Kyzylorda-news.kz. Салық халық қазынасы саналады. Ол – мемлекетпен бірге пайда болды және мемлекеттің өмір сүріп, дамуының негізі. Адамзат дамуының бүкіл тарихы бойына салық нысандары мен әдістері өзгерді, игерілді, мемлекеттің қажеттіліктері мен сұрау салуларына бейімделді. Мемлекет құрылымының өзгеруі, өркендеуі әрқашан салық жүйесінің қайта құрылуымен, жаңаруымен қабаттаса жүреді. Отыз жыл бұрын Қазақстан тәуелсіздікке ие болған сәттен бастап, мемлекеттің кірістерін қалыптастырудың шешуші көзі болған салық және кеден салаларын нарық кезеңіне бейімдеу мақсатында үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек» деп тапсырма бергені белгілі. Бұл тапсырма да кірістер органдарына үлкен міндет жүктейді. Осы орайда Қармақшы аудандық кірістер басқармасының басшысы Данияр Қосбергеновпен тілдескен едік.
– Данияр Жамбылұлы, биылғы жылы салық заңнамасында қандай өзгерістер күтілуде?
– «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 наурыздағы №213-VII Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану мақсатында 190 қызмет түрі енгізілді.
– Мемлекеттік кірістер органындағы цифрландыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Қазіргі уақытта жер, мүлік, көлік салықтарын төлеу үшін салық органдарына барудың еш қажеті жоқ. Себебі қазіргі таңда «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын телефоныңызға жүктеп алып, үйде отырып-ақ салықтарды есептеп төлей аласыздар. Ол үшін «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын «App Store» немесе «Play Market»-тен жүктеп, тіркеледі. Аталған мобильді қосымшадағы көрсетілетін қызметтерге тоқтала кетсем, қосымшаның негізгі мәзірінде бірқатар электрондық қызметтер бар. «Электрондық салық әмияны» мұнда жеке тұлғалар және дара кәсіпкерлер аталмыш қосымшасының «Салық әмияны» қызметін пайдаланып, салық міндеттемелерін автоматты түрде көруге мүмкіндігі бар. Әмиянды кез келген банктің картасы арқылы деректемелерді көрсетпей-ақ толтыруға болады. Сонымен қатар, қосымшада артық төлемді басқару сервисі іске қосылды. Яғни, бұл сервис бір салықтан артық төлемді басқа салықтарға аудару немесе банк шотына қайтарып алу арқылы жүзеге асырылады. Қаражат банктік шотқа 5 жұмыс күнінде қайтарылады.«Жеке тұлғалар және дара кәсіпкерлердің алдағы төлемдер сервисі» бұл азаматтарға оны төлеу мерзімі басталғанға дейін алдағы салық сомасын білуге мүмкіндік береді. Бұрын салық төлеушіге банкке бару, кезекте тұру, банк комиссиясын төлеу, салықты төлеу үшін көптеген деректемелер мен кодтарды таңдау қажет болатын. «Калькулятор» мәзірінде көлікке салынатын салықты және ЖТС, өсімпұлды есептеуге болады. Сондай-ақ «Е-SalykAzamat» қосымшасы арқылы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00, 270.00 есептілік нысаны) ұсыну бойынша сервис іске асырылды, яғни декларация тапсыруға міндеттелген азаматтар осы қосымша арқылы мемлекеттік кірістер органына келмей, декларациясын табыс ету мүмкіндігі қарастырылған.
– Ауданда көлеңкелі экономикамен күрес бағытында нақты қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Көлеңкелі экономиканың басым бөлігін бейресми жолмен өндірілетін тауарлар мен заңсыз көрсетілетін қызметтер құрайды, ал қалған бөлігі «жасырын» қызметтерге тиесілі. Атап айтқанда, тіркелместен сауда қызметімен айналысатындар, такси қызметі, мүлікті жалға беру, алкоголь өнімдерінің заңсыз сатумен айналысатындар тағы да басқа түрлері құрайды.Көлеңкелі экономикамен күрес бағытында басқарма тарапынан жұмыстар тұрақты түрде атқарылуда. Атап айтқанда, жүргізілген рейдттік тексеру жұмыстары нәтижесінде үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айы аралығында 8 жеке тұлғаның жолаушы тасымалы қызметімен дара кәсіпкер ретінде тіркелместен жұмыс жасағандығы анықталып, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне 463 бабының 1 тармағына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Іс-құжаттары аудандық сотқа жолданды.Бақылау касса машинасының чегін бермеу жалпы көлеңкелі экономика көлемін өсіруге, тиісті салықтардың төленбеуіне, табыстын азайтылуына әкеледі. Осыған байланысты тұтынушыларға чек бермеу фактілерін анықтау мақсатында жүргізілген жұмыстар барысында тұтынушыға фискалдық чек бермеген жалпы саны – 93, оның ішінде 84 дара кәсіпкерге басқарма тарапынан Қазақстан Республиикасы Әкімшілік Құқық ұзушылық туралы Кодекстің 284 бабы бойынша «ескерту» түріндегі әкімшілік шаралар қолданылса, қалған 9 дара кәсіпкерге 260 355 теңге айыппұл салынды.
– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде бөлшек салықтың арнаулы салық режимі енгізілді. Бұл режимді кімдер қолданыла алады?
– Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін төменде көрсетілген шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер қолдануға құқылы.
1) салықтық кезең ішіндегі жұмыскерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайтын;
2) күнтізбелік жылдағы кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 600 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын;
3) осы режимді қолдану мақсаттарында Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің тек қана біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асыратын.
Құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдануға құқылы емес.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеудің ерекше тәртібін көздейді.
Төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеуді бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық төлеуші есепті салықтық кезең ішінде салық салу объектісіне мынадай мөлшердегі мөлшерлемені өз бетінше қолдану арқылы жүргізеді.
Қазақстан Республикасында және оның шегінен тыс жерлерде салықтық кезеңде алынған (алынуға жататын) кірістер бойынша – 4 %;
корпоративтік немесе жеке табыс салығын есептеу үшін шығыстар сомаларын шегерімге жатқызу бойынша салық төлеушілерге тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден алынған кірістер бойынша – 8 %.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларациялар салық төлеушінің орналасқан жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей тапсырылады.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.
– Мобильді төлемдер туралы салық 1 наурыздан бастап күшіне енеді. Осы жайында толығырақ айтсаңыз? Салықты кімдер төлейді?
– Арнаулы мобильді қосымша – арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелерді және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындаудың оңайлатылған тәртібін қолдану үшін уәкілетті орган әзірлеген мобильді қосымша.
Арнаулы мобильді қосымшасын арнаулы салық режимін қолданатын, қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын дара кәсіпкерлер қолдануға құқылы.Арнаулы мобильді қосымшаны дара кәсіпкерлер арнаулы мобильді қосымшаның чегін қалыптастыру және беру үшін, жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдерді есептеу, оларды төлеу және оңайлатылған декларацияны ұсыну бойынша салықтық міндеттемелерді орындау үшін пайдалана алады. Жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей төленуге жатады.
– Салық төлеуден жалтарып жүргендер жайлы не айтасыз? Оларды қандай жаза күтеді?
– Салық төлеуден жалтарып жүргендер жайлы айтар болсақ, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 31-бабына сәйкес салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекет алдында туындайтын міндеттемесі салықтық міндеттеме деп танылады, соған орай салық төлеуші мына әрекеттерді жүзеге асыруға міндетті: кірістер органында тіркеу есебіне тұрады; салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды жүргізеді; салықтық нысандарды және осы Кодексте белгіленген өзге де нысандарды жасайды және белгіленген тәртіппен салық органдарына ұсынады; салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің есептелген және есепке жазылған сомасын мерзімінде төлейді. Алайда, кірістер органына дара кәсіпкер ретінде тіркелмей және салық төлеуден жалтарып жүргендерге Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-не сәйкес әкімшілік шаралар көзделген. Атап айтар болсақ, кірістер органына дара кәсіпкер ретінде тіркелмей заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқандарға соттың шешімімен Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 463-1 бабына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасау заттары және (немесе) құралы тәркiлене отырып не онсыз, жеке тұлғаларға – он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады, ал лицензиясыз кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысу әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірісті, ақшаны, бағалы қағаздарды қосымша тәркiлеуге әкеп соғады. Ал, салық төлеушiнiң салық салу объектiлерiн және салықтық есептілікте көрсетілуге жататын өзге де мүлікті жасыруы – Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 275-1 бабына сәйкес жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға, орта кәсіпкерлік субъектілеріне, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жасырылған салық салу объектiсi бойынша төленуге жататын салық және басқа да мiндеттi төлемдер сомасының екі жүз пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соқса, салық төлеушілердің салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң сомаларын кемiтiп көрсетуі Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 278-1 бабына сәйкес жеке тұлғаларға – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салықтың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есепке жазылған сомасының – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне сексен пайызы мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Сонымен қатар, заңды және дара кәсіпкерлер қалыптасқан берешектерін мерзімінде өтемеген жағдайда Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 114-127 баптары аралығында көзделген мәжбүрлеп өндіру тәсілдері мен шаралары қөзделген.Атап айтқанда, салық төлеуші берешегін өтемеген жағдайда салық органы салық берешегін өтеу туралы хабарлама жолданып, аталған хабарламаны орындамаған жағдайда, банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтатылады.
– Биылғы жылы Қазақстан Республикасы азаматтарынның төлем қабілеттігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы Заң қабылданды. Осы туралы не айтасыз?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес, «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы» туралы заң желтоқсан айында қабылданды. Аталған заңның қабылдануына негізі еліміздің әлеуметтік жағдайының нашарлауы, азаматтардың банктер алдындағы берешек сомаларының көбеюі, тұрмыстық әл- ауқатының төмендеуіне әсер етіп отыр. Жалпы аталған заңның мақсаты – азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету, қарыздар бойынша төлем жасауға ынталандыру. Халықаралық тәжирибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрі енгізілді: соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Рәсімдерге жеке-жеке тоқталатын болсақ, соттан тыс банкроттық рәсімі – жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары бойынша жүргізіледі және ол мемлекеттік кірістер органдарымен қарастырылады. Соттан тыс банкроттық рәсімді жеке тұлғаларға қолданудың бірден бір талаптары: 2 деңгейлі банктер, қаржы ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары болуы; қарызының мөлшері 5 520 000 теңгеден аспауы; Анықтама (2023 жылы АЕК 3450 теңге*1600). Борышкер қарызын соңғы 12 ай қатарынан төлемеген жағдайда қолданылады. Сонымен бірге Борышкердің меншік құқығында мүлкі, көлігі, сондай-ақ ортақ сатып алынған (жұбайының атындағы) мүлкі болмауы тиіс. Соттан тыс банкроттық рәсімінің ерекшеліктері: жеке тұлға соңғы 6 ай бойы Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алушы болып табылса және оның берешек сомасы 5 520 000 теңге көлеміне жетпесе де өтініш беруге мүмкіншілігі бар. Соттан тыс банкроттық рәсімінің тағы да бір ерекшелігі егер, қарыз 5 жылдан артық уақыт мерзімде өтелмесе жоғарыдағы аталған барлық шарттар ескерілмейді.
Ал сот банкроттығы рәсімі сот тәртібімен шешіледі. Яғни жеке тұлға осы рәсімді қолдану жөнінде сотқа өтініш беру арқылы жүзеге асыра алады. Бұл рәсімнің шарттары жеке тұлғаның барлық банктер, микроқаржы ұйымдары, жеке және заңды тұлғалар алдындағы келісім шарт негізіндегі қарыздары, мемлекет алдындағы салықтар мен міндетті төлемдердер бойынша қарызы ескеріледі. Осы рәсім барысында жеке тұлғаның атында мүліктер анықталған жағдайда, берешектерді өтеу мақсатында мүліктері аукцион арқылы сатуға шығарылады. Егерде жеке тұлғаның жалғыз тұрғын үйі банк кепілінде болса, онда банк аталған мүлікті алып қоюға толық құқылы. Ал, егер жалғыз тұрғын үйі банк кепілінде болмаса, ол өндірілуге жатпайды. Аталған рәсім барысында мүліктерді анықтау және сату жалпы талдау жұмыстарын жүргізу қаржылық басқарушыға жүктеледі. Сот банкроттық рәсімінің мерзімі 6 ай, және 6 айға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Рәсімді қолдану барысындағы мынадай шектеулер қойылады. Бірінші кезекте әрбір жеке тұлғаға аталған рәсімді қолдану барысында өз меншігіндегі мүліктерді иеліктен шығаруға яғни сатып жіберуге немесе сатып алуға құқығы жоқ. Екіншіден, шетелге шығуға тыйым салынады. «Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» рәсімінде де жеке тұлғаның қарыз сомасын өтеу сотпен қарастырылады. Жеке тұлғаның қалыптасқан барлық қарыздары 5 жыл көлемінде бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі. Өтініш борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа берілуі тиіс. Жеке тұлғаның берешек сомасы өзінің меншігіндегі мүліктерінің құнының мөлшерінен аспауы керек.
– Биылғы аудандық кірістер басқармасының жоспары қандай? Қандай жаңалықтар күтілуде?
– Аудандық кірістер басқармасының 2023 жылға бекітілген негізгі жоспарлары салық төлеушілерге Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапалық көрсеткіштерін көбейту. Республикалық және жергілікті бюджет бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің барлық түрлерінің 2023 жылға бекітілген болжамын толығымен орындалуын қамтамасыз ету және өткен жылмен салыстырғанда түсім қарқынын арттыру. Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің кірісін толықтыруда қосымша кіріс көздерін іздестіру. Осы мақсатта заңды және дара кәсіпкерлердің мүлік салығына талдау жасау, мүліктік құны төмен болған жағдайда қайта бағалату жұмыстарын жүргізу, нольдік көрсеткіштермен салық есептілігін тапсырған салық төлеушілерге талдау жүргізіп, салық есептілігін табыспен тапсыруға жұмыстар жүйелі жүргізілетін болады.
Ауыл шаруашылық мақсатында шаруа қожалығын құру үшін, кәсіпкерлік мақсатта пайдалану үшін жер учаскелерін алған салық төлеушілерді толық әкімшілендіру.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет!