ұлт болашағының іргетасы. Қазіргі таңда аудандарда орналасқан «Жастар ресурстық орталығы» азаматтардың шығармашылық қабілетімен қатар, әлеуметтік потенциалын да аша алғаны анық. Оған қоса жастармен тікелей байланыс орнатып, туындаған мәселенің бел ортасында жүрген мамандар да салаға қатысты ой-пікірін білдіріп, ақпаратпен тұрақты бөлісуде. Осыған орай жуырда Қазалы аудандық «Жастар ресурстық орталығын» басшысы Нұрбек Ақпанбетов тілдесіп, жастарды толғандырған мәселе төңірегінде пікірін білген едік.

– Нұрбек Нысанбекұлы, алғашқы сауалды бүгінге дейін орталық тарапынан атқарылған жұмыстардан бастаған жөн секілді. Басшылыққа келгеніңізге жыл толмаса да айтарлықтай істің біткенін, атқарылған жұмыстың ауқымынан хабардарсыз деп ойлаймын.

– Әрине, маған жастармен жұмыс жайы таңсық емес. Аудан жастарының әл-ауқаты, тыныс-тіршілігімен жақын таныспын. Жергілікті билік пен белсенділер тарапынан жасалып жатқан қолдауларды да ауыз толтырып айтуға болатындай. Соның ішінде орталық тарапынан қолға алынған немесе атсалысқан жобалардың да маңызы ерек. Мәселен, жыл басынан бері мекеменің ұйытқы болуымен 300-ге тарта шара өткізілсе, өткен жылы аудан еріктілері әлеуметтік жағдайы төмен 23 отбасыға баспана кілтін табыстап, республика бойынша үздік «Жастар ауданы» атандық.

Биылда аталған бастама өз жалғасын тауып келеді. Атап айтқанда, 60 тан астам қайырымдылық жүргізілген. Оның ішінде, 10 отбасыға жылу жүйесі, 10 отбасыға көгілдір отын құрылғысы, 15 отбасындағы балаларға ем алуы үшін қаржылық қолдаулар жасалды. Ал «Жылу сыйла жандарға» акциясы әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға қыстық отын берілсе, ерікті жастар мүкіндігі шектеулі отбасыларға қол көмек жұмыстарын ұсынды. Жалпы, жыл басынан беорі 37 мәдени шара, 21 спорттық сайыс, 27 кеңес беру акциясы, 40–танастам қоғамдық рейд ұйымдастырылған.

– Жастар арасындағы ең өзекті мәселе – жұмыссыздық. Аталған олқылықтың орнын толтыру үшін қандай қадам жасалуда?

– Аталған мәселені шешу орталық үшін де маңызын жойған емес. Себебі мемлекеттің алға қойған тапсырмасы да, жастар саясатының ұстыны да азаматтардың әлеуметтік жағдайымен өлшенетінін білеміз. Бұл орайда мекеме мамандары жоспарлы кеңес беру акциясын өткізіп, нәтижесінде 4 азамат тұрақты түрде орналасты. Бұдан бөлек, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану және оларды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» жобасы бойынша барлығы 140 жас уақытша жұмыспен қамтылды.

Жалпы, аудан бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде 899 жұмыссыз жас хабарласқан. Олардың арасында 87-сі жұмысқа орналасса, 115-і жастар практикасына, 8-і әлеуметтік жұмыс орнына, 232-сі ақылы қоғамдық жұмысқа орналасқан.

– NEET санатындағы жастармен жұмыс қай деңгейде?

– Шынында, NEET санатындағы жастардың көбеюі қоғам дамуына кері әсер етуде. Сондықтан аталған топқа жататын азаматтарды анықтау, бағдар беру қолға алынып келеді. Ауданда NEET санаттағы жастарды анықтау жұмыстары екі кезең бойынша жүргізілді. Бірінші кезеңде орталық мамандары ауданға қарасты барлық елді-мекенге барып, адрестік түрде сауалнама жүргізсе, екінші кезеңде сауалнама онлайн (google) форматында іске асырылды. Қос кезең бойынша бұл қатарға жататын 1500-ге жуық.

Аталған азаматтарды Қазалы көліктік-техникалық жоғары колледжі, Қазалы аграрлы техникалық колледжі оқыту курс ұйымдастырылуда. Оған қоса 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жұмыссыз жастарды «Халықты жұмыспен қамту орталығы» арқылы қысқа курстарға оқыту қолға алынса, ерікті жастарды «Бизнестің жол картасы бағдарламасы» аясында қайтарымсыз грант конкурсына қатыстыру көзделген, Ал, қалған жасты аудан көлемінде салынып жатырған құрылыс нысандарына, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастыру ойда бар.

– Қазалы жастарының қоғамдық жұмысқа араласу, еріктілік көрсеткішін қалай бағалар едіңіз?

– Жастар әлеуметтік желіге тәуелді уақытта оларды қоғамдық жұмысқа араластыру, қайырымдылық жұмыстарына қатыстыру маңызды екені анық. Біздің өңірде де ерікті жастардың қатары көбейіп, бірқатар игі іс қолға алынған. Алдағы уақытта да жүйелі түрде жұмыс істеледі. Әсіресе, негізгі бағыт Neet санатындағы, қылмысқа бейім немесе жұмыссыз жастарға берілетін болады. Жоспарланған іс-шаралар мереке аясында шектеліп қалмайды. Бүгінде ауданда екі «Жастар ресурстық орталығы» бар. Бәріміз бірлесе «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын насихаттап, маусымдық жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, бизнес-идеяларды қолдау шарасын жалғастыра бермекпіз. Мұның бәрі еріктілерге қозғау салары белгілі. Себебі жастар жаңалыққа құштар.

– Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау мақсатында нендей жұмыс атқарылды?

– Бұл орайда ауыз толтырып айтарлық өзгеріс мол. Мәселен, ауыл жастарының өнерін шыңдау бағытында аудан орталығында гала-концерт ұйымдастырылып келеді. Шара аясында сала мамандарының қатысуымен «Түнгі жәрмеңке» акциясыда үздіксіз өткізілуде. Сонымен қатар, Қазалы ауданында ерікті жастарымыздың ұйымдастыруымен «Көшпелі керуен» жастар жобасының құрамы құрылды. Олар барлық елді мекендерде болып,  жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және NEET санатындағы жастарды мемлекеттік бағдарламаға кеңінен тарту бағытында үлес қосып келеді. Оған қоса ауыл жастарының ұсыныс-пікірін тыңдап, мәселеге өзге қырынан қарауға септесуде.

Бұдан бөлек, Халықаралық жастар күніне орай, аудан көлемінде апталық шара өткізілді. Онда, спорт түрлерінен, инновациялық идеялар жәрмеңкесі, мүмкіндіктер керуені, «Жайдарман ойындары», «Барлық игілік балаларға» жастар акциясы, «ЭКО марафон»сенбілік акциялары ұйымдастырылды. Мереке қарсаңында Қазалы ауданында дәстүрге айналған Ғ.Мұратбаев-тың 120 жылдығына орай республикалық жастар сыйлығын табыстаау кеші өткізілді.

Жастар пікірсайысшылар клубы, тоғызқұмалақ, шахмат,  сурет салу үйірмесінде уақыт өткізіп, «Мобилография» курсы бойынша сапалы бейне жасауға талпынуда. Алдағы уақытта «Stаnd up» клубы,  IT-клуб жұмысын жандандыру жоспарланған.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: