Kyzylorda-news.kz. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің иесі. Олардың білімді, жан-жақты, жаңашыл болуы үшін ұстаздар аянбай тер төгуде. Қазіргі жаһандану заманында қай білімді игеруге де мүмкіндік мол. Тағы бір оқу жылы аяқталуға жақын. Түлектердің дайындығы қалай, нендей өзгерістер күтуде? Осы орайда Қармақшы ауданы білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиевамен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Гүлзира Мәжитқызы, жаңа қызметке келгеніңізге көп болған жоқ. Бұл саланың жауапкершілігі жоғары, көтерер жүгі ауыр екенін білеміз. Мектепті ұзақ жыл басқардыңыз. Алдағы уақытта осы саланың тәжірибелі маманы ретінде қандай жұмыстарды жүзеге асыруды ойлап отырсыздар?
– Биылғы жылдың ерекшелігі ауданда білім саласы бойынша бір жаңа мектеппен толықтырылуда. Яғни №284 мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ашылды. Материалдық техникалық базасы үшін мектеп жанынан қосымша спортзал құрылысын салуға жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуге, мемлекеттік сараптамадан өткізу сонымен бірге пәндік кабинеттер сатып алуға қаржы қаралып, облыстық білім басқарамасы арқылы сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі Қазақстан-Ресей үкімет аралық комиссиясы отырысының күн тәртібіне сәйкес Байқоңыр қаласындағы Ресей Федерациясына қарасты 7 орта мектептерінде «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» секілді оқуға міндетті пәндер немесе қосымша сағаттар ретінде енгізу мүмкіндіктерін қарастыру үшін жұмыстар атқарылуда.Аудандағы барлық білім беру ұйымдарында «Оқуға құштар мектеп», «Дебат қозғалысы», «Балалар және театр», «Мектеп парламенті», «Жылыжай» жобалары жоспарлы жүзеге асырылып түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Жоба жұмысы оқушылардың көшбасшылық қабілетін дамытып, ата-ана мен мектеп арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуда. Аталған жоба жұмыстарына 8 000 нан астам балалар қамтылған. №277 мектеп-лицейінде «Обсерватория» кабинеті ашылды. Обсерваторияда заманауи жабдықталған құрал-жабдықтар, аспан әлеміне үңілуге мүмкіндік беретін жетіқарақшы сынды басқа да жұлдыздармен көмкерілген кабинеттің жоғары бөлігі – білім алушыларды астрономияға біртабан жақындатып, оларға телескоп арқылы аспан әлемін зерттеп игеруге жол ашуда.
– Сапалы білім беру қызметінде мұғалімнің кәсіптік деңгейі маңызды рөл атқарады. Сіздің ойыңызша, ұстаз қандай болуы керек және ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға қандай жұмыстар жасалуда?
– Мектептегі ұстаз – баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре біледі. Өмірдегі көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – мұғалім. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі, біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, «білсем, үйренсем» деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау – әр мұғалімнің борышы. Ол – өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.Бүгінгі күн мұғалімнің біліктілігін арттыруды жалпықоғамдық мәселе ретінде қарастыру қажеттігі туған кезең. Себебі, білімді тереңдету, молайту, жетілдіру, арттыру жеке басы үшін ғана емес, қазіргі қоғамға қажет әрекет деп қабылдауымыз керек. Мұғалімнің кәсіби біліктілігі оның іс әрекетінің тиімді болуының теориялық және жалпы әдіснамалық негізі болып табылады. Оның кәсіби білігі оның практикалық қызметінде іске асырылады. Біліктілікті арттыру курстары арқылы мұғалімдерді жетекшілік, бағыт берушілік, ұйымдастырушылық, түзетушілік әрекеттерді атқаруды үйретеді. Оқытушының осындай әрекетіне білім алушы да бойындағы бар білімін көрсете байланыс жасағанда ғана сапалы нәтижеге жетуге болады. Мұғалімдердің білім сапасын, біліктілігін арттыру мақсатында аудандағы 2208 мұғалім жүз пайыз облыстағы Педагогикалық шеберлік орталығынан, «Өрлеу» біліктілік арттыру институтынан курстардан кесте бойынша өз уақытында өтуде.
– «Ел ертеңі – білімді ұрпақ» дегендей, жалпы білім беретін мектептердің жай-күйі мен білім сапасы қандай деңгейде?
Қармақшы ауданында жалпы білім беретін – 29 мектеп, 2 – мектептен тыс мекеме, 1 – кешкі мектеп жұмыс жасайды. Аталған мектептерде ағымдағы жылы 15116 оқушы мектеп партасында отырса, олардың 1478-і бірінші сыныпқа қабылданды.
Аудан бойынша үш аусымда оқитын мектеп жоқ. «Жайлы мектеп» жобасы аясында апаттық деп танылған №105, №108 мектеп ғимараттарын қайта салу жұмыстары енгізілді. Жаңадан салынып жатқан мектеп және балабақша құрылысы жоқ.
2022 жылы кент орталығындағы №121, Ақжар ауылындағы №28 мектеп, Төретам кентіндегі №85 орта мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. №30 мектептің жылу жүйесіне республикалық бюджеттен қаржы бөлініп сұйық отыннан табиғи газға ауыстырылды. Білім сапасын дамыту мақсатында аудан мектептері жылма-жыл жаңа модификациялы пән кабинеттерімен толықтырылуда. 2022 жылы 5 пән кабинеттері мен 12 мектепке инлюзив кабинеттері құрылғыларымен қамтылды. Жалпы білім беретін мектептердің 76 пайызы аталған кабинеттермен қамтылған. Берілу жылына сәйкес кезектілігімен ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. 22 білім беру ұйымында бейнебақылау камерасы полиция бөліміне қосылған. 17 білім беру ұйымында дабыл түймесі бар. 2023 жылға 3 (№113, №107, №199) мектепке бейнебақылау камералары және 6 (№28, №29, №105, №107, №108, №30) мектепке дабыл түймесін орнатуға қаржы бөлініп, сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
– Бұл күндері педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі де кеңінен қозғала бастады. Аудан мұғалімдерінің білім деңгейі қандай?
– Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы №533 бұйрығы негізінде көптеген ерекшеліктер және мұғалімдерге жеңілдіктер бар, 123-тармағында бейіні бойынша 30 және одан көп жыл педагогикалық өтілі бар педагогтер жаңа жүйе бойынша берілген біліктілік санатын растаған кезде ПББ тапсырудан босатылады және қызмет нәтижелерін кешенді жинақтаудан өтеді, портфолио тапсырудан босатылған. Ал 50-тармақта жасы бойынша зейнетақыға дейін төрт жылдан аспайтын педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады және қолда бар біліктілік санаты зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады. 2022-2023 оқу жылында аудан бойынша Педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға 514 мұғалім өтініш берді, педагог сарапшыға-210, педагог модераторға – 279, білім беру ұйымдарының басшылары және орынбасарларынан 25. Кәсіптік білімін қандай жұмыстар атқарылуда дегенге: әдістемелік кабинет меңгерушісі Ш.Наукебаева аудан мұғалімдерін және орынбасарларын басын қосып, ZOOM платформасы арқылы бұйрықтар мен нормативтік құжаттармен таныстырып отырады.
– Мектеп директорларына қандай талаптар жүктеліп отыр?
– Қазіргі уақытта мектеп директорының рөлі өте жоғары деңгейде. Заман талабына қарай инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеру, үштік одақ – мектеп, оқушы, ата-ана арасындағы тығыз байланыс, оқушы өмірінің қауіпсіздігін сақтау, Президентіміздің берілген тапсырмаларына орай Ұлттық жобалармен жұмыс жасау алғашқы орынға қойылған.
– Жоғары сынып оқушылары үшін ҰБТ кезінде үлкен қарбалас басталатыны белгілі. Биылғы түлектерді қандай ерекшеліктер мен өзгерістер күтіп тұр. Жалпы, оған дайындық қалай?
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орнына түсуге арналған іріктеу емтихандарының негізі. Сондықтан негізгі мақсат – бітірушілердің жинаған балы және таңдауы бойынша бағыт бағдар бере отырып жоғары және арнаулы оқу орындарына, кәсіптік техникалық колледждерге орналастыруға, бітірушінің себепсіз бос орналаспай қалмауына бақылау жасау. Аталған бағытта бітірушілермен кәсіби бағдар беру мақсатында жыл көлемінде жұмыстар атқарылуда. 2022 жылмен салыстырғанда жалпы тестілеуде өзгеріс 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы қатаң сақталады. Компьютерлік экрандарда тестілеудің өзінде калькулятор, периодтық кесте және тұздардың ерігіштігі қолжетімді болады деп көрсетілген. Пәндер саны да өзгеріссіз қалады.
– Аудан бойынша қанша түлек мектеп бітіреді? Оның нешеуі Алтын белгіге, нешеуі үздік аттестатқа үміткер?
– 655 оқушы мектеп бітіріп орта білім туралы аттестат алады. Бітірушілердің 90 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп күтілуде, қаңтар айындағы ақылы тестке 91,8 пайыз, наурыз айындағы ақылы тестке 81,5 пайызы қатысты. Қыркүйек айынан бастап бітірушілерден айына 2 рет, кейбір мектептер 3 реттен байқау сынағын тапсыруда. Дайындық жұмыстары жүйелі жүргізілуде. 42 бітіруші Алтын белгі аттестатына, 69 бітіруші үздік аттестатқа үміткер.
– Тағы бір оқу жылын тәмамдағалы отырсыздар. Қандай жетістіктер бар?
– 2022-2023 оқу жылында педагогтер мен оқушылар біршама жетістіктерге жетті. №274 орта мектептің 11 сынып оқушысы Д.Нурболатов жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі Р.Ильясова облыстық кезеңнен І орынмен, республикалық олимпиаданың қоғамдық гуманитарлық бағыты бойынша тарих пәнінен ІІ дәрежелі дипломмен «Күміс медаль» иегері атанды. «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық форумның облыстық кезеңінде №274 орта мектептің 9 сынып оқушысы Н.Султанаева ІІІ орын, №273 орта мектептің 9 сынып оқушысы Т.Абдыбахит ІІ орын, №27 орта мектептің 9 сынып оқушысы Ж.Әбен ІІІ орын, №275 орта мектептің 9 сынып оқушысы Г.Айдарбекова І орын, №79 негізгі мектептің 9 сынып оқушысы Н.Ерахмет І орын, №30 орта мектептің 10 сынып оқушысы П.Мұратбекова І орын, №277 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Е.Батырхан І орын, №277 мектеп- лицейінің 10 сынып оқушысы А.Ибашқызы І орын, №277 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы М.Аязбаева І орын иеленіп, республикалық кезеңге 6 (№30-1,№79-1,№275-1,№277-3) оқушы жолдама алды. №107 орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі А.Алмагамбетов Республикалық Спорт жұлдыздары газетінің жүлдесі үшін «Үстел теннисінен» І орын иеленді. №121 орта мектебінің дене шынықтару пәнінің мұғалімі А.Асқарбаев ұлттық мектеп лигасы (жеңіл атлетика) бойынша облыстан І орын еншіледі. №105 мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі Н.Тулеков Республикалық «RoboPark.kzRoboSport» ІІІ ашық чемпионатына жоғары деңгейде команда дайындағаны үшін мапаратталды.№279 мектеп-лицейінің психологы Э.Медеуова «Үздік педагог- психолог-2023» облыстық кезеңінде І дәрежелі дипломмен марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алды.№273 орта мектебінің 10 сынып оқушысы А.Ержанова жетекшісі тарих пәні мұғалімі М.Бекмуратова «Құнды құжат» Республикалық байқауының ІІ дәрежелі диплом иегері атанса, №26 мектептің 7 сынып оқушысы М.Алтынбайқызы жетекшісі қазақ тілі пәнінің мұғалімі И.Әбдіхалықова, Республикалық «Ясауитану -2023» байқауында облыстық кезеңнен ІІ орын, республикалық кезеңінен «Ынталандыру» дипломымен марапатталды.№275 мектептің 8 сынып оқушысы Ж.Мырхиева «Жарқын болашақ» олимпиадасы бойынша облыстық кезеңнен ІІІ орын жеңіп алса, №272 мектептің 10 сынып оқушысы Қ.Абилтаев облыстық Ақберген байқауы мәнерлеп оқудан ІІ орын иеленді. №26 мектептің 9 сынып оқушысы А.Сүйінбай облыстық пәндік олимпиададан ІІІ орын, №26 мектептің 9 сынып оқушысы Н.Кеңесбаева «Әуезовтану» олимпиадасынан облыстық кезеңінен І орын, №277 мектеп-лицейінің 5 сынып оқушысы А.Сахиева Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар арасында «Менің қолымнан бәрі келеді» облыстық олимпиада ІІІ орын, №250 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы І.Жансүгіров байқауында облыстық кезеңінен І орын, №79 мектептің 9 сынып оқушысы «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акция аясында мәнерлеп оқу байқауынан облыстан ІІ орын, №99 мектептің 8 сынып оқушысы С.Аманжол «Мен жастарға сенемін» облыстық мүшәйра ІІІ орын иеленді.
– Балалардың жазғы демалысы қалай өтеді?
– 2023 оқу жылында 1-10 сынып аралығында 14420 оқушының 9716-сын (67 пайызы) жазғы демалыс және еңбекпен қамту жұмыстарын жүзеге асырылуы жоспарлануда. 392 оқушы сыртқы лагерьге (5-8 сынып оқушылары) қамтылады. (10499998) Мектеп жанындағы тамақсыз тынығу лагеріне 3121 оқушы (1-4 сынып оқушылары).2039 оқушы еңбекпен (1359 көркейту-көгаландыру бригадаларында 9 сынып оқушылары, 680-і еңбек бригадаларында оқу практикасы есебінен 10 сынып оқушылары қамтылмақ.Мектеп жанынан құрылған аулалық клубтарда 2765 оқушы, 793 оқушы дебат үйірмесіне, оқушылар үйінің жанынан құрылған «Жас толқын» аулалық клубқа 500 оқушы қамтылмақ. Ата-ана, кәсіпкерлердің демеушіліген 106 оқушы лагерьге жолдама алуға қамтылады деп жоспарлануда.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет!