Kyzylorda-news.kz Өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Алайда бір терінің пұшпағын илеп жүргенмен, маңдай тері мен уақытын осы салаға арнауға, ел мені елесе демей-ақ еңбек етуге дайын шын таланттар аз. Соның бірі – астаналық “Жастар” театрының әртісі, Тикетон сайтының қорытындысы бойынша “2023 жылдың ең үздік актрисасы”, Диснейдің мультфильмдерін қазақшаға дубляждап жүрген әдемі дауыстың иесі, жерлесіміз Шехназа Қызыхановамен сұқбаттасқан едік.

– Шехназа, театр жан тазалығының көрінісі. Ақша мен атақ қуғандар театрды таңдамайды. Сіздің бұл саланы таңдауыңызға не түрткі болды?

– Кішкентайымда атам мені жетектеп түрлі қойылымға, концерттерге апаратын. Жанынан тастамайтын. Алматыдағы М.Әуезов театрына алғаш ертіп апарғанында шамамен 4-5 сыныпта оқитынмын. Әлі күнге дейін есімде.
“Айман-Шолпан» қойылымын көріп, қойылымдағы оқиға, әртістердің қызылды-жасылды костюмдері мен театрдың әдемі аурасынан қатты әсерлендім. Ерекше ұнады. Сол күні мен әртістер секілді театр сахнасында тұрғым келетінін түсіндім. Кейіннен мектепте жүріп-ақ ел алдында өнер көрсетуге, өзім рөл сомдауға, қойылымды жасауға қызығып, сондай шараларға белсене қатыстым. Яғни, менің осы салаға келуіме тікелей себепші болған – Қызылордада тұратын нағашы атам. Есімімді Шехназа деп қойған да осы кісі. “Азия даусы” деген үлкен конкурста сол жылы Шехназ Шедемер деген өзбек әншісі бас жүлдеге ие болған екен. Соған ұқсасын деген ниетпен осылай атапты.

Бір қызығы, мені кішкентайымнан өнерге баулыған атам 9 сыныптан кейін өнер саласына оқуға тапсырам деген Шехназына рұқсатын бермей қойды. Бізде үлкенге қарсы шығып, беттен алып сөйлемейді ғой. Содан тұрдым да “Ата, онда неге атымды бұлай қойдың?” дедім. Сонда атам күліп жіберді. Әлі күнге дейін “Сол күні сөзден жеңілдім ғой” деп есіне алады. Осылайша сөзден жеңілген атам өзі жетектеп өнер академиясына, колледжге ертіп әкеліп, оқуға тапсырғанда жанымда жүрді. Өмірімнің басты бөлшегіне айналған өнерге баулығаны үшін атама айтар алғысым шексіз!
Содан Т. Жүргенов атындағы колледжде 3 жыл “кино және театр актрисасы” мамандығы бойынша білім алғаныммен режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың мюзикл әдісіне қатысты жаңа курс ашқанын көрдім де, қайтадан академияда 4 жылдық оқуға тапсырдым. Қайтадан 1 курс студенті болдым. Яғни, актерлық шеберлік мамандығы бойынша 7 жыл білім алыппын. Оқу бітірген уақытта Нұрқанат аға аталған курстың студенттерінің арасынан іріктеу өткізіп, Астана қаласындағы жастар театрының құрамын жасақтады. Іріктеуден өткеннің бірі мен болдым. Осылайша астаналық атанып, жастар театрында қызмет етіп келем. 

 Сыр бойынан шыққан талантты жастың көптігі көңіл қуантады. Туған жерге қаншалықты жиі келесіз?

– Әр жаз сайын баруға тырысамын. Балалық шағым Алматыда өтіп, алғаш мектеп табалдырығын осы жақтан аттасам да өзімді Шиелінің қызымын деп айтамын. Себебі 4 сыныптан 9 сыныпқа дейінгі жасөспірімдік шағым, саналы кезім осы жақта, ауылда өтті. Қыпшақтардың, жалпы қызылордалықтардың тәрбиесі бөлек. Сондықтан қызылордалықпын деп мақтанамын. Әрі ауылға барған сайын өзіме есеп беріп, жаңа ұлы мақсаттар қоямын, өзімді тани түсемін. Ол өз алдына бөлек терапия сияқты…

– Актриса болу оңай емес. Алайда жүрек қалауы болғандықтан қиындығы сезілмейтін болар?

– Әрине, сезіледі. Кез келген мамандықтың өз қиындығы, артықшылығымен бірге кемшіліктері де бар. Ғашық болсаң, адамның кемшілігі артықшылық боп көрінеді, көп нәрсеге көзіңді жұмасың. Мамандық та дәл солай. Осы істі сүйгеннен кейін шыдайсың. Артықшылығын, ерекшелігін көбірек көруге тырысасың, көресің де.

– Жас болсаңыз да тәжірибелі актриса ретінде курс өткізіп, шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Жалпы актриса боламын деген адамның бойында алдымен қандай қасиеттер болуы керек?

– Ең алдымен құштарлық керек. Шынымен де осыны жаны қалай ма? Адасып келетіндер қаншама. Оңай деп келетіндер қаншама. Шыдамай сынып кетеді, арманына қол жеткізе алмайды. Сол үшін саналы түрде таңдау, іштей сенімді түрде қабылданған шешім керек сынды. Одан кейін жан дүниенің рухани бай болуы маңызды. “Жақсы актер болу үшін жақсы адам болу керек” деген ұстаным бар бізде. Яғни, осы сөздің мағынасы дүниентаным мен түсініктің, ішкі мәдениеттің кеңдігімен астасып жатыр. Үшіншіден, әрдайым өсу, даму, ізденістен шаршамау керек. Себебі актриса болу оңай емес. Жыл сайын емес, күн сайын, мыңдаған көздің, көрерменнің алдында сыналамыз. Сондықтан ішкі күштің, өзіңе, таңдауыңа деген сенімнің орны бөлек. Танымал болу да сондай. Сахнада бір сыналсаң, оның сыртында қаншама көз, қаншама сөз, пікір тұрады. Соның бәрін жай ғана қабылдай алатындай салқынқандылық, сенімділік керек.

– Әдемі әңгімеңіз үшін алғыс!

Тағы да оқыңыз: