Бүгінде гендерлік рөл тақырыбы ғылымда да өзекті мәселелердің бірі. Жалпы алғанда, Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі гендерлік рөлдердің қалыптасуына мәдени құндылықтардың ықпалын кешенді түрде талдау, дәстүрлі және инновациялық көзқарастардың өзара байланысын зерттеу қажеттілігі бар. Себебі, өңірлік менталитетте ғасырлар бойы қалыптасқан гендерлік рөлдерді жоққа шығара алмаймыз.

Дәстүрлі қоғамның гендерлік рөлдеріне қатысты бейсаналы түрде қалыптасқан патриархалдық және консервативті көзқарастар, өзгерістерді қабылдауға қарсылық танытуы, азды-көпті шиеленістерді туындатуы заңдылық. Бұл құбылыс қоғамның әлеуметтік құрылымына, отбасы институтына және еңбек бөлінісіне тікелей әсер етеді. Сондықтан мұның негізгі себептерін анықтау маңызды. Сонымен қатар заманауи инновациялық көзқарастардың, жаһанданудың және урбанизацияның гендерлік рөлдерге енгізген өзгерістерін зерттеу арқылы аймақтың әлеуметтік динамикасындағы өзгерістерді біле аламыз. Осы орайда Қорқыт ата университетінің зерттеуші-ғалымдары «Қазақстанның оңтүстік өңірлері тұрғындарының гендерлік рөлдердің қалыптасуына мәдени құндылықтардың ықпалы: дәстүрлі және инновациялық көзқарастар» атты жоба бойынша жұмыс істеу үстінде. Жобаның мақсаты – Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі гендерлік рөлдердің қалыптасуына әсер ететін құндылықтарды зерттеу, дәстүрлі және инновациялық көзқарастарды салыстыру арқылы олардың қазіргі қоғамдағы рөлі мен мәдени ықпалын анықтау. Былтыр басталған бұл жобаны 2027 жылы аяқтау көзделген. Зерттеу нәтижесінде, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мақсатында мәдениетаралық диалог пен әлеуметтік реформаларға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу жоспарланған. 

Осы тақырыпта қатысты жоба жетекшісі философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айгүл Темірханқызы Әбдірамановамен сұқбаттасқан едік. Қоғамның әлеуметтік архитектурасын айқындайтын іргелі тақырыптардың бірі гендерлік рөлдер мәселесі – әңгіменің арқауы.

Тілші: Сіздің ғылыми тобыңыз «Қазақстанның оңтүстік өңірлері тұрғындарының гендерлік рөлдердің қалыптасуына мәдени құндылықтардың ықпалы: дәстүрлі және инновациялық көзқарастар» атты ауқымды жобаны зерттеуді бастады. Әңгіменің осы зерттеуден бастасақ. Неліктен дәл осы оңтүстік өңір таңдалды? Бұл ғылыми қызығушылық па, әлде әлеуметтік қажеттілік пе?

А.Т.Әбдіраманова:

– Бұл сұрақтың қойылуы зерттеуіміздің методологиялық негіздемесін ашу үшін аса маңызды. Біздің зерттеу нысаны ретінде Қазақстанның оңтүстік өңірлерін таңдауымыз эмпирикалық және аксиологиялық тұрғыдан бірнеше іргелі факторға негізделген.

Біріншіден, әлеуметтік-мәдени контекст. Оңтүстік өңірлер қазақы дәстүрлі қоғамның институционалдық жады мен этномәдени кодтары ең жақсы сақталған кеңістік. Мұнда ғасырлар бойы қалыптасқан менталитет пен салт-дәстүрлер жай ғана тарихи мұра емес, күнделікті өмір сүру салтын реттейтін доминантты күшке ие. Біз бұл өңірден патриархалдық құрылымдардың, яғни отбасы иерархиясы мен қоғамдық қатынастардағы консерватизмнің классикалық үлгісін көреміз.

Екіншіден, құндылықтар конфликтісі. Қазіргі таңда бұл аймақ – дәстүрлі құндылықтар мен жаһандану процестерінің тоғысқан «қайнаған қазаны». Біздің ғылыми болжамымыз бойынша, оңтүстікте гендерлік рөлдердің трансформациясы күрделі әрі латентті (жасырын) сипатта жүріп жатыр.

Үшіншіден, демографиялық стратегия. Оңтүстік өңірлер – еліміздің демографиялық доноры. Халықтың тығыз орналасуы және туу көрсеткішінің жоғарылығы бұл аймақтағы әлеуметтік процестердің маңызын арттырады. Мұнда қалыптасқан гендерлік модельдер ішкі миграция арқылы еліміздің басқа өңірлеріне де экспортталады. Сондықтан бұл  бүкіл Қазақстанның әлеуметтік құрылымы мен болашақ мәдени келбетін болжауға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми индикатор.

Тілші: Сіз жоба тұжырымдамасында «дәстүрлі және инновациялық көзқарастардың қайшылығы» туралы айтасыз. Бұл ғылыми абстракция ма, әлде қарапайым тұрғындардың өмірінде нақты көрініс табатын шынайы құбылыс па?

А.Т.Әбдіраманова:

Бұл абстракция емес, бүгінгі қоғамның әлеуметтік шындығы. Бұл қайшылық әсіресе екі маңызды институтта отбасы құрылымы мен еңбек нарығындағы рөлдерді бөлу кезінде айқын байқалады.

Біздің гипотезамыз бойынша, оңтүстік өңірлерде гендерлік рөлдердің легитимділігі әлі күнге дейін архаикалық және дәстүрлі мәдени кодтарға негізделген. Халық жадында «ер адам түздің адамы (стратег, асыраушы), әйел ошақ қасы (сақтаушы, тәрбиеші)» деген бинарлық оппозиция бейсаналы түрде, тіпті аксиома ретінде сақталған. Алайда қазіргі жаһандану процесі, жаппай урбанизация және цифрлық ақпараттық кеңістіктің кеңеюі бұл консервативті жүйеге күшті соққы беруде. Нәтижесінде біз «құндылықтар диссонансын» көріп отырмыз. Жастар, әсіресе студенттер мен жас мамандар, батыстық үлгідегі немесе заманауи эгалитарлық модельдерді қабылдағысы келеді. Ал аға буын мен консервативті орта бұл өзгерістерді «дәстүрден ажырау» деп қабылдап, резистенттілік (қарсылық) танытады. Бұл тек пікірталас емес, отбасылық жанжалдар мен әлеуметтік шиеленістердің түпкі себебіне айналуда.

Тілші: Жобаның ауқымына қарасақ, сіздер мәселені тек бүгінгі күнмен шектемейтін сияқтысыздар. Жобаның қай бағыты қаншалықты терең зерттеледі деп ойлайсыз?

А.Т.Абдираманова: 

– Дұрыс байқадыңыз. Гендерлік рөл статикалық құбылыс емес, ол динамикалық процесс. Өте орынды, әрі дәл байқалған түйткіл. Гендерлік рөл бұл өзгермейтін ереже немесе қатып қалған догма емес, керісінше, қоғамның тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жатқан, уақыт ағымына сай құбылып отыратын жанды, динамикалық құбылыс.

  Біздің зерттеуіміздің фокусы экономикалық тұрмыс емес, қоғамдық санадағы құндылықтар иерархиясының өзгеруі. Гендерлік рөлдер – бұл статикалық константа емес, социомәдени ортаның әсерінен үнемі құбылып отыратын күрделі құрылым. Біз Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңді қарастырғанда, оңтүстік өңірдегі гендерлік стратификацияға (жіктелуге) тікелей әсер еткен үш ірі аксиологиялық толқынды немесе кезеңді ғылыми тұрғыдан талдаймыз:

Біріншіден, «ретрадиционализация» немесе ұлттық бірегейлікті қайта кодтау кезеңі (1990-жылдардың басы). Кеңестік идеология құлағаннан кейін пайда болған рухани вакуумды толтыру мақсатында қоғам архаикалық және дәстүрлі институттарға қайта оралды. Оңтүстік өңірде бұл процесс «патриархалдық ренессанс» түрінде көрініс тапты. Яғни, қоғамдық санада әйелдің рөлі қайтадан «ошақ қасымен» шектеліп, отбасылық иерархиядағы ер адамның доминантты статусы мәдени норма ретінде легитимдендірілді. Бұл кезеңдегі гендерлік стереотиптердің күшеюі, сыртқы тұрақсыздықтан қорғанудың психологиялық механизмі еді.

Екіншіден, «Құндылықтар дихотомиясы» және урбанизация кезеңі (2000-2010 жылдар). Бұл кезеңде оңтүстік өңірде жаппай қалаға көшу және ақпараттық ашықтық процесі басталды. Дәстүрлі ауылдық менталитет пен қалалық модернизациялық мәдениеттің қақтығысы орын алды. Біз мұны «мәдени травма» немесе құндылықтар конфликтісі деп қарастырамыз. Бір жағынан, қыздардың білім алуға және мансапқа ұмтылысы (эмансипация), екінші жағынан, қоғамның консервативті талаптары (мысалы, «келін» институтының сақталуы) арасындағы қайшылықтар шиеленісе түсті.

Тілші: Ғылыми жұмыста «аксиологиялық және кросс-мәдени талдау» әдістері қолданылатыны айтылған. Бұл күрделі терминдер зерттеудің нәтижесіне қалай әсер етеді және қарапайым халыққа мұның қандай практикалық пайдасы бар?

А.Т.Әбдіраманова: 

– Қарапайым тілмен түсіндірсем: аксиологиялық талдау, бұл қоғамның құндылықтар шкаласын өлшеу. Яғни, оңтүстік тұрғындары үшін қазір не маңыздырақ: патриархалдық бедел ме, әлде тұлғаның дербестігі мен теңдігі ме? Ал кросс-мәдени талдау арқылы біз оңтүстік өңірді еліміздің басқа аймақтарымен немесе ұқсас менталитеті бар шетелдік қоғамдармен салыстырамыз.

Практикалық пайдасына келсек, біздің түпкі мақсатымыз, жалаң теория емес. Зерттеу нәтижесінде біз мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарына нақты әлеуметтік ұсыныстар ұсынамыз. Бұл ұсыныстар мәдениетаралық диалогты дамытуға, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және ең бастысы дәстүр мен заманауи құқықтық нормаларды үйлестіруге бағытталады.

Тілші: Соңғы сұрақ. Зерттеуші ретіндегі болжамыңыз қандай: болашақта оңтүстік өңірдегі гендерлік парадигма қалай өзгереді? Дәстүр жеңе ме, әлде инновация ма?

А.Т.Әбдіраманова:

– Менің ойымша, біреуі жеңіп, екіншісі жеңіледі деп кесіп айту қиын. Қазір екеуі біте қайнасқан жаңа үлгі қалыптасып жатыр. Жаһандану мен заман ағымы әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтетіні сөзсіз. Бірақ бұл ұлттық болмысымыздан түбегейлі айырыламыз деген сөз емес. Керісінше, салт-дәстүріміз заман талабына сай жаңарып, икемделе түседі деп ойлаймын. Біздің басты мақсатымыз – осы өзгерістер кезінде қоғамда түсініспеушілік болдырмай, дұрыс бағыт көрсету ғана. Халыққа гендерлік теңдік дегеніміз ата дәстүрден безу емес, керісінше, ұлттың сапасын арттыру екенін түсіндіргіміз келеді.

                               

                                                           Сұхбаттасқан Саят АСҚАР,

                                                            Қорқыт ата университетінің 

                                                            4 курс студенті

Фото: shyndyq.kz

Тағы да оқыңыз: