Kyzylorda-news.kz ЖОО оқытушылары – академиялық білім берумен қатар, ғылыммен айналысатын сала мамандары. Бүгінде физика-математика секілді күрделі ғылым салаларыының даму қарқыны қалай, аймақта зерттеу жүргізуге жеткілікті мүмкіндік бар ма? Жас ғалымдардың атын неге біле бермейміз? Бұл сұрақтарға жауап табу үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Құрметті профессоры», техника ғылымдарының кандидаты Бақыт Қалиевпен сұхбаттастық.
– Бақыт аға, еңбек жолыңызға қарасам, оқытушыдан бастап, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, лицей директоры, проректор қызметтерін атқарған екенсіз. Жастар басылымы болғандықтан қандай студент болғандығыңыздан бастасақ. Тұлға болып қалыптасуыңызға кімдер ықпал етті?
– 1974 жылы Қызылорда қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектепті бітірдім. Ол кезде оқуға түсу қиын. Бір жыл түсе алмай, Электр желілері компаниясында электромонтердың шәкірті болып жұмысқа орналастым. Осылайша 1976 жылы Физика-математика факультетінің студенті атанып, оны 1980 жылы үздік дипломға бітірдім. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Өмірдің әртүрлі кезеңінде маған жақсы ұстаздар кездесті» дегеніндей, студент кезімде маған мықты ұстаздар білім берді. Оқытушыларымды үлгі тұтып, «олардың деңгейіне жеттім бе, жетпедім бе?» деп кейде лекцияларымды ұстаздарым оқыған лекциямен салыстырамын. Олар – физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Құдайберген Жаңабергенов, техника ғылымдарының кандидаты Базарбек Қашқынбаев.
Базарбек Қашқынбаев – Қызылорда облысында алғаш рет техника ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған ғалым. Осы екі кісі ғалым, ұстаз болып қалыптасуыма әсер етті. Алғашқы ұстазым лекцияны қалай оқу, тақтаны қалай пайдалану керегін үйретсе, екіншісі ғылымға баулыды. Сол кісінің ақылымен Украина ғылым академиясының жанындағы Электродинамика институтына қабылданып, аспирантурасын бітірген бірінші қазақпын.
Алдымен Украинада 2 жыл ғылыми тағылымдамадан өттім. 3 жыл аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертациямды қорғадым. Бұл Кеңес үкіметі тарап жатқан 1991 жыл еді. Менің зерттеу салам – ғылыми тілде айтатын болсақ, кибернетика, елдегі ағайынға түсіндірер болсақ, физиканың есептерін компьютерде шығару.
– 1991 жылдан кейінгі уақытты өтпелі кезең дейміз… Елдің бәрі күнкөрістің қамымымен саудаға бейімделді. Ғылымды тастамауыңызға не әсер етті?
– Шынымен де, өте ауыр кезең болды. Кеңес Одағынан бөлінген елдің бәрі мұны басынан кешірді. Мысалы, Киевтегі мықты достарым көше тазалап кетті. Өйткені ол – ғылымға ақша бөлінбейтін, айлық төленбейтін уақыт. Келіншегім үйде бөпемен отырды. Нан алатын ақша болмады. Бірақ өмірімді осы салаға арнағаннан кейін басқа жұмысқа бармадым. Бірте-бірте жағдай қалыпқа келді. Өмірде өз жолымды тапқан адаммын де есептеймін.
– Сонда университетте 40 жылға жуық қызмет еттіңіз ғой…
– Иә, оқу бітіріп келгесін кафедрада аға оқытушы болдым. Сол кездері Қорқыт ата университеті педагогикалық емес гуманитарлық университет болды. Басқа да мамандықтар ашуға рұқсат берді. Осылайша 1995 жылы Экономика факультетінің деканы болып тағайындалдым. Киевте оқыған екінші мамандығым информатика болатын. Ал жаңа факультетте информатика пәндерінің қосылғанын ескерген болуы керек сол кездегі ректор Бақберген Досмамбетов декандыққа шақырды. Бір қызығы, сол жылдары қазіргі №1 оқу ғимаратына сән берген субұрқақ Оңтүстік Кореядан әкелініп, ғылыми кеңес мүшелері Қаратаудан алдырылған ағаштарды аулаға отырғызған болатын. Бірақ әуелден-ақ декан болғым келмеді.
– Не себепті?
– Жалпы қызметке қызыққан адам емеспін. Қызметтің бір жаманы біреудің қас-қабағына қарайсың. Одан да өзіңмен өзің сүйікті жұмысыңмен айналысқан жақсы. Бірақ өмірде адам айтқаны бола бермейді. Осы жоғары оқу орнының барлық қызмет сатысынан өтіп, әр жылдары кафедра меңгерушісі, декан, проректор, университет жанынан ашылған қазақ-түрік лицейінің директоры болдым. Ал 2022 жылы зейнетке шыққаннан кейін қызметті өз еркіммен тапсырдым. Қазір тек кафедраның доцентімін, университеттің құрметті профессорымын. Студенттерге физиканың фундаментальді салаларынан дәріс беремін.
– Бұл сала бойынша қызылордалық Асан Тайманов, Асқар Жұмаділдаевтарды айтамыз. Сыр өңірінен шыққан деп тағы қандай ғалымдарды айта аламыз?
– 1937 жылы Қиыр Шығыс Корей педагогикалық инстиутының Қызылорда қаласына қоныс аударуы негізінде Қызылорда педагогикалық институты ашылды. Университеттегі қазіргі физика-математика факультеті сол кездегі тарихпен тікелей байланысты. Ол кезде физика мен математика бөлек болған. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында Украинаның біріккен университетінің ғалымдары Қызылорда педагогикалық институтының базасында жұмыс істеген. Олар осы жақта екі жыл жұмыс істеп, кетерде материалдық-техникалық базасын қалдырып кеткен. Тіпті кейбір профессорларға Қызылорданың ауа райы жаққаны сондай, осы жақта қалған.
Академик Асан Таймановты жақсы білесіздер. Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыс біткеннен кейін Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғағанын Қаныш Сәтбаев «Вечерный Москва» газетінен көрген. Содан оны Алматыға жұмысқа шақырады, бірақ соғыс кезінде тұтқынға түскендіктен Алматыға емес Қызылордаға еңбек етуге жібереді. Осылайша қазіргі физика-математика кафедрасында 7 жылдай меңгеруші болып қызмет еткен. Өзінің іргелі ғылыми жұмыстарының барлығын Қызылордада дайындаған. Осы жерде алғаш рет республкиалық олимпиада өткізген. Бірақ кейін ғылыми жетекшілері Новосібірге алып кетті. Қазір ол кісінің атында университетте кабинет пен ескерткіші бар. Сол кісі Сыр өңірінде үлкен математикалық мектепті қалыптастырып кетті.
Бізден шыққан атақты ғалымның бірі – математик Әбдімәлік Нысанбаев. Математиканы бітіргенмен, диссертацияны философиядан қорғаған. ҚР Ғылым академиясының академигі болды. Біздің физика математика кафедрасында білім алған Болатбек Әбдірәсілов қазір Ұлттық біріңғай тестілеу орталығының директоры. Ондай шәкірттеріміз өте көп.
Өткен ғасырда шетелдік оқу орындары ғалымдарының Сыр өңірінде жұмыс істеуі ғылыми мектептің қалыптасуына ықпал етті. Жалпы физика-математика саласына кез келген бала келмейді. Бірақ қазіргі жағдай сәл нашарлап бара жатқандай…
– Баланың қабілетті болуы кімге байланысты?
– Мұғалімге байланысты. Қазіргі мұғалімдерге көп дүние жеңіл болып қалды. Материалды интернеттен алады. Ал біздің кезде ондай болған жоқ. Эйнштейннен «зертханаңызды көрсетіңізші» дегенде, жұмыс столы мен орындықты көрсеткен.
Жас ғалымдар міндетті түрде көркем әдебиет оқуы керек. Стденттеріме «Абай жолын», «Махаббат қызық, мол жылдарды» оқыңдар деймін. Өзім «Абай жолын» 3 рет қазақша, 1 рет орысша оқыдым. Мұхтар Әуезов секілді Қазақстанда жазушы жоқ, оны оқығаннан кейін басқа роман оқығың келмей қалады. Қазіргі жастар кітап оқымайды.
– Өмір сүру сапасы артқан сайын, нақты ғылымға қызығатын жастар азайып бара жатқандай. Академиялық білім алып жүрген жастар туралы не айтар едіңіз? Нақты ғылыммен айналысқысы келетіндері көп пе?
– Физиканың білім беру бағдарламаларын жасағанда міндетті түрде студенттерді ғылымға бағыттайтын пәндер қосамыз. Мысалы, бізде физика математика ғылымдарының докторы Бақытхан Әбдікәрімов жұмыс істеуде. Студенттерге сабақ өткізеді. Өзім айналысатын саланы да оқу процесіне енгізіп қойдық. Бакалавиратта оқыған шәкірттеріміз магистратураға, докторантураға оқуға түсуде.
Адам ғылыммен жас кезде айналысуы керек. Ғылымға ден қойған жастар жоқ деуге болмайды, көпшіліктің ішінен шығады. Жастарға көңіліміз толмайды ғой. Бірақ Аристотель, Платонның кезінде де «Жастар бұзылып бара жатыр» деген екен. Тек жастардың көзін ашу керек. Қазір Т.Есетов атындағы №264 мектепте де қосымша жұмыс істеймін. Жеті жылдай болды, оқушылардың ғылыми жұмыстары бойынша жетекшілік жасаймын. Олар республикалық, халықаралық ғылыми жобалар байқауларынан жеңімпаз атанып жүр.
– Университет жасанды интеллект бойынша Кореямен бірлесіп маман даярлауда. Физикамен байланыстырып жобалар жүргізу жоспарда бар ма?
– Жасым келіп қалғандықтан, жеке өзім ондай жобалар жасап жатқан жоқпын. Кезінде түрлі ойлар болған. Бірақ қызметте жүргенде ғылыми жұмыспен айналысу өте қиын. Мысалы, проректор, декан болсаңыз, жан-жақтан оқу процесіне байланысты көптеген тапсырма келеді. Бірақ кезінде сондай ғылыми бағыт ашқым келді. Бірақ бізде Асқар Жұмаділдаевтың тікелей шәкірті «Физика және математика» білім беру бағдарламасының профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Шерәлі Ибраев сол кісінің ғылыми метебін жалғастыруда. Өзінің саласы бойынша магистрант, докторанттарға лекция оқуда. Кафедраның профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы Аңғысын Сейтмұратов та университетте өзінің саласы бойынша ғылыми мектеп қалыптастырды. Біреуі математикадан, бірі механикадан.
– Неге ғылым дегенде мықты жас ғалымдарды ести бермейміз?
– Осы сұрақты маған студенттерім де қояды. Мысалы, Эйнштейнді әлемнің бәрі біледі. Ал қазір неге білмейміз? Мүмкін, оған уақыт керек шығар. Университеттегі танымал жас ғалым дегенде «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты, зерттеуші профессор Нұрбол Аппазовты айтар едім. Ол бірнеше жобаны қатар атқаруда. Өз саласы бойынша ғылыми мектепті қалыптастырды.
– Менеджерлік қызметтен босағаннан кейін ғылыми еңбектер жазуға көңіл бөлген боларсыз?
– Зейнетке шыққаннан кейін 5 әдістемелік құрал дайындадым. Галилейден бастап осы салада елеулі еңбек еткен 15 физик туралы кітап жаздым. Бұрынғы еңбектерде қайда туылғаны, не ашқаны ғана жазылады. Ал мен адам ретінде қандай болғанын зерттедім. Қазір оқу процесінде пайдаланылуда. Екінші кітабым – ХХ ғасырдың физикасына арналды. ХХ ғасырдың физикасын 26 мен 31 жас аралығындағы азаматтар жасаған. Олардың бәрі ақын, әдебиетші, журналист, музыкант болған. Бір-біріне хатты өлеңмен жазған, тарихпен айналысқан. Мысалы, Эйнштейн музыкант болған. Скрипкада жақсы ойнаған. Макс Планк деген физик пианинода жақсы ойнаған, хорда дирижер болып, музыкада жаңалық ашқан. Тіпті оған физикаға емес, музыкаға өміріңді арна деген. Бізде физиктердің көбі өлең жазады. Бірақ менде ондай дарын жоқ.
– Бұл кітапты студенттер ғана емес, оқушылар да оқыса, болашақ мықты ғалым болуға ынталандыратын секілді…
– Мектепке де бердім. Өзімнің әдістемемнің дұрыстығына көзім жетті. Университет жанында қазақ түрік лицейі және Қабілет деген мектеп болды. Қабілет мектебінде 12 жыл физикадан сабақ бердім. Ал мектепте сабақ беру оңай емес. Ол жақта әдістеме басқа. Солардың деңгейінде сөйлеу керек. Физиканы оқушыларға кітаптың тілінде айтпау керек. Сосын мұғалім біріншіден артист, екінші адам ретінде балаға дос болуы, ең соңында ғана маман болуы қажет.
– Ғалым болудың тиімді және тиімсіз тұсы бар ма?
– Өте қызық сұрақ. Ғалымдардың ерекшелігі туралы айтып отырсыз ғой. Адамзат баласының тарихында Ньютон секілді ғалым болған жоқ. Ньютон секілді ғұламалықты одан кейін ешкім көрсеткен жоқ. Тек екі жылдан кейін Альберт Эйнштейнді Ньютонмен салыстырады. Айтайын дегенім, ол негізі науқас болған. Ондай науқастардың ортаға зияны жоқ. Олар көпшілік ортада өзін ұстай алмайды. Бірақ ондай адамдар ғылымның бір саласынан мықты болып келеді екен. Ал Дирак деген ғалым Нобель сыйлығын алмаймын деген. Ньютон екеуінің ауруы бірдей болған. Ньютон көшеде келе жатып, басқа жаққа кетіп қалады екен. Үйіне қонақ шақырғанын ұмытып кететін болған. Себебі барлық уақытта есеп шығарып жүрген. Олар уақытынан ерте есейген адамдар. Олар жүз жылға алға кетуі мүмкін.
– Қазір жастардың көбі шетелде оқығысы келеді. Қай елдерде физика саласы жақсы дамыған?
– Жалпы физиканың отаны – Англия. Физиктердің ең көп шыққан жері де сол ел. Одан кейін Германия, Францияда жақсы дамыған. Студенттердің мұндай ғылыми ортаға баруы өте маңызды дер едім.
– Сұхбат үшін рақмет!
Айдана ЖҰМАДИНОВА