Kyzylorda-news.kz. Киелі қармақшы жері жыраулық өнерімен елдің қошеметін иеленсе, спортымен де көпті таңқалдыруда. Боз кілемде белдесіп, жеңіс туын желбіретіп жүрген балуандар мен мақтан тұтар спортшылар жетерлік. Осындай жас өрендерге қандай жағдай жасалған, олардан қандай үміт күтеміз деген сұрақтармен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаевпен тілдескен едік.

– Нұрбол Төлендіұлы, алғашқы сұрақты өзіңізден бастасақ. Сіз спортқа қалай келдіңіз? Бала кезден спортқа құмарттыңыз ба? Кім болсам деп армандадыңыз?

– Осы ауданда 6-7 жасымда спорт мектебінің күрес бөлімшесіне қабылдандым. Ол уақытта күрестен жаттықтырушы қазіргі спорт мектебінің басшысы Алмат Қодаров еді. Осы кісінің алғашқы тобының құрамында болдым. Қазақ, самбо, дзюдо күресімен шұғылдандық. Біздің бала күнімізде де Әлжан Төремаханов жетекшілік ететін спорт мектебінің жетістігі мол еді. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларға еліктеп, оларға деген құрметіміз артып, қызығушылығымыз өмірлік мақсатымызға айналды. Мектепті бітірген соң, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды Ү.Томанов атындағы мектепте мұғалім болудан бастадым. Кейіннен аудандық спорт бөлімінде жетекші маман болып мемлекеттік қызметке қабылдандым. Мұнан соң, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында бас маман, 2020 жылдан бері аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметін атқарып келемін. «Тал-дарақ бір жерде көгереді» деген бар емес пе? Осы қағиданы ұстанып ержеттік. Сол себепті өзім тізгінін ұстаған бір салада жүріп, тәжірибе жинақтап, бүгінгі күнге жеткен жайым бар.

– Жалпы аудан халқының бұқаралық спортқа көзқарасы қандай? Көпшілік халықты спортқа баулу үшін қандай іс-шаралар қажет деп ойлайсыз?

– Иә, бұл біздің бақылауымыздағы дүние. Ауданда спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанғысы келетіндер жетерлік. Алайда оларды толықтай қамтитын спорттық нысандар жеткіліксіз. Мәселен, аудан орталығында бір ғана денешынықтыру-сауықтыру кешені бар. Мұндай кешен 2018 жылы Төретам кентінде салынды. Одан бөлек, біз бұқаралық спортты дамыту үшін жалпы білім беретін мектептердің спортзалдарын пайдаланамыз. №250, №183, №26, №121 мектептің директорларымен келісіп, кешкі уақытта ересектердің спорттық ойындар ойнауына мүмкіндік алып отырмыз. Осындай олқылықтың алдын алу үшін кентімізде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Биыл бұл кешеннің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Ақай ауылдық округінде де дәл осындай кешен бой көтеруде. Бұл кешендерде бір мезгілде 400-ге жуық жасөспірім өзін шынықтырса, кешкі уақытта осынша ересек адам бұл кешенге келе алады.

– Жасөспірімдердің спортқа құлшынысы қандай?

– Жалпы алғанда спортқа құлшынысы жақсы. Екі спорт мектебінде, спорт клубында 2217 жасөспірім спорт түрлерімен шұғылданады. Статистикалық есебімізге келетін болсақ, бұл аудан жасөспірімдерінің 17,6 процентін құрайды. Алдағы уақытта екі құрылыс нысаны пайдалануға берілсе, спортпен шұғылданушы жастардың қатары артатыны анық. Осы ретте айта кеткен жөн, қазіргі уақытта спортты көп ата-аналар екінші, үшінші сатыға қояды. Бірінші білім алу керек, ағылшын тілін меңгеру керек, математика, тағы басқаны білуі тиіс дейді де бала дүбәраланып, тілі шұбарланып, спорт пен өнерге баруға уақыты жоқ болып қалады. Алайда, өсе келе елімізді, жерімізді кім қорғайды? Бүгінгі балалар тым әлжуаз, жүйкесі де әлсіз. Спортпен шұғылданбаған бала шыдамсыз болады. Мәселен, бір жаттығуға келген бала бір сағат, екі сағат жүгіреді, бір әдіске жаттығу үшін оң иық және сол иықпен әрқайсысын 20-30 рет қайталауың керек, мұның бәрі еңбекпен, шыдамдылықпен келеді. Таңнан кешке дейін смартфонда ғана отырған бала тек дайын нәрсеге үйреніп қалмай ма? Ол миына, көзіне зиян. Смартфонның өзі алақандай ғана нәрсе ғой, миы да, ойлау қабілеті де сондай қысқа болып шектеліп қалады. Сондықтан балалар міндетті түрде спортпен шұғылдану керек. Бұл дегеніңіз, әрқайсысы міндетті түрде әлем чемпионы болып кету үшін емес, өзінің саулығы үшін, жетілуі үшін керек. Тәні сау адамның ақыл-ойы сау. Баланың патриоттық сезімін, намысын осылай ояту қажет.

– Балалардың жазғы демалысына орай спорт үйірмелеріне келушілердің қатары арта ма?

– Әрине. Сонымен қатар жаз мезгілінде жасөспірімдерге арналған іс-шаралар да көптеп өткізіледі. Бұл жөнінде «Төретам жастары» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік серіктестік бойынша жеңімпаз атанған. Сол бойынша іс-шаралар өткізілуде, сондай-ақ оның әрбірі әлеуметтік желілерде жариялануда. Мұның барлығы жазғы демалыс уақытында балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін жасалуда. Онан бөлек, қазіргі уақытта 4 заңды тұлға «Чемпион», «Жалын» секілді үйірмелерді қолға алып, 600-ге жуық баланы қамтып отыр. Оның екеуі Дүр Оңғар және Ақтөбе ауылдарында.

– Соңғы уақытта түрлі додадан топ жарып, аудан мерейін асырып жүрген спортшылардың қатары көбеюде. Осы жөнінде айта кетсеңіз…

– Бұл жерде жеке жаттықтырушының және спортшының өз еңбегі. Жаттықтырушы деген мамандық иесі уақытпен санаспайды, еңбек демалысы деген болмайды. Мәселен, екі дүркін Әлем чемпионы Ерасыл Сәулебек алда өтетін жарыстарға дайындық үстінде. Жоспарлы жарыстарға баратын спортшы мен жаттықтырушы керісінше дайындықты күшейтеді. Мұндай кезде жаттықтырушыда еңбек демалысы, балада каникул деген болмайды. Себебі барлық жеңістің астарында көзге көрінбес еңбек пен төгілген тер, мықты ерік-жігер бар.

– Алға қойған жоспарыңыз қандай?

– Спорт мектептері мен жаттықтырушылар жеке спортшының жеңісін мақсат тұтса, біздің бөлімнің діттегені – жалпы халықты бұқаралық спорт түріне тарту, оларға мүмкіндік жасау.Аудан 2023 жылдың жұмыс жоспарна сәйкес барлығы 282 спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда барлығы 67 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 6 614 спортшы қатысқан. Атап айтар болсақ: ауқымды шараларға Наурыз мейрамы қарсаңында, «Нашақорлыққа жол-ЖОҚ!» атты аудандық мектеп оқушылары арасындағы «Көңілді старт» жарысы, ұлттық спорт түрлеріне, ойын түрлерінен және жекпе жек спорт түрлерінен іс-шаралар өткізілді.Қармақшы аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің   2023 жылға арналған жұмыс жоспарында партияның «Бақытты Отбасы» жобасын іске асыру, отбасының рөлін арттыратын және отбасылық құндылықтарды нығайтатын 23 спортық іс-шара бекітіліп, бүгінгі күнге дейін аталған жоба аясында 4 спорттық іс- шара өткізіліп, оған    64  спортшы қатысқан.
Аудан спортшылары спорт түрлерінен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен Кубоктарында  6 алтын, 8 күміс, 6 қола медальды жеңсе, Әлем біріншілігінде 3 алтын, Европа Кубогында 1 күміс медальді жеңіп алды. І разряд нормативін 8 спортшы, Қазақстан Республикасынына спорт шеберлігіне үміткер – 40,  «Қазақстан Республикасынына спорт шебері» атағын 4 спортшы Р.Келманов, Ә.Рүстемова, А.Алимов, Н.Пернебай, «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын 2 спортшы Еламан Ерғалиев, Ерасыл Сәулебековтер  иеленді.
17-18 наурыз аралығында Рига қаласында (Латвия) өткен дзюдодан Европа Кубогында жерлесіміз Еламан Ерғалиев 100 кг жоғары салмақ дәрежесінде ІІ орынды иеленсе, 25 наурыз – 2 сәуір аралығында Албания мемлекетінің Дуррес қаласында өткен ауыр атлетикадан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Ерасыл Сәулебеков екінші мәрте Әлем чемпионы атанды.

– Жанұяңыз жөнінде айта кетсеңіз, «ат тұяғын тай басар» демекші, ізіңізді жалғап, өзіңіз секілді спортшы болатын ізбасарыңыз бар шығар…

– Иә, бар. Алла аманат еткен 5 балам бар. Үлкен ұлым қол күреспен шұғылданады. Екі мәрте Қазақстан біріншілігінен, өткен жылы Самарқантта Азия чемпионатына қатысып, жүлдегер атанды. Бүгінде әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Мұнан бөлек, ауыл жасөспірімдерінің спорт ойындары өтеді. Соған дайындық үстінде. Ол әрі қарай да өмірін спортпен жалғап, әке жолын қумақ ниетте.

– Сіз қазақ спортының болашағын қалай елестетер едіңіз? Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Негізінен қазақ спортының келешегі жарқын. Олимпиадалардың жоғары шыңдарын бағындыруда ел спортшыларының әлеуеті жетерлік. Бір ғана біздің өлкеден онға жуық әлем чемпионы шығып отыр. Біз қарап отырсақ, республикаға қарасты бір ғана ауданбыз. Сондықтан әрі қарай есептей беріңіз. Сонымен қатар, кешегі Мақсаттың «Қазақстан барысы» атануының өзі халықтың күрес спортына тартылуына, Ерасылдың ауыр атлетикадағы үлкен жеңісі қатарластарының өміріне үлкен әсер қалдырды. Олар өздеріне ғана жеңіс сыйлап қойған жоқ, олар спортты насихаттады. Табанды тер төгіп, спортпен шұғылдансаң, осындай дәрежеге жетіп, биік шыңдарды бағындыруға болатынына айқын дәлел болды. Ерасылдың себебімен жаздың ыстық күніне қарамастан ауыр атлетикаға келушілердің де қатары артқан. Өмірлік ұстанымым – әрдайым қозғалыста, ізденісте болып, саламатты өмір салтын ұстану. Ал отбасында әкенің рөлі маңызды. Әрбір жанұяда әкенің сөзі, оның тәрбиесі бірінші орында тұруы тиіс. Сонда ғана елін сүйетін ерлер, жеңіс туын желбіретер жігерлі жастардың қатары артады.

– Уақыт бөліп, әңгімелсекеніңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: