Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнестің дамуына күш салып келеді. Бизнестің де түр-түрі шығуда. Осы орайда елге кəсіптік білім беріп, олардың мұң-мұқтажына құлақ асып, мәселесін шешуге ықпал ететін бірден бір ұйым – кәсіпкерлер палатасы. Кəсіпкерлер мен кəсіп бастауға ниетті жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен арнайы бағдарламалар да бар. Өткен жылы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы трансформациялаудан өтті. Иә, өзгеріс – өмір талабы. Ауданымыздағы кәсіпкерлік саланың жай-күйін білу мақсатында Қызылорда облысы кəсіпкерлер палатасының Қармақшы ауданындағы филиал директоры Алмат Өтегеновпен сұқбаттасудың сəті түскен еді.
– Алмат Қожахметұлы қалай ойлайсыз, біздің ауданда қандай кәсіп түрі кенжелеп тұр? Қандай жаңашылдық керек?
– Қармақшы ауданының географиялық орналасу аймағына байланысты шығар. Мәселен, біздің аудандағы теміржол станциясына пойыздар аз тоқтайды. Сәйкесінше мұнда сауда да аз. Қазалы мен Шиелі аудандарында үлкен станция болғандықтан онда халық 20-30 минут тұрып қажетті заттарын алады, сондай-ақ жергілікті халықтың кәсібін жүргізеді. Шиелінің күріші мен қауын-қарбызы сұраныста болса, Қазалының кәмпиті мен балығын жолаушылап жүрген адамдарға жақсы өтеді. Яғни бұл сол жергілікті халықтың өтімді тауарына айналып, сол арқылы табыс тауып отыр. Бізде пойыздар 2-5 минут аралығына тоқтағандықтан, мұнда қызу қайнаған жұмыс та жоқ. Сонымен қатар ол аудандарда теміржол мекемесі болғандықтан ондағы жұмысшылар саны көп. Аудандарды салыстыруға болмас. Себебі, әр ауданның өзіндік бағыты болады. Мәселен, Арал ауданы мал ша¬руашылығымен ерекшеленеді, ал Жаңақорған, Шиелі аудандары өнеркәсіп саласындағы түрлі зауыттар мен жер қойнауын өндіруде белсенді. Сондықтан әр аудан өзінше ерекше болуға ұмтылады. Ауданда да егін, мал шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы дамып келеді. Жаңашылдыққа келер болсақ, сіз қанша жаңа кәсіп бастағаныңызбен оған төлем жасай алатын халық керек. Халықтың тұрақты жұмысы болып ай-сайын ақша түсіп отырса, онда жеке кәсіпкердің де жұмысы алға жүреді деген сөз. Дей тұра кәсіпті бастар алдында нарықты да бір зерттеп алған артық болмас. Салыстырмалы түрде Байқоңыр қаласын алатын болсақ, онда космостың жан-жағында жұмыс істейтін мекемелерде 15000 адам жұмыспен қамтылған. Яғни осынша халық жұмыссыз қалатын болса табыс та жоқ. Ал кіріс болмаған жерде кәсіп те жүрмейді. Сондықтан жаңашылдықтан гөрі жұмыс орындарын көптеп ашқан дұрыс секілді. Жұмыс орны аз болған кезде халықтың төлем қабілеті жоғары болмайды. Біздегі кәсіптің тұралап, не жабылып қалуының да негізгі себебі осында жатыр. Халық бір көреді, алады. Бірақ үнемі оған шығындалуға қаражаты жете бермейді. Ал тұтынушы азайған кезде, бизнес те құлдырай бастайды емес пе?!
– Биылғы жылға жоспар қандай? Жыл басынан бері қандай жұмыстар жүргізіп келесіздер?
– Өткен жылдың қорытындысымен кәсіпкерлік салада өсім бар. Бүгінде 4000-аса кәсіпкерлік субъект жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 57 жоба 382,9 млн теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде «2021-2022 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде несие сыйақысының бір бөлігін субсидиялау бойынша 8 жоба 121,5 млн теңгеге екінші деңгейлі банктерден несиелендірілді. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 15 жоба 61,9 млн теңгеге несиелендірілді. «Қызылорда» Өңірлік Инвестиция Орталығы» арқылы 34 жоба 199,5 млн теңгеге қаржыландырылды. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде несиелендіру үшін барлық елді мекендерде жобаларға іріктеу жүргізілуде. Аудандық «Кəсіпкерлер кеңесінің» жұмысын жандандыру басты жоспарда тұр. Бұл кеңесте кəсіпкерлер туындаған мəселені бірлесе шешіп, жаңа кəсіп бастаушыларға бағыт-бағдар беріледі. Кəсіп иесіне арналған мұндай қолдау кəсіпкерліктің əрі қарай жандануына үлкен сеп болмақ.Жақында облыстық өңірлік кеңес мүшелері ауданымыздағы жеке кәсіпкерлерімен кездесіп, кәсіпкерлерді қолдау, олардың құқықтарын қорғау бағытындағы және қолданысқа енгізілген жаңа заңнамаларды түсіндіру, жеке кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты. Өңірлік кеңес мүшелері кәсіптің көзін тауып, кез-келген бастаманы сәтті жолға қоюдың тетіктерімен бөлісті. Сонымен қатар, «Мен кәсіпкер» жобасы, кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба аясындағы қаржылай қолдау механизмдерін түсіндірді.Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы трансформациялаудан өтті. Соның негізінде ауданда штат саны азайды. «Бастау-Бизнес» жобасы бұрынғыдай палата негізінен алынып тасталып, электронды порталға көшті. Қазір оны https://business.enbek.kz/ сайтында кіріп, өздері онлайн түрде өтеді. Палата жыл басынан бері жке кәсіпкерге не кәсіп бастауғы ынталы жандарға консультациялық кеңес береді. Мемлекеттік бағдарламалар негзінде грант, несие алу жөнінде ақпараттармен бөліседі, бизнес план жасауға себепші болады, оларды сүйемелдейді. Одан бөлек аудандағы мобильді топпен жұмыс істейміз. Онда кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінде аудандық прокуратурамен тығыз байланыста боламыз.
– Бизнеспен айналысуға ниетті адамдарды қолдап, олардың бизнес-идеясын құруға, қаржы алуына бизнестің шырайын келтіруде аудандағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаншалықты серпін беруде?
– Жалпы бизнес, кәсіп дегенде бұл аудандағы кәсіпкерлік бөлім мен палатаның жұмысына қарайды. Биыл ауыл тұрғындарына, жастарға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Жастарға арналған бағдарлама жұмысын бастап кетті. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жақын күндері нақты талаптары белгілі болады. Мемлекеттің мұндай қолдауын уақытылы қолдану керек. Кеңес алу, құжат дайындау бойынша біз көмек көрсетеміз. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – коммерциялық емес ұйым. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің Қазақстан Республикасы Үкіметі және мемлекеттік органдармен келіссөздер жүргізу жұмыстарының қарқынын арттыру мақсатында құрылған. Кәсіпкерлер палатасы шағын, орта және ірі бизнес мүдделерін білдіреді және олардың құқығын қорғайды. Айталық, бізге «Кәсіп ашайын деп едім. Мынадай-мынадай ойларым бар» деп бір азамат келді делік. Идеясы бар, алайда тәжірибесі мен қаражаты жоқ. Біз оған бизнес-жоспар жасауға көмектесеміз, несие алудың жолдарын түсіндіреміз. Істі бастаудың мүмкіндіктерін бірге талқылаймыз, мемлекеттік органдарға тапсыратын құжаттарын дайындаймыз. Егер органдар тарапынан қандай да бір кедергілер мен келіспеушіліктер туындаса себебін анықтап, кәсіпкердің құқығын қорғап, көмектесеміз. Кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беретін семинар, курстар бар. Соларға жібереміз. Осының барлығы тегін жасалады.«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы ауданда 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кәсіпкерлік палатаның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру. Бұл адамдарға кәсіпкерліктің негіздерін үйретеді. Мемлекеттік грант қаражаттары бөлінгеннен кейін сол қаражатқа қол жеткізуге тікелей сүйемелдейді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқығын қорғауға да жұмыс істейді.
– Кәсіп ашуға ниетті жандарға қандай кеңес бересіз?
