Kyzylorda-news.kz. Мемлекет тарапынан көңіл бөліне бастағалы аудандар мен ауылдық жерлерде кәсіпкерлік саласы құлашын кеңге жаюда. Өткен жылы бір ғана Қазалы ауданында алғашқы жартыжылдықта 5208 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде күнделікті қажеттілік қатарындағы тамақ өндірісінің орны ерекше. Уақыт пен қоғам сұранысына сай жартылай дайын өнімдер мен тәттілерді дайындаушылар саны көбейгенмен тапсырыс берушілер азайған емес. Демек кәсіпкер өзіне де, өзгеге де пайдалы бола білгені ғой. азалылық жас кәсіпкер Айдана Тілекпен жартылай дайын өнімдер өндірісі мен кәсіп бастау туралы сұқбаттасқан едік.
– Кез келген қазақ қызының ас үйден алыс емес екенін білеміз. Дегенмен бұл салаға қалай келдіңіз?
– Қасиетті Қазалы топырағында туып-өстім. Отбасылымын, құдайға шүкір, екі қыздың анасымын. Қаладағы С.Сейфуллин атындағы №165 мектеп түлегімін. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығында оқыдым. Өзіңіз айтқандай, қазақ қыздарының қай-қайсысы да ас үйден алыс емес. Оның үстіне біздің жақтың қонақ күтуі, дастархан дайындауы бөлек әңгіме. Мамандығым ақпараттық жүйелерге қатысты болғанмен тұрмыс құрған соң тәтті пісіру, түрлі тағамдар әзірлеуге қызығушылығым арта түсті. Үйде отырып онлайн курстарға қатысып, сан түрлі тәттілерді үйрене бастадым. Үйге келген қонақтарға, отбасыма дайындап, қуантатынмын. Өзім де тәтті тағамдар әзірлегеннен рақат аламын. Ас үйдегі шеберліктен гөрі сүйікті ісім, хобииім десем артық емес.
Қазақтың үйінен қонақ арылған ба? Кез келген күні, кез келген уақытта жақын туысың, жұрағатың келіп қалады. Сондай уақыт тығыз болып, асыққан сәттерде ойыма келетін шешім – дүкеннен тез дайын болатын, жартылай дайын тағам алу. Осылайша кәсіп бастауға идея келді. Неге осы кәсіпті егжей-тегжейлі зерттеп қарап, дамытпасқа деген оймен іздене бастадым. Жартылай дайын өнім шығаруды бастағаныма бірнеше ай ғана болса да сұраныс күннен күнге артуда. Бұл – біздің өнімдердің халыққа пайдалы, күнделікті қажеттілігіне жарайтынының белгісі. Кәсіп бастарда мемлекеттен ешқандай грант алмадым, жоспарыма сай аздаған мөлшермен сатылымға шығара бастадым. Осылайша тапсырыс та көбейді, тұрақты клиенттер де пайда болды.
– Қазір жартылай дайын өнім шығаратындар көп. Тұтынушы неге сіздің өнімді таңдайды?
– Иә, ауданның өзінде жартылай дайын өнім шығарып жатқандар көп. Бірақ «Дәмді әлемнің» ерекшелігі – өнім құрамының табиғилығында, тазалығында. Үй жағдайында таза етті өзіміз тартып, қоспаларын қолмен турап, қамырын қолмен жайып, аналарымыз үйде қалай дайындаса, дәл солай жасап ұсынамыз. Етіміз 100% халал, өнімдеріміз, дайындайтын асханамыз тап-таза. Сондықтан тұтынушы жарнамасыз-ақ бір рет біздің өнімнің дәмін көрсе, тұрақты тапсырыс берушіге айналады.
Демек, біздің мақсат орындалды.
– Айдана, жартылай дайын өнім түрлеріне тоқталсаңыз…
– Біздегі өнім түрлері: тұшпара, манты, тефтели, котлет, кеспе, самса, бәліш. Өнімдерді үш адам болып дайындаймыз.. Күніне 30 келіден жоғары тапсырысты дайындап жібереміз. Тәуекел деп кәсіп бастадым, енді алда жоспар көп. Алдымен «Дәмді әлем Қазалы» деген атаумен жартылай дайын өнімдерімізге арналған шағын дүкен ашсам деймін. Ассортиментті де көбейткім келеді. Бұйырса, барлығы да жоспарға сай жүзеге асады.
– Кәсібіңіз өркендей берсін!
