Kyzylorda-news.kz Бүгінгі таңда елімізде білім беру саласы заманға сай болуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Себебі, білімді ұрпақ – ел болашағы, кемел келешектің кепілі. Бұл бағытта Қазалы ауданында тың ізденіс бар. Тіпті, құтты мекеннің білім саласында бағындырған белесі де көп. Жақында Қазалы аудандық білім бөліміне арнайы атбасын тіредік. Онда Қазалыдағы білім саласындағы жарқын жетістіктер мен айтулы оқиғалар жайында ауданның бас ұстазы – Әділхан Жөлекешовпен бірге әңгіме өрбіткен едік.

– Әділхан Оңдасынұлы, биылғы оқу жылы қызық пен шыжыққа, сын мен мақтауға толы эмоционалды жыл болды десек, қателеспейтін шығармыз. Қазалы ауданына қатысты айтулы оқиғалардың біразымен таныспыз. Дегенмен, ауданның бас ұстазы ретінде өзіңіз оқу жылын қалай тәмамдадық деп ойлайсыз?

– Оқу жылы Қазалы ауданының білім саласы үшін үлкен жетістіктермен сәтті тәмамдалды десек болады. Қазалының облыс көлеміндегі білім деңгейі жоғары. Биыл – 899 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде – 793 бала Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқалы жатыр. Жалпы, оқушыларымыздан жақсы нәтиже күтеміз.

Биыл республика көлемінде ауыл мектептерінің олимпиадасы алғаш рет жүргізілді. Онда да, қазалылықтардың жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай. Яғни, үздіктер қатарынан көрінуде. Сонымен қатар, республикалық олимпиаданың облыстық іріктеуіне жергілікті жерден жиырма бір оқушы өтіп, жүлделі оралды. Оның, үшеуі аталған білімділер сайысының ақтық мәресіне өтіп, ол жақтан да құр қайтпады. Бұл да тиісінше, ұстаздарымыздың еңбегінің жемісі. Басқа да, түрлі ғылыми жобалар, жарыстар, мұғалімдер арасында да өтіп жатқан сайыстарда жерлестеріміз жеңісті оралуда.

Қазір өтіп жатқан Ұлттық Бірыңғай Тестте де, сол оқушылар он бір жыл бойы ұстаздардан алған білімнің жақсы нәтижесін көрсетеді деп сенемін. Мәселен, былтырдың өзінде грант конкурсына қатысқан оқушылардың сексен пайызын Қазалылықтар жеңіп алып отыр. Енді, биылғы біздің алға қойып отырған мақсатымыз – биылғы межені қайталап қана қоймай, одан асып түсу. Яғни, рекорд жаңарту.

Биылдың өзінде біз – 66 «Алтын белгі» иегерін шығарып отырмыз. Олардың барлығы лайықты екенін дәлелдеп, қорғап шықты. Ал, «Үздік аттестат» иегері – 81. Бұл оқушылар да, тестілеуден сүрінбей өтті.

Жалпы, облыс көлеміндегі қорытындыны пайымдауымыз бойынша, Қазалы ауданы бірінші демегенмен, абыроймен алдыңғы қатарда деп айта аламыз.

– Кеше ғана, Қазалыдағы бір мектеп республика бойынша «Үздік ауыл мектебі» атаныпты. Елімізде төрт мыңнан аса мектеп бар екенін ескерсек, бұл басқа біткен бақпен тең. Құтты болсын! Жалпы, қалай үздік атандыңыздар?

– Рахмет! Бұл – №266 мектеп-лицей. Аталған білім ордасы жайында ауыз толтырып айтуға болады. Мектеп директоры оқу жылының басында тағайындалғанда, мен сенім білдіре отырып, «Республика көлеміндегі үздік мектептер қатарына үш жылда жетуге болады» деп жігерлендірген едім. Нәтиже тым жоғары, тым тез.

Жоғарыда айтып өткен республикалық «Ауыл мектептері» олимпиадасында жүлделі оралған осы мектептің оқушысы – Нұржан Орымбет болатын. Бұл облыс бойынша, тізімге еніп отырған жалғыз мектеп.

Жалпы бұл – №266 мектеп-лицей ұжымының ауызбіршілігінің һәм педагогикалық потенциалының жоғарылығының нәтижесі. Мектеп-лицей ұжымы алдағы уақытта бұдан да, биік белестерді бағындырады деп айта аламын. Бұйырса, ауданда әрбір мектеп дәл осындай дәрежеге жететініне кәміл сенемін.

– Білім саласындағы басты миссия – балаларға сапалы білім, тәлімді тәрбие беру екені белгілі. Алайда, ұстаздар қауымынан балалардың қауіпсіздігі де, сұралатын күнге жеттік. Былтыр сәуірдегі төбелес, мопед мінген балалардың жол-көлік оқиғасы сияқты оқыс жайттарға мұғалімдер қаншалықты жауапты?

– Шыны керек, қазіргі қоғам, оның ішінде, ата-ана балаға қатысты кез келген мәселені, мейлі, ол тіпті, мектеп уақытын тыс болса да, міндетті педагогқа артып қойған. Бірақ, біз – педагогтар баланың білімімен қатар, тәрбиесінде мойынымызға жүк етіп, артудан еш қашпаймыз. Сауалыңызда атап өткен жағдайлар ата-аналар балаға ие бола алмайтын жағдайларда орын алып отырады. Қазір осындай олқылықтар орын алмасы, оқушыларға жаны ашығандығы үшін ұстаздар ерікті түрде түнгі рейд жұмыстарына қатысуда. Біз ол үшін ұстаздарға алғыстан артық айтарымыз жоқ.

Былтыр орын алған оқиға республика көлемінде резонанс тудырды, оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Содан бері, күшейтілген рейдтік жұмыстар арасы үзілмеуде. Тиісінше, ол да, өз нәтижесін беріп жатыр. Яғни, жыл басынан бері, кәмелет жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтар болғанымен, қылмыстық іс орын алған жоқ. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да, жалғасын табатын болады. Ал, мопед жайына келер болсақ, бұл іс бойынша да, ата-аналарға ақпараттық түсіндіру жұмыстар жасалуда. Ата-аналарға мопед айдауды, беймезгіл уақытта жүру, немесе белгіленбеген орындарда шомылу балалар өміріне үлкен қауіп екенін түсіндіргіміз келеді. Түнделетіп жүрген, мопедпен жүрген бала қылмыстың обьектісі, не субьектісі болары анық. Сондықтан, осы жағдайлардың алдын алуда жұмыстар көптеп жасалуда.

– Өзіңіз де, байқайтын боларсыз, ұстаздардың жалақысын талқылайтындар көп. Бірақ, олардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі, мәртебесі түйсігіне түптемейтіндер де аз емес. Сіздің педагогтарыңыз қомақты жалақыға толық лайық деп ойлайсыз ба?

– Соңғы төрт жылда Президент тапсырмасына сәйкес, ұстаздарымыздың жалақысы екі есеге өсті. Қазір олардың көбінің әлеуметтік жағдайы жақсарып қалды десек болады. Жалпы, бір сөзбен айтсақ, лайықты.

Өйткені, қазір жоғарыда айтқандай, қоғам ұстаздар қауымына көп жүк артып отыр. Қазір сұраныстың барлығы осы білім саласында. Атқарылып жатқан жұмыстар, баланың біліміндегі жетістіктер, осы саладағы өсім барлығы ұстаздар еңбегі. Сондықтан, олар қандай да мақтауға, мадаққа әбден лайықты.

– Қазалы ауданы халқының демографиялық өсімі жыл санап, артып келеді. Мұндайда балабақша мен мектептердің жетіспеушілігіне байланысты мәселе туындайтыны анық. Бұл бағытта нендей жұмыс атқарылып жатыр?

– Биылдың өзінде аудандағы апаттық жағдайдағы Жанқожа батыр аулындағы мектеп бар. Онда қазір Президентіміздің «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша онда – 300 орындық заманауи жабдықтағы мектеп салынуда. Бұл мемлекет басшысының ауыл мектептерін қала мектептерінің деңгейімен бірдейлендіру жоспарының арқасы.

Қазір Әйтеке би кентінің де, көлемі ұлғайып жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Осыған орай, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы ортасына – 600 орындық «Жайлы мектеп» салынуы тиіс. Ол үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар, қосымша құрылыс салу сынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Балабақша жайына келер болсақ, иә, кейбір ауылдық елді мекендерде балабақша жоқ. Осыған орай, жұмыстар да қаралуда. Былтыр екі кәсіпкермен сөйлескенбіз, өкінішке орай, екеуі де, қаржылық мәселеге байланысты қайта бас тартты. Тағы бір кәсіпкер Қ.Пірімов ауылына балабақша салуға құжаттар дайындап, Қазалы ауданы әкіміне кірген болатын. Қазалы қаласынан да, талапшыл кәсіпкерлер табылуда. Жалпы, осы сияқты балабақша ашамын деуші жанар болса, біз қоштап, салуға болатын орындарды кеңесеміз.

– Мектеп дегеннен шығады, жақында жаңадан ашылған №288 мектептің жұмысқа қабылдау конкурсы аяқталды. Естуімізше, оған – 400 жуық педагог құжат тапсырған. Конкурс қаншалықты әділ өтті?

– Эмоцияға беріліп, шағым айтып келген ата-аналар да болды. Тіпті, қабылдауыма да кірді. №288 мектеп қаңтар айында – 284 оқушымен өз жұмысын бастап кеткен болатын. Мұнда біліктілігі артқан жоғарғы санатты Қазалы ауданы мектептерінен алты мұғалім тартылды. Ал, қалған – 22 жұмыс орнына, пән мұғалімдеріне конкурс жарияланды. Магистратура бітіріп, өз біліктігін әртүрлі педагогикалық тестілеулерден мерзімінде өтіп отырған жас мұғалімдер іріктеуден сүрінбей өтіп отыр. Жалпы, бұл іріктеу әділ өтті деп толықтай айта аламын.

Педагогтарды жұмысқа қабылдаудың ең тиімді құралы осы конкурс болып отыр. Тіпті, сыбайлас-жемқорлықтың алдын алуға да септігін тигізуде. Аталған конкурс әлі де, министрлік тарапынан пысықтала түседі деп ойлаймын.

– Шәкірттердің жүрегін шым еткізер сұраққа көшейік. Ұлттық бірыңғай тест тапсырып жатқан талапкерлердің аяқалысы қалай? Біз білсек, өзіңіздің балаңыз да, биыл мектеп бітірді…

– Сөздің басында айтып өткендей, 899 оқушы мектеп бітіргелі отыр. Оның ішінде – 793 бала Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқалы отыр. Қазір бірінші кезеңі өтуде. Бүгінгі күнге – 555 түлегіміз тапсырып болды. Ең жоғарғы – 134 баллды №234 мектеп оқушысы жинады. Әлі екінші кезең бар. Алдағы уақытта рекорд жаңартамыз деп сенемін.

Шыны керек, маған барлық бала, оқушы бір. Олардың қайсыбірінің жеткен жетістігіне шын жүректен қуанамын. Иә, менің баламда тапсырып жатқаны рас. Ол да жоғары балл жинап, медициналық оқу орнына түскелі жатыр.

– Ашық әңгімеңіз үшін рахмет. Алдағы жаңа оқу жылына сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен

Серік АҚМЫРЗА

Тағы да оқыңыз: