Kyzylorda-news.kz Қызылордалық Абзал Жамалда 2000-ға жуық кітап қоры бар. Иә, бұл кітаптың барлығы Тасбөгеттік жас жігіттің үйінде сақталған. Арнайы бір бөлме кітапхана іспетті. Кітап сөресі медициналық салаға негізделген. Жазушылардың шығармалары менмұндалап тұр. Әлиасқар Жамалұлының студент кезінен бастап жинаған кітаптары бүгінде ұлы Абзал Жамалға мұра. Ол әкеден балаға қалған қымбат қазынаны әлі де дамытып, отбасылық кітапхана қорын көбейтуді мақсат етеді.

    – Әлиасқар Жамалұлы 1957 жылы дүниеге келген. Өте білімді кісі болды. Саналы ғұмырын медицина саласына арнады. 1974 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының фармацевтика факультетіне оқуға түсіп, 1979 жылы бітірді. Еңбек жолын Қызылорда қаласында дәріханалар басқармасында инспектор болып бастады. 1980-1981 жылдары облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің 61 дәріханасының меңгерушісі қызметін атқарды. Ол жүрген жерінде кітапты насихатады. Жора-жолдастары «Тірі энциклопедия» деп айтушы еді. Жұбайым 1982 жылдан бастап кітап жинауды бастады. Баста жаздырып алып, кейін сатып алады. Тіпті көп кітапты бірден алған кездері де болды. Өзгелер байлықты, дүниені армандаса, ол балаларының білімді болуын, кітаптағы құндылықты сезінуге тәрбиеледі. Жаман болған жоқ, екі қызы жоғары білімді. Медицина саласында жұмыс істейді. Ұлының да жоғары дәрежелі дипломы бар. Ол өз таңдауы, заман ағымы бойынша кәсіпке бет бұрды. Десе де жұмыстан кеш қайтса да кітап оқуға үлкен ден қойып жүр. Әлиасқар ұрпақтарына мұраға құнды кітап қалдырды. Сондай-ақ өзіне ұнаған, әрбір адам оқуға тиіс деген кітапты үйге келген қонаққа сыйлыққа беретін, – дейді жары Фатима Сұлтанова.

Біз көзбен көрген кітаптардан бөлек, өзге де кітаптары да бар екен. Олар сөреге сыймай қалған соң өзге бөлмеде жиналып тұр. Екі қыз, бір ұлдың әкесі Әлиасқар Жамалұлы кітапты ғана емес, газет жинағанды да ұнатқан. Ол шаңыраққа келген газет ешқашан жыртылмайды, қоқысқа тасталмайды. Газет бетін парақтап, оқып болған ұл-қыздары газет жинаулы тұрған сөреге жинақтап қоятын көрінеді. Бұл әкенің балаларға көрсеткен өнегесі іспетті.

– Әкемнің кітапқа ғана емес, газетке деген қызығушылығы жоғары болатын. Біздің үйде газет аяқтың астында жатпайды, терезеде де ілініп тұрмайды. Бұл – әкемнің бізге берген тәрбиесі. Келген бойда ішін қарап, оқып шығамыз да арнайылап жинақтаймыз. Жылдар бойы сақталған газеттер арнайы бір бөлмеде сақтаулы. Бүгінде бойын ғаламтор билеген жастардың керек дүниесін, қажетті дүниесін кітаптан ғана ала алатынына көзі жететін уақыт келді, – дейді ұлы Абзал.

1-3-1024x683.jpg

Кітапхана сөресінде барлық жанрда жазылған туындылар бар. Медициналық, көркем әдебиет, балалар кітабы, түрлі ертегілер, діни кітаптар мен энциклопедия бар. Барлық кітапты екі тілде табу қиынға соқпайды. Құран кітаптың арабша, қазақша нұсқасы тұр.

– Әкемнің кітапқа деген қызығушылығы біздің кітапқа деген махаббатымызды ашты. Кітаптың құнын, қасиетін ұқтыра білді. Осында тұрған әр кітап әкемнің қолынан өткен. Ол барлығын да оқыған. Бізге де кітап оқуды жиі айтып, тапсырма ретінде беріп тұратын. Сосын мына кітаптың мына жері қызық, мынау өте жақсы жазылған деп айтатын. Сондай-ақ кітаптардың басым бөлігі медицинаға бағытталған. Оның ішіне үңілсеңіз, бір жерін қызыл түспен, екінші жерін сары түспен белгілеп қояды. Ол белгіленген жерде аурудың емі, одан арылудың тәсілдері, күтіну жолы жазылып тұрады. Бүгінде бұл кітаптың барлығы балаларына қалды. Біз алдағы уақытта бұл кітапты ұстап тұрмай, оқырман тарту, жастарды кітап оқуға баулу мақсатында үйдің ішінен кітапхана ашуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта оқитын, қызығушылық танытатын адамдар керек кітабын алып, оқып болған уақытта өткізуді қарастырып жатырмыз. Бұл бір немесе бірнеше баланың зейінін ашып, оны кітап оқуға баулып, қызықтырады деген үміттемін, – дейді Абзал.

Әке аманатын арқалаған жас Абзал Әлиасқарұлы Дінмұхамед Қонаевтың кітабын кітапхана қорына сыйға тартты. Мамандар мұнда кітапханада жоқ кітаптар да кездесетінін жасырмады.

Кітапханаға барып, өзіңе ұнаған, қызығып оқитын кітапты аралап жүріп алудың өзі адамды ерекше күйге түсіреді. Ал үйдің ішінде тұрған кітап қорын көрудің өзі бақытқа бөлейді екен.

Мөлдір САБЫРЖАН

Тағы да оқыңыз: