Kyzylorda-news.kz Тарихы кенен, бірлігі бекем Іңкәрдария ауылының жұртшылығы бүгінде сырдың дәстүрлі өнері мен мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Өнердің қыз-қыз қайнаған ордасы Іңкәрдария ауылдық клуб үйінің жұмысы жылдан жылға жандануда. Талай талант түлеп ұшқан мәдениет ошағының бүгінгі жай-күйі жөнінде білікті басшы, мәдениет саласының майталманы Зағира Ахметовамен сұхбат құрдық.
– Зағира Саханқызы, сұхбатымыздың алғашқы сұрағын мәдениет ошағының тарихынан бастасақ…
– Ең алдымен, ауыл тарихынан бастаған дұрыс болар. Негізінен, 1964 жылы ҚССР министрлер кеңесі қаулысы бойынша қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында Іңкәрдария совхозы құрылған еді. Сол уақыттан бері ауылымызға көптеген басшы келіп, мал шаруашылығы саласына серпін береді. Әрине, жергілікті тұрғындар қоныстана бастаған тұста ауыл мәдениеті халыққа қызмет көрсете бастағаны анық. Негізінен, ауылдағы алғашқы клуб үйі совхоз құрылған жылы пайдалануға берілген. Өз кезегінде ауыл өмірімен біте қайнасқан мәдениет майталмандары салада өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Осыдан 42 жыл бұрын мені сол кездегі совхоз директоры Құрман Ысқақов сүйемелдеуші мамандығына қабылдады. Араға бірнеше жыл салып, өз ісінің білгірі Дүйсенкүл Батталовадан меңгерушілік қызметті алған едім. Міне, осы сәттен бастап мәдениетте қажырлы еңбек етіп келемін. Ауылымыздан шыққан таланттар ішінде Тұрсынкүл Жұмабекова, Ұлтай Өміртаева, Құралай Топалақованың есімі мен өнері ел есінде.
Шындығында, әр жылдары көптеген қиындыққа тап болдық. Жекешелендіру мәселесін шешіп, құлдыраудан аман-есен шыққанымыз бар. Ал жаңа ғимарат 2015 жылы Іңкәрдария ауылының 50 жылдық мерейтойы қарсаңында пайдалануға берілді. Іңкәрдария ауылдық клуб үйінде 7,5 штатпен 8 қызметкер жұмыс істеп келеді.
– Баланың бойындағы талантын ашып, шығармашылығын шыңдауда үйірменің маңызы жоғары екені белгілі. Осы ретте ауылдық клуб үйінде қандай үйірме жұмыстары жүргізілуде? Ауыл өнерпаздарының жетістіктері жөнінде айтып берсеңіз…
– Мәдениет ошағында «Көркем сөз», «Драма», «Сурет», «Ән», «Домбыра» үйірмесі бар. Сондай-ақ «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы тарапынан «Көркем оқу», «Сурет салу», «Домбыра», «Ұлттық би», «Балалар хоры» үйірмесі ашылды. Бүгінде арнайы орталықтың шапағатын көрудеміз. Өнерлі бұрымдылар би өнерімен шұғылдану үстінде. Материалдық база жасақталып, үйірмеге қажетті құралжабдық алынды. Бұның барлығы – ауыл баласының игілігі үшін жасалуда.
Біздің өнерлі өрендеріміз жыл көлемінде көптеген жоғарғы деңгейдегі байқауға қатысып, жеңімпаз атануда. Мәселен, Жанерке Нұрлан «Құс жолы» балалар журналының ұйымдастыруымен өткен «Құс жолы» республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында «Хореография» жанры бойынша І орын иеленді. Нұредин Еділбай «Balafest» ІІ республикалық өнер байқауында «Вокал» жанры бойынша ІІ орын еншілесе, «Бозторғай» байқауының дипломанты атанды. Оспанхан Әубәкіровтің 90 жылдығы мен Толымбек Әлімбекұлының 70 жылдығына арналған «Асқардың ізімен...» атты облыстық сатирик ақындар мүшәйрасында Малика Қожақова жеңіс тұғырынан көрінді. «Жауқазын» өнер орталығының ұйымдастыруымен «Жауқазын» республикалық өнерлі балалар байқауының «Атамекен – жұмақ мекен» тақырыбында өткізілген сайысында «Көркемсөз» жанры бойынша Ақбота Ермаханова жеңімпаз атанды. Жалпы, ауылдық клуб үйінің өнерпаздары осыған дейін 22 аудандық, облыстық, республикалық байқаудан үздіктер қатарынан табылды.
– «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы» тұжырымдамасы аясында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Адал адам мәдени-тәрбие орталығы» тұжырымдамасы 7 бағыт бойынша әзірленді. Бірнеше бағыт бойынша 2024 жылдың 6 айында 36 іс-шара ұйымдастырылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жүрек жылуы» атты аудандық өнер фестивалі байқауы өткізілді. «Арт уақыт» жобасы бойынша ақын, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл толуына орай «Өлең, мен сені аялап өтемін» атты көркем оқу үйірме оқушылары арасында аудандық байқау жүзеге асты. «Кино тайм» жобасы аясында тәрбиелік мәні бар бірнеше кино ауыл халқына тегін көрсетілді. «Арт уақыт» жобасы аясында клуб үйінің үйірме өнерпаздарымен бірлесе ауқымды іс-шара өткізу жолға қойылған. «Жанұя шуағы» бойынша отбасы құндылығы барынша дәріптелуде. «Креативті хаб» жобасы аясында ауылымыздан шыққан қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік сұранысына ие болуда. «Әлем book» жобасы аясында балалармен «Ертегілер еліне саяхат» жасалады. «Еріктілер тобы» мүшесі саналатын ауыл жастары ерікті түрде көпшілікке қолғабыс етуде. «Сұхбат тайм» жобасы аясында «Бестің шайы» бағдарламасы жүзеге асуда.
Әңгімелескен
Балтабай Ордабеков