Kyzylorda-news.kz. Елдегі жетіп жүрген жетістіктерін ескеріп, әдеби ортадағы орны қалыптасып келе жатқан жас дүлдүл, Сыр дарыны Бексұлтан Орынбасаровтан сұхбат алуды жөн көрдік.
Бексұлтан Ақылбекұлы 2001 жылы Қызылорда обылысы Арал ауданында Шөмішкөл ауылында дүниеге келген.
- Жұрт сізді айтыскер ақын ретінде таниды. Жалпы айтыс өнерінің қандай қиындақтары мен жүгі бар? Оның қоғамдағы рөлі туралы не айтасыз?
- Жалпы айтыс өнерінің қиындықтары өте көп. Сахнаға шыққан кезде бір басыңда бірнеше жауапкершілік болады. Бірнеше өнердің басын қосып шығу керек. Мәселен халықпен жұмыс істеу, ақындығы бір төбе және сахна мәдениеті, одан қала берді тұшымды сөз, ұшқыр ой қажет. Оны суырып салып айтудың өз алдына қиындығы болады.
Айтыстың қоғамдағы рөлі айқын. Хан мен қараны, халық пен биліктің арасын байланыстыратын алтын көпір. Халықтың сөзін билікке жеткізу, елдің ойын, ахуалын, мәселелердің шешімдерін тиісті орынға жеткізу. Бабадан келе жатқан асыл өнер болғаннан соң айтыстың орыны биікте. Тоқетерін айтқанда айтыс та журналистика секілді дүние ғой.
- Соңғы буын айтыскер жастардың аға буыннан көтеретін тақырыптары мен ойлау жүйесі тұрғысынан айырмашылықтары бар ма?
- Бар әрине! Бірақ, «алдыңғы арба қайда жүрсе, кейінгісі де сонда жүреді» деген. Үлкендердің көргенін, білгенін, түйген ойларын, даналық сөздерін, айтысудың тәсілдері сынды үйренетін нәрселері бар. Ал, енді ойлау жүйесіне келсек, жаһандануға, ақпараттың көптігіне байланысты, мүмкіндіктердің молдығына орай жастардың ойлау жүйесі артықтау болу керек деп есептеймін. Өйткені, оқуға, тануға қазір бар жағдай жасалынған. Тек жастар соның шырайын шығара пайдаланып, ізденіп, елдің алдына сауатты сараптап, алып шыға алуы шарт.
- Тыңдармандарды қызықтыратын тағы бір нәрсе бар. Айтысқа шығып жүрген ақындардың суырыпсалмалығы қандай дәрежеде? «Көп жағдайда сахнада айтылатын сөздердің 80 пайызы жаттанды өлеңдер» деген пікірге не айтасыз?
- Суырып-салмалық, айтыс – бұл құдайдың берген қасиеті өнері. Бір пайыз дарын берілсе адамға, қалған тоқсан да тоғыз пайызы еңбекпен келеді дейді. Сол секілді дайындық та қиын болса, соғыс та жеңіл болады дегендей, ақындардың көбісі дайындалып шығатыны рас. Себебі, дүйім ел көреді. Бірақ, суырып-салмалық міндетті түрде керек. Өне бойында ондай өнері жоқ адам айтысқа шықпайды деп ойлаймын. Дайындық керек-ақ, әйткенмен, бүгінде аяқ асты қойылған сұраққа, табан астынан тапқырлық танытуға, суырып-салып жауап бергендерге ерекше ден қойылып жатыр.
Оған дәлел де бар. Бұрындары қарсыласты алдын-ала жұптайтын болса, қазір қоржынан жеребе таңдап, халықтың куә болуымен жұптайды. Сондықтан «жаттанды айтыс өтеді» деген қисынға келе қоймайды.
- Ақпаратты қайдан аласыз? Газет оқисыз ба, теледидар көресіз бе әлде…
- Өзім газеттердің тұрақты оқырманымын. Облыстағы белгілі басылымдарды қарап, сенімді ақпарат көздеріне шолу жасап жүремін. Әлеуметтік желіден бөлек, теледидар, жаңалықтар қарап, қоғамдағы маңызды мәселелерді ой елегінен өткізіп жүргенді жөн санаймын.
Әдеби әрі көркем тіл қалыптастыру үшін ақылына ақы сұрамайтын кітаптары да оқып тұрған абзал. Дәстүрлі басылымдардан бөлек, жыр-жинақтар, терме кітаптары, сөздік қорды байытатын туындыларды жата жастанып оқимын. Себебі, әрбір алған білімнің нәрі жүректі сусындатып, ел алдына шыққан сәтте де керек болады.
- Ақыл – жастан. «Қазақстандағы айтыстың дамуы тұралап қалды. Баяғы бір соқпақ» деген пікірлер айтылып жүр. Оның одан әрмен дамуы үшін не керек?
- «Айтыс тұралап қалды» деген пікірге келісе қоймаймын. Себебі қазір айтыс ұлттық өнер, руханият дегенде алдыңғы орында, төрде тұрады. Жалпы айтысты өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін тұралады деп айтсақ болады. Одан соң, Темірше Сарыбаев, Мырзабек Дүйсенов, Жүрсін Ерман ағаларымыздың арқасында аманат өнер халықпен қайта қауышты. Өзінің көрерменін тапты. Содан бері қарай айтыс елмен етене жақын. Тіпті, биліктің де, партиялардың да бабадан қалған бегзат өнерге деген ықыласы ыстық екенін көріп, біліп келеміз. Айтыс өз жанашырлары бар кезде тұраламай, даму даңғылында бола берері хақ.
- Өзіңізді жазба ақыны ретінде сынап көрдіңіз бе?
- Иә, мен өзімді қауырсын қаламды серік етіп, жазба ақын ретінде де сынап көргенмін. Өнердегі, айтыстағы әдепкі жолымды жазба ақындықтан, поэзиядан бастадым десем де болады. Қазіргі таңда жазба поэзияның жілігін шағып, майын іштім деп айтпай-ақ қояйын, бірақ, жазба әдебиетпен және оның өкілдерімен де тұрақты байланыстамын. Сөз патшасы болған өнерге өзім бір табан жақынмын. Қазақтың қара өлеңіне қалам сілтеп тұрамын. Поэзиядан бүгіндері тысқары қалған жоқпын.
«Екі қазақтың бірі сазгер не әнші не ақын! Тек кейін олар сонысын ұмытып кеткен» деген пайым оқығанмын. Біздің жай да соған келіп тұрған секілді.
– Сіздер кейде айтыста әзілдесіп отырып біраз жерге барып қаласыздар. Айтыс сахнаның арғы жағында жалғасып, бір-бірлеріңізге өкпе айтасыздар ма?
- Мұхтар Әуезовтің «Айтыс ол – театр» деген сөзі бар. Соған сүйенсек біз қағытпа қалжыңмен, шымшыма сөзбен, бұралқы әзілмен сахнада түйреп отыратынымыз бар. Бірақ, оған ешкім ренжімейді деп есептеймін. Жалпы менің жеке басымда мұндай келеңіздіктер кездеспепті. Айтыс аламанына шыққан соң ақындар арасында араздық пен алауыздық болмайды. Ащы шындық пен салмақты сөзді көтере біліп, тапқырлықпен жауап беру айтыстың негізі өзегі, айтыскердің таланты. Сондықтан әзіл мен қағыпта айтыс сахнасының сәні болып жүре берері анық.
– Ақындардың ішінде кімнен ығасыз? Қапы қалам-ау деп қауіптенетін қарсыласыңыз бар ма?
- Аламан айтыскерлердің ішінде өзім сескенетін, жасқанып қалған ақын жоқ екен. Қасиетті өнердің қастерлі жолында жүргеннен соң, айтыс сахнасына шыққанан кейін атақты не атақсыз ақын болса да одан ығып, сескенудің қажеті жоқ сияқты. Шегерткеден қорықсаң егін екпе дегендей сахнадағы айтыскердің бәрін бірдей көремін. Тек оның білімділігі, айтысу тәсілі рөл ойнап басым түсуі мүмкін.
- Қазір иегіне екі-үш тал сақал өсірген жап-жас жігіттерді жиі көресің. Сақал қойғаннан кейін оны бет-пішіміне сай, жарасымды етіп жүру керек деп ойлаймын. Соған қарағанда жастар иманды және өнерді сақалмен өлшейтін сияқты. Қалай ойлайсыз?
- Менің ойымша өнер де, иман да сақал қоюмен өлшенбейді. Менің жалпы ойым, әкесінің көзі тірі тұрғанда, атасына жағаласып, жап жас болса да сақал қойғанды дұрыс деп санамаймын. Біздің қазақ елінің ғұрпында сақал қоятын болса, ауыл-елдің, шаңырақтың ақсақалдарына рұқсат сұрап, баталасып барып, өсіретін болған екен. Менің тәрбием бойынша ел ағасы болмайынша сақал қою жөн деп есептемеймін.
Негізі шариғат бойынша сүннет екені рас. Дегенмен өз пікірім осындай. Жастар қазір көп қояды. Оған себеп түрлі ағымдар, сондағы адамдарға сақалды еліктеп қойып жатады. Өнер саласында да біршама танымал адамдар сақал қоятын болса, оның ұстанымы қандай болса да еліктеп өсіріп алатын жастар бар. Оны өз замандас қатарларымның арасынан да көремін. Олар бірақ, сән үшін қояды. Мен сонда да қолдамаймын.
- Әсерлі әңгімеңізге рақмет, жеңісті күндеріңіз көп болсын!