Kyzylorda-news.kz. Ел болашағының тұтқасы – жастардың әлеуметтік, физикалық, рухани дамуы, жастар саясаты мемлекет назарынан тыс қалған емес. Жыл сайын шығатын сан түрлі бағыттағы бағдарламалар мен гранттар мыңдаған жасқа мүмкіндік сыйлап келеді. Осы орайда сырбойылық жастардың көшбасшысы, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Талғат Тілеспен өткен жылдың оң өзгерістері мен жаңалықтары жайында сөз еттік.
– «Жастар орталығының» жастардың бос уақытын тиімді өткізуінде, қоғамға белсене араласуында, тұлға болып қалыптасуында қолтаңбасы қалыптасқандай…
– Әрине, орталық – Сыр жастарын бір арнаға тоғыстыратын, жастардың түйткілді мәселелерін шешуге тікелей ықпал ететін, шығармашыл, талантты буынға қолдау білдіретін бірден-бір мекеме. Ал, жастар қоғамның қозғаушы күші ғана емес, мемлекеттің тұрақты дамуының басты механизаторы. Жастарға құйылған инвестиция – өзінің маңызын жоғалтпайтын, қуатты Қазақстанның қарышты дамуына жасалған ең үлкен қадам.
Бүгінде өңір халқының 21 пайызын жастар құрайды. Бір ғана 2022 жылдың ішінде оларды жан-жақты қолдауға бағытталған 5 мыңға жуық шара ұйымдастырылып, оған 100 мыңнан астам жас белсенді қатысты. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар арқылы жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, түрлі бағытта кеңес беруге бағытталған «Мүмкіндіктер керуені» шарасы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Игі шараның нәтижесінде 10 мың жас тұрақты жұмысқа орналасса, маусымдық кезеңдегі жұмыстарға 2 мың жас тартылды. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету бағытында да кешенді шаралар тұрақты түрде атқарылуда.
Өңірімізге арнайы сапармен келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Жастар орталығының» жұмысымен кеңінен танысып, бірқатар бастамаларға оң бағасын берді. Сондай-ақ жуырда өткен облыстық жастар форумында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Сыр жастарын қолдауға бағытталған тың бастамаларды хабарлады. Соның негізінде алдағы уақытта да ерекше жобалар қолға алынып, сырбойылық жастарға бірқатар мүмкіндік берілмек.
– Сыр жастары өнер жағынан өрге қадам басқан. Соңғы уақытта ғылым, технология, жаңа дағдылар бойынша да топ жарып келеді. Талапты жастарға ЖРО тарапынан қандай қолдау бар?
– Сыр елі – қашанда өнер мен жырдың ордасы. Сыр топырағында туған талантты жастар қазір еліміздің түкпір-түкпірінде дарынымен дараланып, елге адал қызмет атқарып келеді. Хош. Біздің жұмысымызға келер болсақ, орталық барлық санаттағы жастарға тікелей қолдау білдіріп келеді. Білім саласында жүргізілген тиімді реформалар арқасында жастар биіктерден көрінуде. Ізденіске құштар жастарды ұштау мақсатында «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен үздік жобалар қолға алынды. Атап айтсақ, «Жас ғалым» облыстық ғылыми жобалар және инновациялық идеялар байқауы, «ТОП – 20 студент» жобасы, алғаш рет «IQ-ORDA» республикалық интеллектуалдық байқауы, «ІNNOFEST» облыстық инновациялық жобалар фестивалі өткізілді. Бұл жобалар білімді жастарды қолдауға бағытталып отыр. Сонымен қатар талантты жастарды үлкен сахнаға шығаруда да орталықтың еңбегі зор. Қазір қоғамға неформалды білім түсінігі терең еніп келеді. Орталықтың қолдауымен ағылшын, түрік тілдерін меңгергісі келетін жастарға арнайы курстар ұйымдастырылуда.
Тағы қоса кетерлігі, тікелей орталық жанынан құрылған ұлттық ережесіз жекпе-жек, таэквондо, каратэ сынды спорт түрлерінен арнайы үйірмелер де жұмыс істейді.
– Жастар санатына кіретін топтың жас ерекшелігіне өзгеріс енді. Бұл замандастарымыздың өміріне қаншалықты әсер етеді?
– Осы кезге дейін 29 жасқа дейінгі жастар мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін мейлінше өз қажетіне пайдаланып келді. Жақында категория 35 жасқа дейін көтерілгендігіне байланысты осы санаттағы әрбір тұлға тұрғын үй мен кәсіп бастауға қолдау беретін мемлекеттік бағдарламаларға еркін қатыса алады. Бұл – әрбір жас үшін үлкен қолдау.
– Жастармен бірге жүріп, өз ортаңды табу бір бөлек. Олардың көшбасшысы болу – үлкен жауапкершілік. Мағжан сенетін жастардың бойында болу керек қасиет қайсы?
– Жастар – ел үміт күтетін болашақтың темірқазығы. Қай қоғамды алсаңыз да, жастарға артылатын жауапкершілік жүгі жоғары. Жастар қандай болуы керек деген сауалға әрбіріміз жауап бере аламыз. Ал менің ойымша, жастардың бойында ең алдымен еңбекқорлық, білімге, жаңаны тануға деген құштарлық болуы қажет. Әр қазақ баласы өзі сүйетін дүниемен айналыса алатын рухани кемел тұлға болуы керек. Шәкәрім атамыз: «Біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс өлгенше» дейді ғой. Осы ұстаныммен жүрген әр адам жаман болмасы анық. Сан салалы мемлекеттік сектор – жастар саясатында жүргеніме біраз уақыт болды. Сондықтан жастар мемлекет дамуына ықпал ете алатын, тікелей жұмыс жүргізе алатын буын деп толық сеніммен айта аламын. Әр жастың өзіне артылған жауапкершілікті сезінуі аса маңызды.
– Сұхбатыңызға рахмет!