Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект мен IT-технологияларды дамытуды қолға алды. Соның нәтижесінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің Жасанды интеллект институты ашылды. Жалпы бұл қандай институт? Немен айналысады? Аталған оқу орнына қалай түседі? Міне, осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің профессоры, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен бірлескен халықаралық LUPIC жобасының жетекшісі, Оңтүстік Кореяның Сеул қаласынан келген Джесу Ким мырзамен сұхбаттасқан едік.
– Сәлеметсіз бе, Джесу Ким мырза! Қызылордада Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің Жасанды интеллект институты ашылғанын жақсы білеміз. Жалпы бұл қандай институт? Кімдерді дайындайды? Қазіргі таңда қанша студенті бар? Қай бағыт және қанша мамандық бойынша оқытып жатсыздар?
– Жауапты алдымен Жасанды интелект институтынан бастайық. Шынын айту керек, бұл – бірегей жоба. Бір жағынан тәжірибе алмасуға да жақсы, екінші жағынан білікті мамандарды даярлауға сеп болады. Нақтырақ айтсам, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті (СеулТех) арасындағы «Халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университеттік жобасы» (LUPIC) нәтижесін көрсетіп отыр. Мен осы жобаның жетекшісімін. Жоба бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Жасанды интеллект институты құрылып, бірлескен 4 білім беру бағдарламасы дайындалды. Атап айтсақ, «Информатика», «Киберқауіпсіздік», «Компьютерлік бағдарламалау және бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу», «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламалары. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңдағы өзекті деген, келешекке қажетті деген мамандықтар.
Тағы бір айта кететін дүние бар. Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің (СеулТех) филиалына қатысты бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасына орай қолға алынған. Қазірдің өзінде Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі арқылы 100 грант бөлініп, алғашқы студенттер білім алып жатыр. Келесі оқу жылынан бастап СеулТехпен AI architect және Data management бойынша қос дипломды бағдарламалар бойынша оқыту басталады деп күтілуде.
– LUPIC жобасының жетекшісімін дедіңіз. Осы жоба туралы айтыңызшы. Бұл қандай жоба? Оның болашағы қалай болады?
– LUPIC дегеніміз – Leading University Project for International Cooperation, яғни Халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университеттік жоба дегенді білдіреді. Бұл LUPIC жобасын Корея үкіметі қолдайды және оны Кореяның Білім министрлігі басқарады. LUPIC бағдарламасының негізгі мақсаты дамушы елдердің университеттеріне Корея университеттерінің тамаша ресурстары мен тәжірибесін пайдаланып, адам ресурстарын құруға, қайта құруға және жүйелі түрде оқытуға көмектесу болып табылады. LUPIC жобасы арқылы бұл университет жоғары деңгейлі кәсіби дағдылары бар көптеген талантты студенттерді шығарады және жоғары сапалы адами капиталды қалыптастыруға үлкен үлес қосады деп сенемін.
Қорқыт ата университеті мен Campus Town деп аталатын жергілікті қауымдастық арасында тұрақты өзара тиімді ынтымақтастық жүйесін орнату, жаңа бизнес және әлеуметтік орталық құру да негізгі мақсатымыздың бірі саналады.
– Неге Қызылорда? Алматы, Астана секілді мегаполистер тұрғанда не себепті таңдау Қызылордаға түсті?
– Қазақстанда үлкен мегаполистер бар екенін біз де жақсы білеміз. Астана мен Алматыны да білеміз. Ол қалаларда үлкен әрі жақсы оқу орындары орналасқанынан да хабарымыз бар. Бірақ бұл қаланы біз емес, корей халқының даңқты батыры, ұлт қаһарманы генерал Хонг Бом До таңдаған. Ол өмірінің соңында осы қалада өмір сүрді. Тіпті осы қалада өмірден өтіп, Қызылордаға жерленді. Бірнеше жыл бұрын корей халқының ұлттық батырының сүйегі барлық сән-салтанатымен өз еліне қайтарылды. Сенесіз бе, Қызылорда генерал Хонг Бом Доның рухы үшін таңдалды. Жоғарыда айтылғандай, бұл жоба Генерал Хонг Бом До сүйегінің Кореяға оралуын еске алу үшін дүниеге келген. Сонымен бірге бұл университеттің тамыры Корё қауымдастығымен тығыз байланысты екенін де ұмытпау керек. Тағы бір ескеретін жайт, әлемдегі негізгі технологияларды жасайтын және басқаратын университеттерді қарастыратын болсақ, негізгі технологияларды жасайтын және дамытатын ірі мегаполистер емес екенін есте ұстаған жөн.
– Жасанды интеллект институтында сабақ қалай жүргізіледі? Теория басым ба, практика басым ба? Студенттер Оңтүстік Кореяның білім стандартымен оқи ма, әлде Қазақстанның стандартына сай ма?
– Өте орынды сұрақ. Төртінші өнеркәсіптік революцияның негізгі технологиясы – жасанды интеллект. Бұл саланың информатикамен, математикамен және статистикамен де терең байланысы бар. Бұл сондай-ақ қарқынды дамып келе жатқан сала. Осы өзгерістерге жақсы бейімделу үшін мұғалімдер мен студенттер сабақтарды белсенді және өз бетінше жүргізуі керек. Әртүрлі әдістердің ішінде мен PBL (Проблемалық оқыту) және BL (Аралас оқыту) әдістерін ерекше атап өткім келеді. Теория мен практиканы бөлуге болмайды. Менің ойымша, осы екі бағыт арасындағы жақсы тепе-теңдікті сақтап, PBL және BL әдістерін қолданған дұрыс болар еді. Сонымен қатар Capstone Design бағдарламасы арқылы одан да жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады деп күтілуде. Білім стандартына келсек, Кореяның бұл салада тәжірибесі мол, сондықтан біз тек бөлісіп, ұсыныстар бере аламыз. СеулТехтың тарапынан зертханалық класстар ашылып оларға қажетті жабдықтар, серверлер келіп, бизнес-инкубатор орталығы ашылып дрондар жинайтын инженерлерді даярлау басталады. Жасанды интеллект институтында студенттер орыс және қазақ тілдерінен бөлек, ағылшын, корей тілдерінде білім ала алады.
Менің ойымша, бұл елдің бірегей мәдениетін құрметтемей, жасанды интеллектінің озық саласында ілгерілеуді күту қиын. Сондықтан қазақ халқының мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймын.
– Жасанды интеллект институтында оқу үшін не істеу керек? Қазақстанның ҰБТ қорытындысы жарай ма, әлде басқа талаптарыңыз бар ма?
– Жасанды интеллект институтына түсу үшін осы елдің ереже-талабы ескеріледі. Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу бар емес пе, соның қорытындысымен оқуға қабылдаймыз. Болды, басқа ешқандай талап жоқ.
– Уақыт тауып, сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет! Білімді де білікті шәкірттеріңіз көп болсын!
Сұхбаттасқан Әзиз БАТЫРБЕКОВ
Сурет Қорқыт ата университетінің баспасөз қызметінен алынды