Kyzylorda-news.kz. Елдік жолында ерлермен иық тіресіп, ел ертеңі үшін аянбай еңбек етіп жүрген әйелдер бар. Шаруа қожалығын, кәсіпорынды немесе үлкен ауылды басқаратын қыз-келіншектер қаншама?! Әйел табиғатынан нәзік болғанымен, мойнына артылған ауыр жүкті көтеріп, міндеттелген жұмысын бар ықыласымен атқаратын қуатқа ие. Олар отбасының берекесін келтіріп қана қоймай, ер азаматтармен бірге ілесіп, әр салада халыққа қызмет қылып жүр. Тіпті әйел әкім де бола алады. Ал әкімнің жұмысы ер адам, әйел адам деп бөлінбейді. Мойынға түсер салмақ бірдей. Осындай елдің сенімін арқалап жүрген жанның бірі – Нұржамал Тұрсынбаева. Ол 2020 жылдан бері Қармақшы ауданы, Ақжар ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келеді. Жуырда ауылға сапарлап барғанымызда әкіммен тілдесудің де сәті түскен еді.

– Ауыл халқының жағдайы қалай? Қандай істер атқарылып жатыр? Ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтсаңыз..

– Ауылға әкім болып келгеніме 3 жыл толды. Сол кезде "журналист әкім болды" деген ақпарат та тарап жатты ғой. Әкімдік қызметте білмеген тұстарым да болды. Оны жасырмаймын. Білмегеніңді мойындап, сұрау қажет. Әлгі білместікті бәлки мінездегі қасиетім басып түскен болар. Әкім болған кезде қаламен де, даламен де, ермен де, әйелмен де, тіпті баламен де тілдесе алу керексіз. Осы орайда мен халық алдында ашықпын. Қай кезде болмасын, қандай мәселе болмасын барлығын бірігіп, ақылдасып шешуге тырысамыз. Тіпті ауыл халқының ватсаптағы чатында бармын. Ауыл халқының жағдайына келсек, бүгінде Ақжар ауылдық округінде 386 отбасы, 1784 тұрғын тұрады. Зейнеткерлер саны – 199, оқушылар – 332, мектеп  жасына дейінгі балалар – 213 құрайды. Мұндаа барлық әлеуметтік нысандар орналасқан. Сонымен бірге күріш егумен айналысатын «Ораз Ахун», «Ақжар», «Шәкизада» шаруашылықтары, мал шаруашылығымен айналысатын 15 шаруа қожалығы, 113 кәсіпкер ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмыстық қажеттілігімен қамтамасыз етіп отырады. Биыл ауыл бойынша мал саны ірі қара – 2996 бас, қой-ешкі – 5805 бас, жылқы – 778 бас болып отыр. Жеке ауыл тұрғындарын бақша өнімдерімен қамту мақсатында 35 гектар жер жасақталып, 95 отбасы бақшалық салуда. Соңғы 2 жылдың көлемінде мал жайылымдықтарға су жіберу, көгалдандыру, аяқ су мәселесін шешімін тауып келеді. Шаруашылықтардың демеушілігімен 67 шақырым каналды ашу ұйымдастырылды. Нәтижесінде көп жылдан бері су бармай тұрған жайылымдықтар табаны суландырылып, өріс кеңейді. Ауылдың кіреберісіне «Жасыл желек» ашылып, тал-теректер көгеріп тұр. Осы жылы ауылдың дендрологиялық есебі жүргізіліп, ауыл аймағында 5962 түп ағаш пен жеміс ағаштары бар екендігі анықталды. Сондай-ақ «Алма бақ» бойынша 887 түп алма ағашы егілсе, биыл қосымша 587 түп басқа да жемістер отырғызылды.Ауылдың инфрастурктурасын жақсарту мақсатында, биыл Жамбыл Жабаев көшесі асфальттанатын болса, дәрігерлік амбулатория, балалар ойын алаңының құрылысы жүргізілмек. Бірнеше көшеге сметалық құжаттамалар әзірленуде. Қазіргі кезеңде сатып алу жұмыстары жүргізіліп, келісім-шартқа отыру шаралары жүргізілуде.

– Сіздіңше қоғамдағы әйелдің рөлі қандай?

– Қоғамдағы әйелдердің рөлі деген сауал өте ауқымды сұрақ. Оған бір-екі тұжырыммен жауап беру әсте қателік болар еді. Қоғам, ол – халықтың шоғыры, сол шоғырдан ер азамат бол, әйел азаматша бол, алатын орныңызды өзіңіз айқындауыңыз қажет. Қоршаған әлеммен араласқан соң, қоғамда да өз орныңызды сала білуге тиіссіз. Айналаңызға пайдаңыз тиіп, білім мен тәжірибеңізді қоғам үшін жұмсағаныңыз ләзім. 

– Ауылдағы кәсіпкерлік саланың жұмысы қандай деңгейде?

– Сөз басында айтқанымдай, ауылды 100-дің үстінде кәсіпкерлікке тіркелген азаматтар бар. Бірақ сол азаматтың барлығының кәсібі дөңгеленіп тұр деуге келмейді. Дүкен ұстап, халыққа қатынас қызметін ұсынып отырғандар бар. Шаруашылық құрып, мал басын көбейтіп отырғандар да, егіспен айналысып жатқандар да жеткілікті. Ауыл кәсіпкерлігінің ақсап тұрған жері қайсы? Шығатын өнім және оны өткізу жолдары ақсап тұр. Себепті осы жерден іздеу керек. Ауылда мемлекеттік грант алғандардан құралған тігін цехы бар. Өнімдерін әлеуметтік желі арқылы сатуда. Үлкен еңбек жасап отыр. Бірақ бәселекелестік ортаға сіңісе алмайды. Себеп, әлі де болса маркетингтік дамымауы. Сосын тағы бір байқағаным, ауыл халқының өнеркәсіп пен өндіріс ашуға келгенде, тәуекелділігінің осалдығы мен сенімсіздігі, қаржының қол байлауы дер едім.«Ауыл аманаты» деген жақсы жоба қолға алынбақшы. Аты айтып тұрғандай, ауыл халқының тұрмысын сәл де болса, көтеру, кәсіпкерлікке жетелеу, отбасы табысын арттыру ниеті жатыр. Осы жоба бойынша 21 азамат құжат дайындап, 127,1 млн теңгенің қаражатын алсақ деп отырмыз. Бұл – үлкен көмек болар еді. 

–  Мемлекеттік қызметтің әйел адам үшін ауыртпалығы бар ма?

– Ешқандай ауыртпалығы бар деп есептемеймін. Ең бастысы қызметке адалдық пен жауапкершілік, сүйіспеншілік болуы тиіс. Әкім болу – қызмет емес, қызмет етуші. Сол себепті бұл қызметте ар алдындағы адалдықты биік қоямын. 

–  Ауыл жастарын қолдауда қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Жақында ғана аудан әкімінің тікелей басшылығымен,   жастардың ортасын дұрыс қалыптастыру мақсатында гранттар бөлінді. Бір қарағанда, бұл іс – әкімшіліктің кезекті бір жұмысындай көрінер. Бірақ мұның астарында үлкен тәрбие жатыр. Осы грант шеңберінде ауылымызға стол теннисін алдық. Жастар айналшықтап қалды, яғни бос уақытын тиімді өткізуде және бұқаралық спорттың бір түрі дамиды деген сөз. Бұл туралы неге басымдық беріп отырмын. Себебі, соңғы жылдары ауылда ат спортына мән бердік. Қазір тай ұстамайтын отбасы қалмады. Көкпарды қолға алғанбыз. Биыл мектеп жасындағы жасөспірімдер келіп, тай жарыстырғысы келетіндерін айтты. Сонымен демеушілердің көмегімен жүлде тағайындап, тай жарыс өткіздік. Қызығушылық деген осы. Ал одан әрі, кәсібилікке ұласады.

–  Алға қойған жоспар қандай?

–  Жоспар өте көп. Ауылымызда 20 көше бар, барлығы 16,7 шақырымды құрайды. 4 көше ғана асфальттанған. 8 көше тастақты, 8 көше алаңсыз топырақты. Осы көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.  Өздеріңізге белгілі, ауылымыздан Әлем чемпиондары шығып тұр. Бірақ спорт мектебіміз жоқ. Сол мектепті салдыру арман, әрине жұмыс жасап жатырмын. Арман өте көп. Қалғанын уақыт еншісіне қалдырайық.

– Қызметте әкімсіз, ал үйде анасыз. Отбасы, ошақ қасында қандайсыз? Бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Ұрпақ тәрбиелеуде қандай қағиданы басшылыққа аласыз?

– Әрине, анамын, әжемін. Ұрпақ тәрбиелеуде, ұлттық негізді басшылыққа аламын. «Адамның баласы емес, ұлттың баласы» болғанын қалаймын. Жалпы елімізде әйелдердің зейнет жасын қысқартуды көтеру мәселесі өте орынды. Неге дейсіз ғой. Себебі ұлтты тәрбилейтін ана, әже. Қазір 25-30 жастағы қыз-келіншектер баласының тәрбиесіне жөнді көңіл бөліп жүр деп айта алмаймын. Таңнан кешке дейін жұмыста, балаға бақылау жоқ. Ал зейнетке ерте шыққан әйелдер немере тәрбиесімен айналыса алады. Көпті көрген, түйгені мол, тәжіриесі де бар. Мұны тіпті арнайы заң шеңберінде міндеттеп қойған да артық болмайды деп ойлаймын. Әрі-беріден осң бұл тың бастама болар еді. Бос уақытымды табиғат аясында өткізгенді қалаймын. Жалғыз, себебі, сумен де, өсімдікпен де, тіпті топырақпен де сырласқанды жаным қалап тұрады. Олардың әсемдігіндей сұлулық еш жерде жоқ.  Табиғатты суретке түсіріп алу  хоббиім. 

– Сөз соңында ел-жұртқа айтар ақ тілек, ұсынысыңыз, арман-мақсат, ой-пікіріңіз, өкшеңізден ерген жастарға, кейінгі ұрпаққа жеткізер ұлағатты сөзіңіз болса, мархабат.

– Еліміз аман, халқымыз бейбітшілікте болсын. Жастарға айтарым, өмір бір орында тұрмайды. Құм сағатты былай ауыстырсаң, арғы бетінде тұрған құмы, төмен түскенде бірінші боп ағады. Сондықтан да, өмір алмасып тұрады. Енді бір 30 жылда, ауыл дамиды, үлесіңді алып қал дер едім. Біз қаласақ та, қаламасақ та, демографиялық өсімнің нәтижесінде, келешекте ауыл дамып, ауылдан жер таба алмайтын деңгейге келеміз. Кеш болмай тұрғанда, ауылға келіп, отбасылық кәсіпке бет бұр дер едім.

Тағы да оқыңыз: