Еліміздегі кәсіпкерлік сала көңіл қуантарлық жаңалықтарға толы. Оның ішінде өндірісте өзіндік көзқарасымен ерекшеленген, кір жууға арналған ұнтақ шығаратын қызылордалық Дәулет Ізбасарұлы да бар. Ол жасап шығаратын «Ак-Niet» ұнтағы мен сиыр іш майынан жасалатын табиғи сабындары бүгінде экологиялық таза өнім қатарына қосылып, өз тұтынушыларын тауып үлгерді. Кәсіпкермен сұхбаттасудың сәті түсіп, көкейде жүрген сауалымызға жауап алдық.
− Дәулет, мамандығыңыз заңгер екенін білеміз. Кәсіпке келу жолыңыз оқырмандарға өте қызық. Екі түрлі саланы бір арнада тоғыстыруыңызға не себеп?
− Иә, негізгі салам заңмен байланысты. Колледжде, университетте «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, осы саланың маманы атандым. Қазір де заңгерліктен алыс кетпедім, екеуін қатар алып жүрмін. 2-3 жұмысты қатар істейтін жастарға қарап мен де қос қызметте істеуге бел будым. Бұл заман талабына айналды. Бұрын 8 сағат болса, қазір 16 сағаттық жұмысқа көштік. Барлығына үлгеруге болады деп ойлаймын.
Мен бала кезімнен кәсіпке жақын болдым. Көп балалы отбасынанмын. Ата-анам үйдегі сиырдың сүтін сатумен айналысты. Таңғы 5.00-де сиырды сауады, ал біз тапсырыс берушілерге жеткізетінбіз. Бұл істі кәсіпке айналдырып, сабақтан да қалмай жүрдік. Тұтынушылардың саны артып, отбасылық бизнес дөңгеледі. 9-сыныпта жеке көлігімді, яғни «газель» сатып алдым. Онымен де жұмыс істеп, пайданың көзін таптым.
Кейін оқуға түстім, бірақ кәсіпкерлік жүрегімнен де, ойымнан да кетпеді. «Қалай бизнес ашуға болады?» деген сауалға тұшымды жауап іздеумен жүретінмін. Жұмысқа орналасқан соң қызметтік жүктемеме байланыста таңертеңнен кешке дейін жұмыста болсам да, кәсіпті тастамадым. Сонда әкем «Әй, өзіңді қинамашы. Түбі кәсіпкер боласың ғой» дейтін.
2019 жылы пандемия басталды. Елге сырттан өнім келмейді, зат тасымалданбайды. Ал карантин уақытында антисептик, сабын секілді тауар тапшы болды. Міне, сол сәтте ішкі экономиканы дамыту керегін түсіндім. Ізденіп, зерттеп сабын өндірісін қолға алу тиімді екеніне көзім жетті. Осылайша кірсабынға тоқталдым. Жұмысты бастау үшін станоктарды көрші Өзбекстаннан алдырттым. Бірақ елге жеткізу қиын болды. Сәті түсіп станок келді. Сабын сатылымға шығып, өзінің тұтынушыларын тапты. Жастардың сөзімен айтқанда «хит» болды.
Сабын өндіруді бастағанда көлігімді саттым. Сол қаражатқа шикізат алып, алғашқы қадам жасадым. Жалпы кәсіп бастау үшін көп қаражат қажет екені белгілі. Өндірісте шикізат арқылы өнім шығарасың. Бастапқыда барлығы ойдағыдай бола бермейді. Алғашқы кезеңде көп шығынға ұшырадым. Бұл ретте білікті мамандардың тапшылығы байқалды. Қазақстанда өз ісін толық білетін технолог маман өте аз. Кейіннен өзбекстандық сарапшылармен байланыстық. Бірақ олар қолданатын қоспалар Қазақстанда жоқ екен. Командамен ойлана келе кір сабынға сиырдың іш майын қосу туралы шешім қабылдадық.
– Неге сиырдың іш майы?
– Орта жастағы адамдар мұны жақсы түсінеді. Балалық шағымызда сиыр сойылған кезде іш майын алатынбыз, оны күйдіріп, майға айналдыратын. Ал қалған шыжықты нанмен жейтін едік. Сол май тоңмай болып, тамақ әзірлеуде қолданылатын. Бала кезімізде көріп өскен осы сиырдың іш майын бүгінде өнімімізге қосып жатырмыз. «Ішке пайдалы нәрсе сыртқа да пайдалы болады» деген оймен, 2019 жылдан бері таза, табиғи өнімдерді шығара бастадық.
Дамыған заманда адамның денсаулығына зиян тигізетін өнім болмау керек деп есептеймін. Өкінішке қарай, қазір тауардың өзіндік құнын азайтамын деп арзан баламалы қоспаға жүгінетіндер бар. Ал мен мұндайға жол бермеймін. Мысалы, қарапайым сиырдың іш майын алайық. Тандыр самса шыққалы майдың да құны көтерілді. 1 келісі 700 теңге болса да біз таза өнімді қолдануды тоқтатпаймыз.
− Кір жуатын ұнтақ туралы айтып берсеңіз…
− Ұнтақтың өзі кальциленген сода. Мысалы, қарапайым содаға қосымша заттар қосу арқылы жасалады. Біз де технологтармен ақылдасып, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Кейіннен құрамын нақтылап 8 химиялық зат таңдап алдық. Оның ішінде көпіретін, аллергия бермейтін, киімді жұмсартатын, тазартатын, тоздырмайтын, бактерияларды өлтіретін және кір жуатын машинаға зияны жоқ заттар бар. Өзіңіз де байқаған боларсыз, кейінгі уақытта аллергияға бейім адамдар көбейді. Сол үшін гипоаллергенді заттарды қосамыз. Ал ұнтақты «Ak-Niet» деп атадық. Қаладағы дүкендердің сөресінен таба аласыздар. Түркиядан келген мамандармен де бірге жұмыс атқардық. Біздің өнімдерді тексеріп, өздерінің өнімдерімен салыстырды. Технологтар тауардың құрамынан мін таба алмады. Олардың зауыттары күніне шамамен 5 тонна өнім шығарады.
− Заңгер болғаныңыз кәсібіңізге қалай әсер етті?
– Құқық саласында қызм ет етуімнің бизнеске пайдасы тиді. Өнімнің зерттеу жұмысы болсын, бағдарламалар немесе басқа да құқықтық мәселелер болсын, мүлдем қиналмадым. Сол білімімнің арқасында мемлекеттік қолдауға ие болдым. Кәсібімді кеңейтіп, сабын мен ұнтақты бөлек өндірудемін. Әуелде екі өнім бір жерде жасалатын. Қазір сабын өндіруге арналған 150м² көлемде цехым бар. Бизнесім аса үлкен емес. Цех форматында жұмыс істеп, 10 адамды жұмыспен қамтып отырмын.
− Оқырмандарға кеңес болсын, кәсіпкерлерге қандай мемлекеттік бағдарламалар тиімді?
− Ауыл тұрғындарының табысын арттыратын, қолайлы бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты». Қарыз алу шарттары да өте тиімді. Себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Яғни кәсіпкерге 2,5%-бен 9 миллион 200 мың теңге қаржы береді. Өндірістің дамуына жағдай жасайды. Кейінгі жылдары мұндай жобалар көбейді. Өте сәтті, жақсы және дер кезінде қолға алынған бағдарлама деп ойлаймын. Сізге қаржы беріп тұрса, неге қолданбасқа?! Сондай-ақ «Өңірлік қаржылай қолдау орталығы» бар. Бұрын 2%, ал қазір 6%-бен 5 жылға несие береді. 2 жыл «демалыс кезеңі» бар. Ал қалған жылға несиені төлеуге кесте бекітесіз. Өзіңізге ыңғайлы кесте арқылы несие төлеу әр кәсіпкер үшін керемет жеңілдік деп есептеймін. Мысалы, мен несие алғанда жаз айында көп сомма төлеуге келістім. Себебі сол кезеңде сабын өте жақсы өтіп, сұраныс артады.
− Басқа өңірлерден сұраныс бар ма?
− Иә, тапсырыс түсіп жатыр. Күзде өтетін өнімдер жәрмеңкесінде біздің тауарлар бір күнде сатылады. Онда сұраныс өте жоғары. Кейбір қалаларда таныстарымның дүкендері бар. Олар да біздің өнімдерді сұрайды. Солардың ішінде Жезқазған, Сәтбаев қалалары «Ак-Niet» өнімін жақсы тұтынады. Ал Астана – келесі үлкен нарық. Жуырда Астана қаласында Қызылорда өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Ауқымды іс шараға 7 тонна өнім жібердік.
– Жастарға кеңес болса…
− Кәсіпкер болған соң әр нәрсемен айналысудың қажеті жоқ. Белгілі бір дүниенің шыңына жету керек. Яғни, сабынмен 5 жыл, кейінгі бір жарым жылда ұнтақты қолға алдым. Осы екі кәсіп маған жеткілікті. Бұл өнімдерге әлі де күш салуым қажет.
Кәсіп бастау оңай емес. Сіз журналист, ал мен заңгермін. Екеуі біріне бірі ұқсас. Мен кезінде білім алдым, тәжірибе жинадым. Қазір сот процесіне қатыса аламын. Адамдардың құқығын қорғаймын. Сол секілді сіз де моральдық тұрғыдан көп жұмыс істейсіз. Ал кәсіп физикалық тұрғыдан шаршатады.
Кеңес сұрайтын жастарға «алдымен 100 теңгені 150 теңгеге айналдырып көр» деймін. Сол секілді кішкентай дүниені дөңгелетіп, кәсіп бастаңыздар.
Бұл ретте қолдаудың да маңыздылығын айтқым келді. Кеше әлеуметтік желіге «Туысқандарыма ренжідім» деп видео жарияладым. Бұл менің ғана емес, барлық кәсіпкердің реніші. Мысалы, тойға жүз туысқаныңызды шақырсаңыз, түгел келеді. Ал сіз кәсіп бастап, қолдауға мұқтаж болсаңыз жартысын да таба алмайсыз. Дүкен сөресінде басқа ұнтақтармен қатар біздің өнім тұрса, олар басқа ұнтақты сатып алады. Кәсіпкерлерге жақындарының демеуі ауадай қажет екенін жеткізгім келеді.
Енді өндіріс туралы жеңіл мысал алайық. Жалпы адам ұйқыдан тұрғаннан бастап не істейді және не қажет етеді? Тіс пастасы, тіс щеткасы, сусабын, жұмсақ халат – осының бәрі таңертеңгі қажеттіліктер. Міне, адамдардың таңертеңгі уақытта қолданатын өнімдерін тізіп шықтық. Тек таңғы уақыттың өзіне осынша өнім қажет. Мұнан кейін көпшілік кофе ішеді, ал ол көбіне сырттан келетін өнім. Оның орнына жантақ шайын өндіруге болады. Осы орайда өндіруге назар аударып, неге өндіріс ашпасқа? Жас кәсіпкерлер осындай жағдайларды ескерсе деймін.
− Әңгімеңізге рақмет!
Інжу МАРЖАН