Kyzylorda-news.kz Бүгінде шетелде жұмыс істеуді армандап қана қоймай, оны алдына мақсат етіп қойған жастардың қатары көбейді. Бірі өзге елдің жақсы жалақысына қызықса, енді бірі тәжірибе жинақтап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалына үлес қоссам деп талпынады. Солардың бірі – қазалылық Нұртас Бақтияр. Мол қаражат, ілім мен білім іздеген ол қазіргі таңда Германия елінде жұмыс жасауда. Талапшыл жаспен байланысып, шетелде жұмыс жасаймын деген қазақ баласын қандай қиындық немесе мол несібе күтіп тұрғанын және сонда қызмет етудің тиімділігі жайында әңгімелескен едік.
– Нұртас, жалпы өзіңіз жайлы толыққанды айта өтсеңіз...
– Мен қазыналы Қазалыдан туып, балалық-шағым, жиырма жылдан аса өмірім сонда өтті. №249 мектеп-лицейден түлеп ұшып, арман қуып бас қаламыз Астанаға келдім. Осында отбасын құрып, қазіргі таңда жұбайым, бір баламмен осында тұрып жатырмыз.
– Шыны керек, бүгінде елімізде жастардың дені шетелде жұмыс жасауды мақсат қылған. Мұның сыры неде? Тиімділігі һәм тиімсіздігі қайсы?
– Әрине, мұндағы тиімділіктің бірі – жалақының жоғарылығы. Барлық елдегідей бір күнде сегіз сағат жұмыс жасайсыз. Ал сенбі-жексенбі күндері демалыс. Бірақ осы күндері де жұмыс жасаймын десеңіз қосымша сағаттар жазылады. Тиісінше жалақы да жоғарырақ болады. Басқа да тиімділіктерін атап өтсем, үш мезгіл сапалы өнімнен жасалған тағамдар, жатын орныңызды жұмысқа орналастырушы компания төлейді. Бұдан бөлек, таза ауа, еуропа елдерінде қызмет етсең визаға сай бос уақытыңызда жақын маңдағы басқа да елдерге барып көрсеңіз болады. Осы тектес басқа да тиімді тұстары жетерлік. Ал тиімсіздігі көбіміз білетіндей медицина, дәрі-дәрмек қымбат.
– Қазіргі таңда Германия елінде жұмыс жасап жатырсыз. Онда қандай маман болып қызмет етудесіз?
– Иә, қазір Германия елінде жұмыстамын. Өз мамандығым энергетик маман. Мұнда кеме құрастыратын компанияда осы мамандық бойынша қызмет етудемін. Жалақым елдегіден бірнеше есе жоғары. Жанымда басқа да қазақстандықтар бар.
Негізі көпшілік шетелге жұмыс десе, құлпынай теру, қоймаларда жүк тасушы немесе ауылшаруашылықтарында қара күшті жұмсау деп түсінеді. Білмесеңіздер, шетелде де өз мамандығыңыз бойынша қызмет етуге болады. Мүмкіндік көп.
– Бұған дейін елде қандай қызмет атқардыңыз? Екі елмен салыстырмалы түрде көрсек...
– Қазақстанда көптеген компанияларда жұмыс жасадым. Павлодарда аймақтық электр мекемесінде, Астанада қосалқы станция басшысының орынбасары сынды көптеген қызметте болдым. Жоғарыда айтқанымдай оқыған мамандығым электр-энергетика. Бұл – елде аса бағалана бермейтін мамандықтың бірі. Сол үшін Қазақстандағы жалақым тым төмен болды. Мен шетелге жұмысқа аттануымның басты себебі баспана алу үшін қаражат жинау болды. Экономист мамандармен ақылдасып, есептеп көрсек, елімізде баспана алу үшін несие алу қажет немесе несиеге алып, оны 15-20 бойы төлеп өту керек. Салыстырмалы түрде қарасақ, менің Қазақстанда төрт жыл бойы еңбек етіп, тапқан жалақымды шетелде бір жылда табады екенмін.
– Көбіне осылай шетел асып, нәпақасын молынан тапқысы келген қазақ жастары көбіне алаяқтарға тап болып жатады. Сондай жандарға жолығып қалмасы үшін қандай кеңес бересіз?
– Қазір алаяқтықты да өз алдына жұмыс қылып, кәсіби түрде кіріскендер көп. Олар ақша қайда мол сонда жүреді. Елімізде шетелмен байланысып, жұмыс тауып, онда орналастырушы делдал компаниялар баршылық. Оны әшейін әлеужелі не ғаламтордан тауып, бара саламын деген далбаса. Олай етемін деп әуре болмаңыз, алаяққа жем боласыз. Өзім де алғашқыда алданып қалғанмын. Әдетте құжатына, басқасына бір миллион теңгеге жуық қаражат жинап баруыңыз керек елге 50 пайыз жеңілдікпен шығарып саламыз деген сынды жарнамаларда баршылық. Мұның барлығына сенбей, мұқият тексеріп шығуыңыз қажет. Ал сенімді өкіл іздер болсаңыз, "Tabystap.kz" сынды осы саладағы тәжірибесі мол компаниялар бар. Соған жүгінгеніңіз абзал.
– Нұртас, турасны айтқанда шетелде жұмыс жасаудың артықшылығы басым болмаса кемшілігі азы бәрімізге мәлім. Шетелдердегі жоғары жалақы, жақсы жағдайды естіген жастың көбі елден бір жола безіп кеткісі келмейді ме? Сіздің ойыңыз қалай? Жоспарыңыз ше?
– Әрине, шетелде қоғам үшін қолайлы орта, жақсы жағдай жасалған, рас. Бірақ сол қолайлылық сырт елден келген мигранттарға, қызметтік не туристік визамен келген жандарға толыққанды жасалмайды. Олай болмаса да, менің мұндағы мақсатым жоғарыда айтқандай молырақ қаражат тауып, Отан-анаға қайта оралу. Сондағы жай-күйімді реттеп, Астана қаласындағы қызметімді қайта жалғастыру. Жастарға, кейінгі буынға айтарым, шетелге шығыңыздар көз қарасыңыз, ойлау өрісіңіз кеңейеді. Бірақ елге қайта оралуды ұмытпаңыздар. Шетелдегі қажетті қаражатты, ресурстарды, білімді алып, Отан-анаға беріңіздер, адал қызмет етіп борышыңызды, міндетіңізді орындаңыздар дегім келеді. Әсте, ата-бабамыз "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" деп бекер айтпаса керек!
– Сұхбатыңыз үшін көп рахмет, ісіңізге сәттілік тілейміз!
Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА