Kyzylorda-news.kz Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қазалының тумасы, жерлесіміз Абылайхан Жұбаназар Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam бәсекесінің қола жүлдегері атанды деп хабарлайды.
Кіші финалда Абылайхан Жұбаназар (-81 кг) Орельен Бонферронидің (Швейцария) осал тұсын тауып, жауырынын жерге тигізді.
Абылайхан Үлкен дулыға турнирлеріндегі 4-жүлдесін мойнына тақты. Осыған дейін еншісінде бір күміс пен екі қола болған.
Ұлттық құрама дзюдошысы Абылайхан іріктеуде Гонконг және Молдова құрамасының спортшысынан мықты екенін көрсете алды. Бірақ, ширек финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Grand Slam жарысының 4 дүркін жеңімпазы Сотаро Фудзиварадан (Жапония) айласын асыра алмады.
Осы салмақтағы Ұлттық құрама спортшылары Мәди Амангелді алғашқы, ал, Руслан Мұсаев пен Жалғас Қайролла 3-айналымда қарсыласынан ұтылды.
Сондай-ақ, Ұлттық құрама дзюдошысы Екатерина Токарева Qazaqstan Barysy бәсекесінде 5-орын алды. Ол Үлкен дулыға санатындағы жарыстың кіші финалында (-70 кг) Кэти-Джемайма Йейтс-Брауннан (Ұлыбритания) ұтылып қалды. Күндізгі сессияда Токарева А тобында Израиль, Ресей спортшысын жеңгенімен, ширек финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, хорват Лара Цветкодан ұтылып қалды. Сосын жұбаныш белдесуінде өзбекстандық Гүлноза Матниязовадан айласын асырды.
Қазір Қазақстан командасының қоржынына бір алтын, үш қола медаль түсті.