Kyzylorda-news.kz  Орта Азиядағы драма театрлар арасынан ойып орын алған, халық мақтанышына айналған Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры – сахна саңлақтарының бағын ашқан қасиетті мекен. Майталмандармен бірге сахна сәнін келтіріп, қазақ мәдениетіне үлес қосып жүргендер қатарында Әлсейіт Жалғасұлы да бар. Жас талантпен жақында тілдескен едік. 

– Образдан ұзақ уақыт шыға алмай қалатын кез бола ма?

– Өнер күшінің құдіреті пәрменді. Образбен өмір сүру туралы өнер жолындағы аға-әпкелерден естіп жүреміз. Образдан шыға алмай, бірер сәт кейіпкердің мінезін жібермей, өмірді сол бейненің болмысымен сүретін шақтар болды дегеннен де хабардармыз. Кейбір актерлар психологтың да көмегіне жүгініп, қатты күйзеліс үстінде болатынын білемін. Бұл – күрделі процесс. Алайда ондай сәтті басымнан кешпедім. Әйтсе де бұл өнер, жолында түрлі жайтты бастан кешуге болады. Кейде рөлді жақсы сомдағаның сонша ақиқат пен шындықтың аражігін ажырата алмайтын сәт бар. Бұл – әрбір өнер өкілі бастан кешуге тиіс тәжірибе. Өз басым театрға жұмыс ретінде қараймын. Қиялға ерік беріп, кейіпкеріме еніп кететін сәт сирек. Актер болған соң көбісі кейіпкерді жан тәнімен сезінетін шығар деп ойлайды. Шынайы өмір мен рөлдің арасындағы шекарадан асып кетпеуге тырысамын. Ол менің кәсіби актерлық шеберлігімді шыңдайды. 

– Ұлттық театрда жұмыс істеу нендей артықшылық береді? 

– Жауапкершілік зор. Әуезов театрында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері жұмыс істейді. Көркем көріністерді бірге сахналаймыз. Олар – өз ісінің шебері. Олардың жолын, әсте қайталай алмаспыз, алайда абыройын әрқашан асқақтатып, аға-әпкелерден қалған асыл мұраны дәріптеуге міндеттіміз. Тарихта аты қалған тұлғалардың жолын қуып, айтқан әрбір салмақты ойын санаға құюға тырысамыз. Сонымен қатар өткен жылы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында қасиетті мекенге «ұллтық театр» мәртебесі берілді. Бұл – ұжымға артылған жауапкершілік. 

– Станистлавскийдің «Театр киім ілгіштен басталады» деген қанатты сөзін білеміз. Ол көрерменнің әуелгі әдебі мен көзқарасын меңзеген ұғым екені даусыз. Осы орайда қазақ қоғамындағы театр мәдениеті қаншалықты қалыптасты деп санайсыз?

– Театр – нағыз өнерді ардақтайтын мәдени орда. Сахна төрінде тұрған актердің еңбегінің жемісі қошемет арқылы бағаланады. Қойылымға кедергі келтіріп, мәдени этиканы сақтамау өрескел қате екенін білеміз. Олқылық орын алмас үшін алдын-ала ескерту де айтылады. Қазір киелі сахнаны сыйламайтындар саны жоқтың қасы. Барынша баппен спектакльге алдын-ала дайындалатын жандар көбейді. Байқағаным, қазір бұрынғыға қарағанда адамдар мәдениетке аса көңіл аударады. Баяғыдай спорттық емес, сәнді киіммен зал көркін ашады. Сыртқы киімді залға емес, гардеробқа іліп кетеді. Театр этикасын сақтап, спектальге кешікпейді. Артық эмоция көрсетіп,  кедергі келтіргісі жоқ. Мұның бәрі мәдени тұрғыдан өскенімізді білдіреді. Әрбір көрермен біз үшін құнды. Біздің  өнерді де дәл солай бағаласа деген ниетіміз бар. 

«Театрға баланы мәжбүрлеп әкелмеу керек» деген пікір бар. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Баланың мәдениетке ерте кезден қызығушылығын ояту керек деп есептеймін. Театр – рухани құндылыққа толы тәрбие ошағы. Адами жақсы қасиеттерді дәріптейтін орданы аттаған баладан жаман адам шықпайды. Балалардың таным-түйсігін кеңейту, патриоттық сезімді ояту, сүйіспеншілік пен мейірімділікке дағдылайтын қойылымдар тәрбиеде керек терапия. Оларға арнайы әр қалада қуыршақ театры жұмыс істеп тұр. Құр телефоннан мультфильм көре бергеннен, мәдени азыққа толы театрға келіп бірер сәт миды тынықтырған жақсы ғой. Бір өкініштісі, қарбаласқа толы күндері балаға назар аударудың өзі де қиын болып кетті. Алайда барлық тірлікті ысырып қойып, қойылым көріп қайтқанға не жетсін?!

Театр өзін-өзі асырай ала ма?

– Бұрынғыны еске алатын болсақ, өнерге бөлінетін қаржы мардымсыз еді. Қазіргі күннің өзінде жалақы ауыз толтырып айтарлықтай көп емес. Десек те, билік биыл мәдениет саласына жақсы назар аударып, гастрольдік іс-сапарлар санын көбейтті. Негізі танымал актердың  еңбекақысы да жоғары болады. Қаншалықты бағың жанып, өзіңнің кәсіби шеберлігіңді дәлелдей алсаң, соншалықы абырой саған жұмыс істейтіні рас. «Ұлттық» статусы бар театрларда жалақы жоғары.

– Еліміздегі қай театр ұжымын ерекше атап өтер едіңіз?

– Жалпы, Қазақстанда 60-тан астам театр болса, оның елу шақтысы мемлекеттік. Біздің театр ұжымы барығымен дерлік жақсы қарым-қатынаста. Ерекше атап өтетін шығармашылық ұжымдар – Ғабит Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театры, елордадағы Жастар театры, Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы ең жас театр, сондай-ақ Нартай Бекежанов атындағы драма театры. Оған ұлттық театрдың гастрольдік іс-сапармен ат басын Сыр елінің киелі сахнасына бұруы дәлел. Нартай Бекежанов атындағы драма театрда бірқатар танымал қойылымдарды сахналап, көрермен қошеметіне бөлендік. Бұл осындағы жас актерларға жақсы тәжірибе жинап, өнердегі алпауыт тұлғалардан сабақ алуға мүмкіндік болды деп ойлаймын. Қызылордалық әріптестерімізбен әріптестік байланыс алда да узілмейді.

Тағы да оқыңыз: