Kyzylorda-news.kz  Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы азық-түлік қауіпсіздігінен бастап, фитосанитариялық қауіпсіздік шараларын да өз деңгейінде өткізіп келеді. Инспекция зиянкестермен күреске нықтап дайындалуда. Сәті түсіп, инспекцияға таяуда ғана басшы болып тағайындалған Мұхтар Оразбаевпен сұқбаттасқан едік.

 Мұхтар Әуесұлы, инспекцияның жұмысы туралы көпшілік біле бермейді. Зиянкестермен күрес жүргізетіндеріңіз анық. Бірақ қандай зиянкестер, олардың қай салаға зияны бар? Меніңше, әңгіменің өзегін осыдан бастаған жөн секілді.

– Дұрыс айтасыз. Қоғамда сан мың сала бар. Көпшілігінің жұмысы жауапты болғанымен де, көзге көріне бермейді. Солардың қатарында аумақтық инспекция да бар. Біздің алдымызда ең негізгі төрт бағыт бар. Біріншісі – өсімдік қорғау саласы. Екіншісі, өсімдік карантині. Үшіншісі, асыл тұқымды мал шаруашылығы болса, төртіншісі, астық саласы. Атап айту керек, соңғы екі сала жергілікті атқарушы органның құзыретіне берілген. Біз фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді мақсат ете отырып, жұмыс істейміз. Елімізге ену қаупі бар 248 карантиндік нысан тіркелген. Оның 14-і ел бойынша шектеулі тараған. Қазіргі таңда облыста 4 карантиндік нысан бар. Олардың қатарында арамсояу (мұны көбіне сары шырмауық деп атайды), жатаған у кекіре, калифорниялық қалқанша сымыры және қауын шыбыны. Жыл сайын осы зиянкестерге қарсы 66 500 гектар жер зерттеледі. Өткен жылдың өзінде аталған зиянкестердің әрбіріне тоқталып, бірнеше жүздеген гектарда жою жұмыстары жүргізілді.

– Сіздердің еңбекті бір білсе, маңдайы күнге күйіп, табаны құмға тілінген ауыл еңбеккерлері, диқандар біледі. Осы еңбеккерлер қауымының жемісті нәтижеге жетуіне шегірткелер көп кедергі келтірді. Бұл бағытта сіздерде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Жалпы шегіртке зиянкесі үйірлі және саяқ болып, екіге бөлінеді. Оның ішінде үйірлі шегірткенің зияны шаш етектен. Оның үш түрі аса қауіпті саналады. Морокко, азиялық және италиялық шегіртке. Соңғы екеуі біздің облысымызда кездеседі. Былтыр 53 680 гектар жерге осы зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілді. Ал биыл бұл көлем 49 675 гектар болып межеленуде. Былтырғы жұмыстың нәтижесі бар. Мамандардың өз жұмыстарына жауаптылықпен қарап, зиянкестермен күрестегі еңбектері нәтижесінде шегірткелерді азайттық.

– Әрине, адамның күші қай жұмыста да керек-ақ. Бірақ құрал-жабдықтың болмай адам қолын байлайтын сәттерді көбірек кездестіріп жатамыз. Жалпы бұл салада қажеттіліктермен қамтылу жайы қалай?

– Бұл – ең бірінші назарда болуы керек мәселе. Құрал-саймансыз, қажеттіліктерсіз ешнәрсе істей алмайсыз. Біздің тек қана шегірткемен күрестің өзіне үш арнайы жер агрегаттары, екі аса жеңіл ұшақ және бір көлемді ұшақ қатыстырылды. Үйірлі шегірткелердің жаппай көбейіп кетпеуін тұрақты қадағалап, көрші облыспен араға да барынша назар салдық. Көршілес Ұлытау, Ақтөбе, Түркістан облыстарымен бірлескен ынтымақтастық келісімшарттар жасалып, жұмыстар жалғасын табуда. Жерді химиялық өңдеу жұмыстарына да сол бағытта қолданылатын техникалар мен құралжабдықтар бар.

– Азық-түлік қауіпсіздігі – ғаламдық проблема. Мұның сіздің салаға да тікелей қатысы бар. Мекеменің негізгі міндеттері екенін білеміз. Осы ретте мекеме қандай қызмет көрсетеді? Азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудағы орны қаншалықты?

– Дұрыс айтып отырсыз. Дәл осы бағытта алыс-жақын шетелдерге жөнелтілетін карантинге жатқызылған өнімдерге фитосанитариялық сертификат береміз. Республика аумағында карантинге жатқызылған өнімдердің де облысаралық тасымалына да дәл осындай құжатты біз береміз. Ал үшінші қызметтің түрі – аймақтан сыртқа тасымалданатын карантинге жатқызылған өндірістік өнімге есепке алу нөмерімен (маркировка) қамтамасыз етеміз.

 – Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз. Еңбектеріңіз жемісті болсын!

 

Тағы да оқыңыз: