Kyzylorda-news.kz. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, мақсат пен арманның бейнесі. Кез келген ұлттың жастарына қарап, сол елдің болашағын болжауға болады. Осы орайда қызылордалық белсенді жас, «Go Viral», «ЮНИСЕФ», «Кызылорда Волонтерлері» ұйымының мүшесі, ментор-аудармашы, координатор, «Ejaksu» жобасының авторы Аружан Әбдіржанмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Аружан, ерікті болу – ерік-жігерді талап ету. Бұл салаға қызығушылық танытып, мақсатты түрде айналысуға не түрткі болды?
− Қазір Логистика және көлік академиясында «Логистика» мамандығы бойынша білім аламын. Волонтерлер әлемімен танысқаныма 7 жыл болды. Ал қызығушылығым 5 жыл бұрын басталды. Бұл салаға келмес бұрын 4 жыл таэквондомен айналыстым. Спортты тоқтатқаннан кейін жаңа дүние ашқым келді. Өзімнің хобби, қызығушылығымды зерттей бастадым. Соның нәтижесінде Америкалық елшіліктің қолдауымен Қазақстанның әр қаласында ашылған ұйымдармен таныстым. Солардың бірі – «American Сorner Kyzylorda». Ұйымға 2015 жылы келіп, алғаш рет «volonteer» сөзімен таныстым. Ұйымның белсенді қатысушысы болып, акцияларға, іс-шараларға қатысуға жол ашылды. Ағылшын клубы мен сабағын да ұйымдастырдық. Осылайша волонтерлік жұмысым басталды.
− «Еріктілер жылына» тоқталсақ. Қандай іс-шараларға қатыстыңыз?
− 2020 жылға дейін бұл салаға көпшілік аса бір қызығушылық танытпайтын. Бізді «бөлек ағым» деп ойлайтын. Президент волонтерлер жылын бекіткеннен кейін біршама өзгеріс болды. Халық өмірінде волонтер түсінігі пайда болды. Қызығушылардың саны артты. Көптеген ұйым ашылды. Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобалар пайда болды. Тек жастар емес, егде жастағы азаматтар волонтерлікке бет бұра бастады.
− Әлеуметтік желіні белсенді қолданасыз және маркетинг саласында да тәжірибеңіз бар. Интернетті табыс көзіне жатқыза аласыз ба?
− Иә, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысымын. Қолданып қана қоймай, табыс көзіне айналдыра алдым. Желілерде SMM және пиар бойынша коммерциялық, коммерциялық емес жобалармен жұмыс істеймін. Ең алғашқы жұмысым волонтерлік парақшаларды тегін жүргізуден басталды. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Саланың қыр-сырымен танысқаннан кейін көлемді ұсыныстар түсе бастады. Бүгінде киім дүкені және үлкен компаниялардың парақшаларын дамытумен айналысамын. Тек пост жариялау емес, дизайн, мәтін жазу, маркетингтік статистика жүргіземін. PR саласындағы үлкен жұмыс – өткен жылы ұйымдастырылған «Күміс волонтер» жобасы. Сол жоба арқылы грант иегері атандық.
− «Кызылорда волонтерлері», Америкалық елшіліктің қолдауымен құрылған «Go Viral» және «ЮНИСЕФ» ұйымдарының қызметіне тоқталсаңыз…
−«Қызылорда Волонтерлеріне» 2019 жылы қосылдым. Әлі күнге дейін волонтер қызметіндемін. Түрлі жобада координатор боламын. «Birgemiz: UMIT» жобасы бойынша жұмыс атқарылуда. «GO VIRAL» туралы айтсам, негізгі мақсаты – Қазақстандағы медиа, бизнес саласын дамыту. Өткен жылы Қызылорда қаласының амбассадоры болдым. «ЮНИСЕФ» бойынша да жобалар бар. Жыл сайын өтінім беру арқылы басқа қалаға тәжірибе алмасу мақсатында барамыз. «ЮНИСЕФ» буллингке қарсы жоба ұйымдастырған болатын. Яғни, мектепте орын алатын жәбір көрсету тақырыбын қолға алдық. Мектеп оқушылырына онлайн және офлайн форматта сабақ жүргіздік. «Пайдасы бар карантин» жобасы қолға алынды. Карантин уақытында әлеуметтік желіде белсенді болып, түрлі челлендж ұйымдастырдық. Экология бағыты да шетте қалмайды. Алдағы уақытта жобалар ұйымдастырылмақ. Сол жобаларда ментор-аудармашы қызметінде боламын.
− Тәжірибелі волонтер ретінде айтыңызшы, халық көбіне қандай жағдай бойынша көмекке жүгінеді?
− Халық арасында әлі де біршама түсініспеушілік бар. Мысалы, қайырымдылық пен волонтерлікті шатастырады. Қайырымдылық – көбінде қаржылай көмек болса, волонтерлар ақша жинамайды. Кіші және үлкен гранттарға қатысып, волонтерлік жобаларға атсалысады. «Эко акция» ұйымдастырамыз. Осыны шатастырмаса екен дейміз. Ал халықтың жағдайына келсек, әлеуметтік, азық-түлік бағасының қымбаттауы сынды мәселе көп. Көпбалалалы аналар жиі көмек сұрайды. Қараусыз қалған қарт адамдар да аз емес. Осындайда үй жинау, аула тазалау, қажетті өнімді апару, тамақ пісіру секілді көмек көрсетеміз.
− Бүгінде «Ejaksu» атты жеке жобаңыз бар. Оның мақсаты қандай?
− Күміс волонтерлікте жұмыс істеп жүрген кезімде осы жоба туралы идея келді. Идеяның пайда болуына өзім бетпе бет келген мәселе себепкер болды. Әжем – қарт адам. Интернет, қосымшаларды қолдана алмайды. Сондықтан зейнетақысын алу үшін банкке барады, құжаттары үшін ХҚКО-да ұзын-сонар кезекте тұрады. Осы тұста егде жастағы адамдардың уақытын үнемдеу мақсатында компьютерлік сауаттылық тақырыбын қолға алуды жөн көрдім. Цифрландыру жүйесі тек жастарға ғана емес, барша азаматқа қолайлы болса екен деймін. 2021 жылы Astana HUB ұйымдастырған конкурсқа осы жобамен қатысып, 200 мың теңгені құрайтын кіші грант иегері атандым. Қызылорда қаласынан қатысушылар жиналып, волонтерлармен бірге сабақ өттік. Әлеуметтік желіні қолдану, банк қосымшаларын және egov.kz пайдалануды үйреттік.
− Алдағы уақытта қандай жаңалықтармен қуантасыз?
− Дәл қазір басты назарда – «Biz Birgemiz» жобасы. Төтенше жағдайлардың алдын алу, топ құру, көмек көрсету бағытында жұмыс істеудеміз. Келесі кезекте жеке жобамды ары қарай жалғастырсам деймін. Ойда жүрген 2-3 жоба бар, уақыттың еншісіне қарай жүзеге асырамын.
− Облыс жастарының ахуалы қандай?
− Волонтерлікте жүргеннен кейін жан-жақты жастармен тығыз байланыстамын. Ортамнан білімді, ақылды, көмекке дайын, жақсылық жасауға асығатын жастарды көремін. Тіпті, солардан мотивация аламын. Қоғамды жақсы жаққа өзгертуге тырысатын, тек волонтерлікте емес, кәсіпте де бой көрсетіп жүргені қаншама?! Әрине, волонтерлік кәсіп көзі емес. Егер адам таңдаған саласының нағыз маманы болса, қоғамға жаңа леп әкеледі. Алайда жастарға қарап келер жаңа толқынның мықты болатынын сеземін. Қоғамда жастардың қай әрекетіне болсын сын айтушылар табылады. «Әлеуметтік желіге желімдей жабысқан жастардан не күтеміз?» деген пікір жоқ емес. Бірақ бұл пікірге уәж айтқым келеді. Әлеуметтік желіні қолдану арқылы да пайдасын тигізіп жүрген жастар бар. Барлығы өзімізге байланысты. Қазақстанның болашағы бар деп нақты айта аламын. Егер жастар талпыныстан таймайтын болса, бұдан да жақсы деңгейге жететінімізге сенемін.
Қызылордалықтардың арасында талантты, білімді, енді ғана ел назарын аударып келе жатқан ғылыми, техникалық бағыттағы мамандықтарды игеріп, түрлі жетістікке жетіп жүрген жастар көп. Оларға қарап, замандастарымның сондай батыл, шығармашылық идеяға толы, қоғам үшін пайдалы тұлға екендеріне қуанып, мақтанышпен қараймын. Облыста тұрақты ұйымдастырылып жүрген «Innofest» инновациялық идеялар байқауының қатысушылары жыл сайын жасарып, саны да, сапасы да артып келеді. Ал қатысушылардың көбеюі – бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Өңір жастарында сан да, сапа да бар. Мен мұны нық сеніммен айта аламын.
− Әңгімеңізге рақмет!