– Ең бірінші кезекте нарықты зерттесе екен деймін. Нарықта қандай кәсіп сұранысқа ие сол жағын жан-жақты қарастыру қажет. Кәсіп ашуға ниетті жандардың көп бөлігі Қармақшыда жоқ бизнесті ашқысы келеді. Бірақ мен мына бір дүниені айта кеткім келіп отыр. Егер жоқ бизнес болса, демек ол қажет емес. Бірақ бұл толыққанды жоқ кәсіпті ашпай керек деген сөз емес. Осыған дейін де ауданда бірнеше кәсіпкерлер болды, әлі де бар. Егер сол кәсіптің қажеттілігі болса ол әлдеқашан ашылған болар еді. Бәлки ашылған да болуы мүмкін, бірақ алға ілгерілемей, орта жолда жабылып қалды. Бұл да адамға бір тәжірибе болғаны анық. Жоқ дүниені ашу түбегейлі дұрыс шешім деп айтпаймын. Кейде ашқан кәсіп дөңгеленіп кетіп жатады. «Біз де бар ғой, оның несін ашасың?» деген пікірлер де болады. Дегенмен бәсекелестік болған жерде жұмыс жақсы жүреді. Одан да сапалы, бағасы да қолжетімді етіп ашып жатса құба-құп. Мұнда халықтың да таңдауына мүмкіндік болады. Сондықтан нарықты зерттеген артық болмайды. Тағы бір ескере кететін жайт – баға. Сіз қойған төлем құны халықтың қалтасына қонымды болған дұрыс. Сонда ғана кәсібіңізге де, қарапайым халыққа да пайдалы болмақ. Одан кейінгі орында – сапаның болуы. Кәсіпкер болғысы келетін адамның кәсіпкерлік негіздері туралы шамалы болса да білімі, кәсіптің қыр-сырын біліп, салық түрлерінен хабардар болғаны жөн. Сонымен қатар алғырлық, ізденімпаздық қасиеттер, өзге адамдармен келіссөз жасай алу қабілеттері қажет. Мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпке байланысты жаңадан шығып жатқан өзгеріс туралы мониторинг жасап отырғаны өзіне пайдалы болмақ. Кәсіпкер болу оңай емес әрине. Алайда кәсіпкер өзін ғана жұмыспен қамтып қоймай, өзге де адамдарға жұмыс береді. Кәсіпкер болу – жергілікті жердің экономикасының жетілуіне, халықтың әл-ауқатын көтеруге мүмкіндік беретін үлкен қозғаушы күш.
– Мемлекеттік грант қаржысын жеңіп алғаннан кейін оны мақсатты пайдаланбаған жағдайда қандай шара көріледі?
– Мемлекеттік гранттың мақсатты пайдалануына мониторингті кәсіпкерлер палатасы жүргізеді. Қатысушы мемлекеттік грантты алғаннан кейін үш ай ішінде оның нысаналы пайдаланылуын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Яғни кәсіпкерлер палатасы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді. Егер грант иегері зерттеу барысында қаражатты мақсатсыз басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, онда бағдарламаның талаптарына сәйкес өңірлік үйлестірушіге грант қаражаттарын қайтару бойынша тиісті шешім қабылдау жолданады. Өз кезегінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша жұмыстар атқарады.
– Алдағы уақытқа жоспарланған істердің бағыты қандай?
– Алдағы уақытта кәсіпкерлік салада бірқатар ірі жобаларды іске қосу жұмыстары тұр. Соның ішінде «Ақтөбе ауылдық округінінен «Қармақшы құс» ЖШС-нің құс фабрикасын маусым-шілде айларында іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар аудан орталығындағы ескі сауда базарының орнына жеке кәсіпкер Нағима Тоқсанбаеваның бастамасымен заманауи үлгідегі сауда орталығының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жоба құны 150 млн теңгені құрайды. Жобаға Өңірлік Инвестиция Орталығы арқылы 50 млн теңге несие берілді. Жосалы кентіндегі «АНК-Дәулет» ЖШС-гі кәсібін кеңейтіп, газоблоктар өндіретін шағын зауыт құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 200 млн теңге. Оны Өңірлік Инвестиция Орталығы арқылы 60 млн теңгеге несиелендіру мақұлданып, құжаттары тапсырылды. Сондай-ақ Жосалы кентіндегі ескі қонақ үйді қайта жаңғыртудан өткізу жобасын Өңірлік Инвестиция Орталығы арқылы 30 млн теңгеге несиелендіру мәселесі шешімін тауып, қаржыландыру үстінде. Жеке кәсіпкер Тен Маргаританың жол бойындағы қызмет көрсету кешенінен қонақ үй құрылысын салу жобасын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банкке құжаттар тапсырылуда.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет!