Kyzylorda-news.kz. Сыр елі – өнер ордасы дейтін болсақ, оның ішінде 100 жырауын жүзіктеген біздің ауданның өнер мен мәдениеттегі орны қазақ еліне белгілі. Сонау қорқыт заманынан тін тартқан төл мәдениетіміз бен тарихымыз талай буын өкілінің тәрбиесі мен тәліміне, өмір сүру дағдысына ықпал еткені сөзсіз. Уақыт көші бір орында тұрмайды, ілгері жылжиды. қоғам мен әлеумет те ауысады. Ақиқаты сол мұнда ғасырдан-ғасырға сақталып қалатын рухани құндылықтар мен мәдениеттер ғана жібін үзбей, халыққа қалтқысыз қызметін жалғастыра береді. мәдениет – қоғамды өнер-білімге, жасампаз болашаққа бағыттаушы бірден-бір мұраты асыл сала десек, өңірдегі осы саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Алға қойған нендей мақсаттары бар? Осы және тағы басқа сауалдар бойынша аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы дәурен ержановпен сұқбаттасып сұрап білген едік.

– Дәурен Дауылбайұлы, өзіңізбен сауалымызды бастамас бұрын алдымен еңбек жолыңызды таныстыра өтсеңіз?

– Мен осы ауылдың төл перзентімін. Жосалы кентінде дүниеге келгенмін. Орталықтағы Ә.Егізбаев атындағы №121 орта мектептің түлегімін. 2007 жылы жоғары оқу орнынан «Тарих, құқық және экономика негіздері пәндерінің мұғалімі» мамандығын алып шықтым. Алғашқы еңбек жолым қарапайым жұмысшылықтан басталды. Одан соң облыстық тарихи-өлкетану музейі Қорқыт ата атындағы филиалының ғылыми қызметкері болып еңбек етсем, 2015-те аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, 2019 жылы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық тарихи-өлкетану музейінің аудандық тарихи-өлкетану музей филиалының меңгерушісі қызметтерін атқардым. Бүгінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшылық етудемін.

– Еңбек жолыңызға қарағанда бірыңғай мәдениет саласында басшылық қызметте келеді екенсіз. Сіздіңше мәдениет, руханият жаныңызға несімен жақын?

– Мәдениет саласындағы алғашқы еңбек жолым музейдің қызметкері болудан басталған болатын. Әсіресе Қорқыт атамызға қатысты ғылыми зерттеулер, өлкенің бай тарихы мен қазба мұраларына деген қызығушылығым басым болды. Аудан туризм саласын дамытуға өте қолайлы. Сонымен қатар Қорқыт ата мемориалды кешеніне атбасын тірейтін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген отандастарымызбен және шетелдік қонақтармен тілдесіп, пікір алмасасың. Осының бәрі де менің мәдениет пен руханият саласына жақын болуыма себепкер болған дүниелер.

– Жақсы, рақмет. Енді негізгі сұрағымызға көшсек. Бөлімде қандай жұмыстар атқарылуда? Кадрлық мәселелер жоқ па?

– Жалпы бөлімде Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйі, Көшеней Рүстембеков атындағы аудандық жыраулар үйі, 18 кітапхана және кент, ауылдық округтер әкімі аппаратына қарасты 1 мәдениет үйі мен 13 клуб, барлығы 35 мекеме жұмыс істеуде. Онда 127 шығармашыл маман еңбек етеді. Дарынды жастардың өнерін тану, олардың талантын әрі қарай шыңдап, сүйемелдеуде үйірмелердің септігі зор. Үйірмелер арқылы да көптеген жұмыстар жүзеге асырылып отырылады. Қазіргі кезде ауданның мәдениет ұйымдарында 108 үйірме болса, оның 97-сі аудандық мәдениет үйлері мен клубтарына қарайды. 9-ы аудандық жыраулар үйіне қарасты үйірмелер болып саналады. Үйірменің бүгінгі таңда 1436 мүшесі бар болса, оның 1274-і мәдениет үйлерінің үйірме мүшелері. 2021 жылы Қуаңдария ауылдық клуб үйінің  құрылыс жұмыстары басталып, 2022 жылы 100 орынды жаңадан типтік ғимарат салынып пайдалануға берілді.Көмекбаев, Алдашбай ахун ауылдық клуб үйлеріне 2022 жылы аудандық бюджеттен жоба-сметалық құжаттарын дайындауға 17 млн. 766 мың теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстары жүргізілді. Ауылдық клуб құрылысын салу үшін бюджеттік салаға өтінім дайындалып ұсыныстар берілді.Сонымен қатар, апаттық жағдайдағы Төребай би, Қармақшы  ауылдарына жаңадан клуб құрылыстан салу үшін тиісті құжаттарын әзірлеп жұмыстар жасау қажет.

– Айтпақшы жергілікті маңызы бар Абыла желдиірмені мемлекеттік қорғауға алына ма?

– Иә, оған жергілікті бюджеттен 144,5 мың теңге қаржы бөлініп, құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ескерткіштердің қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтары белгіленді. Сонымен қатар аудандағы 22 тарихи және мәдениет ескерткішінің қорғау, құрылыс салуды реттеу, қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары шекараларының бекітілуі де – төл мәдениетіміз бен өткен шежірелі тарихымызға деген жанашырлық болса керек. Өңірде археологиялық ескерткіштер саны 43 болса, 42 сәулет және қала құрылысы ескерткіші айналамызға көрік беріп тұр.

– Мәдениет саласының жүргізіп жатқан жұмыстарының бірқатарына БАҚ өкілі ретінде өзіміз де куәміз. Десе де осылардың негізгілерін атап өтсеңіз артық болмас еді?

– 2022 жыл еліміз үшін қоғамдық-саяси маңызды шаралармен қатар Сыр сүлейлері Базар Оңдасұлының 185 жылдығы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Қазақстанның халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығы және Балалар жылымен  ерекшеленді. Сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтер болсам, туған жердің талантты тұлғаларын ұлықтау мақсатында Шамшат Төлепованың   жарқын  бейнесін мәңгі есте қалдыру  үшін "Домбырасын моншақтаған  жыр  жауһарлары" атты,  Сыр сүлейі, есімі алты Алашқа мәлім Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туғанына 140 жыл толуына арналған «Жасымнан  назым сөзге шебер едім..» атты республикалық жыршы-жыраулар фестивалі, «Шұғыла  шашқан  Шаһнама» атты  облыстық  жыр фестивалі және «Аралап жердің жүзін жүрер сөзім» атты аймақтық ақындар айтысы болып өтті. Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен Т.Көмекбаев ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегері Ұлы Отан соғысының ардагері, Жаңақала ауылының іргесін қалаушы алғашқы директоры Қаратай Қуаңбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлағаты ұрпаққа үлгі» атты мерейтой аталып өтті.«Барлық байлық кітапта» деген дей, тұрғындардың рухани жандүниесін толыстыруда кітапхананың орны ерекше. Әлеуметтік желіні белсенді қолданғанымызбен қолға кітап алып оқудың құндылығын ештеңемен салыстыруға келмейді. Аудан, ауыл тұрғындарының рухани байлығын арттыруда 18 кітапхана қызмет көрсетуде. Олардың 1-еуі орталық кітапхана, 1-еуі балалар, 1 қалалық және 1 кент кітапханасы болып табылады. Ал қалғаны ауылдық жерлерде. Айта кетерлігі, кітапханалардың барлығында заманауи талап-тілектерге сай коворкинг орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ 86 тарихи-мәдени мұра объектісі мемлекет қорғауына алынса, олардың 6-уы республикалық, 42-сі жергілікті маңызы бар объектілер қатарында. 38 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізіміне енгізілген. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне қорғау тақталарын орнату мен төлқұжаттарын рәсімдеу, қайта жаңғырту жұмыстары бойынша аудан көлеміндегі 74 ескерткішке қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары рәсімделген. Алдын ала тізіміне енгізілген 12 ескерткіштің қорғау тақтасын дайындап орнату және төлқұжат рәсімдеу ескерткіштерге тиісті мәртебе берілгеннен кейін заң талаптарына сәйкес жүргізіле бермек.

– Бөлімнің басты бағытының бірі – тіл саясаты. Осы төңіректе не айтар едіңіз?

– Қармақшы ауданы бойынша көрнекі ақпаратты дұрыс жазу бойынша консультациялық түсіндіру  жұмыстарын  үйлестіруге байланысты  Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі  жыл басынан бері  Жосалы кенті бойынша 75 объектіге (дүкендер, жарнама агенттігі, мейрамхана, салондар, т.б.) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бап талаптарына сәйкес кәсіпкерлік нысандарға ақпараттық түсіндірме насихаттық жұмыстарын жүргізді.2022  жылғы  аудан әкімдігі жанындағы  ономастика мәселелері  жөніндегі жұмысшы  тобының  6 рет  отырысы өткізілді.2022 жылдың 18 тамызында облыстық ономастика комиссиясының отырысы өткізіліп, қорытындысымен Қармақшы ауданы бойынша ұсынылған 8 көшені қайта атау туралы ұсыныстар он шешімін тауып көше атаулары берілді.Сонымен қатар Қармақшы ауданы бойынша 9 көшенің және 2 обектінің атауын өзгерту үшін Қызылорда облысының ономастика мәселерері жөніндегі комиссияның қарауына жолданды.

– Алда қандай жоспар, мақсаттарыңыз бар?

– Мәдениет саласына қай кезеңде көрсетіліп келе жатқан қолдау аз емес. Биыл түрлі қоғамдық-саяси маңызы бар іс-шаралар жоспары бекітілді. Алдағы уақытта, Әділбек  Серікбаевты  еске алуға  арналған самбодан  республикалық турнир, Қуаныш Қаражановтың жүлдесіне арналған бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнир, Ерлан Нысанбаевты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнир, Сыр  сүлейлері  Жиенбай,  Рүстембек  жыраулардың  ұрпағы, жырау  Көшеней  Рүстембековтің өмірі  мен  шығармашылығына  арналған  «Қазақтың  күміс  көмей  Көшенейі» атты облыстық   жыраулар  фестивалі, Ақын Қали Шыңғысовтың 95 жылдығына орай облыстық театрлар фестивалі, Жырау  Тұрымбет Салқынбайұлының  туғанына 155 жыл, Сыр сүлейі, ақын Омар Шораяқұлының туғанына 145 жылдығына арналған облыстық  жыр фестивалі өткізіледі деп жоспарлануда. Және де «Үздік әдіскер 2023» облыстық байқауын және басқа да түрлі форматта түрлі облыстық, аудандық, байқаулар, сайыстар, кештер, конкурстар, концерттер тағы басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рақмет!

Тағы да оқыңыз: