Kyzylorda-news.kz Бизнес әліппесін үйреніп, өз идеяларын жүзеге асырған сырбойылық жастардың саны артып келеді. Олар жаңа нарыққа жол ашуда. Осы орайда біз кәсіпкер, «Altyn Orda» дүкенінің негізін қалаушы Ерталап Рысұлымен хабарласып, кәсіп жолындағы тәжірибесі туралы әңгімелестік.
− Ерталап, бала кезден-ақ кәсіпкер болуды армандадыңыз ба?
− Иә, бұл салаға келу бала Ерталаптың арманы еді. Қызылорда гуманитарлық-заң және техникалық колледжінде заңгер мамандығында білім алдым. Сол кезде кәсіп жолына келемін-ау деп ойлайтынмын. Себебі алғашқы жұмысым отбасылық кәсіптен басталды. Әкем монша салып берді, отбасымызбен осы істі жүргіздік. Жағдайымыз шүкір, орташа болды. Қиындық көрмей өстік. Ата-анам жастайымыздан еңбекке баулыды. Әр жетістігіміз де осы кісілердің арқасында деп есептеймін.
− «Алтын Орда» биыл 11-ге толды. Бастапқыда пеш сатумен айналысып, кейін сұранысқа байланысты құрылыс заттарын қолға алдыңыз. Бір сөзіңізде «Алтын Орданы халықтың өзі құрды» деген екенсіз. Осы орайда 2013 жылға оралып, дүкеннің ашылу тарихы туралы айтып беріңізші…
− 2010 жылдары базарда саудамен айналыстық. 3 жылдан соң колледжді үздікке тәмамдап, базарда ағамның қасында қызмет еттім. Сол кезеңде, яғни 2013 жылы «Алтын Орда» құрылды.
Иә, бастапқыда тек пеш сатуды қолға алдық. Халықтың сұранысына сай уақыт өте келе ассорттиментерді де көбейттік. Сұранысты басты орынға қойып, сатып алушылардың проблемасын шешеміз деген идеологиямен жұмыс істедік. Бүгінде міне дүкенде 30 мыңға жуық тауардың түрі бар.
− Бәрі бірден бола бермейтіні рас. Оң нәтижеге жету маңдай тер мен үздіксіз еңбекті талап етеді. «Алтын Орданы» ашуда қандай қиындықтармен бетпе бет келдіңіз?
− Қиындықтың әсері, салдары туралы сол кезеңдегі эмоциямен ғана толық айта алуға болатын секілді. Өткен мәселелерге бүгінгі көзқараспен қарасақ, қатты қиын емес тәрізді көрінеді емес пе? Оның да берекесі, қайыры бар.
Қазір «Алтын Орда» − білікті маманы бар дүкен. Әр қызметкер нақты өзінің жұмысымен айналысады. Жұмыстың бір жүйеге келуі, сапалы кадр жинақталуы жақсы энергия беріп, нәтижені жақсартуға көмектеседі. Дүкен енді ғана жұмысын бастаған уақытта сатушы, жеткізуші, тасымалдаушы, есепші мен маркетолог та өзім болып, яғни «әмбебап сарбаз» ретінде жан-жаққа жүгірдім. Демалуға уақыт жоқ. Сол уақыттағы қиындықтың бірі осы еді. Бірақ мұны да қиындық деуге келмес. Себебі шынықтық, тәжірибе жинадық. Әр сәттен өзіндік сабақ алдық.
− Құрылыс заттары біздің елге көбіне шетелден келеді. Сырттан келген тауардың бағасына байланысты дүкендегі тауарлардың құны қымбаттайды. Сәйкесінше үй салу да арзанға түспейді. Тіпті кейінгі 2 жылда бұл туралы дабыл қағылып, жиындарда мәселе ретінде қарастырылды. Қазіргі нарықтағы баға туралы не айтасыз?
− Жалпы баға мәселесіне келер болсақ, құрылыс заттары ғана емес бүгінде кез келген тауар қымбаттап жатыр. Ал құны арзан дүниенің сапасы да төмендейді. Нарықтағы заттардың бағасын сәл болса да арзандату үшін нақты формула жоқ.
Қазір әлеуметтік желі, kaspi.kz пен онлайн дүкендер бар. Осындай қосымшалар арқылы нарықтағы бағаның шектен тыс қымбаттамауын қадағалауға болады. Тұтынушы кез келген тауарды сатып алмас бұрын басқа дүкендерді қарастырып, бағаларды сараптайды. Әрине, бағасы тым жоғары сауда орындарынан сауда жасамайды. Қысқаша айтар болсам, онлайн жүйелер нарықтағы бағаның қымбаттамауын қадағалап отыр.
Осы орайда отандық өнімдердің де санын көбейту керек екенін айтсам деймін. Егер елімізде өндірушілердің саны артса, нарықтағы баға да бір жүйеге келетіні сөзсіз. Егер Қытайдан келетін заттың құны 1000 теңге болса, Қазақстанға келу жолы, құжаты, жалпы логистиканың өзімен бағасы 2000 теңгеге өседі. Ал сол тауар өзімізде өндірілсе, бағасы әлдеқайда тұрақты әрі қолжетімді болады.
− Отандық өндірушілерден де тауар әкелесіздер ме? Жалпы бізде сапалы құрылыс заттарын шығаратын өндіріс орындары бар ма?
− Отандық өнімдердің арасындағы бірден бір сапалы тауар «Зерде» компаниясының кафельдері деп ойлаймын. Компанияның өнімі шетелге де жіберіледі. Зауыт филилалдары Ақтөбе мен Шымкент қалаларында орналасқан. Біз де «Зерденің» кафельдерін аламыз. Сондай-ақ кабель өнімдері де Қазақстанда шығады. Егер импортталатын тауар болса, нарықтағы бағасы өте жоғары болатын еді. Біздің нарықты толықтай отандық өнімдер қамтамасыз етіп тұр. Шикізаттар кейде шетелден келеді. Бірақ негізгі басым бөлігі отандық өнімдер. Олардың саны да, сапасы да жоғарылап жатыр. Бастысы халық отандық өндірушілерді қолдаса, нарықтағы орындары да беки түседі.
− Нарықта бәсекелестерден ерекшелену үшін қандай шаралар қолданасыздар?
− Әуелі «бәсекелестерге назар аудармай, халыққа қызмет етеміз» деген оймен жұмыс істеу қажет. Адам біреуден басым түсу үшін емес, өзі үшін жұмыс істеуі керек. Сол секілді «Алтын Орданың» да өз мақсаты бар. Сол мақсатқа жету үшін толық команда құрылған. Халықтың өмірін жеңілдетіп, адамдардың бақытты өмір сүруіне септігімізді тигізгіміз келеді. Жақсы қызмет көрсету, қолайлы баға, тауарды алмастыру немесе қайтару, маркетингтік ұсыныстардың тиімді болуын қамтамасыз етеміз.
Жай ғана мысал, желім алуға келген тұтынушыға оны пайдалануды түсіндіріп көрсетсек, біз ол кісінің бір мәселесін шешуге көмектестік деген сөз. Осындай мақсатпен жұмыс істегенде кәсіп алға жылжиды деп ойлаймын. Біреумен бәсекелесудің бақытсыздыққа әкелері анық.
− Дүкендегі тауар саны уақыт өткен сайын артып жатыр. Сондай-ақ генератордан бастап басқа да құралдарды жалға беру қызметі де бар. Айтыңызшы, жалға алушылармен қандай да бір түсінбеушілік болуы мүмкін бе?
− Әрине, бизнес болған соң мәселелер де болады. Тауарды уақытылы өткізбеу, телефонды көтермеу, басқа кісінің атынан жалға құрал алу секілді қолайсыздықтар кездесетіні өтірік емес. Ол мәселелер шешілетін дүниелер ғой. «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» дегенді де ұмытпаған абзал. Мұның барлығы тәжірибе. Кәсіп жолында кездескен проблемалардың шешу жолын іздеп, тіпті алдын алу жолдарын қарастырған жөн. Сол кезде бизнес дөңгелеп, нәтижеге жетуге болады.
− «Кез келген бизнестің дөңгелеп кетуі үшін 1 жыл уақыт қажет» деген тұжырым қоғамда шегедей қатып қалған. Бұл оймен қаншалықты келісесіз?
− Бұл пікірге толық қосыламын. Бірақ нақты 1 жыл деп бекітілген уақыт қате тұжырым деп ойлаймын. Уақыт қажет, бірақ оның нақты көрсетілген саны жоқ. Кәсіп жүргізуде тәжірибе жинап, сол бизнестің қалыптасуы, мәселелермен бетпе-бет келіп, шешу үшін, сол арқылы белгілі бренд қалыптастыруда біз уақытқа тәуелдіміз.
− Жастарға табысты болу үшін қандай өмірлік ұстанымдар қажет деп ойлайсыз? Ал Ерталаптың өмірлік ұстанымы қандай?
− Жетістікке жету үшін сол істі жақсы көріп, білікті маман атану қажет. Қазір көбі бір дүниені көрсе, соған еліктеп кетеді. Бұл жастардың арасында көп кездесетін жағдай. Мәселен, блогер болу немесе жеңіл жұмыс арқылы тез байып кету деген секілді дүниелер адамның еңбек етуіне кедергі болады. Нақты салада тұрақтамаған, әр жұмыстан «секіріп» еңбек еткен адам уақыттың қалай өткенін байқамай, 35-40 жасқа келгенін де аңғармайды. Сол аралықтағы тәжірибенің жоқтығынан алдағы уақытта жетістікке жетуі қиын болады. Сол үшін баланы жастық шағынан икемі бар іске бейімдеп өсіру қажет деп ойлаймын. Еуропа елдерінде де осы үрдіс жақсы қалыптасқан. Сол кезде адам еңбектеніп, мақсат қоя алатын дәрежеге жетеді. Бір сөзбен айтқанда қатты еліктеушілікті азайтып, бір дүниеге назар аудару қажет деп ойлаймын.
Мендегі өмірлік ұстанымдардың бірі − өтірік айтпау. Бұл бала кезден қалыптасқан, нақтырақ айтсам, әкемнің біздің бойымызға дарытқан қасиеті. Ол үнемі «ешкім басыңды шауып алмайды, шыныңды айт» деп тәрбиеледі. Қазір де осы қағиданы бұзбай жұмыс істеуге талпынамыз. Себебі шындық арқылы сенім мен бренд қалыптасады.
− Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Әлия ТӘЖІБАЙ