Kyzylorda-news.kz. Ел экономикасының алға жылжуында кәсіпкерлік саласының маңызы айтарлықтай. Оның ішінде ер азаматтармен қатар, әйел-аналардың да халыққа көрсетіп жатқан қызметі бір төбе. Кәсіп деген теңіздің тұңғиығынан қорықпай, оған тәуекелмен бел байлаған нәзік жанның бірі – «Адина» сауда орталығының директоры, «Жыл кәсіпкері», «Үздік кәсіпкер» номинацияларының иегері Нағима Тоқсанбаева. Төменде кәсіпкермен болған сұқбатымызды ұсынамыз. 

– Нағима Тиышбекқызы, редакциямызға қош келдіңіз! Әңгімені өзіңізден бастасақ?

– Сіздерге де рақмет, аз-кем еңбегімізді елеп жатқан. Мен Жосалы кентінің тумасымын. Іргелі білім ордасы Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті «Алтын белгіге» бітірген түлекпін. Ұстаздарымның сенімін ақтаған шәкірттерінің бірімін. Әкем медицина қызметкері болған соң ата-анамның ықпалымен осы саланы таңдадым. Мектепті бітіргеннен кейін асқақ арманмен Қарағандыға жол тартып, сондағы медициналық академияның студенті атандым. Жоғары оқу орнын дәрігерлік мамандық бойынша тәмамдап, еңбек жолымды обаға қарсы күрес мекемесінде бастадым. Нақтырақ айтқанда, мекеменің зертханасына меңгерушілік еттім. Ол жерде табан тіреп 16 жыл қызмет істедім. Білім мен тәжірибеме сай марапат, алғыс дегеннен  кенде болмадым. Бірақ бір күнде шешім қабылдадым. 

– Ол қандай шешім болды екен?

– Сонша жыл маңдай теріммен қызмет еткен дәрігерлік жолымды кәсіпке айырбастау керек болды. Мұндай шешім қабылдау маған оңай болмады. Дегенмен, жастайымнан анамның саудамен айналысқанын, кәсіпте береке барын көріп өскен ұрпақ болғасын аса тартына да қоймадым. 1990 жылдары экономикалық құлдырау кезінде күнкөрістен көпшілік қиналып жатқанда анамыз ойланбастан саудаға шығып кетті.  Жалпы жанұямыздың дені кәсіпкер. Династия десем де болады. Оған қоса, тұрғындардың қалаға сабылмай аудан орталығынан іздегенінің бәрін тиімді бағада табатын дүкен ашу менің бұрыннан келе жатқан арманым болатын. Бұл арманыма «Ерінбеген етікші болады» дегендей, ерінбей еңбек етуім мен тәуекелдің нәтижесінде жеттім. Егер менен біреу «Кәсіптегі ұстазыңыз кім?» деп сұраса, мен оған бірден-ақ анам деп жауап берген болар едім. Алғашында қызымның есімімен ашқан шағын «Адина» дүкені қазір үлкен сауда орталығына айналды. 30-дан аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Олардың халыққа сапалы қызмет көрсетуі үшін жылдың төрт мезгілінде дүкен ішінде киетін арнайы киімін, үзіліссіз жұмыс жасағандықтан 3 мезгіл ас-суын беруді міндетіме алғанмын. Одан бөлек, мереке сайын сыйақыларын, мектепке дайындық есебінде балаларының оқу құралдары мен киім-кешегіне, басқа да жағдайларда бірінші болып қолдауды, көмек беруді басшылық парызым деп санаймын. Оларға сенім артамын. Қызметкерлердің арасында «Жыл үздігі» байқауын өткізіп, жыл қорытындысымен марапат тапсыру да дүстүрге айналып келеді. Мерекелерде бас қосып, тосынсый жасауға тырысамын. Мұның бәрі ұжымның ауызбірлікте, сыйластықта еңбек етуі үшін жасалып отырған қолайлы жағдай деп есептеймін.

– Кәсіптің неше түрі бар. Соның арасынан неге киім-кешек сататын дүкенге таңдауыңыз түсті?

– Әкем 45 жыл медицина саласында қызмет атқарса, анам Айша Бөлекбаева тұрмыстық қажетін өтеу мекемінде дүкенші болды. Бала кезімізден әдемі киініп үйренгенбіз. Отбасындағы балалар киімнің әдемісін киетінбіз. Таңдап, талғап білетінбіз. Сол себепті де болар таңдауымның киімге түскені. Бір айтарлығы, қоғамды ештеңемен таңғалдыра алмайсыз. Ақиқат осы. Тек ерекше әрі сұранысқа ие кәсіпті бастаған жөн. Өйткені, нарықтық бәсекеге төтеп берудің бірден-бірі жолы осы десем, артық болмас. Жалпы ауданға қажетті кәсіп көп. Біз бастапқыда шағын дүкенде киім-кешек сатсақ, бүгінгі таңда 2 үлкен сауда орталығымыз бар. Оның бірінде тұрмыстық тауарлар мен ыдыс-аяқ, ойыншықтар арзан бағада саудаланса, екіншісінде киім-кешек пен төсек-жабдық, косметикалық бұйымдар мен оқу-құралдары сатылады. Жақын арада орталықтан 2 қабатты сауда орталығы мен тамақтанатын орын, кафе ашуды жоспарлап және оның алғашқы жұмыстарына кірісіп те кеткен жайымыз бар. Осындай жетістікке жетуім – халықтың арқасы. Сондықтан да табысымның бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсауды әдетке айналдырғанмын. Көпбалалы аналар мен тұрмысы әлжуаз  отбасыларына азық-түлік пен киім-кешек беруден аянып қалмаймын. «Мектепке жол» акциясына да үлес қосып, белсенділік танытудамыз. Өнерді, өнер адамдарын жоғары бағалаймын. Ауданда өтетін іс-шараларға қатысып, жастардың өнеріне қолдау білдіремін. «Жайдарман» клубының демеушісімін. Қандай додаға шықса да, оларды қолдауды өз жауапкершілігіме алғанмын. Өзім білім алған №26 орта мектепке де демеушілік жасап тұрамын. Иә, әдетте жасаған жақсылығыңды жария етпе дейді, бірақ ол арқылы басқалардың жақсы іске ұмтылуына түрткі болатынымызды да ұмытпауымыз керек.      

– Әлеуметтік желіде белсендісіз. Кез келген адам желіде ойын ашық жазып, сырымен бөлісе бермейді. Ұжымды ұйыстырудағы тәсіліңіз де ерекше көрінеді. Соның бір мысалы – қазақ тілінен сабақ алудасыздар…

– Енді қазір саудамды бір жолға қойып қойдым. Кезінде жұмыс істегеннің де пайдасы бар. Адамдармен қалай араласу, қалай сөйлесу  керек, этика-эстетикасы бар дегендей, осының барлығы да кәсіп барысында көмегін тигізіп жатады. Ол жерде де басшы болдым. Осы нәрселерді тәртібіме кіргіздім. Бір кәсіпкер болып қана қою аздық етеді. Жан-жақтылық деген бар. Кәсібіңді өзің дөңгелетіп қана қоймай, қоғамға да пайдасы тиюі тиіс. Менде жұмыс істейтін қызметкерлер «Осындай жерде жұмыс істеймін» деп мақтана да білуі керек қой. Оларға үнемі: «Жұмысқа келгенде қуанып келу керек» деп айтып отырамын. Арасында кейбірі 10 жылдан бері бірге келеміз. Жаңадан келген қыз-келіншектер болса, жаймен түсіндіріңдер деп жатамын. 

– Сергек жүресіз. 

– Сауда-сауда дей бермей, қоғамға да пайда әкелу керекпіз. Ол үшін өзіміз бірінші кезекте жақсы көңіл-күйде болып, айналамызға жағымды әсер сыйлай білуіміз қажет. Қарап отырсақ, жан-жағымызда шаршаған, қажыған адамдарды байқайсыз. Біреуде жетпеушілік, біреуде отбасылық жағдай, енді біреуде жұмыссыздық... Сол үшінде сергек жүруді қалаймын. Жалпы қоғамда абыройлы болуың үшін – адал болуың керек екен. Ақшаны алғанда да, біреуге ақша бергенде де өтірік алдамауың керек. Адал болғандай қалай, өз-өзіңе адал болуың керек. Алдап кету деген болмайды. Адам көрмейді, алдап кетуге болады дегенмен, Алла тағала бәрін көріп тұрады. 

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

– Ұл, қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған бақытты жас әжемін. Қызым Адина мен ұлым Рахатты да кәсіпке баулыдым. Олар қазір Қызылорда қаласындағы «Адина» сауда орталығының жұмысын жүргізуде. 

– Алда қандай мақсат, жоспарларыңыз бар? 

– Бұрынғы аудан әкімі Әділбек Бөрібайұлы, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы інімдей болып кеткен Біржан Өмірзақовтармен бұған дейін де жылы қарым-қатынаста араласып тұрамын. Мен негізінде кәсіпті қойып, Қызылордаға кетемін бе деп ойлағанмын. Бірақ сондай азаматтарымыз келіп, ауданымызды дамытып, көркейтіп жатқан кезінде қалаға кетемін деген шешіміме тоқтау салдым. Сол кісілер ақылдасып, ұсыныс айтқан соң «Таңсықбай» базарын сатып алдым. Әйтпесе, қалада балаларым мен немерем бар. Ол жақта да бизнесіміз, үй-жайымыз бар. Енді сол шаруаны бастап жатырмыз.  Ескі ғимаратты бұзу жұмыстары аяқталды. 15 адамға жұмыс тауып берсем. Болашақта фитнес клубын, балаларға арналған  ойын орталығын қолжетімді бағада ашқым келеді.

– Айтар тілегіңіз болса?

– Аудандық басылымның оқырманы, жанашыры көп болсын. Халыққа тілеріміз –  бейбітшілік, тыныштық заманда өмір сүре берейік.  Осындай дәрежеге жетіп отырғанымыз сол халықтың арқасы деп білемін.

Тағы да оқыңыз: