Kyzylorda-news.kz. ‒ Бақдәулет, сіздің балуандар алаңында топ жарып, бүгінде күрес федерациясында қызмет етуіңіздің өзі бала күнгі қызығушылықтан басталған тәрізді. Әңгімемізді осы тақырыптан бастайықшы…
– Күреске тоғыз жасымнан бастап қатыстым. Негізі Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, бұрынғы Ленгір қаласының тумасымын, бірақ 2010 жылдан бері Астана қаласына оқуға келіп, кейін осы жердің тұрғылықты тұрғыны атандым.
Кішкентай кездегі спортқа деген көзқарас пен мықты болуға деген ұмтылыстың арқасында қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Оған қоса 2015 жылы Азия чемпионы, екі жыл қатарынан "Еуразия Барысының" жеңімпазы болу бұйырды. Бәрі сол бала қызығушылықпен басталып, бүгінде күреске кәсіби түрде келуіме жол ашты.
‒ Ал қазіргі уақытта кілемге жиі шығасыз ба?
‒ 2017 жылы "Еуразия Барысында" соңғы рет күресіп, кәсіби мансабымды жұмыс бабына байланысты аяқтадым. Себебі шаршы алаңда күресу, кейін қайтадан сол федерацияда жұмыс жасау бір-біріне кедергі келтіреді. Қазір аптасына бір-екі рет жаттығу залына барып тұрамын, бірақ бұрынғыдай жарыстарға шығып жүрген жоқпын.
‒ Қазақ күресінің ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгенінен хабардармыз. Осы орайда қазақ күресінің әлемдік спорттағы орны жайында толығырақ айтып өтсеңіз...
‒ Қазақ күресі әлемдік деңгейде енді-енді танылып келе жатыр. 2016 жылы ғана ЮНЕСКО-ның тізіміне енді, одан кейін түрлі жарыстар ұйымдастырылды, халықаралық федерация құрылды. Қазір әлемнің 30-дан астам мемлекетінде Қазақ күрес федерациясы бар. Алдағы 10 жыл ішінде жазғы спорт түрлерінен Азия ойындарына, одан кейін Олимпиада ойындарына қатысамыз деген үміт бар. Ол үшін алдымен қазақ күресіндегі «қазақ» сөзінен бас тартуымыз керек. Өйткені ұлтқа байланысты спорт түрі ешқашан дамыған емес. Мәселен, өзбек күресі, қытай күресі дегенді естімейміз ғой, болған күннің өзінде біз оның дамуына еш үлес қоспас едік. Сондықтан әр елдің ұлттық ұстанымы болатынын ескеру керекпіз. Қазір осы бағытта бірқатар жұмыс атқарудамыз. Әдетте біздің «Еуразия Барысы», «Әлем Барысы» деген додаларды шетелдіктер көріп, қызығып жатады. Әрине оларды ынталандыратын дүние қомақты жүлде қоры шығар, бірақ біздің күрес те осал емес.
‒ Сонда қазақ атауынан бас тарту ‒ кілемдегі ереже бірдей болу керек деген сөз бе?!
‒ Әрине алаңдағы ереже қашанда бәріне бірдей, бірақ күрес атауы ұлтқа байланысты болмау керек. Біз өз алаңымызда «қазақ күресі», «қазақша күрес» дейміз. Ал халықаралық аренада «қазақ күресі» деген атау бізге қиындық туғызып тұр.
Өйткені біз әлем чемпионатын ұйымдастырсақ, барлық спортшының, жаттықтырушының шығынын мемлекет есебінен төлейміз. Себебі олардың елінде қазақ күресі деген атау қабылданбайды. Тіпті кейде «өзге ұлттың күресі, өздері дамытсын» деген пікірді де естиміз. Мәселен, дзюдо сөзі «жеңіске апарар жол» деген мағына берсе, самбо «қарусыз қорғану» деген ұғымды білдіреді. Байқадыңыз ба, ешқайсысында ұлтқа қатысты бөліну жоқ. Мақсатымыз Олимпиада шыңы болатын болса, біз қазірден бастап күрес атауын өзгертуіміз қажет. Мұны халық дұрыс түсінеді деп ойлаймын.
‒ Ал әлем мықтылары мен біздің балуандарды салыстырсақ, қай тараптың мүмкіндігі жоғары?
‒ Халықаралық аренада әр спорттың өз деңгейі бар. Осы орайда қазақ күресінен қазақ балуандары әлемде бірінші деуге болады. Дзюдодан әлем чемпионы атанған грузин балуаны Гурам Тушишвилиды қазақ күресінен Айбек Нұғымаров таза әдіске салып лақтырды. Міне, бұл ‒ нағыз спорт. Бәлкім Айбек дзюдодан әлем чемпионатына қатысса, әлгі қарсыласына жол беруі мүмкін бірақ біз өз күресімізде бірінші орындамыз, әзірге ешкімге есе бере қоймадық.
‒ Республиканың барлық аумағында қазақ күресі қарқынды дамыды деп айта аламыз ба? Әлде күресте кенжелеп қалған аймақтар әлі де бар ма?
‒ Күрес федерациясының еліміздегі барлық аймағында филиалы бар. Оған қоса аудандық филиалдар да нәтижелі жұмыс жасап тұр. Біз барлығымен тығыз байланыстамыз. Осы кезге дейін Солтүстік Қазақстан, Қостанай облысында күрестің дамымай келгені рас, бірақ қазір солтүстік аймақта күрес клубы ашылды, ал Қостанайда облыстық басқарма басшылары салаға үлкен қолдау көрсетуде. Күрес ақсап тұрған аумақтың бірі ‒ Батыс Қазақстан еді, ол жерде де федерация басшысы ауысып, ауқымды жұмыстар жасалуда. Нәтижесінде кейбір аймақта ересектер, кей облыста жастар мықты. Жалпы статистикаға сүйенсек, барлық облыстың терезесі тең.
‒ Сонда көш басындағы облыс қайсы?
‒ Ересектер арасындағы сараптама бойынша Қарағанды мен Алматы, Шымкент қаласы оқ бойы озық. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы кезінде Шымкенттің балуандары мықты еді, кейін олар екіге бөлініп әлсіреп қалды. Қызылорда облысынан да әр жыл сайын бір чемпион шығып тұрады.
– Соңғы уақытта қыздар күресін де жиі көріп жүрміз. Жалпы бұл бағытты дамыту қаншалықты тиімді?
– Қазіргі ұлттық көзқараспен қарасақ, бізге қыздар күресі аса тиімді емес. Бірақ біз ауқымды аренаға, Олимпиада шыңына, Азия ойынына жолдама аламыз десек, бұл саланы да дамытуымыз керек. Әлемдік аренада гендерлік саясат жүреді. Ал гендерлік жүйеде ер мен әйелдің құқығы тең. Сол үшін қыздарға да чемпионатқа жолдама беріледі.
‒ Ақтөбеде өтетін әлем чемпионатына қандай дайындықтар жүргізілуде?
‒ Біз республикалық федерация болған соң, әлем чемионатына аса бір қатысымыз бола бермейді. Әрине біздің территорияда өтетін болған соң, Ақтөбедегі филиал жұмысына көмектесеміз. Оның өзі қонақтарды күтіп алу, шығарып салу сынды жұмыстар. Одан бөлек біз біріншілікке жеке команда ретінде қатысамыз. Біздің тоғыз балуан өткен айда Грузияға барып, халықаралық оқу жаттығуынан өтіп келді.
‒ «Жастар әлеуметтік желімен әуре болып кетті» деген қазіргі тұста қазақ күресін дамыту ұлттық сананы қаншалықты қалыптастыра алады?
‒ Иә, бүгінде балалар далада алаңсыз асық ойнап, доп тебуден қалды. Осы орайда Qazsport арнасымен бірлесіп «Қазақ күресінен бір әдіс», «Әлем чемпионатынан бір әдіс» деген атаумен бір минуттық бейнежазбалар әзірлемекпіз.
‒ Халықаралық спорт шебері ретінде саладағы қандай кемшілікке көңіліңіз толмайды?
‒ Мен қазақ күресіне келмей тұрып, яғни 2014 жылға дейін ұлттық құраманың мүшесі болдым. Самбодан Азия чемпионы атандым, дзюдодан да талай жарыста бағым жанды. Бірақ қазір самбоны да, дзюдоны да көргім келмейді. Неге? Өйткені мен қазір қазақ күресімен «ауырып» қалған тәріздімін. Әрі біз дзюдо арқылы жапон күресін, самбо арқылы орыс күресін дамытып келдік. Ал өзіміздің күресте бірде-бір бейнежазба сақталмаған. Кейде өзімде «бұрын неге сол жақта жүрдім екен?» деген өкініш болады. Салада ренжитіндей жүйе де көп болды. Мәселен, кезінде жеребені қолдан ұйымдастырып немесе 5-6 келі салмақты елемей өткізген әділетсіздікті көрдік. Бірақ ол уақытта біз бала едік. Мұның бәрі қазір жойылды. Себебі комиссия құрылып, құжаттарды қатаң бақылауға алдық. Тіпті қазір 100-150 гр салмақ дәрежесі асып кеткен жағдайда спортшы жарысқа жіберілмейді.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!