Kyzylorda-news.kz. Әр қыз-келіншек күнделікті ас үй жабдығын таза ұстауға тырысатыны белгілі, бірақ бірақ үйреншікті көрінетін бұл әдетті табысқа айналдыруға да болады. Сөзімізге Жаңақорған ауданындағы Кеден Кеден ауылының тұрғыны Гүлнәр Есмаханның жаңа кәсібі дәлел. 34 жастағы “Күміс алқа” иегері қара қазан арқылы қалай миллион теңге табуға болатынын айтып берді.
− Қазан тазалау сырттай оңай шаруа көрінгенмен, машақаты көп жұмыс. Бұл бастаманы қалай қолға алдыңыз? Қайдан үйрендіңіз?
− Ең алғаш қазан тазалау курсы жайлы инстаграм желісінен білдім. Әйел адам үйдегі барлық дүниенің таза болғанын қалайды ғой. Менде күнделікті асханамда пайдаланатын таба, қазандарым мұнтаздай болсын деген ниетпен курсқа тіркелдім. Тек білім алып қана қоймай, қазан тазалау технологиясын бизнеске айналдыруға болатынын түсіндім. Бастапқыда Жаңақорған ауданынан тапсырыс қабылдап, заттарды алып, тазалап болған соң қайта апарып беріп жүрдік. Бұл жобаны шығыны аз, табысы мол бизнес деп толық сеніммен айта аламын. Әрі кәсібімді тұрақты жүргізуіме инстаграм желісінің, оқырмандарымның ықпалы зор.
− Әр әйел адам ас үйдің ханшайымы екені рас. Алайда кейде бәріне бірдей үлгеру мүмкін еместей көрінеді. Ал өзіңіз торт пісіріп, инстаграмда жеке парақшаңызды қызықты етіп жүргізіп, мастер-класс өткізуге қалай уақыт табасыз?
− Қазан тазалаудан бөлек аудан, ауыл тұрғындарынан тапсырыс қабылдап, тәтті тоқаштар пісіремін. Аталған жұмыстарды күнделікті жасап жүрген соң, өмірімдегі ең жақсы әдетіме айналдыра алдым деп ойлаймын. Содан болар мүмкіндігінше бәріне үлгеруге тырысамын.
− Отбасылық кәсіпке үйдегі жақындарыңыз да көмектеседі екен. Аталған кәсіпті берекелі бизнеске айналдырған отбасыңыз жайында да айтып өтіңізші…
− Иә, қазан тазалау барысында жолдасым көп қолдау білдіріп, көмек көрсетеді. Алғашында екеуміз бірге тапсырыс қабылдап, бизнеске қадам жасадық. Әрі кәсіп бастаған уақытта үйде анам да болып, қолғабыс еткен соң, тұтынушылыр тапсырысын ойдағыдай тәмамдау қиынға соқпады. Жақындарымның қай істі болсын жақсы жасай алатыныма сенім білдіріп, жанымнан табылатыны үшін ризамын.
− Тапсырыс қабылдау барысында қандай да бір аппарат қолданасыз ба? Жалпы бір тапсырысты толық бітіру үшін қанша уақыт қажет?
− Әрине, тазалау жұмыстары кезінде арнайы аппараттың көмегін пайдаланамыз. Тамақ пісіретін табаларды тазалау 15-20 минут уақыт алады. Ал үлкен қазандарды ағарту жарты сағатқа созылады.
− Қызметіңіздің құнын қалай бағалайсыз? Бір қазанды тазалау бағасын айта аласыз ба?
− Қызметтің құнын белгілемес бұрын қазанның майлылығына, қаншалықты лас немесе кіршең болғанына қараймыз. Әдетте табаларды айнадай етіп жалтыратсақ, еңбегімізді 2000-2500 теңгеге бағалаймыз. Әр ыдыстың жай-күйіне байланысты белгілі бір көлемде нақты баға қойылған. Қазір қазан тазалап, айына бір миллион табыс тауып жүрмін.
− Осы уақытқа дейін сізден қанша адам осы әдісті үйренді?
− Мастер-класс арқылы 500-ге жуық қыз-келіншек қазан тазалау технологиясын меңгерді. Басым көпшілігі осы бағытта өз кәсіптерін жүргізуде. Ара-тұра еңбектерінің нәтижесімен бөлісіп, сүйінші сұрап отырады.
− Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…
− Алдағы уақытта аудан аумағынан жер алып, қазан тазалайтын орталық ашқым келеді. Өйткені қазір аудан мен ауыл арасында қазандарды тасымалдап жүру біршама қиындық туғызуда. Адал еңбектің арқасында бұл мақсатымызға жететінімізге сенемін.
− Сұхбатыңызға рақмет!