Kyzylorda-news.kz. Өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Алайда бір терінің пұшпағын илеп жүргенмен, маңдай тері мен уақытын осы салаға арнауға, ел мені елесе демей-ақ еңбек етуге дайын шын таланттар аз. Соның бірі - қазалылық әнші, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпазы, бүгінде вокал бағыты бойынша шәкірт тәрбиелеп жүрген жас ұстаз - Рақымжан Мақсатбаевпен сұқбаттасқан едік.

- Рақымжан, өнерге қалай келдіңіз? Кім немесе не мұрындық болды?

- Өзім Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде дүниеге келдім. Мектепте 4 сынып оқып жүргенімде алғаш рет әннен конкурсқа қатысып жүлделі 1- орын алғаным есімде.

Бала кезімде бұл тек хобби деп қарап, кез келген жерде ән айт десе айта кететінмін. Есейе келе мектеп табалдырығын тәмәмдап, Алматыдағы Қазақ ұлттық Аграрлық колледжінің “Метрология, стандарттау және сертификаттау” деген мамандыққа оқуға түстім. "Мысық сойса да қасапшы сойсын" деген сөз бар. Оқып жүріп аталған саланың менікі емес екенін түсіндім. Сонда да жақсы нәтижеде аяқтап, сүйікті ісіммен айналысу үшін Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне “Эстрадалық вокал” мамадығына түстім. Бұл колледж менің музыкаға деген ынтамды ашты. Колледжді 2017 жылы тәмәмдап, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің “Музыкалық білім” мамандығында жоғары білім алдым. Сүйікті ісің болса, оқудан, жаңа қырын білуден жалықпайсың. Осыны анық түсіндім. Кейіннен туған жерге оралып, аудандық мәдениет саласына үлес қосуды жөн санадым. Осылайша 2019 жылдан бері Әйтеке би кенттік мәдениет Үйінің “Музыкалық жетекшісі” қызметін атқарып келемін.

Өнерге келуіме аға әпкелерім мұрындық болды десем, артық емес. Әкем 11 ағайынды. Барлығы да өнерге жақын, бір-бір аспапты жанына серік еткен жандар. 6 жасымда сол аға-әпкелеріммен “Мақсатбаевтар” отбасылық ансамблінің кезекті бір концертінде алғаш рет бірге сахнада өнер көрсеткенім бар. Сол сәттен бері сахнадамын. 

- Қазіргі таңда шәкірт дайындап, конкурстан жүлдемен оралатын жас әншіден кәсіби білікті маманға айналдыңыз. Орталықтың жұмысына тоқталсаңыз... 

- 2021 жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауымен балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін мемлекеттік шығармашылық және спорттық үйірмелер ашуға мүмкіндік берілген болатын. Бұл мүмкіндікті мен де пайдаланып 2022 жылдың Наурыз айында “Адиля” өнер орталығын ашқан едім. Қазіргі таңда шағын орталықта “Ұлттық (халықтық) билер”, “Дәстүрлі ән”, “Домбыра” және “Вокал” үйірмесі жұмыс жасап тұр. Шәкірттеріміз бір жылдың ішінде ұстаздарының кәсіби біліктілігі мен тыңғылықты дайындығының арқасында түрлі Халықаралық, Республикалық, Облыстық, Аудандық конкурстардың жүлдегерлері. Орталық 150 баланы үйірмемен қамтып отыр. Оның ішінде тегін оқуға 100 бала тіркелген болса, қалған балаларға ақша бөлінбесе де құқығығы тең болсын деп тегін оқытудамыз. Шәкірттеріміз ауданымызда түрлі іс-шараларда өз өнерін көрсетіп, халықтың ықыласына бөленіп жатыр. Ұстаз үшін осыдан артық бақыт жоқ.

- Ауылдық жерде мәдениетке миллиондап ақша құйылмаса да тасада қалған таланттар көп. Баланың бойындағы дарынын байқап қоятын сіз секілді ұстаздар шығар..? Ауыл балаларымен қандай жұмыстар атқарылуда?

- Балалар біздің болашағымыз, өзім өнерді жақсы көрген соң осы балалардың өнерін шыңдауға кішкене болса да көмегімді тигізгім келеді. Бірақ аймақта жалға берілетін ғимараттың болмауына байланысты балалар орталыққа баруға алыссынады. Әйтпесе, баян, гитара үйірмесін ашқан едік. Бала санының аз болуына байланысты үйірме жабылып қалды. Ол үйірмелерге ақша бөлінбесе де, өз айлығымнан ұстаздарға жалақы беріп, үйірмені көбейткім келді. Орталықтың болашағы алда. Талай шәкірттің талантын шыңдап, кәсіби бағыт берерімізге сенемін. Себебі орталықты ашу мақсатым байып кету емес, ақша үшін емес. Бастысы ауыл балалары тасада қалмай, өнермен айналысса, бос уақытын тиімді өткізсе, бұлақтың көзін аша алсақ деген ниет бар.

- Өзіңіз талай рет республикалық, халықаралық конкурстарда жеңімпаз атандыңыз. Дегенмен өнер жүлдемен, ақшамен өлшенбесе керек. Өнер немен өлшенеді?

- Мен үшін өнер шәкірттерімінің жетістігімен, қол жеткізген мақсатпен, халықтың ыстық ықыласымен өлшенеді. Сахнадан биік табалдырық жоқ. Тек осы биіктен түспейік…

- Рақмет!

Тағы да оқыңыз: