Kyzylorda-news.kz Қазір екінің бірі психолог. Сабағын сатып, техникасын тықпалап жүргендер де жоқ емес. Жаны азып, тәні тозып, сырын бөліспекке барған адамның жайын тап басып тануы екіталай. Сондықтан ішкі сарайына үңіліп, жан жарасын жеңілдетуге ұмтылған кәсіби мамандарға разы боласың. Психология – терең ізденіс. Бір ғана біліммен жайын айтып келгеннің бабын таба алмайсың. Көңілге медеу, жанға демеу болу үшін мамандықты сүю мен ынта-ықылас керек. Психология саласына қолын бір сілтейтіндер бар. Бірақ бұл ішкі күйді қалыпта ұстауға мүмкіндік. Мұны психолог Назира Кенжебек сұхбатымызда тарқатып айтты.

– Қазір қоғамның бұл салаға көзқарасы оң. Дегенмен әлде де психологияны пайдасыз көретіндер бар ма?

– Психология – ғылыми дәлелденген пән. Оған тек «жынды» адам барады деген позиция болған. Әлі де бар. Бірақ адамдардың дамуы жоғары деңгейде болғандықтан көзқарасы әлдеқайда жақсы. Психологқа негізі сау адам келеді. Өйткені маман психологиялық ауытқуы барын байқаса, терапияны тоқтатып, психотерапевтке, психиатрға жібереді. Адам жанының темір емес екенін ескерсек, ұдайы тыныштықты сезіну маңызды. Сондықтан психология мұның бірден-бір себепшісі. Күйбең тірліктің күйіне еніп, өмір сүру барысында ауыртпалық, агрессия, уайым мен өкпе-реніш болатыны шындық. Осының бәрі жүрекке салмақ салғанда ой-қуат ойсырап қалады. Демек стресс, депрессия, апатияға ұшырамай тұрып, психологқа барып, жағдаятты анықтағанның айыбы жоқ.

Қуаныш пен қайғының қатар келуі өмір заңдылығы. Әсіресе сынақтың сын-сағатында сынбай, басқа түскен ауыртпалықты еңсеру керек. Қазір адам жанына емес, тәніне көп назар аударады. Сыртқы келбетіне мән беріп, карьера қуып, бай болу мен ақша табуды көздейді. Әрине жарқын әрі жақсы өмір сүру үшін мұның бәрі керек-ақ. Бірақ жанталасып жүріп, бақыттың бағасын білмей жатады. Түбінде шынайылықты іздеп, шаршайтыны да содан. Айтпағым, әркім жан-сарайына үңіліп тұрғаны ләзім.

– Психологиямен айналысқаныңызға қанша уақыт болды?

– Бұл салаға кездейсоқ келген жоқпын. Өмірімде орын алған қайғылы жағдайдан соң депрессияға түстім. Сөйтіп, арнайы маманның көмегімен ситуациядан оңай арылдым. Содан кейін «мен де жанына жарасы батқан жандарға қол ұшын созсам, қолдау көрсетсем» деген ынталы ой туды. Психоло­гияны оқымас бұрын әбден зерттедім. Бүгінде жоғары білімім мен 14 жылдық тәжірибем бар. ҚР психо­ло­гия­лық ассо­циа­циясының мүшесімін. Германия, Түркия, Ресейде оқыдым. Еліміз де, шетелде де ұстаздарым бар. Олармен байланысып, пікір алмасып тұрамын.

Бір қызығы, 12 жыл бойы қабылдауды тегін жүргіздім. Алдыма келген адамнан еңбегім үшін ақы алмадым. Өзімді шыңдап, тексеріп көргім келді. Мамандыққа деген махаббатым зор болғанмен көпшіліктің кері байланысы қандай болатыны қызықтырды. Егер айтарлықтай нәтиже болмаса, бағытымды өзгертуді де ойладым. Қанша дегенмен алдыңа келген адамды жан-жарасынан айықтыру өте маңызды іс. Қуантарлығы, әрбір адамнан жылы лебіз бен алғаусыз алғыс естідім.

– Бәрінің басында мәселе бар. Дей тұрғанмен көбіне көмегіңізге қандай мәселе бойынша жүгінеді?

– Жеті жастан жоғары, яғни үлкені 78 жаста. Көбіне 10-11 сынып оқушыларының ата-анасы хабарласады. ҰБТ тапсыратын түлектерге бағыт беріп, психологиялық тұрғыда қолдау үшін жиі тренинг ұйымдастырамыз. Қызылордада бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізгендер бар. Мәселен, мектепті 16 бала бітірсе, соның 15-і грантқа түсті. Әрине, мұнда мұғалім мен ата-ананың ықпалы және жыл бойы өткізілген тренингтің үлесі бар.

Түрлі мәселе бойынша қоңырау шалып келеді. Әр адамның ішкі-күйін, жеке мәселесін құпия сақтағандықтан айтуым орынсыз болар. Бірақ көп жағдайда лудомания, яғни құмар ойынға байланысты адамдар жиі келеді. Тіпті Польша, Қырғызстан, Өзбекстаннан да байланысып, жағдай бойынша кеңес сұрайды.

– Психологияны сапер ойынына ұқсататындар көп. Яғни, алдындағы адамға жұмсақ жеткізбесе, соңы жанжалға ұласуы мүмкін. Реакциясы теріс болмас үшін де қажетті тетік осы. Білікті маман ретінде айтыңызшы, жағдайды қалай саралайсыз?

– Ауыртпалықтан арылудың амалын іздеп келген адамға бейжай қарамау керек. Жанын жегідей жеген мұң, шегіне жеткен шер, титықтатқан қиындық жүйке мен жүрекке жеңіл тимейді. Алдымен қандай жағдайда келгенін анықтап, эмоциясына қарай жұмысты жүйелеймін. Ол үшін адамның портретін басты негіз етіп аламын. Бұл болмысын танып, мінез-құлқын айшықтауға сеп. Содан кейін ғана терапия мен техниканы қолданамын. Әрі екінші тараптан «қазіргі жағдай сізге ыңғайлы ма?», «әрі қарай жалғастырамыз ба?» деп сұрақтар қоямын. Өйткені маған шынайылық, іске құлшына кірісу маңызды. Адамның жан-дүниесін емдеп жатқандықтан «уақыт бітті, ақша бер» деп айтудан аулақпын. Өйткені салама салмақты, жұмысыма жауапкершілікпен қараймын.

Негізі терапия 40 минут немесе 1 сағатта аяқталу керек. Десе де, уақытпен санаспаймын. Кейде бір терапия үшін 2-3 сағаттап отырамын. Мен үшін көмек сұрап келген адамның жай-күйінің оңалғаны маңызды.

– Денсаулықтың психикалық жағдайға тәуелді екені белгілі. Мұны елеп-ескеретіндер аз. Психосоматикалық ауру себептеріне тоқталсаңыз…

– Психосоматика – адамның жан дүниесінің айнасы. Мұндай ауытқу – организмнің стресті қабылдау реакциясы әсерінен пайда болады. Бұл – түпкі санадағы конфликт. Адамның ішкі-күйі. Болып жатқан оқиғаны мойындағысы келмей, қабылдаудан бас тартуы. Мәселен, кейбірі өз мақсаты үшін емес, өзгенің таңдауына қарап, қалауына сай өмір сүреді делік. Бірақ басқаның ырқына көніп жүргенін іштей мойындағысы келмейді. Соның салдарынан психосоматикада көрсетілген эмоциялар орын алады. Айтылмаған сөздер жиналып, өкпе мен реніш жанды күйзелтіп жібереді. Мұның ақыр аяғы күйреуге апарады. Гормондарға әсер етіп, қан қысымы да осыдан туындайды. Демек, жанда жайлылық болмаса деннің саулығында да кінәрат табылады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: