Kyzylorda-news.kz Қай қоғамда болмасын ұрпақ тәрбиесі – өте өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді» деген болатын. Расында, мұндай жағдайлар соңғы уақыттарда жиі орын алуда.
Осыған орай балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы шаралар туралы Сырдария аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әділхан Қанзадаевпен сұқбаттасқан болатынбыз.
– Әділхан Серікқазыұлы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бәріміз жауаптымыз. Оның ішінде, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылыққа жол бермеуіміз керек. Осы ретте аудандағы ахуал қандай?
– Қазіргі таңда жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалған қылмыстар қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Кәмелетке толмағандарға қарсы және олармен жасалатын қылмыстар, алкоголь, есірткінің зияны, ата-ананың бала тәрбиесіндегі, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершіліктері туралы 78 дөңгелек үстел, сұхбат, кездесу өткізілді.
Атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жасөспірімдер арасында жасалған қылмыс былтырғы жылмен салыстырғанда біркелкі, 1-де 1 болды. Орын алған қылмыс орта мектеп оқушысымен жасалған бұзақылық қылмысы, төбелесу. Төбелестің салдарынан аудандағы №42 мектеп-лицейдің 1 оқушысы қаза болды. Қылмыс жасаған жасөспірім оқушы бұған дейін мектепішілік құқық бұзушылыққа бейім оқушы есебіне алынбаған.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 194 бабы (қорқытып алу) бойынша қылмыс жасаған азамат кінәлі деп танылып, 2 жыл мерзімге сот арқылы бас бостандығынан шектеу жазасы берілді. Сонымен қатар жасөспірімнің қасақана қылмыс жасағаны үшін анасына ҚР ӘҚБтК-нің 127 бабы 3 бөлігімен аудандық сот арқылы шара көрілді.
Қылмыстың орын алуына жол берген қызметкерлерге қатысты тексеру жұмыстары жүргізіліп, департамент бастығының бұйрығымен 2 қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылса, 3 қызметкерге тәртіптік шара көрілді.
Профилактикалық жұмыстарды күшейту мақсатында ауданда жалпы білім беру мекемелерінде 2023-2024 оқу жылына Департамент бастығының бұйрығымен (13.10.2023 жылғы №738) мектептер мен колледждерге аймақтық ювеналды полиция бөліністерінің, криминалды полиция, учаскелік полиция инспекторлары бекітілді.
– Биылғы жылы кәмелетке толмағандар арасында жүргізілген профилактикалық іс-шараларға тоқталсаңыз? Жасөспірімдердің қылмыс жасауына әсер ететін факторлар туралы айтсаңыз?
– Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз, балалар», «Мен және менің полицейім» атты профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, 46 құқық бұзушылық анықталса, қаңғыбастық пен кезбелікке салынған
2 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Тереңөзек кентінен – 1, Қоғалыкөл ауылынан – 1, 46 жасөспірімге әкімшілік хаттама толтырылды. Тереңөзек – 27, Айдарлы №139 мектеп – 2, Шаған №37 мектеп-лицей – 4, Ақжарма – №130 мектеп – 2, Қоғалыкөл №44 мектеп – 6, С.Сейфуллин №137 мектеп –5. Оның ішінде, түнгі уақытта (сағат 22:00-ден кейін) заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс (сағат 23:00-ден кейін) жүрген 40 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР ӘҚБтК 442-бабы ескерту берілді).
Өз міндеттерін орындамаған 5 ата-анаға шара көру үшін құжаттар сотқа жолданды (ӘҚБтК 127-б. - 10 АЕК- 36 920 тг. немесе 20 АЕК- 73 840 тг).
Алкоголь өнімін сату талаптарын сақтау (ӘҚБтК 200-бабы)жөнінде дүкен иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілгенімен, заң талаптарын бұзған 3 дүкен иесіне қатысты (Тереңөзек – 2, Нағи Ілиясов – 1) жинақталған құжаттар сотта қаралды (310 мың 128 теңге айыппұл салынды).
Талдау көрсеткендей, жасөспірімдермен қылмыс жасауға жиі әсер ететін факторлар: ата-ана тарапынан тиісті қадағалау мен бақылаудың жоқтығы, тәрбие жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуі, отбасының әлеуметтік жағдайының төмен болуы, жасөспірімнің бос уақытының көп болуы, әлеуметтік желілердегі қоғамдық ортаға сыйламаушылық танытатын материалдарды көріп, соларға еліктеушілік танытуы ықпал етуде. Жасөспірімдермен жасалған қылмыстың барлығы сабақтан тыс уақытта болғандықтан, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды ұсынамыз.
Оқу жылының аяқталуына орай маусым айының ішінде өткізілетін «Аттестат тапсыру» кеші кезінде түлектердің беймезгіл уақытта жүрмеуі, кортежге шықпауы, отырыстар жасамауы, белгіленбеген жерлерге суға түспеулері бойынша ата-аналар жиналыстарында хаттамалау арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізіліп, қатаң ескерту берілді. Сондай-ақ, балалар бос уақытында интернет пен Тик-ток желілерінде зорлық-зомбылық, құмар ойындар, дөрекілік және ортаға ешқандай құрмет көрсетпейтін әртүрлі пранктер қарайтындығы белгілі. Аталған сілтемелерді біздің тарапымыздан қадағалау мүмкін емес. Осы себепті, ата-аналар балалардың әлеуметтік желілерде қандай парақшаларда отырғанын қадағалауы қажет. Полицияның басты міндеті – тек жазалау ғана емес, оның алдын алу, болдырмау. Сондықтан анықталған немесе белгілі болған құқықбұзушылықтарды (ұрып соғу, бопсалау, әлімжеттік, топтық төбелестер) дереу ішкі істер органына хабарлау керек екендігін жеткіземін.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Сұқбаттасқан Бибісара ЖАНӘЛІ