Kyzylorda-news.kz Бүгінде Сырдария ауданының жастары қоғам өмірінде әркез түрлі игі істің басы-қасынан табылып, еліміздің дамуына тигізетін көптеген оң бастамалардың себепшісі болып, белсенділік танытуда. Осыған орай аудандық қоғамдық даму бөліміне қарасты жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Нұржан Сейтжанмен аудан жастарының тыныс-тіршілігі мен бүгінгі ахуалы жөнінде әңгімелесуді жөн көрдік.
– Алдымен аудан жастары туралы жалпы ақпаратқа қанықсақ...
– Қазіргі таңда аудан халқының шамамен 30 пайызын жастар құрайды. Кент орталығы мен ауылдық округтерді қосқанда 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 11 727. Аудан жастары белсенді, қай істе де алға жылжу анық байқалады. Спорт, мәдениет, мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау, білім беру – қай саланы алып қарасақ та білімді, талапты, рухты жастарымыз аудан намысын қорғап, кемел келешектің іргетасын мықтап қалап келеді деп ауыз толтырып айтуға негіз бар. Ал осы жастарды қоғаммен тығыз байланыстыруда аудан әкімдігінің, қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен жастар ресурстық орталығы түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, түрлі бағытта жұмыс істейді.
– Орталықтың ұйытқы болуымен өткізілген іс-шаралар туралы нақтырақ айтып өтсеңіз?
– Қазіргі таңда кент және ауылдық округтерде жастар саясаты бойынша 14 маман қызмет атқаруда. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Оған мектеп оқушыларынан бастап 35 жасқа дейінгі жастар қамтылады. Атап айтар болсақ, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында жыл басынан бастап 40-қа жуық іс-шара өткізілді. Оның ішінде акциялар, кездесулер, түсіндірме жұмыстары, т.б. атап өтуге болады. «Жастар лагері», «Сырдария барысы» турнирі сияқты ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Қайбір бастама болса да әлбетте жастарды дамытуға, ой-өрісін кеңейтуге, саламатты өмір салтын насихаттауға бағытталады. Мысалы, жақында қолға алынған «Кешкі vibe» жобасы түрлі сала бойынша өңірімізден шыққан, жастарға үлгі бола білген жастарды дәріптеуді мақсат етеді. Сұхбат алаңына лайықты жастар шақырылып, көрермен ретінде мектеп оқушылары қатысады. Бұл жердегі мақсат – осындай түрлі салада өз жолын салып келе жатқан аудан азаматтарына қарап, үлгі алса, мотивация болса деген ой. Әскери форум, «Таныс болайық» айдары, «Кітап сыйла» акциялары, поэзия кештері де – жастарды жарқын болашаққа бағыттауға арналған іс-шаралар.
– Иә, жастардың ауқымды іс шараларына біз де куәміз. Сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы да бақылап отырамыз. Жалпы орталық белгілі бір бағыттарға сүйеніп жұмыс жүргізетін шығар?
– Әрине, негізгі сегіз бағыт бойынша жұмысты үйлестіреміз. Олар – «Әкелер мектебі», «Еркеzhan» қыздар клубы, «Сырдария жастары» еріктілер штабы, жастар бригадасы, кеңес беру орталығы, «Жайдарман» лигасы, «Жас сарбаздар» клубы, «Кітап оқиық» кітап клубы. Міне осы бағыттар аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Айтпақшы, пробация есебінде тұрған жастар бар. Олар назардан тыс қалмайды. Әр ай сайын кездесулер ұйымдастырылып, арнайы іс-шаралар да жүзеге асырылады.
– Жастардың күші еріктілікте көрініп жатады. Аудандағы волонтерлер жайына қысқаша тоқталсаңыз...
– Өздеріңізге мәлім, елдегі қандай жағдай болса да жастар өкілдері өз үлестерін қосудан аянып қалып жатқан жоқ. Жақында елімізде орын алған алапат су тасқыны кезінде ерікті жастарымыз бауырларымызға көмек қолын созып, азық-түлік, тұрмыстық қажеттілік яки ақшалай көмек көрсетуге барын салды. Ауылдық округтерде құрылған еріктілер штабтары жұмыс жүргізуде. Табиғи апатқа тосқауыл жоқ. Түрлі жағдаймен баспанасынан айырылған яки көмекке мұқтаж жандарға қолдан келген көмекті аямайды. Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағына биыл 110 адам тартылып, ауданды абаттандыру жұмыстарына атсалысты. «Қайырымдылық қылсаң, қайырын өзің көресің» деген ғой. Жақында аудан волонтерлері «BIRGEMIZ» облыстық волонтерлер слетінде «Үздік әлеуметтік волонтер» атанды. Аудан жастарының ізгі іске бір табан жақын болып, жақсылық жасауда жарысатыны көңілді қуантады.
– Жастар бригадасының жұмысы туралы не айтасыз?
– Жұмыссыз жастарды еңбекке тарту әрі бос жерлерді игеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округтерде жер ашылып, жастар бригадалары құрылды. Жастар бригадасының саны жыл сайын артып келеді. Бұл өте жақсы бастама. Аудан әкімінің қолдауымен Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Шіркейлі ауылдық округтерінде жастар маусымдық жұмыспен қамтылуда. Сондай-ақ Бесарық, А.Тоқмағамбетов ауылдарында жастардан құрылған бригада белгіленген көлемдегі жерге картоп, бау-бақша дақылдарын егіп, еңбек даласының көркін қыздыруда.
– Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» дейді екен. Сол айтпақшы, ел болашағының жарқын көрінісі жастар болса, жастар саясаты мәселесі де ауқымды тақырып. Ал аудан жастарының талпынысы жоғары, ауқымды жұмыстары да белгілі. Өзіңіз жарқын болашақтың жалынды жасы ретінде ел дамуына қандай үлес қосып жүрмін деп ойлайсыз?
– Кез келген мемлекеттің болашағы – жас ұрпақ яғни саналы жастарымыз. Бүгiнгі жас – болашақ Қазақстанның жанды бейнесі, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын тұлға. Жастар – қоғам өмірін алға бастаушы прогрессивті күш иесі екенін қай қоғамда да дәлелдеп келеді. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар, бүгінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді. Осы ретте аудан жастарымен бір толқында болып, жастық жігерімді өзім қатарлы жастардың дамуына, алға жылжуына арнап жүргеніме қуанамын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі азаматтық парызым деуге болады. Жастарда жалын бар. Олармен жұмыс істеу қызықты, шабыт аласың. Аудан жастарын игі істерге ұйыстыру жолында атсалыссам, үлес қоссам – бұл менің бүгінгі таңда атқарған үлкен жұмысым, жеткен жетістігім. Алдағы уақытта Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің қолымызда, яғни болашағымыз жастардың жауапкершілігінде. Бүгінде елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлінуде. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