Kyzylorda-news.kz Кәсіп, бизнес яки кәсіпкер сөзін естігенде көз алдымызға аға буынның елестейтіні рас. Біздегі қағида да – бұл салада жастарға орын жоқ секілді. Алайда мықтылармен бір алаңға түсуден қорықпайтын, жаңашылдық пен дамуды қолдайтын жастар аз емес. Әлемнің 33 мемлекетінде, жоғары білім ордаларының 1800 бағдарламасы аясында бизнес көшбасшылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған ең ірі білім беру алаңы бар. Ол – халықаралық Enactus ұйымы. Студенттер мен жастар арасында көшбасшылық пен кәсіпкерлікті дамыту мақсатын қолға алған ұйым Қазақстанда және еліміздің әр оқу орнында жұмыс істейді. Жас кәсіпкерлер алаңын қалыптастыруда өзіндік орны бар Қазақстандағы Enactus ұйымының президенті Альбина Мейірбекқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Қатысушыларды қолдау және дамыту мақсатында қандай іс-шаралар ұйымдастырылады?

  Enactus – Қазақстандағы студенттер мен оқушылардың әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында белсенді білім алуына мүмкіндік беретін ауқымды бағдарлама. Бұл жай ғана практикалық алаң емес, нағыз майталмандардың мекені. Студенттер мен мектеп қатысушыларының арасындағы бәсекелестік ауқымды нәтиже алып келеді. Жыл сайын белсенді түрде Enactus Kazakhstan штаб-пәтері 10-нан аса ауқымды іс-шара ұйымдастырады. Оларға тоқтала кетсек, бизнес командалардың академиялық мерзім арасында көрсеткен нәтижелерін қорытындылау үшін Ұлттық студенттер мен мектеп оқушыларының кәсіпкерлік чемпионаты өтеді. Республикалық деңгейдегі іс-шара еліміздің төрінде, Астана қаласында ұйымдастырылады. Қазақстан бойынша 2000-нан астам қатысушының жыл бойы жасаған жобалары таразыға салынып, еліміздің чемпионы анықталып, Enactus әлемдік кубогында Қазақстан Республикасын таныстыру құрметіне ие болады. Келесі маңызды іс-шаралардың бірі – күзгі бизнес-форум. Бұл бизнес-форумда қарапайым студенттер еліміздің бетке ұстар көшбасшыларымен, бизнесмендерімен бір алаңға жиналады. Форум – жаңа идеялар, жобалар, таныстықтар ғана емес, бұл іс-шара студенттерге, жаңа командаларға, олардың бизнес жобаларын одан әрі дамытуға серпін береді. Қыс пен жаз айларында бизнес-лагерь ұйымдастырылады. Онда студенттер үшін оқу бағдарламасы жасалып, кезекті Ұлттық чемпионатқа дайындық жүргізіледі. Сондай-ақ Enactus Kazakhstan директорлар кеңесі, академиялық кеңесі, түлектер қауымдастығының мүшелері келіп, студенттердің жобаларын тыңдап, өз ойларымен бөліседі. Enactus Kazakhstan штаб пәтері жыл сайын өңірлер бойынша тренингтер, яғни Road Show өткізеді. 2023 жылы 5 қалада Road Show өтті, онда 12 облыстан 52 оқу орны қатысты. Осы жылдың алғашқы шарасы – Winter camp 2024. Мұнда тек Қазақстан студенттері мен мектеп оқушылары ғана емес, шет елдің азаматтары да қатысты. Оның ішінде еліміздің 25 аймағы мен 3 мемлекет – Америка Құрама штаттары, Тәжікстан мен Өзбекстан бар.

CEO Enactus Kazakhstan қызылордалық команданың қажырлы еңбегін көрдім 1.jpg

– Бағдарлама аясында жүзеге асқан жобаларға тоқталсаңыз…

– 2021 жылы Астана қаласында өткен Ұлттық чемпионаттың жеңімпазы атанған Астана Медицина университетінің жобалары әлі күнге дейін жұмыс істейді. Астана медицина университеті ENACTUS командасының жобаларының бірі – «Onim». Жоба аясында жент батончиктері дайындалады. Әлем бойынша өт аурулары, семіздік, бауыр, тері аурулары, қант диабеті, жалпы алғанда асқазан-ішек аурулары бар адамдар саны күн сайын артып келеді, олардың көпшілігі дұрыс емес және теңгерімсіз тамақтанудың салдарынан. Әлеуметтік осал адамдарды оқытып, сондайақ оларды жұмыспен қамтамасыз ету арқылы, халықтың осал топтарын жұмысқа орналастыру мәселесін қосымша шешкен болатын. «Auxmed» – ата-аналарға бала күтімі және әртүрлі аурулардың алдын алу бойынша курстар түрінде клиникалық және практикалық ұсыныстар беруге арналған онлайн платформа.

– Өткен жылы чемпионат Утрехт қаласында өтті. Бұл іс-сапар ұлттық чемпион Enactus Buketov командасына қандай тәжірибе берді деп ойлайсыз?

– Қазақстанда жастар бизнесін дамытудағы жаңа қадам – Enactus World Cup. Бұл әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бизнес-жобалар байқауы. Мәселенің креативті шешімі жұмыс орындарын құратын студенттердің бизнесіне айналады. Өздеріңіз білетіндей, бағдарламаға қатысушылардың 97%-ы Enactus жобалық қызметінде алған дағдыларын пайдалана отырып, өз бизнестерін ашады. Әлемдік аренада ел намысын қорғау мүмкіндігі – Enactus Buketov командасына бұйырды. Өткен жылдың қазан айында Enactus штаб-пәтері мен Buketov командасы Нидерландыға барды. Команда үшін бұл орасан зор тәжірибе болғаны анық. 33 мемлекеттің өкілдерімен теңдей бір сахнада тұрып, адамның өмір сүру деңгейін көтеретін, экологиялық, бизнес, әлеуметтік жобаларды қорғау – үлкен құрмет. Студенттердің көкжиегі кеңейіп, қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгерді.

–  Естуімізше, Enactus World Cup 2024 Қазақстанда өтеді…

– Бұл жаңалық барлық жас кәсіпкерлер, студенттер және біз үшін керемет оқиға болды. Алғаш рет Қазақстанда әлемдік чемпионат өтеді. Бұл дегеніміз әлемдік деңгейдегі кәсіпкерлер, академиялық және бизнес көшбасшылар Астана қаласында бір алаңға тоғысады. Enactus World Cup 2024ке дайындық жұмыстары басталып кетті. Әлемдік чемпионат Астана қаласында 2-4 қазан аралығында 33 мемлекет өкілдері және 3000-нан астам студенттердің қатысуымен өткізілмек. Қазақстан студенттері үшін Enactus World Cup ауқымды жобаларды қамтуға, жаңа идеяларды ойластыруға, әлемді жақсартуға үлкен талпыныс беретініне сенімдімін.

– Ұйым аясында әрбір жоғары оқу орнында жұмыс істейтін командалар бар. Сырбойылық Enactus Korkyt аta командасы туралы айтсаңыз.

– Enactus Kazakhstan командалары әр өңірдегі жоғары оқу орындарында және мектептерде бар. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Enactus Korkyt аta командасы 2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Әр кезеңде жаңа құраммен жаңа жобаларды жүзеге асыратын сырбойылық команданың белсенділігі артуда. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Enactus Kazakhstan National Expo ұлттық кубогына және арнайы байқауларға қатысады. Өткен жылы Астана қаласында өткен ұлттық чемпионат барысында Korkyt аta командасы чемпион болмағанымен, бұл команданың қажырлы еңбегін көрдім. Сонымен қатар Enactus Korkyt Ata командасы Enactus Kazakhstan National Expo 2022 Chevron компаниясының Kazakhstan Water Race арнайы конкурсының қаржылай грант жеңімпаздары. Enactus Kazakhstan Business Collaboration Forum 2022 Beeline компаниясының грант иегерлері. Биылғы байқауларда креативті, жаңашыл жобаларымен жеңістің биігін бағындырады деген ойдамын. Жас кәсіпкерлер алаңында өзіндік орны бар командаға сәттілік тілеймін!

– Алдағы жоспар қандай?

– Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанның ең үздік бизнес көшбасшыларын жинап, оларды ENACTUS менторлық бағдарламамызға қосып, демеушілік жасауына көмектесу. Екіншіден, Әлем кубогы ENACTUS WORLD CUP 2024 Қазақстандағы жастар кәсіпкерлігінің катализаторы болатынына сенімдіміз және Қазақстандағы студенттік кәсіпкерлік кубогы жобасының деңгейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Үшіншіден, түлектер қауымдастығын одан әрі дамытуды қолға алмақпыз. Өйткені Enactus қатысушыларының көбісі кәсіпкерлік жолын таңдап, өз бизнестерін ашады. Сондай-ақ Enactus моделін оқу орындардың бағдарламасына одан әрі дамыту жоспарлануда. Соңғы 15 жылда Enactus бағдарламасына қолдау көрсеткен барлық бизнес және академиялық серіктестерімізге алғыс айтамыз! Enactus бағдарламасының мүшесі болу – еліміз үшін, бастысы, жастардың өзіндік дамуы үшін жасалған қадамның бірі болмақ. Enactus бағдарламасына қосылған әрбір студент жеңімпаз, себебі әрқайсысы өзінің жарқын болашағына бір қадам алға басты. Кәсіпкерлік қоғамдастыққа үлес қосқысы келетін студенттерге қиындықтарға қарамастан тек алға жылжуға кеңес беремін.

Тағы да оқыңыз: