Kyzylorda-news.kz   Адай Ералиұлы 1997 жылы Арал ауданы,  Райым ауылдық округіне қарасты Қызылжар елді мекенінде дүниеге келді. “Серпін – 2050 Мәңгілік ел жастары – индустрияға” бағдарламасымен Батыс Қазақстан Инженерлік-технологиялық колледжінде балық шаруашылығы мамандығында оқыды. Сондай-ақ Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде экология мамандығында оқуын жалғастырды. 2017 жылдан бері Арал ауданы, Қосжар елді мекенінде орналасқан Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетіне қарасты “Қамыстыбас балық питомнигі” республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында балық өсіруші болып жұмыс істейді.

 – Теңіз жағасында өскен соң балық өсіруші болғыңыз келді ме?

 – Бұл мамандықты таңдау ойымда болған емес. Шынымды айтсам, барлығы тосыннан болды. Өзім де күткен жоқпын. Мектеп бітіргеннен кейін Батыс Қазақстан облысындағы (атын ұмытып отырмын), басқа оқу орнына Ғимараттарды салу және оларды пайдалану мамандығына грантқа түстім. Алайда отбасым бұл мамандығыма көңілі толмай, құжаттарымды қайтарып алып, Батыс Қазақстан Инженерлік-технологиялық колледжіне тапсырған екен. ҰБТ-да жинаған балл есептеліп, сол жылы ашылған “Серпін” бағдарламасымен Балық шаруашылығы мамандығына түсіппін. Ең қызығы, мен оны 1 қыркүйек күні білдім. Басында көңілім толмады, алайда оқып жүріп, практикалық сабақтар кезінде  қызыға бастадым. Қазір қуанбасам, өкінбеймін. Арал теңізінің байырғы байлығы – жоғалып немесе азайған балық тұқымдарын қайта қалпына келтірсек деймін. Екіншіден, өз қатарластарыма айтарым, балық өсіруші дегеніміз ұялатын мамандық емес.

– Бұл жұмыста қиын және оп-оңай деп айтатын нәрселер бар ма?

– Әр саланың өз қиындығы болады. Бірінші жылдары тәжірибенің аздығынан шығар, қиындықтар көп болды. Өйткені бұл сала ешқандай қателікті көтермейді. Сенің жасаған бір қателігің өсіп жатқан балық қорына үлкен шығын келтіруі мүмкін. Қазіргі уақытта тәжірибемен, қасымдағы білікті мамандардың дұрыс жол көрсетуімен жұмысым сәл жеңілдей түскендей. Бір түсінгенім, өз саласына шын берілген маманның жұмысы ешқашан қиын болмайды екен.

– Көбіне жастар балықшы болғысы келмейді ғой…

– Біріншіден, балық шаруашылығы саласын ешкім жастарға насихаттамайды. Көп жастарымыз бұл мамандықтың бар екенін де білмейді.  Жаңа айтқанымдай, мен де бұндай мамандықты бұрын-соңды естіген емеспін. Сондықтан көрмеген, білмеген мамандықты қалай таңдайды? Екіншіден, бізде осы саланы оқытатын колледждер жоқ десе де болады. Ал жоғарғы оқу орындары көп нәрсе талап ететіндіктен, жастар бара бермейді. Сондықтан қазіргі уақытта жас мамандар өте аз.

– Әр саланың өзіндік сыры мен қызығы бар. Жұмысыңызды түсіндіріңізші. Сізге қандай жауапкершілік жүктеледі?

– Мен жұмыс істейтін Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетіне қарасты Қамыстыбас балық питомнигі РМҚК-ны  1966 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Қызылорда облысы Арал ауданы Қосжар елді мекенінде орналасқан кәсіпорын. Негізгі міндеті – мемлекеттік тапсырыс бойынша «Кіші Арал теңізі», «Сырдария» өзені және «Қамыстыбас» көлін балықтандыру.  Толығырақ айтатын болсам, біздің жұмысымыз қыс мезгілінде арнайы өнім алатын аталық-аналық, жеткіншек балықтар отырғызылған тоғандарды қадағалау. Олардың су бетіндегі мұзын ойып, ауа беру және басқа қолайлы жағдай жасап, қыстан аман-есен шығуына ықпал ету.  Наурыз, сәуір айларында қысқы тоғанның мұзы толық ерігеннен кейін балықтарды түрі мен жынысына қарай бөліп арнайы тоғандарға отырғызылады. Ондағы мақсат – зауыттық әдіспен өнім алып, дернәсіл шығару үшін еркегін бөлек, ұрғашысын бөлек ұстаймыз. Осылайша уылдырығы жетілген аталық-аналық балықтарды инкубациялық цехқа апарып, салмағына қарай (гипофиз) егу жұмыстары жасалынып, аналығынан уылдырық, аталығының шоғалын аламыз. Әрі қарай уылдырық пен шоғалды араластырып, уылдырық шайқау аппараттарына саламыз. Аппараттан 1-2 тәулік ішінде дернәсілдер шығып, 3-4 күнде дернәсілдердің торсылдағы дамып, қоректенуге дайын болады. Осылайша  дернәсілдерді арнайы тоғандарға жіберіп, қыркүйек айына дейін жемдеп, тиісті салмаққа жеткізіп, су айдындарына жібереміз. Міне, осы орындалатын жұмыстың барлығы менің және қасымдағы мамандардың жауапкершілігі және негізгі міндеті.

Сонымен қатар, тағы бір айта кететін жәйт «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК-ы 2023 жылдан бастап «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалының ғылыми қызметкерлерімен бірігіп Қазақстанның Қызыл кітабына енген, жойылып кету қауіпі бар Арал қаязы (аральский усач) және Арал пілмайы (аральский шип) балықтарының дарақтарын әкеліп, келешек өнім алу үшін өсіріп жатырмыз. Қуанатын жаңалығымыз, 2023 жылы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМҚК-да алғаш рет инъекция егу арқылы зауыттық әдіспен алғаш рет өнім (уылдырық) алынып, дернәсілдер шығарылды. Ендігі жоспарымыз, 2026 жылға дейін қосымша тәжіребиелер жасалынып, нақтыланғаннан кейін Арал қаязы балығынан өнім алып, мемлекеттік тапсырыс бойынша су айдындарын балықтандыру.    

– Көбіне “балық қырылып жатыр” деген сөзді жиі естиміз. Мұның себебі неде? Алдын алуға бола ма?

– Иә, дұрыс айтасыз, соңғы жылдарда осындай хабарларды жиі еститін болдық. Мұның әртүрлі себептері бар. Атап айтсақ, ұзақ жылдар су айдындарына су құйылмай, құрамының өзгеруінен, зиянды қалдықтардың тасталуынан және заңсыз балық аулаушылардың тыйым салынған газ немесе ток құралдарын пайдалануынан болады. Бұның салдарынан әрине балық қырылады. Тірі қалған күннің өзінде түрлі аурудан  жойылып кетуі мүмкін. Соның әсерінен балық қоры азаяды, ол жерді қайта қалпына келтіріп, балық өсіру қиындау болады. Сондықтан су айдындарына су келуін қарастыру қажет және балық аулаушалырды қатаң бақылауда ұстау қажет. Сонымен қатар жыл сайын су айдындарын зиянды заттардан тазалау керек деп ойлаймын.

– Балық көбейту ісінде қандай кедергілер бар?

– Қазіргі уақытта республика көлемінде балық өсірумен айналысатын 3 мемлекеттік кәсіпорын болса, соның бірі Қызылорда облысы Арал ауданы Қосжар елді мекенінде орналасқан “Қамыстыбас балық питомнигі” РМҚК-ы. Жыл сайын 14 800 000 дана биылғы жаздық және 420 000 екіжаздық тұқы, дөңмаңдай және ақ амур шабақтарын «Кіші Арал теңізі», «Сырдария» өзені мен «Қамыстыбас көліне» жібереміз. Бұл – бізде жасанды әдіспен өсіріліп, мемлекеттік тапсырыс бойынша жіберілетін балық саны.
Бұдан басқа мемлекеттік тапсырыстан бөлек табиғат пайдаланушыларды дернәсілмен, осыжаздық және екіжаздық шабақтармен қамтамасыз етеміз. Алдағы уақытта балық санын одан ары көбейту жоспарлануда. Айтып отырғаным, біздің қызметіміз ғана. 
Мұнымен қоса су айдындарындағы балықтардың табиғи жолмен өсуіне, көбеюіне ықпал жасау керек. Өйткені әр балықтың уылдырық шашатын өз уақыты болады. Сол уақыттарда су айдындарын толық қадағалап, заңсыз балық аулаушылардан қорғау қажет. Сонда ғана балық қорының көбеюіне септігіміз тиіп, азаю қаупін сейілтеміз деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта, мемлекетіміз балық шаруашылығын дамыту үшін барлық жағдайды жасауда. Оның бір дәлелі, балық өсірумен айналысып жатқан кәсіпкерлердің көбеюі. Бұл дегеніміз ата кәсібімізге айналған балық шаруашылығының болашағы зор екендігін және балық қорын молайтуға, сақтауға үлкен септігін тигізетіндігіне сенімім мол.

Адай Ералиұлы Балық өсіруші дегеніміз ұялатын мамандық емес.jpg

– Жалпы балықтың қандай түрлері бар? Біздің өңірде неше түрі кездеседі?

– Жалпы Қызылорда облысы бойынша кәсіптік балықтың 14 түрі кездеседі.

Олар:  сазан, ақ амур, дөңмаңдай, қылыш, тыран, мөңке, ақмарқа, аққайран, торта, жайын, көксерке, шортан, алабұға, жыланбас балықтары. Қазіргі уақытта, “Қамыстыбас балық питомнигі” РМҚК-да  құнды балықтың 3 түрі яғни тұқы, дөңмаңдай және ақ амур балығы зауыттық әдіспен өсіріледі.

– Іссапарға шығып тұрасыз. Құпия болмаса, мұның кәсібіңізге қатысы бар ма?

– Иә, құпиясы жоқ. Көбіне тәжірибе жинақтау мақсатында барамын.  2023 жылы Атырау қаласында жұмыс барысымен іссапарда болғанмын. Мақсат – Атырау қаласындағы “Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты” РМҚК мен «Caspian Royal Fish» бекіре балықтарын өсіретін мекемелерінің жұмысымен танысып, тәжірибе алмасу. Кезінде Арал теңізінде тіршілік етіп, кейіннен жойылып кеткен бекіре тұқымдас балықтарды қолдан өсіруді қайта қолға алсақ деген мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Атырау қаласындағы бекіре өсіру саласының білікті мамандарының кеңесін алып, барлық өндіріс технологиясымен танысып шықтық. Бұдан бөлек, Қызылорда облысы және Ақтөбе облыстарында жиі барамын. Себебі, осы өңірлерде балық өсірумен айналысып жатқан және енді бастағалы жатқан азаматтармен өз тәжірбиемізбен бөлісіп, шаруашылықтарының дамуы үшін біліктілігімізді көрсетіп, кеңесімізді береміз. 

– Әбдіжәміл Нұрпейісовтың “Қан мен тер” трилогиясын оқысақ, балықшының өмірі көз алдымызға келеді. Айтыңызшы, Аралдағы балықшылардың тұрмысы қалай?

– Балықшының әлеуметтік жағдайы теңізбен (су айдынмен) тікелей байланысты. Мысалы, 2005 жылы Көкарал бөгетінің салынуы Кіші теңіздегі кәсіптік балық қорының өсуіне алып келді. Өңірде балықшы кәсібі қайта жанданып, сәйкесінше балықшылардың тұрмыстық жағдайы жақсарды. Ендігі кезекте су айдынының гидрологиялық ахуалын арттырсақ, жалпы халықтың әлеуметтік жағдайы артады деп айтуға болады.

– Балықшы десек, Еламан образы елестейді. Сіз кімнің еңбегін бағалайсыз?

– Қазіргі жағдайда балық шаруашылығында жүрген азаматтардың еңбегін бөліп-жарғым келмейді. Өйткені бұл іс – бір адамның емес, көптің еңбегі. Сондықтан осы салада жүрген мамандардың барлығының еңбегі зор, ісі адал, барлығы да биік бағаға, үлкен құрметке ие және соған лайық деп білемін.


Мөлдір САБЫРЖАН

Тағы да оқыңыз: