Kyzylorda-news.kz   Бүгінде зергердің жұмысы жоғары бағаланады. Себебі олардың жасаған жұмысының сапалы, әрі әдемі шығатыны жасырын емес. Оған бір ғана дәлел – көрсен көзің тоймайды. Оның үстіне қазір алтыннан гөрі, қолдан жасалған әшекей бұйымдар сұраныста. Қазақша ою-өрнекпен әсемделген сырға, сақинаны тағушылар қарасы күн санап көбейді. Жігіттерге арнайылап жасалған өнімдер де бар. Құны қымбатырақ, бірақ қолдан жасалған еңбектің жоғары бағаланатынын ескерген жөн. Әшекей бұйымға қызығушылар қатарында қызылордалықтар көп. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдап, өзі жасаған бұйымдарды насихаттап, жасалу жолына тоқталып, зергердің маңдай-тері, адал еңбегін көрсетіп, сондай-ақ қандай заттар пайдаланғаны, бағасы жөнінде көп ақпарат беріп, сапалы дүниесін жақсы жарнамалай білетін зергердің бірі – Абзал Молдабек.

    Кәсіпкерлердің барлығы дерлік өнімін өткізу үшін әлеуметтік желінің көмегіне жүгінетіні рас. Біздің кейіпкеріміз де инстаграм мен фейсбук арқылы жұмысын жүйелі жүргізеді. Ол арнайы SMM курсын жетік меңгеріп, бар зейінін сапалы дүние жариялауға салады. Абзалмен фейсбук әлеуметтік желісі арқылы таныстық. Ол Қазақстанға ғана емес шет елдерге де өте танымал. Қызылордадан бирюза шығатыны туралы Абзал тарқатып берді.

 Кейіпкеріміздің өзге зергерлерден ерекшелігі, ол жасаған дүние екінші қайтара жарыққа шықпайды. Себебі дизайн алдын-ала жоспарланып, тың дүние жарыққа шығады.

–  Отбасымда алты ағайындымыз. Ағам зергерлікпен айналысады. Менің алғашқы ұстазым да сол. Сол кісіден үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Осылайша жеке шеберхана ашып, авторлық құқық алдым. Бұл салаға келгеніме 10 жылдан асыпты. Қазір мен Алматыда, ағам Талғарда зергерлікпен айналысады. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде көркемсурет факультетінде қолөнер мамандығы бойынша білім алдым. Көпжылдық тәжірибе осы өнерде төселуіме, жаңа, көзтартар туындылар жасауда көмектесті. Көбіне эсклюзив бұйымдар жасаймын. Әрбір элементті бүге-шүгесіне дейін қиюластырамын. Бұған қоса табиғи тас пайдаланамын. Оларды табу, өңдеудің өзі түсінген адамға үлкен жұмыс. Бізде стандарт дизайндар бар. Арнайы тапсырыспен емес, тек өз қолымыздан шыққан дизайндағы бұйымдарды ұсынамыз, – дейді шебер.

    Бала күнінен әдемілікке құштар кейіпкерімізге бұл қасиет отбасынан дарыған. Бүгінде тек Қазақстанға емес, алыс-жақын шетелде бұйымдары сұраныста. Қырғызстаннан да қызығушылық танытатындар табылыпты.
 – Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облысынан қызығушылар көп. Ол жақтың тұрғындары ұлттық нақыштағы бұйымдарды қатты ұна­тады. Күн­делікті тағып жүреді, басты тұтынушымыз сол жақта. Бізде ең өтімді 5-6 дизайн бар. Олар – «Өмір ағашы», «Қос Қарлығаш», ерекше неке жүзіктері, тағы да басқа. Біз тұтынушыларға арнайы сыйлықтар жасаймыз, тұрақты тұтынушыларға төмендетілген баға қарастырамыз. Қазіргі таңда қызығушылық танытатындар қатары көп. Сұрастырып, мол ақпарат білгісі келетіндер де бар. Әрине, бұл мені қуантатыны анық. Себебі "өз қолымнан шыққан дүниеге, өзгелер қызығып қарап жатса" ол еңбектің бағаланғаны деп білемін, – дейді кейіпкеріміз.

1-8-737x1024.jpg

    Зергердің қолдан істеген жұмысы аз уақытта аяқталады деп ойлаймыз. Бірақ бұл да шабыт арқылы жасалатын дүние. Идея бар, дизайн бар. Барлығын тоғыстырып жасап шығу тағы бар. Бір бұйымды жасау, оны сатылымға шығару оңай дүние емес. Кейіпкеріміздің күн-түн жасаған еңбегіне әртүрлі уақыт кетеді.

    – Бір ай, тіпті бір жыл уақыт керек болуы мүмкін. Мәселен, парақшамдағы тұмаршаны жасап шығаруға бір жыл уақыт жұмсадым. Өйткені оның дизайны, материалы ізденісті талап етті. Эскизден бастап соңғы нәтижеге жету оңай емес. Бірақ бұйымды аяқтағанда жүректе қуаныш ұялайды. Шеберханада тұрақты 4 адам жұмыс істейді. Оған қосымша тас өңдейтін, тағы бірлесіп жұмыс істейтін шеберханалар бар. Өйткені кейбір құралдарды алуға қаржы қолбайлау. Сондықтан серіктестікте жұмыс істейміз. Шеберханадағы барлық зергер – шәкірттерім. Арнайы өткізген курсымнан соң жанымда тұрақтады. Негізі 30 шақты шәкіртім бар. Олардың барлығы зергерлікпен айналысуда. Кейбірінің жеке шеберханасы бар, жеке компанияларда жұмыс істеп жатқандары да жетерлік. Қырғызстаннан, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келіп, шеберлік сабақтарыма қатысуды қалайтын жастар қатары көп. Шеберхананың атауы – «Alash Jewels». Бар қазақты біріктіретін, ынтымаққа үндейтін атау болсын деген ниетпен таңдадым. Сондықтан рудың, жүздің таңбасы бар ешқандай тапсырыс алмаймын. «Руды бiлгенiң – қасиет, руға бөлiнгенiң – қасiрет». Мендік позиция осы, – дейді зергер.

2-5-762x1024.jpg

 Жалпы, бирюза сөзінің мағынасы қазақ тіліне аударғанда бақыт тасы деген мағына береді екен.

  «Қызылордадан бирюза шығады». Бұл – зергердің сөзі. Толығырақ тоқталып өткенін сұрадық. Сонымен оның айтуынша, "бірі білер, бірі білмес. Елімізде «Бирюза» асыл тасы шығады. Ол Балқаштан, орталық Қазақстанда Баянауылдан, кейінгі жылдары Қызылордадан табылды. Тіпті қазақтілді аудиторияда бирюза тасының табиғи немесе пластмасса екенін ажырата алмайтындар бар. Құндылығын енді ұғып жатыр. Негізі мұны өндіретін адамдар оны тек экспорттайды. Ресейге, АҚШ-қа сатады. Ол жақта асыл тасты жақсы бағалайды әрі қомақты бағаға өтеді. Қынжылтатыны, барды ұқсата алмай отырмыз. Сондықтан шикізатты сырттан күтеміз. Жоғарыда «бір бұйым жасау үшін бір жыл уақыт керек» дедім. Бұл – сол шикізатты сарыла күтетін уақыт, – дейді Абзал Молдабек.

      Жоғарыда атап өткенімдей, қазір қазақ қолөнері жақсы дамып, зергерлікпен айналыстатындардың қатары артып келеді. Саннан сапа маңызды рөл атқарады. Сондықтан халқымыздың төл өнерінің дамығаны қуантады. Ұлттық нақыштағы әшекейлерді жаңа заманмен үйлестіре түрлендіріп отыру зергердің басты жұмысы. Осылайша зергердің жасаған өніміне сұраныс артпақ. Зергердің жұмысы аса ұқыптылық пен шыдамдылықты қажет етеді. Нәтижесінде көздің жауын алатын бұйымдар дүниеге келеді. Сондықтан да кейіпкеріміздің барлық әшекейі үлкен сұраныста.

Мөлдір САБЫРЖАН

Тағы да оқыңыз: