Kyzylorda-news.kz Биыл еліміздің Ата заңына 29 жыл толып отыр. Ол – елдегі барлық басқа заңдарға қатысты жоғары заңды күшке ие заң немесе заңдар тобы. Ол кіріспеден және 9 бөлім 98 баптан тұрады. Аудандық сот әкімшісінің басшысы Ербол Мәтжановпен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Ербол Саяшбекұлы, сұрақтар легін өзіңізден бастасақ. Алғашқы еңбек жолыңыз қандай қызметтен басталды?

– 1977 жылы 10 қыркүйекте Ақтөбе ауылында дүниеге келдім. Мектепті бітіріп, 2000 жылы Қызылорда экологиялық және құқық академиялық университетін заңгер мамандығы бойынша аяқтадым. Оқуды тәмамдасын еңбек жолымды 2001 жылы Қармақшы аудандық сотында маман болып бастап, кейіннен аға маман, жетекші маман, бас маман қызметтерін атқардым. 2014 жылдың тамыз айынан бастап аудандық соттың кеңсе меңгерушісі, өткен жылдың сәуір айынан бастап сот әкімшісінің басшысы қызметін атқарып келемін.

– Біздің қоғамда құқықтық сауаттылықтың жетіспеуінен алаяқтарға алданып қалушылар көп. Өз құқығын білмеудің қандай негізгі себептері бар деп ойлайсыз?

– Қазақстанда туған әрбір азамат пен азаматшаның өз құқығы бар. Конституцияға сәйкес, әрбір адамның құқығы заңмен қорғалған. Заңның күшін жүзеге асырып отыратын және қорғайтын – сот жүйесі. Адамның құқығы мен бостандығын, сот арқылы қорғалуын жүзеге асыруды ақпараттық тұрғыдан дұрыс жеткізу маңызды.

Құқықтық ережелерді білмеу және оларды орындамау қазіргі қоғамдағы кірістерді жоғалтудан бастап, бұзықтық, алаяқтық әрекеттерге дейін алып барады, яғни, дамыған, сауатты, пайымды адам боламын десеңіз, өз құқығыңызды білу мен оны сот арқылы қорғаудың шарттарын түсінуден бастағаныңыз жөн. Егер өз құқығыңыз бен Қазақстан Республикасы ережелерін білсеңіз, кез келген жағдай мен туындаған мәселеден оңайлықпен шыға аласыз. Қарапайым өзіңіз тұратын отбасы ішіндегі құқықбұзушылықтан бастап, мектеп пен ЖОО-дағы, көлік пен жұмыстағы құқықбұзушылықтарды қамтығанда, өміріңіздің соңына дейін мұның пайдасы бар.

Елімізде әрбір адам бір-бірінің құқығын бұзбауы, шектемеуі керек. Әркім өз құқығы мен басқа адамның құқығын сыйлауға міндетті. Тәуелсіз, кең байтақ елде тұрып жатқандықтан, өз арамыздағы бейбітшілігімізді сақтап қалуға тырысуымыз қажет. Егер құқығыңызды білетін болсаңыз, сізге жол ашылып, болашағыңыз да жарқын бола түседі. Сонымен қатар егер Қазақстанның әрбір азаматы құқық пен заңдарды жақсы меңгерсе, мемлекет те өркендей түседі. Әрине, жақсы өмір бірінші кезекте өзіңізге керек!

– Қаржы пирамидаларына сенуге бола ма? Адамдар нені білу қажет?

– Алаяқтық – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабында қылмыстық жауаптылық көзделген алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін ұрлау немесе бөтеннің мүлкінің құқықтарын иемдену. Қай қоғамды, қай кезеңді алсаңыз да, алаяқтық қылмысының кең етек жайып келгенін көруге болады. Десе де, қоғам бұл қылмыспен күресті ешқашан тоқтатқан емес. Құқық қорғау органдарының өкілдері әрдайым алаяқтық қылмысының көбейіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.

Алаяқтықтың қазіргі уақытта ең өршіп тұрған түрі телефон арқылы азаматтардың жеке мәліметтерін ұрлауға бағытталған. Бұл пайдаланушыны алдауға және оны өзі оның картасы туралы құпия ақпаратты ашуға, мәжбірлеуге мүмкіндік беретін әдістер жиынтығы. Шабуыл жасаушылардың негізгі мақсаты – азаматтардың жеке және төлем деректерін иемдену, олардың банктік шоттары мен ақшасына қол жеткізу. 

Интернет алаяқтарынан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына келер болсақ. Дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргіздеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеу қажет. Осы талаптарды сақтау арқылы әр адам алаяқтардан өзін қорғап жүре алады.

– Қалай ойлайсыз, құқықтық мәдениетті қалай қалыптастыруға болады?

– Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің қалыптасуының басты алғышарттарының бірі – азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, әсіресе оның құрамды бөлігі – адам құқығының мәдениеті. Адам құқықтары туралы ақпаратпен жүйелі қамтамасыз етудің қажеттілігі маңызды екенін ескерсек, онда бұл салада адам құқығы мәдениетін қалыптастыруда маңызды құралдың бірі – білім беру ұжымдары десек қателеспейміз.

Адамның жалпы мәдениеті мен оның құқықтық мәдениетінің арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан да құқықтық тәрбиені адамгершілік тәрбиесі теориясының құрамды бөлігі ретінде қарастырамыз. Адамның құқықтық мәдениеті – күрделі психологиялық құбылыс. Бұл құбылыс қоғамның, мемлекеттің  көптеген маңызды салаларында көрінеді. Ең бастысы, адамгершілікті адам тұлғасының сапалық қасиетін қалыптастыруға ықпал жасайтын тәрбие құралының бірі – орынды тәртіп және мінез-құлық, жан-жақты құқықтық білімдері мен заңды құрметтеу, құқықты қорғау іс-әрекеттерінің бірлігі.

Құқықты құрметтеу, әділдікті, борышты, жауапкершілікті, заңдылықты сезіну – адам тұлғасының жоғарыдан көрінуі. Осыдан келіп заңдылықты сезіну құқықтық мәдениеттің құрамы екендігін түсіну қиын емес.

– Жалпы, қазіргі кезде сот жүйесіне деген халық тарапынан сенімсіздік те жоқ емес. Осы тұрғыдан Қазақстанда әділ сот жүйесінің барын және әрбір азамат өзінің құқығын талап етуіне мүмкіндігі барын қалай насихаттап, түсіндірген жөн?

– Сот жүйесі – азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғайтын, қоғамда тұрақтылық пен әділеттілікті қамтамасыз етуші бірден-бір сала. Бүгінгі қоғамды тұрақтылық пен әділдікті қамтамасыз етуші бірден-бір сала. Жалпы сот жүйесі – әділдіктің ақ туын биікте ұстайтын жауапты сала. Себебі, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, Конституцияның маңыздылығын айшықтауға және азаматтардың, мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын негізгі сала. 

– Өмірлік ұстанымыңыз қалай? 

– Ұстаным – түсіне білгенге, адамның бет-бейнесі мен өмірлік мұраты емес пе!? Заң білетін адам – бұрынғы жаугершілік замандағы мықты жауынгер, батыр адам іспеттес. Себебі, заң – бәріне ортақ. Адам өзінің құқығы мен бостандығы жайлы білуі керек. Азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан, өзіне жүктелген міндетті орындау.

– Отбасыңыз туралы айта отырсаңыз?

– 2003 жылы отбасын құрдым. Жұбайым Набат Жосалы кенті әкімдігінде бас маман болып қызмет атқарады. Екеуміз 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырмыз. Қазіргі таңда үлкен ұлым әке жолын қуып, Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетінде заңгер мамандығында оқыса, ортаншы ұлым Нұрдәулет ақпараттық технологиялар (IT) саласы бойынша білім алуда. Үшіншім Шәкәрім Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде білім алса, кенже қызым Іңкәрім балабақшада тәрбиеленуде. 

– Болашақта заңгерлерге не айтасыз?

– Заңгер – ар-намыстың, әділдіктің адамы және мұқтаж адамға көмектесуге әрқашан дайын болуы керек. Әр түрлі адамдармен тіл табыса білу және олардың мәселесін шешуге ұмтылу, әділдік жолында күш пен еңбекті аямау.

Алайда алғашқы қиындықтардан, сәтсіздіктерден бас тартпаған адамдар ғана өз мақсаттарына жете алады. Ең бастысы – өз күштеріңізге, білімдеріңізге, қабілеттіліктеріңізге сену және алға қойған мақсаттарыңызға жете білу.

Болашақ заңгер мамандығын таңдаушы түлектерге сәттілік және алға қойған мақсаттарына жетуді тілеймін.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
 

Сұхбатты жүргізген Ақнұр САҒЫНТАЙ

Тағы да оқыңыз: